Спорт

Есенкелдіні еске алды

Грек-рим күресі

17-18 қазанда Ақтөбе қаласындағы Қарғалы БЖСМ залында грек-рим күресінен жастар арасында Ақтөбе облысынан шыққан тұңғыш халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Шалқар қаласындағы В.Цеханович атындағы №1 БЖСМ түлегі, жастар арасында КСРО чемпионатының жүлдегері, КСРО жастар құрамасы сапында әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Бүкілодақтық универсиада чемпионы, жеке есепте КСРО Кубогының иегері, КСРО құрамасы сапында Әлем Кубогының иегері, ересектер арасында КСРО чемпионатының жүлдегері, КСРО халықтарының Х жазғы спартакиадасының чемпионы Есенкелді Батырғаринді еске алуға арналған республикалық турнир болып өтті.
Турнирге ақтөбеліктермен қатар Алматы, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола, Маңғыстау, Қостанай, Қызылорда, Атырау облыстарынан, Алматы қаласындағы республикалық спорт орталығынан барлығы 12 команда қатысты. 1996-1997 жылдары туған 100-ге тарта балуан күш сынасты.
Жарыстың ашылу салтанатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Айбат Ермекбаев қазақ спортының ерте сөнген жарық жұлдыздарының бірі болған Есенкелді Батырғариннің жетістіктерінің бүгінгі жас спортшыларға үлгі екенін, жыл сайын турнирдің ұйымдастырылуының да маңызы зор екенін атап өтті.
Есенкелді бауырымыздың анасы Ардақ апай ұйымдастырушыларға аналық ризашылығын білдіріп, жаттықтырушыларға табысты еңбек тіледі. Ал спортшыларға Есенкелдінің тағдырын емес, спорттағы жеңісті жолдарын берсін деген батасын берді.
Осы турнирдің өтуіне жыл сайын жанашырлық танытып жүрген, әйгілі бапкер Цехановичтің «шекпенінен» шыққан грек-рим күресінен КСРО спорт шебері Павел Хохлов жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ ол жақында ғана әскерилер арасында әлем чемпионы атанып келген Қазақстан чемпионы Мейрамбек Айнағұловқа жолың әрдайым ашық болсын деген ниетпен ақшалай сыйлық тапсырды.
Есенкелдінің інісі спорт шебері Бақытқали Батырғарин турнирді өткізуге үлес қосқан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшылығына, Қарғалы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, облыстық халық шығармашылығы үйі ұжымдарына, ағайынды Имұхаммед, Бимұхаммед Рсалиндер отбасына, КСРО спорт шеберлері, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушылар Мұқан Зарлықов пен Зейнулла Төлетаевқа, Бекболат Байдәулетовке және басқа жанашыр ағайын, жолдас-жораларға ризашылығын білдірді.
Қазіргі кезде Ақжар ауылында Есенкелді Батырғарин атындағы спорт мектебінің құрылысы басталды. Бұл мектеп пайдалануға беріліп жатса, сол аудандағы Ақжар, Кірпішті, Қарғалы ауылдарының жас балаларының күреспен айналысуларына мүмкіндік тумақ. Бұл мектеп қоғамдық қор арқылы салынып жатқандықтан Есенкелдінің көзін көргендер, жалынды азаматтар көмек көрсетеді деген ойдамыз.
Турнир қорытындысында 8 салмақ бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, оларға сыйлықтар тапсырылды.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button