Басты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбенің рельсі

Істің басталуы

Осыдан екі жарым жылдай уақыт бұрын Ақтөбе қаласынан Орынбор бағытына шығатын тасжол бойында ауқымды жоба құрылысы басталғанда бұл жерден рельс зауыты бой көтеретіндігіне күмәнмен қараушылар да болмай қалған жоқ. Ал бүгін алып кәсіпорын алыстан көз тартып, алғашқы өнімін жұртшылық назарына ұсынған тұста жан-жақтан көз тігушілер де көбейе түскендей.
Еліміздің Индустрияландыру картасы бағдарламасына сәйкес жүзеге асқан жобаның артықшылықтары аз емес. Солардың ішінде ең бастысы — зауыттың материалдық базасының мығымдығы. Мұндағы өндірісте қолданылатын құрал-жабдықтар — әлемдегі көшбасшы компаниялар қатарында саналатын «Siemensтің» қондырғылары. Кәсіпорында шығарылатын рельстің ұзындығы 120 метр болуы және бір ерекшелік. Оның да өзіндік тиімділіктері жеткілікті. Оған балама болып келетін өнімдерді ТМД аумағынан таба алмайсыз. Ол жоғары жылдамдықтағы магистральдар үшін пайдалануға лайықталған. Рельстердің сапасы ең қатал деген климаттық жағдайлардың өзінде талапқа сай болып табылады. Әлемде даңқы шыққан «Primetals Technologies Italy S.r.l. («Siemens-VAI») компаниясының прокаты мен итальяндық компания мамандары тарапынан бақылаудың болуы шығарылатын өнімдердің жоғары сапада болуына кепілдік береді.
Зауыт болашақта жылына жобалық қуатына сәйкес 430 000 тонна прокат шығарады деп күтілуде. Ал алғашқы кезең — 2016 жылы 118000 тонна сортты прокат шығаруды көздеуде, оның ішінде 84 мың тонна термотөзімді рельстер, 34 мың тонна сортты өнімдер бар.
Өткен жылы «Жылдың үздік индустриалды жобасы» номинациясында Республика Президентінің «Алтын сапа» арнаулы сыйлығына ие болған зауыт ұжымы алғашқы күннен осы биік деңгейден төмендемеуді көздеуде.

Өз қуаты өзінде

Әдетте ірі кәсіпорындар мен өндіріс орындарының өнімінің өзіндік құнын қымбаттататын бір өлшем — олардың электр қуатын қайдан алатынына байланысты. Бұл ретте Ақтөбе рельс арқалығында шешімін тапқан мәселе — өз электр стансасын салып алуға қол жеткізгендігі. Басқа өнімдерін былай қойғанда, жылына мыңдаған тонналап теміржол рельстерін шығаратын кәсіпорын үшін электр қуатының өз жанында болуы аса маңызды.
Негізінде зауыттың инженерлік инфрақұрылымдарын іске қосуға барлығы 3,1 миллиард теңгеге мемлекеттік қолдау жасалды.
Ал металл прокаты өндірісі энергияны көп қажет ететіні белгілі. Нақты айтатын болсақ, мұнда орташа тәуліктік қажеттілік шамамен 18 мегаватты құрайды. Соған орай қуаттылығы 38,9 МВт газды-поршеньді электр станциясы жобасы қолға алынып, санаулы мерзім ішінде пайдалануға берілді.
Зауыттың бас директоры Андрей Кузьминнің айтуынша, бұл электр стансасы кәсіпорынды қуатпен қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен бірге өңірдің де қардарлығын біршама шешеді. Ең бастысы, өздеріндегі шойын прокаты өндірісінің шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Тағы бір жағымды жағы — тікелей электр стансасының өзінде жаңадан 18 жаңа жұмыс орны құрылымдалды.

Кімдер келді?

Ақтөбе рельс арқалығы зауытының атағы қазірдің өзінде алысқа жайыла бастады. Өйткені уақыт талабына сай, ыстық-суыққа төзімді әрі тиімді рельсті қазір, басқа жерді айтпағанда, ТМД аумағынан табу қиын. Сондықтан да болар, аталған зауыттың айналасынан көптеген мемлекеттердің теміржол саласына жетекшілік ететін басшыларды көптеп кездестіруге болады.
Мәселен, көршілес Қырғыз Республикасы Көлік және коммуникация министрі Арғынбек Малабаев «Қырғыз теміржолы» ұлттық компаниясы» мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Алмазбек Ноғайбаевты жанына ертіп, жедел ұшып келді. Жолаушыларға қызмет көрсету өз алдына, жылына 7 миллион тоннадан астам жүк тасымалдайтын республиканың теміржолға деген сұранысы уақыт өткен сайын өсе түсуде. Демек, қосымша жолдар салу, жаңа маршруттар ашу үшін рельстер қажет.
Таулы Тәжікстанның өкілдерінің де Ақтөбеге ат арытып келуі тегін емес. «Рохи охани Точикистон» компаниясы басшысының бірінші орынбасары Бахром Шодиев өздерінде бірқатар теміржол қатынастарын қалпына келтіру жұмыстары күтіп тұрғанын айтады.
Теміржолының жалпы ұзындығы 4,1 мың километр құрайтын, елдегі күллі жүк айналымының 66 пайызы осы сала қызметін пайдаланатын Өзбекстан теміржолы компаниясы бас директорының бірінші орынбасары Акрамжон Абдуллаев Ақтөбеге келген сапарында соңғы уақыттары Ташкент-Самарқанд жедел жүретін теміржол пайдалануға берілгендігін айтып, осы бағыттағы инфрақұрылымды жаңғыртуға 100 миллион АҚШ доллары мөлшерінде ивестиция жасалғанын жеткізді.
Әзірбайжан теміржолы жабық акционерлік қоғамының төрағасы Джавид Гурбанов Қазақстанда мұндай зауыттың бой көтеруі ел экономикасының өрлеуінің бір көрсеткіші екендігі деп бағалап, өздерінің қарым-қатынас жасауға мүдделілігін білдірді.
Теміржол жүйесі бұрыннан қалыптасқан Белорус елінің де беті бері бұрылып тұр. Батыс пен Шығыс арасында сыртқы сауда жүктерін тасымалдауға ерекше көңіл бөлетін аймақ үшін зауыт өнімдерінің аса қажеттігін республика теміржолы басшысының орынбасары Валерий Стромук жасырған жоқ.
Сондай-ақ, грузиялық теміржолшылар да Ақтөбенің рельсінің игілігін көруді көздеп отыр.

