Экономика

«Даму» қоры — бизнес баспалдағы

Шағын және орта бизнес — экономиканың тиімді секторының бірі. Дамыған елдерде осы салаға ерекше басымдық беріледі. Қазіргі таңда біздің елімізде «Бизнестің жол картасы — 2020», «Даму-Өндіріс» мемлекеттік бағдарламалары арқылы шағын бизнеске қолдау көрсетіліп жатыр. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының облыстық филиалы ұйымдастырған пресс-тур кезінде мемлекеттің қолдауына ие болған бірнеше кәсіпорын жұмысымен таныстық.

80 миллион теңге. 25 жұмыс орны

Ақтөбеден бағыт алатын әрбір жолаушылар пойызын қажетті төсек-орын жиынтықтарымен қамтамасыз ететін «Источник» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» Ақтөбе филиалы арқылы мемлекеттен қолдау тапты. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі банктен 14 пайыздық үстемеақымен 80 миллион теңге несие алды.
— Мекеме 2005 жылдан бері теміржол саласында жолаушылар пойызы үшін төсек-орын жиынтықтарын жуу, қайта өңдеу, химиялық тазалау жұмыстарымен айналысады. Жұмыс көлеміне байланысты өзге салалар бойынша да, әсіресе, әскери мекемелерден қосымша тапсырыстар қабылдап, келісімшарт жасасамыз. Биылдан бастап «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының шарты өзгерді. Енді бұрын тек тазалау жұмысымен айналысып келсек, енді қажетті төсек-орынмен қамтамасыз ету міндеті де біздің мекемеге жүктелді, — дейді серіктестік директоры Болатбек Байжанов.
Жаңа талап бойынша Ақтөбеден бағыт алатын барлық жолаушылар пойызын төсек-орын жиынтығымен қамтамасыз ету қажет. Алайда мекеменің өз қаражаты жеткіліксіз.
— Екінші деңгейлі банктердің талабы жоғары. Пайыздық үстемеақысы көп. Сондықтан «Даму» қорының көмегіне жүгіндік. Несие үстемеақысының 7 пайызы мемлекет тарапынан төленсе, қалғаны серіктестік мойнында. Осындай мемлекеттік қолдаудың арқасында қажетті төсек-жабдықтарды сатып алдық. Қосымша 25 жұмыс орны ашылды. Қазір барлығы 90 адам еңбек етеді. Күніге 5-6 мыңға дейін төсек-орын жуылады. Жалпы кәсіпорынның қуаттылығы күніге — 15 мың, — дейді серіктестік басшысы.
Кәсіпорын жұмысшылары екі ауысым бойынша еңбек етеді. Соңғы жылдары кір жуатын, химиялық тазалау жұмыстарын жүргізетін машиналардың қатары жаңаларымен толыққан. Қазір Германия, Италия, Испания, Бельгия мен Ресейде өндірілген техникалық бұйымдарды пайдаланады. Оларға 100 келіге дейін төсек-орын жууға болады. Арнайы кептіретін құрылғыға дейін жаңартылыпты. Жалпы кәсіпорын жұмысы толық автоматтандырылған. Кәсіпорынның төменгі қабатындағы қыз-келіншектер келген төсек-орынды кір машинаға жуып, кептіріп, үтіктеп лифт арқылы екінші қабатқа жібереді. Ол жердегі жұмысшылар жабдықтарды арнайы полиэтилен қалтаға салып қаптайды. Кәсіпорында 12 жылдан бері жұмыс істейтін Дәмелі Жекеева күніге 700-800-ге дейін төсек-орын қаптайтынын айтады.
— Бұрын кір жуатын жерде жұмыс істедім. Ол уақытта кір машиналар ескі болатын. Жуу, кептіру, үтіктеу секілді жұмыстар жартылай қолмен атқарылса, ал қазір барлығы автоматтандырылған. Қазір менімен бірге алты қаптаушы әйел жұмыс істейді. Барлығымызға берілген мөлшер бар. Бір қарағанда жеңіл шаруа болып көрінгенмен, күнұзағына бір жерде тұрып жүздеген төсек-орынды қаптау оңай емес. Жолаушылар өздері тұтынатын төсек-орынға ұқыптылықпен қараса дейміз, — дейді Дәмелі Жекеева.
Кәсіпорын матрацты жергілікті «Азая» фирмасынан сатып алса, төсек-жабқыштарды ресейлік мекемеден, ал жылы көрпені қытайлық мекемеге тапсырыс арқылы жасатыпты. Теміржолдың талабы бойынша төсек-орын жиынтығының пайдалану мерзімі — бір жыл. Болатбек Байжанов болашақта кәсіпорын жанынан тігін цехын ашу ойда бар екенін айтады. Ол уақытта қажетті төсек жабдықтардың барлығын мекеме өзі дайындайды. Жалпы соңғы он жылда серіктестік 17 миллион 500 мың жолаушыға қызмет көрсетіпті.

