Спорт

Бапкердің мерейтойы балуандарды жинады

Басты қонақ — Жақсылық Үшкемпіров!

Өткен демалыс күндері Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің спорт кешенінде грек-рим күресінен Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Мұхамбетжан (Мұқан) Зарлықовтың 60 жасқа толуына орай 2001-2002 жылдары туған балғын балуандар арасында республикалық турнир болып өтті.
Турнирге Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Атырау, Павлодар және басқа облыстардан, Ақтөбе қаласынан, облыстың бірнеше аудандарынан барлығы 16 команда қатысты. Сонымен қатар көрші Ресейдің Орск қаласының да балуандары күш сынасты.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Айбат Ермекбаев мерейтой иесін құттықтап, басқарма атынан шапан жауып, естелік сыйлық табыс етті. Сондай-ақ ол бұл турнирдің құрметті қонағы болып грек-рим күресінен КСРО-ның бірнеше дүркін, әлем, Еуропа чемпионы, Мәскеу олимпиадасының жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіровтың келгенін хабарлағанда жиналған жұрт ұзақ қол соғып, орындарынан тұрып кетті. Даңқты балуан Мұхамбетжан Зарлықовты 60 жасымен құттықтап, кезінде бірге жүріп, бірге күрескенін еске алды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қабылдауында болғанда бұрын күрестің бұл түрінен Шалқар мен Ақтөбе қалаларының балуандары мықты болғанын, енді грек-рим күресін Ақтөбеде нығайту қажеттігін айтқанда, облыс әкімі бұл ұсынысты мақұлдағанын да айтып өтті. Бердібек Машбекұлы Жақсылық Үшкемпіровтың жыл сайын өтетін турнирін Ақтөбеде өткізейік деп балуанның өзіне ұсыныс тастаған. Енді КСРО кезінде қазақтың атын әлемге танытқан балуан атындағы турнир биыл Ақтөбеде өтетін болады.
— Менің мұндай жетістіктерге жетуім халқымның ыстық ықыласының, аппақ пейілінің арқасы, — деді Жақсылық Үшкемпіров. — Халқым маған тілекші болды. Соның арқасында олимпиадада мен алтын, Серік Қонақбаев күміс медаль алып, қазақтың кім екенін әлемге паш еттік.
Бұдан кейін ол еліміздің спортшылары бұрынғыдай Мәскеуге жалтақтамай, дербес ұлттық құрама сапында Азия, әлем біріншіліктері мен олимпиадаларға қатысып, жүлде алып жүргені тәуелсіздігіміздің нәтижесі екенін атап айтты. КСРО кезінде талай қазақ жастары өзгелерден озық тұрса да байрақты бәсекеге барар алдында жолдары кесілгенін де еске салды. Мәселен, Жақсылық Үшкемпіровтың өзі КСРО, Еуропа чемпионы бола тұра Монреал олимпиадасына бара алмаған.
Бұл күні той иесін құттықтаушылар көп болды. Қазақстан Республикасы Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Жангелді Мақашев қауымдастық төрағасы, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаевтың құттықтауын жеткізді. Ақтөбе қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров қала әкімі атынан құттықтап, естелік сыйлық тапсырды.
Екі күнге созылған турнирде 11 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, оларға дипломдар мен сыйлықтар тапсырылды.
— Бұл турнирдің өтуіне көп жәрдем еткен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ескендірбек Махановқа, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті спорт клубының, «Ер-Бақыт» патриоттық спорт клубының, облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының Қарғалы, № 4 БЖСМ басшылықтарына алғысым зор, — дейді Мұхамбетжан Зарлықов.
Қазақстан чемпионы, ірі-ірі халықаралық турнирлердің жүлдегері Әсет Әділов, бүгінгі күні Қазақстан, Азия біріншіліктері мен халықаралық турнирлерде олжа салып жүрген Тілек Әсембаев, Саят Әлжанов, Тимур Әбдіқадыр, Нұржан Айжарқын сынды болашағынан үміт күттіретін жастардың ұстазы Мұхамбетжан Зарлықовтан спорт мамандары бергенінен берері көп деп сенім артып отыр.

Шәкірттің сыйы
Жас балуан, №4 БЖСМ тәрбиеленушісі Нұржан Айжарқынның кезекті жүлдесі ұстазы М.Зарлықовтың мерейтойына тұспа-тұс келді.
Грек-рим күресінен олимпиада чемпионы Бақтияр Байсейітовтың жүлдесі үшін болған республикалық турнирде Нұржан 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде төрт рет кілемге шықты. Жамбыл, Алматы облыстары мен Астана қаласының балуандарын жеңген Нұржан ақтық айқаста маңғыстаулық Әлібек Сәрсенғалиевпен белдесті. Өкінішке қарай, біздің балуан қарсыласына есе жіберіп алып, екінші орынды қанағат тұтты. Осылайша ол ірі турнирдің күміс медалімен ұстазын қуантты.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button