Экономика

Депозиттер үшін өтемақы төленеді

Бағам айырмасы

Үстіміздегі жылдың 18 тамызы күнгі жағдай бойынша, екінші деңгейлі банктерде 1 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде депозиті болғандар үшін құнсызданған теңге бағамының айырмасы төленбекші. Қазақстан бойынша шамамен 1 миллион 700 салымшыға барлығы 257 миллиард 500 миллион теңгені құрайтын өтемақы жасалынады деп жоспарланып отыр.
«Қазпошта» АҚ-ның салымшылары да өз депозиттері үшін өтемақы талап ете алады. Мұндай бағдарлама «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның салымшылары үшін дайындалатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, 19 тамыз күні ҚР Ұлттық Банкі АҚШ долларын еркін айналымға жіберу шешімін қабылдаған еді. Сол сәттен бері «америкалық көк қағаздың» құны 1 доллар үшін 180 теңгеден 280 теңгеге дейін көтерілді. Осыған байланысты қыркүйек айында ҚР Ұлттық Банкі ұлттық валюта — теңге бойынша ашылған жеке тұлғалардың депозиттері үшін бағам айырмасын төлеу тәртібін бекітті.
Болған жайттың егжей-тегжейін білу үшін «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі» РММ Ақтөбе филиалы директорының орынбасары Нағима Өмірбекованы сөзге тартқан едік.
— Ұлттық валютаның айырбастау бағамының төмендеуіне байланысты халықтың шығындарын азайту мақсатында тамыз айында ҚР Президенті Ұлттық Банкке осы жылдың 18 тамызы күнгі жағдай бойынша теңгемен ашылған жеке тұлғалардың жедел депозиттері үшін өтемақы төлеу механизмін дайындауға тапсырма берді.
«Жеке тұлғалардың депозиттері бойынша бағам айырмасын төлеу тәртібі» салымшылардың халықтың әлсіз топтарына жататын бөлігіне (1 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде салымы барлар үшін) қолдау көрсету үшін қабылданды. Бұл жобаның аясында шамамен 1 миллион 700 салым бойынша барлығы 257 миллиард 500 миллион теңгені құрайтын өтемақы жасалынады деп жоспарлануда.
— Өтемақы төлеудің басты шарттары қандай?
— Біріншіден, төлем 18 тамыздағы операциялық күннің соңында банктің есепшотында қалған ақшасы бір миллион теңгеден аспайтын депозиті бар жеке тұлғаға жасалады.
Екіншіден, өтемақыны алу үшін салымшы қалған ақшасын арнайы есепшоттан 2016 жылдың 30 қыркүйегіне дейін алмауы тиіс.
— Өтемақы қандай әдіспен есептеледі?
— Өтемақы мөлшері 2016 жылдың 30 қыркүйегі мен 2015 жылдың 18 тамызы күндеріндегі ұлттық валютаның АҚШ долларына қарсы бағамдарының айырмасы ретінде есептеліп, алынған коэффициент салымның қалған мөлшеріне көбейтіледі.
— Қандай мөлшерде өтемақы ала алатынын салымшылардың өздері есептеулері үшін формуласын айта аласыз ба?
Мәселен, сіздің депозитіңіздің мөлшері 1 000 000 теңге делік. 2016 жылдың 30 қыркүйегінде ұлттық валютаның АҚШ долларына қарсы бағамы 270 теңге болады деп болжау жасайық.
Өтемақы мөлшері = 270/188,35 – 1 * 1 000 000 = 433 501,46 теңге.
Осылайша, сіздің жағдайыңызда депозит үшін төленетін өтемақы мөлшері 433 501,46 теңге болады.
С_өтемақы = (Т_2/Т_1 – 1) х С_(қалған ақша)
бұл жерде:
– С_өтемақы — жеке тұлғаға төленуі тиіс өтемақы мөлшері;
– С_(қалған ақша) — өтемақы төленетін депозит мөлшері;
– Т1 — 2015 жылдың 18 тамызындағы ұлттық валютаның (теңге) АҚШ долларына қарсы бағамы;
– Т2 — 2016 жылдың 30 қыркүйегіндегі ұлттық валютаның (теңге) АҚШ долларына қарсы бағамы.
— Депозитіне өтемақы алу үшін салымшы не істеуі керек?
— Үстіміздегі жылдың 1 қазанына дейін белгіленген шарттарға сәйкес келетін депозиті бар банкке барып, банктің ішкі ережелері бойынша оны қайта ресімдеу қажет.
Бүгінгі күні ҚР Ұлттық Банк өтініштерді қабылдау мерзімін 2015 жылдың 1 желтоқсанына дейін созу мәселесін ұсынуда.
Салымшылардың өтемақы төлеу шарттары жөнінде қосымша түсініктер мен кеңестер алу үшін депозит ашқан банктің өзіне немесе 21-14-59 телефоны арқылы ҚР Ұлттық банкінің филиалына хабарласуына болады.

