Басты жаңалықтар

Облыс әкімі хромтау ауданына барды

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев іссапармен Хромтау ауданына барды. Аймақ басшысы бес елді мекенде болып, ондағы әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Халықпен етене, жылы сөйлесіп, тыныс-тірлігін білді. Сондай-ақ, Бердібек Машбекұлы аталған аудандағы ел, облыс, аудан экономикасының қарқынды өсуіне өзіндік үлес қосып отырған төрт ірі кәсіпорында болып, жұмысымен танысты. Жұмысшылардың жағдайларын сұрады. Аталған мекемелерде әлемдік қаржы қиындықтарына қарамастан, жыл аяғына дейін ешбір қысқарту болмауы керектігін нықтап тапсырды.

Қаржы жоқ емес, көзін табу керек

Облыс әкімі бастаған топ алдымен Ақжар ауылына аялдады. Онда Бердібек Машбекұлы Ақжар қазақ орта мектебіне барып, мұғалімдермен және балалармен кездесті. Бастауыш сыныптарды аралап, оқушылардан жағдайын сұрады.
Бұл мектепте 302 бала білім алады. Биылғы оқу жылында 23 бала мектеп табалдырығын аттаған. Оқушылардың бәріне оқулықтар тегін берілген. Бастауыш сыныпта оқитын 63 оқушы (аз қамтылған отбасы балалары) тегін тамақтанады.
1967 жылы бой тіктеген мектептің проблемасы жетерлік. Бердібек Машбекұлы мектеп ауласынан бастап, спорт зал, жазғы спорт алаңы, жалпы мектеп ғимаратын күтіп, ұстауда салғырттық танытқандары үшін мектеп директорына, ауыл, аудан әкімдеріне біраз сын-ескертпелер айтып, оларға нақты тапсырмалар жүктеді.
— Мектеп — білімнің, мәдениеттің, тәрбиенің ошағы. Дегенмен Ақтөбенің іргесінде орналасқан ауылдағы мектептің жағдайы мәз емес. Неге? — деп облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аудан басшысы Аязбай Османғалиевтен мән-жайды сұрады. Аудан әкімінің жауабы қысқа болды:
— Қаржы жоқ…
Шешілмейтін түйін жоқ. Облыс басшысы мектеп директорынан 50 жылға жуық тарихы бар білім шаңырағында қанша түлек мектеп бітіргенін сұрады. Мектеп биыл 38-ші түлектерін ұядан ұшырыпты.
— Мәселені шешудің жолы осында. 38 жылда орта есеппен 20-25 оқушы мектеп бітірді десек, шамамен 800 түлек бар. Олардың кем дегенде 10 пайызы кәсіпкер болуы әбден мүмкін. Болмағанның өзінде олармен хабарласып, тығыз қарым-қатынас жасап, мектептің мәселесін шешуге, материалдық базасын нығайтуға жұмылдыруға болады. Оңтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарында «Ауылым — алтын бесік», «Туған жерге тағзым» деген секілді акциялар бар. Сондай шараларды өткізуге ұйытқы болып, түлектерді өздері білім алған мектепке қамқорлық жасауларын өтіну керек. Бұл бір жағынан балалар үшін де тәрбиелік мәні бар шара болар еді. Балалар соларға қарап бой түзейді.
Ал, сіз, аудан әкімі, қаржының жоқтығын сылтау етесіз. Қандай жағдай болмасын қаржының көзін табуды ойластыру керек. Мектептің айналасы пайдалануға берілгелі жөндеу көрмеген, тазалық жасалмаған десе де болады. Аудан әкімі назарға ұстаса, мұндай жағдай болмас еді. Технология секілді пәндерде оқушылардың өздерінің күшімен жан-жақты жинастыртуға болмас па? Сол үшін де қаржы керек пе? Ұйымдастыра білу керек, — деді Бердібек Машбекұлы.
Мектепке құбыр арқылы су тартылған. Облыс әкімі балалардың денсаулығы үшін мектеп ішіне дәретхана салып, кәріз жүйесін қалыпқа келтіруді де тапсырды.
— Ақжар — облыс орталығына жақын ауылдардың бірі. Ауылдың тірлігі, мектептің жағдайы менің бақылауымда болады, — деп сөзін түйіндеді облыс басшысы.
Бұдан кейін облыс әкімі Ақжардағы дәрігерлік пунктке, Мәдениет үйіне, орыс орта мектебіне барып, ондағы қызметкерлермен кездесті. Дүкенге соғып, бағаны бақылады. «Ақжар-Агро» ЖШС-ның күнбағыс алқабын аралады. Сонымен қатар, облыс басшысы бастаған топ Жазық, Қопа, Оңғар ауылдары мен Хромтау қаласына барды. Мұнда да Бердібек Машбекұлы халықпен емен-жарқын тілдесіп, өтініш-тілектерін тыңдады.
Жазық — Ақжар селолық округіне қарасты елді мекен. 290 адам тұратын шағын ауылда шешімін таппаған мәселе көп. Тұрғындар ауылдың тұсынан, 7 шақырым қашықтықтан өтіп жатқан газ құбырының ауылға тартылуын қалайды. Көгілдір отынның қызығын көргісі келеді. Олар облыс әкіміне мал жайылатын жайылымның жоқтығын айтып, шағымданды. Мұндағы жұрт дәмі кермек, ащы суды пайдаланады. Автокөлік жолы да күрделі жөндеуді қажет етеді.
— 2010 жылдан бері газ тартылады деген уәдеге сеніп келдік. Ауылға көгілдір отын қажет. Бұл — бір. Екіншіден, жайылым жоқ. Малымызды баға алмай әуреге түсіп, әлек боп жүрміз. Он немерем бар. Олар сүт, айран ішкісі келеді. Мал ұстасақ та, жайылымның жоқтығынан аузымыз аққа тимей отыр. Үшіншіден, ауылда таза ауызсу жоқ. Төртіншіден, жол сапасы сын көтермейді, — дейді Жазық ауылының тұрғыны Мәншүк Майрамбаева.
Облыс әкімі әлемдік қаржы дағдарысына байланысты көгілдір отын мәселесінің шешілуі кейінге қалатынын, жайылым мәселесіне қатысты мән-жайды нақтылап, білетінін, ауызсу мәселесінің шешілетінін айтты. Сонымен қатар, Жазық ауылында орналасқан астық сақтаумен айналысатын «Одақ» ЖШС-ның басшылығына ауыл мен негізгі автокөлік жолына дейінгі аралықтағы жолды (қашықтығы — 2 шақырым) жыл аяғына дейін тегістеп, қиыршық тас төсеуді, келесі жылы күрделі жөндеуді нықтап тапсырды.

