Спорт

Мейрамбек — әскерилер арасында әлем чемпионы!

Жақында Оңтүстік Кореяның Менгун қаласында VI әлемдік әскерилер ойындары өткен болатын. Бұл ойындар төрт жылда бір рет өткізіледі. Биылғы жылы 117 елден 7 мыңның үстінде спортшылар қатысқан. Грек-рим күресінен спорт шебері Мейрамбек Айнағұлов жеңімпаз атанып, елге үлкен мереймен оралды.
Қорғаныс министрлігінің Армияшылардың орталық спорт клубының қызметшісі Мейрамбек Айнағұлов барлық белдесулерін 10:0 есебімен ұтып, яғни таза техникалық жеңістерге жетті. Ақтөбелік балуан алдымен жастар арасында әлем чемпионы азірбайжан К.Маммодовты жеңді. Одан кейін 23 жасқа дейінгілер арасында Еуропа чемпионатының қола жүлдегері түрік Киразадан, Азия чемпионы, кілем иесі корей балуаны Чой Иннен басым түсті. Ал ақтық бәсекеде Африка ойындарының, Африка құрлығының чемпионы египеттік Х.Махмудпен кездесіп, таза техникалық жеңіспен аяқтады.
М.Айнағұлов — отандық грек-рим күресі мектебінің тарихында мұндай жеңіске қол жеткізген тұңғыш спортшы. Осылайша жас балуан халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады. Мейрамбектің жеке жаттықтырушылары — Рахымжан Бақытжанов пен Қайыржан Бекенбаев.
— Жалпы қай жекпе-жекте де жеңілі болмайды. Бұл жолы маған корей жігіті қиындау соқты, өйткені жарыс оның өз елінде өтіп жатты ғой. Бірақ намысқа тырысып, корей жанкүйерлерінің оны қолдағанына қарамастан, таза жеңіске қол жеткіздім, — дейді чемпион. — Кілемге шығар алдында бапкерлерім маған «кейін шегінуге болмайды, сен қалайда жеңесің» деп мені жігерлендіріп отырды. Бұл менің ғана емес, менің жаттықтырушыларымның, мені қолдаған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының, грек-рим күресі федерациясының, «Ақпан» компаниясының, барша жанкүйерлерімнің жеңісі.
Мейрамбек 21 жаста. Шалқар қаласында туып өсіп, сондағы В.Цеханович атындағы № 1 БЖСМ-да жаттығуды бастаған. Кадеттер арасында 2011 жылы әлем чемпионы атанды. 2013 жылы ересектер арасында болған Қазақстан Кубогының иегері. Өткен жылы ересектер арасында Қазақстан чемпионы, сондай-ақ ересектер арасында Қазақстанның IV жазғы спартакиадасының жеңімпазы болды.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button