Несиенің нәтижесі

«Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы экономиканың шикізаттық емес секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ, бар жұмыс орындарын сақтап, тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Төрт бағыттан тұратын бұл бағдарламаның бір тармағы — егер кәсіпкер аймақта маңызы бар жобаны бастағысы келсе, бірақ оның сол жобаны кепілмен қамтамасыз етуге мүмкіндігі жетпеген жағдайда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры қаржы агенті ретінде сол кәсіпкердің жарты тәуекеліне кепілдік береді. Биыл аталған бағдарлама бойынша облыста 453 жоба мақұлданған. Оның субсидия мөлшері — 50,7 миллиард теңге. Ал кепілдендіру бағыты бойынша 303 жоба қаралып, 4,2 миллиард теңге қаражат бөлінген. Кепілі жетпеген кәсіпкерліктерге мемлекет қосымша кепіл береді, яғни іс-әрекеттегі кәсіпкерлерге 50 пайыз, ісін жаңадан бастағандарға 85 пайызға дейін кепілдік беріледі. Мемлекеттің осындай көмегіне ие болған кәсіпкерліктің бірі — ПЭТ ленталарын шығаратын «Лукманова Г.А.» жеке кәсіпкерлігі.
Бұл кішігірім өндіріс цехы өткен жылы іске қосылыпты. Негізінен тұрмыстық қалдықтардан, яғни пластикалық құтыларды қайта өңдеп, кірпіш, газоблок, бетон орайтын ленталар дайындап шығарады. Қазір цех өнімін өңірдегі ірі кірпіш және құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар тұтынады. Оның ішінде «Экотон Батыс», «Вибромастер Қазақстан», «Сита-2» секілді кәсіпорындар бар. Сондай-ақ өнім Атырау, Орал, Ақтау қалаларына да жіберіледі.
— Пластикалық құтыларды арнайы мекеме жинап әкеліп береді. Осы жерде өңделіп, лента дайындалады. Бір ораманың ұзындығы — 1400 метр. Қазір өнімді жергілікті кәсіпорындар сатып алып жатыр. Алдағы уақытта Ресей нарығына шығу да жоспарда бар. Көрші Орынбор, Орск және Челябинск қалаларына шығарсақ, ісіміз әрі қарай жандана түсер еді, — дейді кәсіпорын жетекшісі Альтайыр Лукманов.
Пресс-турға қатысушылар кәсіпорын ішін аралап, өнімнің қалай шығарылатынын көзбен көрді. Бұдан кейін «УкрСтройТорг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен таныстық. Серіктестік «Даму-Өндіріс» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 12 миллион теңге несие алып, шаруасын дөңгелентіп отыр.
— Кәсіпорын алғаш құрылған жылы төсегіш құрылыс материалдарын өндірумен айналыстық. Кейін шаруашылықты кеңейтуді көздедік. Алайда барлығы қаржыға тірелетіні белгілі. Қаладағы екінші деңгейлі банктердің талабына біздің мүмкіндігіміз жетпейтініне көз жеткізген соң, «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасына жүгіндік. Сөйтіп, қажетті 12 миллион теңгені алты пайыздық үстемеақымен алып, өткен жылы шаруашылықты бастап кеттік. Қазір күніне 18-20 текше метр газоблок шығарамыз. Өндірісте алты адам еңбек етеді. Олардың орташа жалақысы — 60 мың теңге. Жалпы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы кәсіпкерлер үшін үлкен көмек. Олардың әрі қарай еңбек етуіне серпін береді, — дейді серіктестік директоры Қадыр Байтөбетов.
Өнімге қажетті құм, цемент секілді материалдар жергілікті кәсіпорындардан алынады. Сапасы да талапқа сай. Тапсырыстың басым бөлігі жеке азаматтардан түседі.
— Өнімнің бағасы нарыққа байланысты. Қымбат сұрап, тапсырыс берушіні азайтып алғымыз келмейді. Сондықтан тұтынушылардың қалтасына сай баға қоямыз, — дейді серіктестік директоры.
Болашақта өнімді көрші облыстарға да шығару жоспарда бар.
P.S. «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты — кәсіпкерлерге қолдау көрсету, жаңа жұмыс орнын ашу. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» Ақтөбе филиалының бас менеджері Әліби Сабырдың айтуынша, әсіресе, шағын кәсіпкерліктер бағдарлама көмегіне жиі жүгінеді. Соңғы уақытта «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің бойында бизнес нысандарын, яғни тынығу орындарын ашу үшін несие алып жатқандар көп. Бағдарлама алдағы уақытта да бизнесті қолдау жұмыстарын жалғастыра бермек.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button