Экономика

Тең бәсекелестік жағдайында

Ақша-несие саясатындағы соңғы жаңалықтардың кәсіпорындардың мүддесін көздеуден туғанын сезініп отырмыз. Сыртқа өнім шығаратын кәсіпорындар үшін бұл тиімді.
Соңғы бірнеше жылдан бері біздің серіктестік те ет өндіруге бағыт ұстап келеді. Оның негізін салу үшін бірсыпыра өндірістік жұмыстар атқарылды. Тауарлы мал фирмасы құрылды. Асыл тұқымды мал өсіріліп, бордақылау алаңдары кеңейтілді. Енді сол малды өзімізде союдың қамы жасалып, үлкен ет комбинатының құрылысы салынуда. Бұл жерде мемлекеттік қолдаудың да пайдасы тигенін айтуымыз керек. «Жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша жергілікті бюджеттен 146 млн. теңге қаржы бөлініп, құрылыс жүргізілетін орынға жол, су, электр қуаты, кәріз жүйесі тартылып берілді. Жаңа ет комбинатының құны 2 млрд. 200 млн. теңге шамасында болса, соның 516 млн. теңгесін серіктестік өз қаржысынан салып отыр. Қалған қаржы «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының несиесі арқылы қамтамасыз етілген.
Қазір Қандыағаш қаласында басталған жаңа ет комбинатының құрылысы аяқталып келеді. Мамандардың мәлімдеуіне қарағанда, осы жылғы қараша айында мал союды бастап, желтоқсанға қарай өнеркәсіптік союды жүргізеді.
Жақында Атырау қаласында аймақ басшыларымен өткізген кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өнім өндіретін жаңа кәсіпорындар салудың қажеттілігін тағы да атап айтты. Дағдарыстың бұлай тұра бермейтінін, ертең-ақ халықққа қызмет ететін ол кәсіпорындардың дайын тұруын ескертті. Демек, біздің қарекетіміз бүгінгі күннің талабынан туып отыр және уақытпен үндеседі.
Біздің бұл жолға түсуіміздің өзіндік тарихы бар. Алғаш рет 2011 жылы 600 бас ірі қараны бордақылауға қойдық. Мал семіртетін кешен түгілі, қарапайым қоршау-ауламыз да болмады. Ол кезде мемлекет мұндай жұмыстарға субсидия да төлемейтін. Бірақ осы іс бізге өзінің тиімділігін, пайдалылығын көрсетіп, ұнады. Содан соң арнайы мал семіртетін 3000 бастық кешен салдық. Және бұдан былай мал шаруашылығымен айналысуды мұрат еттік. Бұл кезде мемлекеттік қолдау көрсетілетін болып, субсидия төлене бастаған еді.
2013 жылы біз репродуктор кешенінің құрылысын салдық. АҚШ-тың Солтүстік Штатынан 1745 бас ангус тұқымын әкелдік. Сол тұста еліміздің ауылшаруашылық министрі келіп, шаруамызды аралап көрді. Бордақылау алаңына жақын маңға репродуктор қоюға болмайды деген ескерту жасады. Сондықтан біз оны Хромтау ауданының Қопа елді мекеніне аудардық. Қазір онда 3,5 мың бас асыл тұқымды мал тұр.
Ал Алғадағы бордақылау алаңы 11 мың басқа кеңейтілді. Қазіргі кезде мұнда 3 мың бас ірі қара семіртілуде. Негізінен тұрғындар бізге малды күзде тапсырады, сондықтан оның саны таяу арада көбеюге тиіс. Шетелден әкелінген ангус асыл тұқымды малын біз жергілікті жерлерге таратушы болдық. Ол жергілікті ақбас тұқыммен араласты. Бірақ генетикасы жеңетіндіктен екі ортадан шыққан будан ангус болып есептеледі.