Ләззат ЕГІБАЕВА.

Ипотека

Бағдарламаға кімдер қатыса алады?

1 қыркүйек күнгі жағдай бойынша, екінші деңгейлі банктерден алған ипотекалық несиелерін қайтаруда мәселе туындаған ақтөбеліктерден 719 өтініш түсіпті. Олардың ішінде 234 өтінішке байланысты несиені қайта қаржыландыру жөнінде оң шешім қабылданған.
Үстіміздегі жылдың 11 ақпанында ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Елбасы Ұлттық Банкке Министрлер кабинетімен бірге ипотекалық борышкерлердің проблемаларын шешу үшін шаралар кешенін дайындау міндетін жүктеген болатын.
Ал 24 сәуірде Ұлттық Банктің басқармасы жалпы мөлшері 130 миллиард теңге болатын ипотекалық тұрғын үшін несиелерін/ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасын бекітті.
Екінші деңгейлі банктерде проблемалық несиелері бар борышкерлер үшін қандай қолдау шаралары жасалатыны туралы «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі» РММ Ақтөбе филиалы қаржы ұйымдарын бақылау және қаржы қызметін тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Нұрлан Оспанов әңгімелеп берді.
Оның айтуынша, ең алдымен заңнамаға сәйкес халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын борышкерлердің несиелері қаржыландырылады:
1) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;
1-1) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғалар;
2) I және II топтағы мүгедектер;
3) мүгедек баласы барлар немесе оларды тәрбиелейтін отбасылар;
4) ҚР Үкіметі тарапынан бекітілетін аурулар тізімінде берілген кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын тұлғалар;
5) жасы бойынша зейнеткерлер;
6) ата-ана қамқорлығынсыз қалған, 29 жасқа жетпеген, кәмелеттік жасқа жетпей ата-аналарынан айырылған балалар мен жетім балалар. Мұндай тұлғалар әскери қызметке шақырылғанда жастары жедел әскери қызметін өтеу мерзіміне созылады;
7) оралмандар;
8) экологиялық апаттардың, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың нәтижесінде тұрғын-жайынан айырылған тұлғалар;
9) көпбалалы отбасылар;
10) мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындалу немесе ұшу кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқық тәртібін қорғау кезінде қайтыс болған тұлғалардың отбасылары;
11) толық емес отбасылар.
Бұл тізім «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 68-бабы бойынша белгіленді.
Бағдарлама 20 жылға есептелген. Сондықтан несиені жылдық 3 пайыз өсіммен 20 жыл мерзімге қайта ресімдеуге болады.
Борышкердің несиені алған банкке хабарласуы қажет.
Банк бағдарлама аясында қайта қаржыландырудан бас тартқан жағдайда борышкерлер төменде берілген мекенжай бойынша облыс әкімдігі жанындағы комиссияға хабарласа алады: Әблқайыр хан даңғылы, 40. Байланыс телефондары: 56-04-52, 54-15-91, 56-36-58.

Бағдарламадан үзінді
Ұлттық Банк қоғамдық бірлестіктердің, екінші деңгейлі банктердің, борышкерлердің және жергілікті атқарушы билік органдарының ұсыныстарын сараптау нәтижесінде бағдарламаға өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдады.
1. Кепілдіктегі тұрғын үйдің алаңы туралы талап 120 шаршы метр болатын жалпы алаңнан тұратын алаңға өзгертіледі.
2. Жалғыз тұрғын үйінің болуы туралы талап борышкер мен оның жұбайынан бөлек, кепілдік беруші мен оның жұбайына да қойылады.
3. Тараптардың келісімімен тұрғын үйі (жер телімі) банктің, ипотекалық ұйымның (оның ішінде уәкілетті органның лицензиясын өз еркімен қайтарғандар да бар) балансына алынған борышкерлердің (жеке тұлғалардың) несиелерін қайта қаржыландыру (қаржыландыру) мүмкіншілігі қарастырылған.
4. Халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына жататын борышкерлердің несиелері бойынша сотқа берілген шағымдар үшін төленген мемлекеттік баж салықтары жөніндегі банктердің шығындарын Ұлттық Банк өз мойнына алады.
5. Шетел валютасымен берілген проблемалық несиелерді қайта қаржыландыру (ағымдағы жылдың 18 тамызынан бастап теңгенің еркін айналымға жіберілуіне байланысты) бағдарлама аясында жоғарыда аталған күні белгіленген Ұлттық Банктің ресми бағамы 188,38 KZT бойынша жүзеге асырылады.

Өз тілшімізден.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button