Басты жаңалықтарТаным

Робототехника қайтсе дамиды?

Робототехника — елімізде енді ғана дамып келе жатқан инновациялық сала. Ал әлемде бұл саланың тарихының тамыры тіпті тереңде жатыр. Ежелгі Египетте, Вавилонда, Қытайда аяқ-қолы қозғалатын құдайлардың мүсіндері жасалған. Ал біздің дәуірімізге дейінгі үшінші ғасырларда римдік ақын Клавдий ғалым Архимед жасаған автоматты құрылғы туралы айтқан. Андроидты алғаш рет он үшінші ғасырда өмір сүрген алхимик Альберт фон Больштедт жасаған көрінеді.
XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында аталған сала қарқынды дамып, тіпті бұл тақырып әдеби шығармаларда да көріне бастады. Ағылшын жазушысы Мэри Шеллидің «Франкенштейн», чех жазушысы Карл Чапектің «R. U. R.» сынды туындылары соның айғағы. Сахналарда фантастикалық туындылар қойылды. Осылайша бірте-бірте «робот» термині әдебиеттен ғылым мен техникаға ауыса бастады.
Әлемдегі Жапония, Германия, АҚШ, Корея сынды елдерде аталған сала жоғары деңгейде дамыған. Бұл елдерде робототехниканың үздік жетістіктері ғылымда, өндірісте кеңінен қолданылады. Германиядағы өндірістік роботтарды шығару жөніндегі әлемдік көшбасшы «KUKA» компаниясы, Жапониядағы «KAWASAKI ROBOTICS», «FANUC», «OTC Daihen», «Panasonic», АҚШ-тағы «Triton Manufacturing», «Kaman Corporation» сынды компаниялар соның айғағы.
Қазақстандағы робототехника саласы бұл елдермен салыстырғанда 15-20 жылға кенже дамыған. Аталған сала алдағы 10-15 жылда қарқын алатын секілді. Онда да қолдау болса, қаржыландыру мәселесі шешілсе. Ал мамандарға тапшылық болмайтынына сенуге болады. Себебі қазір елімізде Назарбаев зияткерлік мектептерінде, Назарбаев университетінде, басқа да оқу орындарында балалардың, жастардың аталған саланы игеруіне мүмкіндігінше жағдай жасалып отыр. Биыл маусым айында елімізде Автоматтандыру және робототехника ассоциациясы құрылды. Іле-шала Ақтөбеде республикалық «КазРоботикс» федерациясы жұмыс істей бастады.
Бұл ұйым не үшін құрылды? Балалардың робототехникаға деген қызығушылығы қандай? Осы тақырыпта ұйымдастырылған шаралар не береді? Қаржыландыру мәселесі неге қолға алынбай отыр? Өзімізде жасауға болатын автоматтандыру құрылғыларын неге шетелден сатып аламыз? Ақтөбелік жастар жасап жатқан «Құтқарушы роботқа» төтенше жағдайлар, ішкі істер департаменті тапсырыс берер ме екен? Өздігінен жүре алатын ойыншық көліктерді біздің балалар жасай ала ма? Қалалық техникалық шығармашылық орталығының оқушылары биыл неге халықаралық олимпиадаға бара алмайды?
Осы және басқа да мәселелер төңірегінде «АйТиKZ» компаниясының директоры, аталған федерацияның президенті Антон Ауловпен, қалалық техникалық шығармашылық орталығының оқытушысы Александр Гончаровпен сұхбаттасқан едік…

Әр балаға бірдей мүмкіндік жасалуы тиіс!

