Басты жаңалықтарЭкономика

Тұрмыстық қалдықтар да пайдаға асырылады

Облыс орталығындағы тұрмыстық қалдықтарды өңдеу үшін нидерландтық инвесторлар Ақтөбеде зауыт салуды көздеуде. Жоба құны — 26 миллиард 970 миллион теңге.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Нидерландыдан келген «RenTeh BV» компаниясы атқарушы директоры Валдис Бистерспен кездесіп, осы мәселені тиянақтады. Бұл мәселеге қатысты жергілікті билік өткен жылдан бері келіссөз жүргізіп келген болатын. Екі жақты келісімге сәйкес енді зауыт салынады деп белгіленді, оған қажетті 50 гектар жер бөлінеді.
«Құжаттарды қыс мезгілінде рәсімдеп, көктемде құрылыс жұмыстары басталып кетуі керек», — деп ұсыныс айтты облыс басшысы. Егер инвесторлар сөзінде тұрса, бірінші кезеңде жылына 200 тонна тұрмыстық қатты қалдық өңдейтін зауыт салынады.
«Бізде жобалар жеткілікті. Газбетон өндірісінде жылына 160-300 мың шаршы метр өнім шығарылады. Екінші кезеңде жануарлар мен балыққа қажетті жем өндіріледі. Сонымен қатар, жабық тоғанда балық өсіріп, бұқтырылған балық етін шығару, автокөлік доңғалағын өңдеу цехтарын да ашу ойымызда бар», — деді Валдис Бистерс.
Бүгінгі болжамға сәйкес, тұрмыстық қалдық өңдеу зауыты 2016-2017 жылдар аралығында салынады. Жоспар бойынша өндіріс орны қала аумағындағы Индустрияландыру аймағына енсе, инженерлік желілерді өткізу мәселесі оңай шешіледі.
Бердібек Машбекұлы инвесторлар жауапкершілігі туралы әңгіме қозғап, «Егер қаржыңыз жеткілікті болса, біз қолдаймыз. Кейбір инвесторлар істі аяғына жеткізбей, тастап кетеді. Бізге сіздерден қаржылық дәлел керек. Технологияға күмән келтірмейміз. Еуропада тұрмыстық қалдықты өңдеу саласы жақсы жолға қойылғанын да білеміз», — деп нақты ойын білдірді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button