Бізде мал салқын жерде ұсталып бағылады. Баз ашық, жылытылмаған. Жылдың маусымының барлық уағында да мал далада тұрады. Күніне 1 келі 200 грамм салмақ қосады.
Серіктестік өзі табиғи мал азығын дайындамайды, қажетті шөпті жергілікті шаруа қожалықтарынан сатып алады. Тек осы жылы 18 мың тонна табиғи ірі сабақты шөп сатып алдық. Табиғи пішенге қоса, арпа, қара бидай пайдаланамыз, малдың астына астық сабанын төсейміз.
Ірі сабақты мал азығын дайындау жұмыстары әріптестік жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бастапқыда біз мал азығын дайындаумен айналысатын шаруа қожалықтарына көмек ретінде техника сатып алуларына қаржы бердік. Өйткені ол кезде олардың қуатты техникасы болмады, шөпті тайлап буатын еді. Оның өзі аз мөлшерде болды. Сондықтан біз шөп бригадаларына рулондап буатын техника алуларына жәрдемдестік. Әр аймақтағы шаруа қожалықтарымен осылай тікелей жүргізген жұмыстарымыз өз нәтижесін берді. Бұлай келісімшарт бойынша мал азығын дайындау бізге де, жеке шаруа қожалықтарына да тиімді екенін көрсетті. Бір күнде жеке бригадалардан 600-700 тонна шөп қабылдаған кездеріміз болды. Қазір ауыл үшін бұл бизнестің бір түріне айналды. Бізге пішен тапсырып, қолма- қол қаржы алады.
Жекеден асыл тұқымды мал сатып алумен байланысты да бизнестік қатынас өрістеп отыр. Біз қазір айына 1 мың бас мал сатып, сондай малды бір мезетте жекеден сатып аламыз. Бордақылау алаңына өткізілетін малдың салмағы 250 килограмнан кем болмау керек. Одан төмен салмақты мал қабылданбайды. Олай болмаған жағдайда біз үшін тиімсіз. Біз малдың салмағын 400 килограмға жеткізіп союға жібереміз. Және жылына осылай екі айналым жасауымыз керек. Егер салмағы жеңіл мал қабылдайтын болсақ, бұл талапты толық орындай алмаймыз. Салынып жатқан жаңа ет комбинаты қалыпты жұмыс істеу үшін жылына 36 мың бас ірі қара қажет екен. Ал оның негізгі жеткізушісі өзіміз болуымыз керек. Ет комбинатының құрылысы іске қосылуымен республикада толық мәніндегі ет кластері біздің облыста құрылады. Мұнымен байланысты, әрине, біз сыртқы және ішкі рынокқа ет өнімдерін өткізуді молайтамыз. Елбасының тапсырмасы – Ұлт жоспарының 100 қадамындағы 61-қадам — осы. Онда «Ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту. Негізгі міндет шикізат базасын дамыту және өңделген өнімдерді экспорттау» деп көрсетілген.
Демек, біз шешуші мәреге жақындап тұрмыз. Осы шақта теңгенің еркін айналысқа жіберілуі біздің қолымызды ұзартты. Сыртқы әріптестермен тең бәсекелестік қабілетте жұмыс істейміз. Сол арқылы елдің экономикасын нығайтуға лайықты үлес қосамыз, өзіміз де пайда табамыз деп ойлаймын.

