Әлеумет

Иман

Дін ұстану Аллаға иман келтірумен және парыз амалдарды орындаумен шектелмейді. Күнделікті жүріп-тұру, адамдармен сыйластық барысында, т.б. жағдайларда шариғат тәртібін ұстанған абзал. Осы орайда оқырмандарымыздан түскен сауалдардың бірқатарын біз облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітіне жолдаған едік. Оқырмандар сауалына «Нұр Ғасыр» мешітінің найб-имамы Серікжан Еншібай жауап берді.

Балалар үшін өтірік айту күнә ма?

«Менің әріптесімнің бес баласы бар. Ол жұмыс кезінде өз ісін орындап үлгереді, бірақ кейде балаларының шаруасымен шұғыл түрде жүгіріп кетеді. Бастығымыз тәртіпті алға тартып, отбасы жағдайымен сұрануға ешқашан жол бермейді. Кейде балаларының шаруасына кеткен әріптесімді бастық сұрай қалса, «жұмыс бойынша кетті» — деп, өтірік айтуыма тура келеді. Балалар үшін өтірік айту күнә ма? Шариғатта өтірік айтуға рұқсат етілген жағдайлар да бар деседі?»
Орынгүл,
Ақтөбе қаласы.

— Исламда өтірік айту үлкен күнәлар қатарына жатады. Пайғамбарымыз (Оған Алланың нұры жаусын!): «Бізді алдаушы бізден емес» — деген, бұл — мұсылмандар қатарында өтірік айтатын адам болмауы керек деген сөз. Өтірік сөздің мұсылман баласы үшін ұят, жат қылық екендігін ислам ғалымдары әрдайым атап өткен. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың нұры жаусын!) хадистері жинақталған кезде, оны тек қана шындықты айтатын адамдардан жазып алуға үлкен көңіл бөлінген. Мысалы, хадис жинаушылардың ішінде ең әйгілілерінің бірі саналатын имам Бұхари хадис айтады деген бір адамды мың шақырым жерге іздеп барыпты. Ол заманда бұл оңай сапар емес. Бірақ, қиындықпен барғанына қарамастан, іздеген адамының түйесін алдап тұрғанын көргенде, одан хадис жазып алудан бас тартыпты, яғни өтірікке жол бермеуге тырысқан.
Өтірік әдетте екіжүзділіктің бір түрі болып есептеледі. Өтірік айтатын адам уәдесінде тұрмайды, басқаларды адастырады, жақын адамдардың арасына түседі, қайткенде де, біреуге бір зиянын тигізетін болады.
Дегенмен өмір болған соң, кейде адамдарға өтірік айтуға қажеттілік те туындайды. Дінімізде өтірік айтуға рұқсат етілетін жағдайлар нақты көрсетілген: біріншіден, ерлі-зайыптыларды жарастыру мақсатында; екіншіден, Отанның құпиясын сақтау үшін; ал үшіншіден, мәжбүрлік туындаған жағдайда, өз отбасын сақтап қалу үшін де, адамның өтірік айтуына болады. Жоғарыда баяндалған жағдай, осының үшеуіне де кірмейді. Демек, бұл адам әріптесіне басқаша көмектесуі керек. Бастық та — адам баласы, оған түсіндіріп көруге тырысқан дұрыс.

Арақ қойылған дастарқан…

«Мұсылмандар үшін арақ ішу, сату ғана емес, арақ ішілген жерде отыру да күнә деп есіттім. Пайғамбарымыздың: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман етсе, арақ қойылған дастарқанға отырмасын» — деп өсиет еткені рас па?»
Рауила Ибрагимова.

