Басты жаңалықтарЭкономика

Әсет Исекешов: Нақтыланған жобалар қажет

ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешовтің облысымызға сапары кезінде өңір экономикасының кейбір түйінді мәселелері пысықталды.
Алғашқы инвесторлар қоныстанып үлгерген Индустриалды аймақта өткен мәжілісте өңір экономикасы туралы егжей-тегжейлі әңгіме болды. Айта кетейік, Индустриалды аймақ екі жүз гектар жерге орналасқан. Онда ірі және орта химия, мұнай-газ, құрылыс, көлік салаларының өндірісі орындарын орналастыру қарастырылған. Оларға инфрақұрылымға қосылу тегін. Алғашқы орындар металл құрастыру және өндірістік крандар шығаратын зауыт пен арнаулы техникалар құрастыратын зауытқа беріліпті. Өзге де бизнесмендердің өтініштері қаралып жатыр екен.
— Қазанның басына дейін өнеркәсіп өнімінің физикалық индекс көлемі 97,4 пайызды құрады, бұл — орташа республикалық көрсеткіштен төмен. Ал тоғыз айдың көрсеткіші өңдеу өнеркәсібінің 30,4 пайызға өскенін көрсетіп отыр, — деді облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев.
Ол ферроқорыту зауыты мен рельс арқалығы зауыты, биылғы жылы-ақ, металлургия өндірісі өнімдері көлемінің айтарлықтай өсуіне ықпал ететініне сенім білдірді. Осы және басқа да жобалар толық қуатпен жұмыс істей бастағанда, өңдеуші сектордың үлесі келесі жылдың аяғына қарай 15 пайыздан 25 пайызға жетпек. Индустрияландыру картасы аясындағы екінші бес жылдықта жалпы құны 247 миллиард теңге тұратын 20 инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Бұл өндірілген өнім көлемін 1,4 есеге, өңдеу секторының өнімін 1,5 есеге өсіреді.
— Биылғы жылы жалпы құны 9,4 миллиард теңге болатын 8 кәсіпорын іске қосылады, соның арқасында 700 жұмыс орны ашылады. Оның үшеуі қазірдің өзінде жұмыс істей бастады. Мысалы, «Жаңа Әлжан» ұн комбинатында макарон фабрикасы іске қосылды, «Көктас» компаниясы силикат кірпіші өндірісін жолға қойды. Желтоқсан айындағы телекөпір аясында заманауи ет өңдейтін комбинатты пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, — деді Есқалиев.
Жиынның екінші бөлімінде өңір экономикасының тез шешуді қажет ететін түйінді мәселелері сөз болды. Ақтөбеліктер өңірде цемент зауытын салу керектігін қадап айтты. Өнімге сұраныс та, қажеттілік те бар. Бірде-бір өндірістік нысаны жоқ Қарғалы ауданында цемент зауыты салынса, шаруа дөңгеленіп кеткелі тұр.
— Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі әкімдермен өткізген бір жиынында «Дамуы нашар аудандар мен қалалардың базасында өсу нүктелерін анықтап, ҮИИД мемлекеттік бағдарламасы аясында нақты өндіріс орындарын құру қажет…» — деген болатын. Қарғалы ауданында цемент өндірісін өндіретін кен орны бар. Зауыт құрылысы үшін ҚХР-дың «Хуасин цемент» компаниясы 150 миллион доллар салуға әзір, — деді Ғали Есқалиев.
Қазір Қазақстанда он цемент зауыты бар, тағы үшеуі салынып жатыр. Бірақ мың шақырым жердегі Қызылордадан цемент тасу бір басқа да, жүз шақырымнан астам жердегі көрші Ресейден өнім жеткізудің жөні бөлек.
— Біз отандық өндірушілерді қолдау керектігін түсінеміз, алайда ол — біздің құрылысшыларымызға қымбатқа түсіп отыр. Бүгінгі күні облысымыз Ресейден жылына бес жүз тоннаға жуық цементті импорттайды. Бұл шамамен 30-35 миллион долларды құрайды. Жобаны жүзеге асырған жағдайда салық көлемі жылына 6 миллиард теңге шамасына жетеді. Әзірге біз Ресей экономикасына жұмыс істеудеміз, — деп облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сөзге араласты.
«Нұрлы жол» бағдарламасы өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында салынған Ақтөбе-Атырау жолын қайта құрылымдауды қарастырады. Жол іс жүзінде жүруге жарамсыз, соның салдарынан біздің облысымыздың аумағынан өтетін республикалық маңызы бар басқа жолдарға қарағанда, оның бойындағы апат мөлшері екі жарым еседей жоғары. Кәсіпкерлер Орал арқылы бес жүз шақырымды айналып жүреді. Облыс қазір жол құрылысына кірісуге әзір: 17 шақырымның жобалық-сметалық құжаттамасы даяр тұр.
— Бұл жолды Орскімен және одан әрі Орынбормен жалғастыру керек, сонда автомобиль қозғалысы қарқынды бола түседі және соған сәйкес тауар айналымы да артады. Қазір Орск жолы туралы бұлай деп айта алмаймыз. Біз туризм дамымайды деп жатамыз, жол дұрысталмай, ол ешқашанда ілгерілемейді, — бұл тұрғыдағы ойларын облыс әкімі осылай білдірді.