«ҚазРоботикс» Қазақстандық білім беру және спорттық робототехника федерациясы «ЭКСПО — 2017» көрмесінің ұйымдастырылуы қарсаңында «100 нақты қадам» Ұлттық жоспарын жүзеге асыру мақсатында құрылған.
Федерация мақсаты — болашақта қазақстандық инженерлердің жас буынын даярлау, білім беру және спорттық робототехниканы насихаттау арқылы ғылыми-техникалық бағытты дамыту.
— Ең алдымен балалардың робототехника үйірмелеріне еркін қатысуына мүмкіндік беруді, олардың республикалық, халықаралық байқауларға қатысуына қолдау көрсетуді жоспарлап отырмыз. Осы тақырыптарда түрлі семинарлар, шеберлік сабақтарын өткізуді де қолға алу керек. Балалар түрлі техниканың қалай жұмыс істейтінін өз көзімен көріп, түсінуі тиіс. Тек қана теорияны жетік білгеннен ештеңе өнбейді. Сондықтан балалардың қандай да бір техниканың қалай жұмыс істейтінін түсіндіретін, оларды өз қолымен жасауға мүмкіндік беретін платформа құруды мақсат еттік. Егер ойға алғанымыздың барлығы сәтті жүзеге асатын болса, Ақтөбе болашақта робототехниканы дамыту орталығына айналатынына күмәніміз жоқ, — дейді А.Аулов.
Федерация басшының айтуынша, бүгінде робототехника бойынша байқаулар Назарбаев зияткерлік мектептерінің базасында өткізіледі. Алайда бір мектеп талантты балалардың барлығын бірдей қамти алмауы мүмкін, жаңадан құрылған федерация да жалғыз өзі бұл салада ештеңе істей алмасы анық.
— Рас, бір ғана ұйым барлық шаруаны өз қолына ала алмайды. Дегенмен, ең болмаса, «боламын» деген баланың «белін бууға» тырысу керек. Оқитын мектебіне қарамастан, барлық балаға бірдей мүмкіндік берілуі тиіс деп ойлаймын. Назарбаев зияткерлік мектебінде оқитын балалардан, мәселен, Алға қаласындағы қарапайым мектептің баласының таланты кем болмауы мүмкін. Алайда екеуінің мүмкіндіктері екі түрлі болуы мүмкін. Назарбаев зияткерлік мектебінде керемет база бар, сондай база бізде де болса, артықтық етпес еді. Себебі талантсыз бала болмайды, балалардың барлығының қиялында шек жоқ, роботтың неше түрін жасай алады, әттең… — дейді Александр Гончаров.
Қалалық техникалық шығармашылық орталығының оқытушысы Александр Гончаровтың «әттеңінің…» ар жағында айтылмаған мәселе көп.
Ол балаларды радиотехника іліміне 25 жылға жуық уақыт бойы баулып келеді. 2011 жылдан бастап үйірме «робототехника» деп аталады. Оқушылары да осал емес.

Біздің балалар бара алмайды…

Қазақстан 2013 жылы халықаралық робототехника олимпиадасы ұйымына кіріп, былтыр аталған олимпиадаға тұңғыш рет қатысты. Сочиде өткен шарада ақтөбелік балалар да жақсы нәтиже көрсетті. Ал биыл халықаралық олимпиада қараша айының басында Катар астанасы Доха қаласында өткізіледі. Бұл шараға Ақтөбеден Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары аттанбақ.
— Алдымен республикалық деңгейдегі байқау өткізіліп, ең таңдаулы жұмыстар іріктеледі. Биылғы Астанада өткен байқауда Назарбаев зияткерлік мектебінің де, қалалық техникалық шығармашылық орталығының да оқушыларының еңбектері жоғары бағаланды. Қалалық шығармашылық орталығының оқушылары Тамерлан Елеуов пен Ернұр Жұмабектің «Маржан теруші» роботы кіші топта, ал Нұрмұхамбет Ахметұлы мен Филипп Евдокимовтің «Тау-таста жүретін роботы» жоғарғы топта екінші орындарға ие болып, жоғары нәтиже көрсетті және Қазақстанның Катарда өтетін халықаралық олимпиадаға баратын құрама командасына енді. Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларына осы сапарда сәттілік тілейміз. Алайда бұл байқауға біздің балалардың баруына мүмкіндік болмай тұр. Себебі қаржы жоқ, демеуші жоқ, — дейді А.Гончаров. Егер жаңадан құрылған федерация қолдау көрсетсе, ол одан арғы жылдары Үндістан, Бразилия елдерінде өтетін халықаралық додаларға өз оқушыларын апармақ.

Жеңімпаздар!

Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Нұржігіт Мұқанов, Мәжит Жараспай және Нияз Төлеуов республикалық іріктеу турында бірінші орын алған еді. Қазір олар Катарда өтетін халықаралық додаға қызу дайындық үстінде.
— Біз өз санатымыз бойынша «Футболшы роботтар» жасадық. Яғни алаңға қорғаушы және шабуылшы роботтар шығарып, кәдімгі футбол ойынын көрсеттік. Нәтижесінде біздің команданың жұмысы іріктеу турына барған 22 топтың ішінде үздік деп танылды, — дейді балалар.
Байқау нәтижесінде оқушылар Астанадан робототехника жинақтарын алып келді. Қарашада Катар астанасы Доха қаласында өтетін халықаралық додада Қазақ елінің құрамасын тағы да алға сүйреуге уәде беріп отыр.
— Роботтармен жұмыс істеу, программалау, оны жетілдіре түсу өте қызықты. «Лего» өнімдері әуесқой деңгей үшін жақсы. «Макрикс» сынды кәсіби нұсқалармен жұмыс істеу тіпті қызық, — дейді Нияз Төлеуов.

Инновациялық жоба — «Құтқарушы робот» кімге керек?

«ҚазРоботикс» Қазақстандық білім беру және спорттық робототехника федерациясы балалармен қоса студенттердің арасындағы талантты жастарға да қолдау көрсетпек. Осы мақсатта жуықта Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің басшылығымен келісіп, оқу орнының базасында робототехника зертханасын ашпақ. А.Ауловтың айтуынша, алдағы жылдары федерация Ақтөбеде облыстық, республикалық олимпиадалар өткізуді қолға алмақ. Бұл додаларға балаларды да, студенттерді де қатыстыру жоспарланып отыр.
— Балалар — ертеңгі студенттер. Кезінде қалалық шығармашылық орталығында оқыған бүгінгі студенттер робототехника саласында бірқатар инновациялық жобаларын жасап жатыр. Қазір жаңадан ашылатын зертханада жас жігіттеріміз «Құтқарушы робот» жобасын қолға алды, — дейді А.Гончаров. Ұстазы А.Гончаровтың идеясын іске асырып жатқан жастардың айтуынша, бұл робот суда да, жазықты, таулы аймақтарда да жұмыс істей алады. Төрт доңғалақты төрт бұрышты платформаның екі «қолы», екі камерасы болады. Оны қашықтықтан басқаратын оператор арнайы шлем киіп, смартфонға жалғанған чип арқылы әрекет етеді. Бұл жағдайда оператор виртуалды түрде сол құтқарушы роботтың үстінде кетіп бара жатқандай болады: робот жүрген жердің бәрін көзімен көріп, қолымен басқара алатындай…
— Қазір құтқарушы роботқа төтенше жағдайлар жөніндегі, ішкі істер департаменттері қызығушылық танытып отыр. Дегенмен сатып алу туралы ұсыныс әзірге түскен жоқ. Егер шынымен де біздің балалар жасаған робот нақты өндірісте пайдаланылатын болса, бұл Қазақстандағы ерекше инновациялық жобалардың бірі болар еді, әрі біздің балалар жасаған роботтың өндірісте алғашқы қолданылғаны ретінде айтарлықтай жаңалық болары сөзсіз. Екіншіден, осындай құрылғыларды өте көп ақша төлеп, сырт елдерден әкелгенше, өз жерімізде жасап, шығаруға болатынын дәлелдей алар едік. Құтқарушы роботтың макетінің техникалық бөлігі қазір дайын тұр. Оны соңына дейін жеткізуге тағы да қаржы қолбайлау, — дейді А.Гончаров.
Шынында да қалалық шығармашылық орталығына келетін балалар жасаған дүниелерді көрдік — қашықтан басқару арқылы өздігінен жүретін көліктер, футбол ойнайтын, пайдалы қазбаларды іздейтін, суда маржан іздейтін, басқа да түрлі конструкторлар самсап тұр. Бірі бірінен өтеді. Бұл балаларға мүмкіндік берілсе, ең болмаса, сырттан келетін сапасыз ойыншық көліктер сататын дүкен сөрелерін өздері толтырар еді деген ой келді…

P.S. «ҚазРоботикс» Қазақстандық білім беру және спорттық робототехника федерациясы балалар үшін робототехника саласындағы ең қарапайым «Lego education» өнімдерін сатып алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, аталған ұйым Автоматтандыру және робототехника ассоциациясымен бірлесе жұмыс жасау үшін өзара меморандумға қол қойған. Қазір еліміздің барлық өңірінде аталған федерацияның филиалдары ашылып жатыр. Алдағы уақытта федерация Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитеті құрамына енсе, бұдан да іргелі жұмыстар атқармақ. Соның бірі — робототехника бойынша өткізілетін республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегерлеріне жоғары оқу орындарына грант берілу мәселесін көтеру…

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button