Спорт

Шабандоз әлихан

Ұлттық спорт

Тамыз айының соңында Астана қаласында ұлттық спорт — Теңге ілуден I ашық Азия чемпионаты өткізілді.
Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей Федерациясы, Моңғолия, Түркия сынды барлығы 10 мемлекеттің өкілдері жиналған чемпионатқа Қазақстаннан екі шабандоз қатысқан еді. Олар: жерлесіміз Әлихан Бәшембаев пен шымкенттік Ғалымжан Ещанов. Әлихан халықаралық деңгейде өткен Теңге ілу додасында жүлделі 2-ші орынды қанжығасына байлады. Чемпионаттың бас жүлдесі де Қазақстанда қалды. 1-ші орынды Ғалымжан Ещанов иеленді.
— Жарыстың алғашқы кезеңінде атының бой бермей, қашқақтауына байланысты Әлихан тек 1 ғана теңге алып шықты. Бірақ уақыт көрсеткіші өте жоғары болды. Екінші кезеңде 4 теңге жинады. 1-ші кезеңнен іріктеле келе екеуі қазақстандық, барлығы алты спортшы өтсе, 2-ші кезеңнен кейін төрт спортшы ғана қалды. Соңғы 3-ші кезеңде Әлихан 3 теңге жинады және жақсы уақыт көрсеткішімен ерекшеленді. Десек те алған теңге саны көбірек болып шыққан шымкенттік спортшы Ғалымжан Ещанов бас жүлдеге ие болды. Ал екінші орынды Әлихан иеленсе, үшінші орын моңғолиялық спортшының үлесіне тиді. Чемпионат өте тартысты өтті, — дейді №10 облыстық балалар мен жасөспірімдердің ат спорты мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары, аға жаттықтырушы Абат Аймағамбетов.
Әлихан ат спорты туралы 2006 жылы 9 жасында бірге ойнайтын досынан естігенін айтады. Сосын досына еріп, Сазды ауданындағы Гришин көшесінде орналасқан ат спорты мектебінің базасына барады.
— Алғаш рет атқа мінгенімде екі айналымды өтіп, үшінші айналымда келе жатқанда омақаса құладым. Бірақ бұл құлауым мені жасытпады, керісінше маған жігер берді. «Ат спортымен айналысам» деп шешім қабылдадым, — дейді ат спортына алғаш қадам басқан кездерін есіне алған Әлихан.
Әлихан бірінші рет 2012 жылы Павлодар облысында өткен жасөспірімдер арасындағы жарыста облысымыздың намысын қорғады. «Сенің қолыңнан келеді» деп жігер беріп, жарысқа қатысуды ұсынған осы аға жаттықтырушымыз Абат Аймағамбетов ағамыз болатын», — дейді ол жаттықтырушысы туралы. Алғашқы жарыста оның жолы болмады. Жүлделі орынға қолы жетпеді. 4-ші орын иеленді.
Одан кейін көптеген чемпионаттарға қатысты Әлихан. Оның арасында түрлі турнирлер де бар. Ол қазір теңге ілу спортынан еліміздің 5 дүркін чемпионы. Осы уақыт аралығында ол өз рекордын екі мәрте жаңартыпты. Ең айтулы додасы ретінде 2014 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында өткен чемпионатты есіне алады. Осы жарыстан Әлихан бас жүлдемен оралды. Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында өткізілген турнирде 13 секундтың ішінде жерге тігілген 5 теңгені толықтай іліп, алып шықты. Сонымен қатар, барлығы 25 шабандоз қатысқан осы жарыста ашық Азия чемпионатына қатысуға жолдама алды.
Бүгінгі күні қаламыздағы сәулет-құрылыс колледжінің 4-курсында оқып жатқан Әлихан қазір қазан айында Қызылорда қаласында теңге ілу спортынан ересектер арасында өтетін чемпионатқа дайындық үстінде.

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button