Әсет Исекешов облыс басшылығының назарын тағы бір мәселеге аударды. 2015 жылға дейін Ақтөбе әуежайы халықаралық әуе компанияларының жүктерін қабылдап, қомақты қаржы түсіретін. Мысалы, 2013 жылы ғана 146 рейске қызмет көрсетіліп, әуежайға 114 миллион теңге қаржы түскен, республикалық бюджет 2,3 миллиард теңгеге жуық кедендік төлемдермен толықтырылған. Ал 2015 жылы Қазақстанның кедендік заңдылықтарына енгізілген өзгерістерге байланысты операторлар Бішкекке «қоныс аударды».
Дегенмен жүк операторлары жүк тасудың өзіндік құнын арзандататын, сондай-ақ Еуразия одағы рыноктарына жіберілетін халық тұтынатын тауарларды жеткізуді айтарлықтай жылдамдататын Ақтөбенің қызметіне ықыластарын суыта қойған жоқ.
Бұдан әрі қатты қалдықтарды терең өңдеуді «Инвестициялар туралы» Заңға сәйкес артықшылықтары бар секторлар тізіміне енгізудің жай-күйі айтылды. Өңдеудің өзі мол табыс түсірмейтіні белгілі, ал голландиялық инвесторлар энергиялық қуаттылығы 12 МВ болатын қатты тұрмыстық қалдықтарды газдандыру технологиясын пайдаланып жүр. Олар 2016 жылы мамандандырылған зауыттың құрылысына кірісуге дайын екендіктерін, бірақ экономикалық тиімділікке жету үшін электр энергиясы тарифі мен теңгенің шетелдік валютамен арадағы курсын үйлестіре қарау қажеттігін айтады.
Елді индустрияландырудың мемлекеттік бағдарламасы аясындағы ірі жобаларды жүзеге асыруға шақырылатын мамандарды тұрғын үйлермен қамтамасыз етудің де реттерін ойластыратын уақыт жетті. Мысалы, Ақтөбе рельс арқалығы зауыты мәселесі. Бұл аймақ үшін мүлде жаңа өндіріс және онда жұмыс істей алатын өте жоғары деңгейдегі мамандарды табу оңай да емес, әзірге мамандарды басқа қалалар мен шетелдерден шақыруға мәжбүр болып отырмыз. Ал мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы мұндай білікті кадрларды ұстап отыратын осындай тетікті назардан тыс қалдырып алған.
Кәсіпкерлер өз мәселелерін ортаға салды. Мысалы, біздің компаниялар «Карметтің» металдарын сатып алуға құлықты, бірақ олар өз өнімдерін сыртқа жібере отырып, отандық бизнестің шағын мөлшердегі қажеттіліктеріне көз жұма қарайды. Бұл ретте ресейліктердің өнімдерді шағын партиялармен жіберуден бас тартпайтыны айтылды.
— Біз осы аймақтағы бірден-бір өнеркәсіптік металл бұйымдарын құрастырушылармыз. Әрине, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға да ықыластымыз. Өкінішке қарай, бұған қолымыз жете бермейді. Инвесторлар, әсіресе, шетелдік инвесторлар өз өнімдерін әкелгісі келеді. Сондықтан мұнай-газ секторында келісімшарттар жасалатын шақта аймақтың мүмкіншіліктері ескерілгені жөн болар еді, — деді Ақтөбе металл құрастыру зауытының бас директоры Александр Александров.
— «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» кәсіпорны еш ретке сәйкес келмейтін тендерлік шарттар қояды. Мысалы, діңгектерді дайындауға он күндік мерзім береді, ал оны жасау үшін кемінде отыз күн керек, көрініп тұрғандай, олар мұны күні бұрын әкеліп қояды, — деді мұнай жабдықтары зауытының директоры Гасал Мусин.
— Бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі — экономикалық өсуді қамтамасыз ету, бұл ретте Үкімет кәсіпорындарды қолдау жоспарын іске асырып жатыр. Өндірушілер сапаға, бәсекеге қабілеттілікке және экспортқа баса назар аударуы керек. Мына күрделі уақытта өндірісті қысқартпай, қайта одан әрі ұлғайту үшін резервтерді қайтадан қарау керек. Мемлекеттік тапсырыс пен бюджеттік қаржыларға емес, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік пен жеке инвестицияларды бағытқа алу қажет. Инвесторлар Қазақстанда жұмыс істеуге әзір, алайда мығым әзірленген жақсы жобалар аз, — деді Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешов кеңеске қатысушылардың әр сөзін мұқият тыңдап болғаннан кейін.
— Индустриялық өңір болғандықтарыңыз — сіздердің басқа аймақтардың алдындағы тәуір басымдықтарыңыз, — деп атап өткен ол қараша айына белгіленген «Ақтөбе-инвест» форумына дайындыққа көмек көрсетуге уәде етті.

Жанат СИСЕКЕНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button