— Құранда арақтың, құмар ойынның — шайтанның лас амалдарынан екені атап айтылады. Ал Пайғамбарымыз (Оған Алланың нұры жаусын!) арақты барлық күнәнің бастауы санаған. Яғни арақ ішіп, ақылынан айырылған адам басқа да ауыр күнәларға барады. Арақ ішудің өзі дінімізде үлкен күнәлар қатарына жатады. Оның көп-азы, ауыр-жеңілі болмайды, ұрттаудың өзі харам саналады. Хадисте арақты әзірлеуші, сатушы, ұсынушы, тасып жеткізуші — бәрі де қарғысқа ұшырайды делінген, Өйткені бұл айтылғанды істеген адамдар үлкен күнәға себепкер болады. Арақ ішудің соңы небір лас қылмыстарға ұрындырып, отбасының берекесін қашырып, тіпті кейде біреудің адам өлтіріп алып жатқанын да, өкінішке қарай, естіп жүрміз.
Әрине, арақ ішіліп жатқан жерге мүлде бармаған абзал. Пайғамбарымыз (Оған Алланың нұры жаусын!): «Бір күнә істеліп жатқанын көрсең, оны тый, тоқтат, бұған күшің жетпесе, тіліңмен, сөзіңмен қарсылық көрсет, оған да күшің жетпесе, жүрекпен жек көріп, кетіп қал» — дейді. Еш әрекет ете алмай, жек көріп, кетіп қалу — иманның ең әлсіз дәрежесі. Сөйтсе де, тыйым салып, тоқтата алмайтын болса, күнә істеліп жатқан жерден кетіп қалу керек.
Жалпы, бұл сауал — мешітте бізге жиі қойылатын сауалдардың бірі. «Туысқандарымыз шақырды, бірақ арақ ішілетін жерге барғымыз келмейді, қайтсек екен?» — деп, қиналатын, соны уайымдайтын бауырларымыз бар. Ағайын болған соң, қуаныш-қайғыға ортақтасу керек, сондықтан барма деп айта алмаймыз. Барыңыз, тілегіңізді жеткізіңіз, сыйлығыңызды табыстаңыз. Бірақ арақ ішіліп жатқан жерде, Алланың қарғысы жауып тұратынын (бұл хадисте айтылған) есте ұстаңыз, кетіп қалыңыз. Тойды арақ-шарапсыз, өз ұлттық сусындарымызбен де өткізуге болады. Бұл жағын ескерсек, тіпті дұрыс болар еді.

Қажылықтың сауабы жазылады

«Жұма күнінің артықшылықтары жөнінде білгіміз келеді».
Әсел мен Ақнұр,
2-курс студенттері.

— Жұма деген сөздің өзі араб тілінен аударғанда «жиналу» деген мағынаны білдіреді. Адамдар бұл күні мешітте жұма намазында бас қосады, бір сәт басқа тірлікті жинап қойып, имамның әңгімесіне құлақ түреді, көппен бірге дұға жасайды. Әсіресе, ер адамдар үшін жұма намазына мешітке бару — сауабы мол амал. Құранның «Жұма» сүресінде: «Әй мүміндер! Жұма күні намаз үшін азан айтылған кезде, дереу Алланы еске алуға (намазға) ұмтылыңдар; және сауданы қойыңдар, егер білген болсаңдар, сендер үшін осы жақсы» — делінген. Жұма намазы — жарты сағат, ал парызы ғана оқылар болса — 10-15 минут уақыт алады. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (Оған Алланың нұры жаусын!) өз хадисінде жұма намазында мешітке бару — шама-шарқы шектеулі адамдардың қажылығы екенін айтып кеткен. Яғни қажылық парызын Меккеге барып өтеу үшін қаржы, мүмкіндік керек. Ал оған шамасы жетпейтін адамдар жұма намазы үшін мешітке барса, бұл үшін қажылықтың сауабы жазылмақ. Пайғамбарымыздың өзі (Оған Алланың нұры жаусын!) жұма намазын мереке сынды қабылдап, Айттағы секілді оған барарда бір жолмен жүріп, қайтарда басқа жолмен қайтқан.
Жұма дінімізде қасиетті күн саналады. Мұхаммед пайғамбар (Оған Алланың нұры жаусын!): «Жұма күнінде бір сәт бар. Кімде-кімнің дұғасы сол сәтке тура келсе, қабыл болады» — деген. Сондықтан, мүмкіндік болса, бұл күнді құлшылықпен өткізу керек.
Сұрауға ұялатын жандар лайық

«Исламда садақа беру сауап саналады. Бірақ Пайғамбарымыз ешкімнен ештеңе сұрамауды, яғни садақа алмауды насихаттаған деседі. Бұл неліктен?»
Алтынбек Т,
Мұғалжар ауданы.