Бақташының жалақысы — 280 мың теңге

Аудан басшысы ел экономикасының қарқынды дамуына үлес қосып жатқан төрт іргелі кәсіпорынға барып, жұмысымен жан-жақты танысты.
Қопа ауылында орналасқан «Молочные истории» ЖШС — еліміздегі ең ірі мал шаруашылығы кешені. 2013 жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның қаржыландыруымен жобалық қуаттылығы — 6 500 асыл тұқымды мал басын құрайтын репродуктор фермасы пайдалануға берілді. Сол жылы аталған акционерлік қоғамның қаржыландыруы арқылы 2 500 бас асыл тұқымды мал (ангус) шетелден әкелінген болатын. Ал қазір мұнда 3800 асыл тұқымды мал бар.
Кешенде мал бағуға арнайы қора, малды төлдету бөлімі, әкімшілік-шаруашылық корпусы, бақташылардың отбасылары тұратын абаттандырылған үйлер салынып, жеке су тартқыш және электр жабдықтармен қамтамасыз етілді. Шаруашылықтың жайылыммен алғанда жалпы ауданы — 40 мың гектар.
— Бiздiң компания бұдан екі жыл бұрын құрамына бордақылау алаңдары, репродуктор, құрама жем зауыты, еттi қайта өңдеу кешенi кiретiн ет кластерiнiң құрылысына кiрiскен болатын. Ет комбинаты толық циклды болады, яғни мұнда өнімдер қалдықсыз өңделеді. Комбинаттың құрылысы биыл басталды. Жыл аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Кластерге салынған инвестициялардың жалпы құны — 11 миллиард теңге, — дейді серіктестік директоры Нұрлан Сағыналин.
Мал шаруашылығы кешенінде 14 бақташы еңбек етеді. Олардың жалақысы бағатын малына байланысты.
— Төрт жылдан бері осында жұмыс жасап жатырмын. Шаруашылықтағы сиырларды бағамын. Жалақым — 280 мың теңге. Басшым қосымша 35 мың теңге көлеміндегі ақшаға азық-түлік алып береді. Жағдайымыз жақсы, — дейді бақташы Серік.