Сынақ лабораториясы сапаны тексереді

Рельс арқалығы зауытында оның құрамдас бөлігі іспетті рельстер мен фасонды прокаттарды қабылдау-тапсыруды жүзеге асыратын сынақ лабораториясы іске кірісті. Ол Сараптама және сертификаттау ұлттық орталығында тиісті аттестациядан өткізілді.
Сынақ лабораториясы базасында зауыт шығаратын өнімдердің сапасы 16 түйінді өлшемдер бойынша кешенді тексеруден өткізілді. Бұл қатарда өнімнің химиялық құрамы, беріктігі, қаттылығы, ұзындығы, тұтқырлығы секілді қасиеттері ескеріледі. Еуропа өндірісіндегі автоматтандырылған жабдық материалдардың күрделі металлографиялық, макроқұрылымдық және физикалық-математикалық зерттеулерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Болашақта лаборатория рельс арқалығы зауытының ғана емес, сондай-ақ өзге де өндірушілердің металл өнімдерін сертификаттайтын болады.
«Біздің лабораториямыз Кедендік одақтың техникалық реттемелеріне сәйкес өнімдерді қабылдау-тапсыру шараларын жүргізетін болады. Лабораториялық зерттеулер ең алдымен жоғарғы пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Лаборатория қызметкерлері Ресей мен Италиядан білім алып келген мамандар болып табылады»,— дейді лаборатория жетекшісі Бегалы Тұрабеков.
Зауыт толық қуатында жұмыс істей бастаған уақытта лабораторияда 93 адам еңбек ететін болады.

Кадрлар қайда даярланады?

Бұл сала елімізде тыңнан ашылғандықтан оған мамандар даярлау ісі күн тәртібінде тұратыны белгілі. Дегенмен бұл мәселе де шешімін тапқандай. Қарағанды мемлекеттік индустриалды университеті бұл іске әзір екендіктерін білдірді. Биылғы жылы зауыт басшылығы, облыстағы кәсіпкерлік палатасы және жоғары оқу орнының ректоры өзара ынтымақтастық туралы үш жақты меморандумға қол қойды.
Келісімнің мәні — Қазақстанда орташа фасонды прокатты дара шығарушы, жоғары сападағы берік рельстер өндірісі болып табылатын бірегей кәсіпорын үшін мамандар даярлау.
Жергілікті жерде мұндай мамандар даярланбайтындықтан тығырыққа тірелгендей болған өндіріс басшыларына кәсіпкерлер палатасы көмекке келді. Осылайша бұрыннан металлургия саласы жоғары білікті мамандар әзірлеп беріп отырған қарағандылық оқу орнымен келісімге келу мүмкіндігі туды.
Қарағанды индустриалды университеті бастапқыда тағылымдамадан өту үшін өздерінің профессор-оқытушылар құрамын зауытқа жіберетін болды. Мұнда өндірістің көкейкесті мәселелері бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізілмекші, жаңа технологияны құру, құрал-жабдықтар мен материалдарды жетілдіру бойынша жүйелі жұмыстар қолға алынбақшы.
Зауыт басшылығы өндіріске неғұрлым қажет мамандықтар бойынша үздік үлгерімдегі студенттер мен магистранттарға атаулы стипендиялар тағайындауды жоспарлап отыр.
Кәсіпорынға биылғы жылдың өзінде инженер-металлургтер қажеттігі білінуде, меморандумға сәйкес университеттің төрт түлегі осында жіберілмекші. Сондай-ақ 3-курстың бір топ студенттері осында практикадан өтпекші.
* * *
…Сонымен, Ақтөбе рельс арқалығы зауыты алғашқы өнімін шығарып та үлгерді. Енді көп ұзамай ақтөбелік рельстер өз елімізді айтпағанда, алыс-жақын шетелдерге де жөнелтіле бастамақ. Олардың «Қазақстанда жасалған» деген белгісі еліміздің әлеуетінің бір айқын көрінісі болмақшы.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button