Арслан ИСМАНОВ,
«АкТеп» жауапкершілігі шектеулі
серіктестігінің директоры.
Алға ауданы.

Болашақты ойлап жасаған қадам

Қазақстан қаржылық-несие жүйесінің әлемдік валюталарға қатынасының күрт төмендеуі, Қазақстанның тұрақты дамуына қолдау көрсету ретінде жасалған тиімді шаралардың бірі болып табылды.
Теңге девальвациясы жөнінде экономистер мен сарапшылар көптен бері айтып келеді. Алғашқы қаржы дағдарысы кезінде — 2007 жылдың екінші жартыжылдығында бұл мәселе көтерілген-ді. Әсіресе, өткен жылдың аяғында сарапшылардың көбісі төлем балансының жетіспеушілігін азайтып, отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету жөнінде ұлттық валютаның девальвациясын талқылаған-ды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, теңгенің бағамын ұстап тұру мемлекеттің алтынвалюталық қорының «әлсіреуіне» және теңгенің бақылаусыз құлдырауына әкеліп соғатынын айтқан болатын.
«Теңге девальвациясы ұлттық экономиканы, отандық өндірушілерді қорғау үшін жасалып, мемлекеттің алтынвалюталық қорын сақтап қалуға мүмкіндік берді», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Әдетте ұлттық валютаның құбылуы, валюталық несие алушыларға қиындық туғызады. Бұл мәселе жөнінде де Қазақстан үкіметі бірнеше шараларды қарастырды. Алайда валюта рыногының тұрақтануына бағытталған үкімет шаралары арқылы несие алушының төлеу мерзімін өткізіп алуы банктерге қиындық тудыртпайтынын көруге болады. Қаржы сарапшылары бұл шаралар кейін болашақ инвесторлардың Қазақстанның банк жүйесінің сенімділік деңгейін арттыруға әсерін тигізеді деп есептейді. Өйткені ауыл әлі инвестицияға зәру. Бәрінің бірдей несие алып, шаруа жүргізуіне мүмкіндігі жоқ. Біздің ауданның кәсіпкерлері негізінен ұлттық валютамен жұмыс жасайтындықтан теңгенің еркін айналымға жіберілуінен айтарлықтай зардап шекті дей алмаймын. Демек, теңгенің еркін жіберілуі — экономиканың жандануына қарай болашақты ойлап жасалған мерзімді қадам деп ойлаймын.
Алтай ДӘУЛЕТОВ,
Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік палатасы
Ойыл аудандық филиалының директоры.

Қиыншылықтан шығатын жол

Доллардың еркін айналымға жіберілуі — шартты түрде айтылған сөз. Өйткені Ұлттық банк, қалай болғанда да, кез келген уақытта жағдайды бақылап отырады, доллардың өсуі мен теңгенің түсу жағдайы әлі де болуы мүмкін. Себебі дағдарыс әлемдік сипатқа ие болып отыр. Тіпті юаньның өзі девальвацияға ұшырауда.
Бірінші кезекте, қазіргі жағдайда бұл экспорттаушылар, әсіресе, шикізат нарығы үшін тиімді. Екінші ескеретін сәт, доллар бәрібір жұмыс істейді, экспорттаушылар салық төлейді, мемлекеттік бюджет толығып, әлеуметтік мәселелер шешіледі.
Әрине, шағын және орта бизнес қиындық көруі, кейбір өндірістердің жабылу қаупі сақталады.
Теңгені еркін айналысқа жіберуді кешіктіруге болмайтын еді. Менің ойымша, өткен жылы-ақ еркін айналысқа жіберілуі қажет еді. Еркін бағам жағдайына Ұлттық банк араласа алмайды, бірақ бірқатар өкілеттіктері бар. Мәселен, бағамы түскен кезде долларды сатып алады, сосын оның бағамы өскен кезде қайтадан нарыққа шығарады. Ал доллар жетіспеушілігі орнап, оның бағамы жоғары көтерілген кезде интервенция жасайды, яғни долларды нарыққа қайта шығарады. Бұл — қорғау шаралары. Қандай жағдайда да Ұлттық банк сатып алу мен сатудың айырмасының екі теңгеден аспауын қадағалайды.
Үкімет пен Ұлттық банк жүргізіп отырған бұл шаралар экономиканың дамуына серпін береді. Бұл жерде басшылығы экономика заңдылықтарын жақсы білетін өндірістер даму жолын табады.
Еліміз бойынша ішкі ресурстар әлі де жеткілікті пайдаланылып отырған жоқ. Көп жағдайда шикізат нарығы дамыған. Менің ойымша, мұнай-химия саласын дамытуға болар еді. Бұл саланың болашағы үлкен. Алайда бұл сала үшін технология өте қымбат, білікті мамандар жетіспейді. Қалай дегенде де, біз аса қиын асулардан өткенбіз, бұл қиыншылықтан да шығатын жол бар.
Жұмабай ЖАНДӘУЛЕТОВ,
еңбек ардагері, Ұлттық банктің еңбегі сіңген қызметкері,
Ақтөбе облысының құрметті азамат