«Восход ориел» жшс ауылға газ құбырын өткізіп береді

«Восход Ориел» ЖШС — 2009 жылы ҮИИД бағдарламасы аясында іске қосылған инвестициялық жоба. Кешен бірнеше нысанды қамтиды: жерасты кеніш-шахтасы, байыту фабрикасы, теміржол терминалы және басқа да қосымша инфрақұрылымдық бөлімшелер. Қазір мұнда руда сақтайтын қойманың құрылысы жүргізіліп жатыр.
«Восход» кен орнындағы хром рудасы әлем бойынша сапасы жоғары болып танылған. Мұнда жыл сайын 1 миллион тонна руда өндіріледі. Өнім сыртқы рынокқа бағытталған. Негізгі тұтынушы — Ресей. Жақында Қытайға 3 мың тонна өнім экспортқа шығарылыпты. Әлемдік қаржы қиындығына байланысты бұл өндіріс нысанында өнімді сату көлемі азайған. Соған қарамастан кәсіпорын басшылығы жұмысшыларды жыл аяғына дейін қысқартпауға уәде беріп отыр. Қазір «Восход Ориел» ЖШС-ында 740 адам жұмыс істейді. Жалақылары тұрақты түрде беріледі.
Аталған серіктестік Оңғар ауылының маңында орналасқан. Сол себепті, кәсіпорын құрылтайшысы жалпы құны 230 миллион теңгеге ауылға, ауыл мектебіне газ тартып беруді қолға алыпты. Қазір ауылға 6 шақырым қашықтықтан газ құбырлары тартылып жатыр. Одан кейін тағы да 6 шақырымдай ұзындықта ауылішілік газ құбырлары жүргізіледі екен. Бір айдан соң Оңғар ауылының тұрғындары көгілдір отынның қызығын көретін болады.
Облыс әкімі «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы — «Дөң» тау-кен байыту комбинатының да жұмысымен танысып, жұмысшылардың жағдайын білді. Мұнда 730 маман еңбек етіп жатыр.
— Дағдарыс ұзаққа созылмайды. Қиындықтардың бәрі уақытша болады. Біздің кәсіпорында жыл соңына дейін ешбір қысқарту болмайды. Мұны нық сеніммен айтамын, — дейді «Дөң» тау-кен байыту комбинатының директоры Марал Бекеев.

Өзбекстанға ұн экспорттайтын кәсіпорын

Облыс әкімі тірлігімен танысқан кәсіпорынның бірі — «Ақтөбе астық өнімдері комбинаты» ЖШС. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобаның жалпы құны — 735 миллион теңге. Негізінен бұл кәсіпорын астық сақтау және ұн өнімдерін шығарумен айналысады. Мұнда макаронның 12 түрі шығарылады. Сағатына — 2 тонна макарон, күніне — 150 тонна ұн өндіріледі. Өнімді өзіміздің өңірмен бірге, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының тұрғындары тұтынады.
— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлерге дайын өнімді экспорттауды міндеттеді. Шетелде сатылатын өнім бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Біз өзіміздің өнімнің сапасы жоғары екенімен мақтанамыз. Мұнда өндірілетін ұнның 40 пайызын Өзбекстанға экспортқа шығарамыз, — дейді «Ақтөбе астық өнімдері комбинатының» директоры Абзал Жұбанышев.
Кәсіпорынның наубайханасы да бар. Онда күн сайын 4 мың нан пісіріледі. Бөлке саны — 350. Наубайхана нанына сұраныс көп. Хромтау қаласының өзінде 80 дүкен тапсырыс береді. Сонымен қатар ауылдардағы дүкендер де осы наубайхананың өнімін сатады. Нан бағасы — 50 теңге.
Итальяндық технологиямен жабдықталған цехта 60 адам тұрақты жұмыс істейді.
Комбинаттың «Рахат — ХХІ», «Рахат», «Статус» сауда белгілерімен шығаратын өнімдері (ұн) еліміздің әр өңіріне таратылып жатыр. Макаронның атауы — «Бота». Салмағы әртүрлі: 500 грамнан бастап 5 килограмдық қалталарда қапталып шығарылады.

