Спорт

Смақов пен Сирино

Премьер-Лига

29-турда «Астана» жеңіске жетті. Сөйтіп, бұл турда «Атыраумен» тең ойнаған, бірінші орында тұрған «Қайратқа» мысықтабандап жақындай түсті. Ал атыраулықтар чемпионаттың екінші кезеңіндегі алғашқы ұпайына қол жеткізді. Ұтылып қалған «Ертіс» пен «Ордабасының» қола медальға иегі қышымайтындай болды. Көш соңындағы «Қайсардың» қасына «Жетісу» жайғасты.
17 қазан күні «Ақтөбе» өз алаңымызда «Ертісті» қабылдады.
Бірінші таймда есеп ашылмай қойды. Бірақ бұған қарап алғашқы 45 минут тартыссыз өтті деуге де болмайды. Жерлестеріміз бірден-ақ тізгінді қолға алуға тырысты да, соған орай павлодарлықтар да аса сақтанып ойнады, сөйтіп жүріп олар арасында қарсы шабуылдар да ұйымдастырып отырды. Дегенмен Маркос Пиззеллидің тоғыздыққа қарай асырған добын Давид Лорияның дарытпағанынан басқа бірінші таймда онша қауіпті сәттер болған да жоқ.
Екінші тайм басталған бойда дерлік ақтөбеліктер стадионды дүр еткізді. 50-минутта қарсыластардың айып алаңына кіріп кеткен Маркос Пиззелли допты шапшаң қақшып түсті де, қақпаға қарата қақырата тепті — 1:0.
Бұл есепті шамамен 15 минут уақыт өткен шақта Данило Сирино одан әрі ұлғайтты. Дидар Жалмұқан шеберлікпен берген пасты шабуылшымыз ашық қалған қақпаға мүлтіксіз енгізіп жіберді — 2:0.
Дегенмен павлодарлықтардың ұнжырғасы түскен жоқ, ілгері ұмтылумен болды. Сондай сәттердің бірінде ақтөбеліктер ойын тәртібін бұзуға мәжбүр болды да, он бір метрлік айып добы белгіленді. Самат Смақов қателескен жоқ — 2:1.
Ол да ештеңе емес еді, 69-минутта осы Самат тастаған әдемі допты алаңға енді ғана шыққан Константин Дудко баспен соғып қақпамызға және лып еткізіп енгізіп жіберді — 2:2.
Жеңістен айырылып қалатындай қауіпке душар болғанымызбен көңілімізді тағы да Данило Сирино бірлеп берді. Ол тайм соңына қосылған қосымша минутта Маркос тастаған оңтайлы пасты голға айналдырды — 3:2.
Осылайша жерлестеріміз тартысты табысқа жетті.
«Ақтөбе»-«Ертіс» — 3:2
Гол авторлары: Маркос Пиззелли, 49-минут (1:0); Данило Сирино, 59-минут (2:0); Самат Смақов, 65-минут, пенальти (2:1), Константин Дудченко, 69-минут (2:2), Данило Сирино, 90+3 (3:2).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов, Айоделе Аделейе, Валерий Коробкин, Артурас Жулпа (Чиприан Дяк, 75-минут), Асхат Тағыберген, Юрий Логвиненко (капитан), Маркос Пиззелли, Андерсон Сантана, Дидар Жалмұқан (Абат Айымбетов, 83-минут), Сергей Хижниченко (Виктор Дмитренко, 69-минут), Данило Сирино.
Үш ескерту қағазы көрсетілді: М.Пиззелли, С.Хижниченко («Ақтөбе»); С.Смақов («Атырау»).
Орталық стадион. 8 мың адам.

Басқа кездесулер

«Астана»-«Ордабасы» — 2:1
Гол авторлары: Сергей Малый, 19-минут, автогол (1:0); Рохер Каньяс, 58-минут (2:0); Еркебұлан Тұңғышбаев, 71-минут (2:1).
«Қайрат»-«Атырау» — 0:0
«Жетісу»-«Шахтер» — 0:1
Гол авторы: Андрей Карпович, 78-минут (0:1).
«Тобыл»-«Қайсар» — 0:0
«Оқжетпес»-«Тараз» — 0:0

Ойын кестесі

1-6 орындар

Командалар О Ұ Т Ж Д Ұп

1 Қайрат 29 18 7 4 55-18 39
2 Астана 28 16 7 5 48-25 34
3 Ақтөбе 29 15 8 6 34-20 31
4 Ордабасы 29 11 10 8 30-27 26
5 Ертіс 29 10 10 9 36-35 25
6 Атырау 28 9 11 8 27-28 20

7-12 орындар

7 Тобыл 29 11 6 12 31-39 27
8 Оқжетпес 29 11 5 13 34 -39 25
9 Тараз 29 9 7 13 23-29 22
10 Шахтер 29 7 5 17 23-46 17
11 Жетісу 29 6 5 18 23-44 15
12 Қайсар 29 4 11 14 18-32 15

*О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

«Ақтөбенің» мергендері:

Сергей Хижниченко (шабуылшы) — 9 гол;
Данило Сирино (шабуылшы) — 6;
Маркос Пиззелли (жартылай қорғаушы) — 5 (1);
Дидар Жалмұқан (жартылай қорғаушы) — 4;
Данило Неко (шабуылшы) — 2;
Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 1;
Айоделе Аделейе (қорғаушы) — 1;
Алексей Антонов (шабуылшы) — 1,
Абат Айымбетов (шабуылшы) — 1;
Асхат Тағыберген (жартылай қорғаушы) — 1;
Виктор Дмитренко (қорғаушы) — 1;
Валерий Коробкин (жартылай қорғаушы) — 1;
Чиприан Дяк (жартылай қорғаушы) — 1 (1).
«Ақтөбе» өз алаңымыздағы 15 ойында 8 рет ұтып, 5 рет тең ойнады, 2 рет ұтылды. Сырт алаңдағы 14 ойында 7 рет ұтып, 3 рет тең түсті, 4 рет ұтылды.
Биылғы чемпионатта 22 гол соққан Жерар Гоу («Қайрат») мергендер көшін бастап келеді.

30 тур ойындары

30-турда, 24 қазанда «Ақтөбе» сырт алаңда «Атырау» командасымен кездеседі.
Басқа кездесулер:
24 қазан, сенбі
«Оқжетпес» — «Жетісу»
«Тараз» — «Тобыл»
«Қайсар» — «Шахтер»
25 қазан, жексенбі
«Қайрат» — «Астана»
«Ертіс» — «Ордабасы»

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button