Бағаның тұрақты болғанын қалаймыз

Шетел валютасы — экспортқа көптеп өнім, тауар шығарғанда ғана түсетіні белгілі. Көрші елдерде ақша девальвациясы жүргізілуіне байланысты біздің еліміз осы жағынан қиын жағдайда қалды. Яғни бәсекеге қабілеттілік тең жағдайда болмады. Елдің валюта нарығын байытатын мұнай-газ өндірісі, хром кені, түсті, қара металл саласын айтпағанда, ең аяғы, өз ішіміздегі тамақ пен өңдеу кәсіпорындарына дейін тиімді болмай қалды. Сырттан әкелінген тауар арзанға түсті. Бұл жерде көрші елдің кәсіпкерлері ұтты. Біздің кәсіпорындарымыз үшін жабылу, жұмысшы-қызметкерлеріміз үшін жұмыссыз қалу қаупі туды. Сондықтан теңгенің еркін айналысқа жіберілуі бірден-бір қажетті шара еді. Осы арқылы еліміздегі өнім өндіретін кәсіпорындардың тағдыры шешілді, сан мыңдаған адам жұмыссыздықтан қорғалды.
Теңгенің еркін айналымға жіберілуінен ауылдарға келетін пәлендей қиындық бар деп мен айта алмаймын. Біле білгенге, айнымайтын, өзгермейтін, қай кезде де құнын жоғалтпайтын нағыз валюта — азық-түлік. Ал ауыл сол азық-түлікті өндіреді. Біз осы жолдан танбауымыз керек. Егер ауыл шаруасын түгелдеп, малын бағып, астығын молайтып, көкөнісін өсіріп, азық-түлікпен өзін-өзі қамтамасыз етіп отырса, мұртын балта шаба ма?
Өз шама-шарқынша сондай тірлік жасап жатқанның бірі — бір кездегі «Дружба» аталған кеңшардың ізінен құрылған біздің шаруашылық. Осы кезге дейін біз талай қиындықты жеңіп келдік. Қазірде де 65 түтінді біріктіріп отырмыз. Сонша отбасы бір мақсатқа жұмылып, өз нәпақасын табады. Негізінен асыл тұқымды мал өсіруге, содан өнім өндіруге бағыт ұстап отырмыз. Қуаңшылық жылдар жиілегенмен, егіншіліктен де қол үзгеніміз жоқ. Соңғы жылдардың өзінде көптеген жаңа техникалар алынды. Ал бұл өз кезегінде жемшөп дайындау ісін жақсартуға басымдық береді. Соның арқасында ауыл тұрғындары шарбағында көптеп мал ұстау мүмкіндігіне ие болды. Жаз бойы өздерінен артылған өнімдерін қала базарларына шығарады.
Менің білетінім, маңдай терді сыпырып шындап еңбек жасаған жерде ешқандай дағдарыс жоқ. Мемлекет тарапынан еңбекке үлкен қолдау көрсетіліп отырғанын да ұмытпай, қадірін білгеніміз жөн. Бізде нан, жалпы тамақ арзан, көп елдерде мұндай молшылық арман болып келеді.
Әрине, біз, шаруа адамдары, ақша-несие саясатының елде тұрақты болғанын қалаймыз. Бағаның құбылып тұрғаны тұтыну нарығында жұмыс істейтіндер үшін тиімді бола алмайды. Алайда бұл жолғы Үкімет пен Ұлттық банкі жүргізген шара елдің мүддесін ойлағандық деп есептеймін.

Балтабек ҚУАНДЫҚОВ,
«Шығырлы» жауапкершілігі шектеулі
серіктестігінің басшысы.
Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button