— Хадисте: «Дүние-мүліктің, ризық-несібенің адам үшін ең қайырлысы — өз маңдай терімен тапқаны» — делінеді. Дінімізде адал еңбек, маңдай терімен тіршілік ету, алға ұмтылу, отбасың, бала-шағаңды адал жолмен бағып-қағуға зор мән беріледі. Пайғамбарымыз (Оған Алланың нұры жаусын!) ешкімге масыл болмау керектігін айналасындағыларға әрдайым насихат етіп айтқан. Бірде бір сахабасының қайыр сұрап тұрғанын көреді. Оны шақырып алып, үйінде не бар екенін сұрай бастайды. Сұрай келе, үйінде бір сақтаулы мата бары белгілі болады. Соны әкеліп, сатып, орнына балта алып, «осы балтамен отын шауып күн көр» деп ақыл береді. Әлгі сахабаны сөйтіп күнделікті асын еңбекпен тауып жеуге бағыттайды.
Еңбекпен нан табуға шамасы жете тұра, жұрт үстінен күн көруге, біреуден бірдеңе сұрауға ұялмайтын қылықты, әсіресе, қайыр тілеуді дініміз шет көреді. Ақырет күні әр адамнан ризық-несібесін қандай жолмен тапқаны туралы сұралады. Сонда еңбек етуге шама-шарқы бола тұра, қайыр тілеп күн көрген жандардың маңдайына қара дақ жағылады делінген.
Масылдық туралы айтылғанда, сөз тек ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүруге құмар, тығырықтан шығар жол іздеуге ұмтылмайтын немесе жалқау жандар туралы деп білу керек. Пайғамбарымыз (Оған Алланың нұры жаусын!) жетім-жесірге, қаріп жандарға мейірімді болған, әрдайым көмектескен, үмбетіне де оларға әрдайым қарайласуды өсиет еткен. Құранда садақа алуға мұқтаж бола тұра, сұрауға ұялатын адамдар лайық екені айтылады. Сондай-ақ, дінімізде садақа, жақсылық жасау, құлшылық ету ұғымы материалдық көмекпен шектелмейді. Жылы сөз айту да, жолда бір адамдарға зияны тиетін нәрсе жатса, оны алып тастау да, өз отбасыңды адал ризықпен қамтамасыз ету де Алла алдында сауабы мол амалға жатады.

Мешіт әдебі туралы не білесіз?

«Мешіт ішінде сақталуы тиіс ережелер бар ма?»
Айнагүл.

— Мешіт, араб тілінде «месжид» — сәжде ететін орын, яғни құлшылық ететін орын дегенді білдіреді. Бұл жерге ғұсыл, дәрет алып, тазаланып келуден бөлек, мешіт ішінде сақталуы тиіс тәртіп, нақтырақ айтқанда, мешіт әдебі бар. Мешіт — көпшіліктің құлшылық етуіне арналған орын. Мұнда әркім ойына келгенін істемей, көпшілікті сыйлап, мешіт әдебін сақтау керек. Мешітке оң аяқпен кіреді. Сарымсақ яки пияздың исімен келуге тыйым салынған. Мешітте айғайлап сөйлеуге, ішіп-жеуге, ұйықтауға, сауда жасауға, жоқ іздеуге, өсек-аяң айтуға болмайды. Ұялы телефонмен сырттағы шаруаны күйттеп кеткен де жөн емес. Мешітте басқа адамдар құлшылық жасап тұрғанда, өз құлшылығыңды дауыстап оқып, жұрттың мазасын алмау керек. Сондай-ақ, түкірініп-қақырынып, қоқыс тастап, мешіт ішін ластау — әдепсіздік.

Бетті әзірлеген Индира Жаймағамбетова.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button