Қағазбастылықтан арылу — уақыт талабы

Облыс әкімі өндірісті өңірге сапары барысында аудандық орталық аурухананы да аралады. 1986 жылы еңсе тіктеген медицина мекемесі тап-таза. Соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған. Терапия, хирургия, реанимация, балалар бөлімшелері және перзентхана бар. Аурухана жанында емхана да жұмыс істейді. Ондағы күндізгі стационарда 70-ке жуық науқастың ем қабылдауына жағдай жасалған. Мұнда жалпы 53 дәрігер, 181 медбике еңбек етеді. «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы аясында биылдың өзінде 5 маман осы ауруханада еңбек жолдарын бастапты.
— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қағазбастылықтан арылу туралы міндет жүктегені белгілі. Қазір біздің ауруханада науқастың ауру тарихы қағазға толтырылып, бөлімше дәрігеріне берілмейді. Барлығы компьютерге енгізілген. Орталықтандырылған жүйе арқылы ондағы деректі дәрігер көре алады. Сонымен қатар науқастың ауруханаға қашан түскені, қашан шығатыны, қандай диагноз қойылғаны, қандай ем қабылдап, дәрі берілетіні туралы деректер де осы жүйеге енгізілген. Қағазбастылықтан арылу жұмыс сапасын арттыратынына көзіміз жетіп отыр, — дейді бас дәрігер Рүстем Исаев.
Облыс басшысы аудандық аурухана жұмысына оң баға беріп, мұндағы медицина қызметкерлерінің жұмысына табыс тіледі.
Аудандық ауруханадан соң Бердібек Машбекұлы №3 Хромтау орта мектебін аралап көрді. Аталған білім шаңырағында 954 бала оқиды. Оларға 78 мұғалім сабақ береді. Айта кету керек, білім сапасының көрсеткіші саналатын ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша биыл Хромтау ауданы аудандар арасында көш бастап тұр.

Жұмыс орындары сақталады

Аймақ басшысы Хромтау ауданына жұмыс сапары қорытындысында аудан активімен кездесті.
— Өздеріңіз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы біліп жатырсыздар, Мемлекет басшысының Жарлығымен Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалдым. Экономикасының қарқынды дамуы жағынан Қазақстандағы алдыңғы қатардағы облыстардың бірі осы — Ақтөбе. Мемлекет басшысы осы қарқынды, осы өсімді әрі қарай арттыра түсуді маған сеніп тапсырды. Елбасы сенімін ақтау — басты міндет.
Облыс әкімі ретіндегі алғашқы іссапарымды осы өндірісті өлке — Хромтаудан бастағанды жөн көрдім. Жұмыс барысында 5 елді мекенді араладым. Ондағы төрт үлкен кәсіпорын мен бірнеше әлеуметтік нысандардың жұмысымен таныстым, — дей келе, Бердібек Сапарбаев сөз кезегін аудан әкіміне берді. Аязбай Османғалиев баяндамасында сегіз айда тындырылған шаруалар туралы әңгімеледі.
Одан кейін аудан тұрғындары облыс басшысына өздерін толғандырып жүрген мәселелер туралы сауалдарын қойды.
Қарауыл Нұрқасымов, Ақжар ауылының тұрғыны:
— Өзбекстаннан көшіп келгеніме 12-13 жыл болды. Осы жылдар ішінде облыс әкімінің біздің ауылға келгенін бірінші рет көріп отырмын. Жағдайымызды сұрап-біліп жатырсыз. Біз бұған марқайып қалдық.
Қадірлі Бердібек Машбекұлы, біз сіз туралы жақсы білеміз. Сіз іскер басшысыз. Біздің облысты басқаратыныңызға өте қуаныштымыз. Абыройлы еңбек ете беруіңізге тілектестік білдіремін.
Осы сәтті пайдаланып, бір жағдайды айтайын. Аудандық ішкі істер бөлімінің басшысына жеке шаруамен кіру мүмкін емес. Ай сайын бір рет кешкі сағат 16.00-ден бастап рұқсат етіледі. Бұл уақыт ауылда тұратын бізге қолайсыз. Әсіресе, қыс айларында қиын тиеді. Осы мәселені шешуге көмектессеңіз екен.
Тағы бір айтарым бар. Мен жұмыс барысында көптеген Орталық Азия елдерін араладым. Содан білгенім, Қазақстандағыдай еркіндік, тыныш, мамыражай тірлік көп елде жоқ. Өзбекстандағы қандас бауырларымыз атажұртқа көшіп келгісі келеді. Дегенмен қатты қынжылтатыны, олардың азаматтық алуы қиын. Осы мәселе тезірек реттеліп, шешімін тапса екен.
Одан кейін сөз алған Хромтау тау-кен байыту техникалық колледжінің түлегі Айдар аталған оқу орнының түлегі болғанына дән риза.
— Біздің оқу орнында Елбасы жүктеген дуальды білім беру жүйесі жақсы жолға қойылған. Қазір колледжде алған білімімнің арқасында жемісті еңбек етіп жатырмын. Дуальды оқыту әдісі облыстағы барлық коледждерге енгізілсе, нұр үстіне нұр болар еді, — дейді Айдар.
Жиынды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қорытындылады.
— Мемлекет басшысы дағдарыс қаншалықты қиын тисе де, экономиканың даму қарқынын сақтау міндетін қойып отыр. Елімізде соңғы 8 айдың қорытындысы бойынша экономиканың даму көрсеткіші — 1,4 пайыз. Осы қарқынды жыл аяғына дейін сақтауымыз керек. Соның нәтижесінде, ең бастысы халықты жұмыспен қамтуымыз қажет. Қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың негізгі мақсаты — халықты жұмыспен қамту. Қазір жұмыс істеуге барлық мүмкіндік бар. Жалқауланбау керек. Әркім өзінің қабілетіне, денсаулығына қарай еңбек ету тиіс. Әлгінде ғана Хромтау тау-кен байыту техникалық колледжінің түлегі өз оқу орны туралы мақтанышпен айтты. Оның сөзін қолдаймын. Дуальды жүйені енгізу туралы Мемлекет басшысы міндет жүктеген болатын. Дуальды оқыту әдісінің негізі — оқушыны оқу орны мен өндірісте қатар оқыту. Бұл Еуропаның дамыған елдерінде табысты жұмыс істеуде.
Бізде балға мен станоктың не екенін білмейтін түлектер бар. Бұл сол өндірісте тәжірибеден өтпегеннің салдары. Үкіметте жүргенде кәсіптік білім беруге байланысты кейбір жағдайларды мәселе етіп көтерген едім. Дәнекерлеушіні неге үш жыл бойы оқытамыз? Оған осы мамандықты алып шығу үшін сонша жыл не үшін керек? Тарих пен математика пәнін оқу дәнекерлеушіге не береді?
Хромтау тау-кен байыту техникалық колледжінің жағдайына сырттай қанықпын. Онда дуальды оқыту әдісі жүйелі жолға қойылған. Бұл жолы онда бару мүмкін болмады. Келесі сапарымда колледжге міндетті түрде баратын боламын. Дуальды жүйеге біртіндеп облыстағы басқа да колледждер көшеді.
Оралмандар туралы дұрыс әңгіме айтылып, орынды мәселе көтерілді. «Халықтың көші-қоны туралы» Заңға өзгеріс енгізіледі. Соған байланысты оралмандардың құжаттарын рәсімдеу жеңілдетіледі, — деді Бердібек Сапарбаев. Облыс әкімі өз сөзінде басшылардың тұрғындарды қабылдауын да ретке келтіруге нақты тапсырма берді. Әсіресе, аудандық ішкі істер бөлімінің басшысына тұрғындарды күн сайын, таңғы сағат 9.00-ден бастап қабылдауды тапсырды.
— Әкімнің ең негізгі міндеті — халықпен жұмыс істеу. Ауыл әкімдері күн сайын тұрғындармен әңгімелесіп, хал-жағдайларын сұрап білуі тиіс. Аудан, облыс, республикадағы жағдайларды айтып, түсіндіруі керек. Халықтың сауалына нақты жауап беру керек. Жұмысты істей алса, істейтіндігін, болмаса, тиісті басшыларға жеткізетіндігін айтуы қажет. Сонда түсініспеушілік болмайды, — деді ол.
Аймақ басшысы ауданның біраз ауылын аралап, әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысқанын сөзіне тиек етті:
— Аудандық аурухана, медициналық пункттерді аралап көрдім. Жалпы, ауданның медицина саласы жақсы дамыған. Бәрі тамаша. Мектептердегі жағдай да сондай деңгейде болуы тиіс. Ақжардағы қазақ орта мектебінің жағдайы сын көтермейді.
Мектеп ауласы құлап жатыр. Гүл түгілі, егілген ағаш жоқ.
Ірі кәсіпорындардың басшылары жұмысшыларды қысқартпауға уәде беріп отыр. Негізгі мақсат та осы — халық жұмыссыз қалмауы керек.
Ақтөбе облысының жағдайында ауыл шаруашылығын дамытамыз десек, ең алдымен мал шаруашылығына ден қоюымыз керек. Малдың басын көбейтуіміз қажет.
Ақтөбе мен Хромтаудың арасында жолаушыларға қызмет көрсететін дүкен, дәмханалар жоқ десе болады. Кәсіпкерлікті дамытудың бір түрі осы қызметтерге тиесілі. Оңтүстік Қазақстанда әр 5 шақырым сайын дәмхана, дүкен бар.
Ең негізгісі — елімізде тыныштық, бірлік, татулық болуы керек. Маған деген ыстық ықыластарыңыз үшін рақмет, — дей келе, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аудан тұрғындарын қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ,
Ақтөбе — Хромтау — Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button