Басты жаңалықтар

Бабалар армандаған ұлы той

Ұлы қазақ даласының Сарыарқа төсінде өткізген Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған тойы түбі бір түркі жұртына ортақ мереке болды. Осыдан бес ғасырдан астам уақыт бұрын Алтын Орданың ыдырауынан кейін бүгінгі Қазақ елінің аумағында құрылған мемлекеттің ең алғашқы хандары Керей мен Жәнібек бастаған бабалар армандаған бейбітшілік пен тәуелсіздіктің, бірлік пен берекенің тойы болды. Тағдырдың талай сынын көрсе де, «ешкімнен ұялмайтын тарих жасай алған» ұлы халықтың — «мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске» (Жұбан Молдағалиев) деп жырлаған мәңгілік елдің бүгінгі ұрпағының рухын асқақтатып, тарихи жадын жаңғыртқан, ой-санасына өзгеше әсер еткен оқиға болды. Қазақ мемлекеттілігінің бастауы болған Қазақ хандығы тарихының империалистік дұшпандық саясаттың салдарынан айтылмаған, айтылса да қасақана бұрмаланған, халық жадына әдейі жиіркенішті түрде таңылған тұстарын қайта қарауға, ұлты, елі үшін күрескен аяулы ұл-қыздарының тағдыры мен тарихи келбетін шынайы көрсетуге, яғни төл тарихымызды бір ізге түсіруге, ғылыми ортада үлкен серпіліс туғызуға септігін тигізген шара болды. Ел аумағында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып жыл басынан бері өткізіліп келе жатқан ірілі-ұсақты шаралардың қорытындысы іспетті той болды.
Астанадағы той Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен салтанатты жиынмен шымылдығын ашты. Бұл жиынға Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, Түркия Ұлы ұлттық жиналысының спикері Исмет Йылмаз, Түрікменстан Үкіметінің вице-премьері Сапардұрды Тойлиевтер де қатысты. Сондай-ақ, халықаралық қауымдастық, Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, шығармашылық интеллигенция, спорттық қауымдастық өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері келді.

Ұлы Дала елі!
Елбасы бұл тойдың 1465 жылы Қозыбасы тауы етегінде «алты Алаш анттасып, айырылмасқа сөз байласып, Ұлытауға таңбаларын қашап жазған», «тарих сахнасына Қазақ деген халық шығып, ұлан-ғайыр өлке Қазақ жері деп атала бастаған», «бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болған» қазақ деген ұлттың ұлы мерекесі екенін айтты. «Бабалар тұлпарларының тұяғымен жазылған ата тарихтың» кейбір парағына тоқталды. Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерді тізбеледі. Алдағы болашаққа көз салды. Сол болашақтағы биік мақсаттарға жету жолында — «қасиетті Отанымызда қандай қиындықты да қайыспай қарсы алуға лайық өршіл рухты, азат ойлы, жасампаз халық — ержүрек қазақ халқына Ұлы Дала төсінде өзі құрған мемлекетті Мәңгілік Ел жасау» жолында сенім арта, үміт арта сөйледі. Бүгінгі «Мұзды мұхит жағалауларынан Жерорта теңізіне дейінгі жерді мекендейтін түркі халықтарымен, басқа да халықтармен арадағы достығымыз, бірлігіміз туралы толғанды. Әлемдік қауымдастық алдында біздің мемлекетіміздің халықтық атауын жария етті: Ұлы Дала Елі! Ұлы Даланың ұрпақтарына, мұрагерлеріне Ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы Дала Елі — Қазақ елінің жаһандық қоғамдастықта танымалдығы мен мәшһүрлігін кеңейе түсуге салмақ сала сөйледі.
«Бұл той тек Қазақ халқы үшін ғана емес, тұтас түркі халықтары үшін өте маңызды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, Ұлы Қазақ Даласы барлық түрік халықтары үшін біріктіруші фактор болып есептеледі. Түрік әлемінің терең тарихы қазақ халқының тарихымен біте қайнасып жатыр. Болашақ жарқын болуы үшін әр ұлттың өз өткенін, тарихын білуі маңызды.
Елбасы өз сөзінде: «Түркі халықтары жаратылысында әрдайым бірге, береке-бірлікте болу үшін жаратылған. Бабаларымыз да бізге осыны мирас еткен» деп өте астарлы және өте мағыналы сөз айтты. Өз тарихын терең білу — тамыры бірігіп жатқан көршілес елдерді біріктіреді. Ұрпақ өзінің ұлы тарихтың иесі екенін мақтан тұтатын болады. Ресейдің отарлау саясаты кезінде тарихтың талай шындығы ашылған жоқ, сондықтан осындай олқылықтың орнын толтыруда бұл тойдың маңыздылығы зор», — дейді Германиядағы Гиссен университетінің профессоры, түрколог Марк Кирхнер.

Қазақ хандығынан — Мәңгілік елге
Той барысында 18 елдің мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, Қазақстан, Иран, Египет, Белоруссия, Қырғызстан елдерінің Мәдениет, ақпарат, білім және ғылым министрлері қатысқан «Қазақ хандығынан — Мәңгілік елге» аталатын кітап көрмесі өтті. Көрмеге отандық және шетелдік жазушылардың қазақ халқы мен Қазақ хандығының тарихына арналған, сондай-ақ, ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы және еліміздегі жетекші баспалардың қорынан алынған 500-ге жуық кітаптар қойылды. «Ұлы даланың өшпес тарихы» атты ғылыми-практикалық, «Мәңгілік ел» атты халықаралық конференция ұйымдастырылды. 20 елден келген 1000-нан астам адам қатысқан халықаралық шарада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, отандық және шетелдік ғалымдар баяндама жасап, еліміздің тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктері мен әлемдік қауымдастықтағы орны туралы сөз қозғады.
Тойдың шарықтау шегі болған «Барыс» мұз айдыны сарайында өткен мерекелік театрландырылған қойылым «Мәңгілік ел» деп аталды. Үш мың жылға куә болған қазақ даласының тарихын баяндап берген қойылымға 2 мыңнан астам адам қатысты. Emmy Awards сыйлығының иегері, Олимпида рәсімдерін ұйымдастыру әлеміндегі ең тәжірибелі режиссер итальяндық Марко Балич қойған қойылымның негізгі арқауы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих толқынында» кітабы болды. Бір мезгілде 12 мың адам сыятын сарайдың іші лық толды.
Қазақ жерінің үш мың жылдық тарихы мен тәуелсіз елдің бүгінгі келбетін көрсетуді мақсат тұтқан шарада — Ұлы Даланың қасиеті мен сол даланы мекендеген халықтың болмыс-бітімі, сонау сақ-сарматтар дәуірі мен Түркі қағанаты кезеңі, Шыңғысхан дәуірі, Алтын Орда, Көк орда мен Ақ орда тарихы туралы мағлұматтар берілді, сондай-ақ, Қазақ хандығының құрылу кезеңі туралы айтылып, «Хан көтеру» рәсімі көрсетілді, ХІХ ғасырдың ұлы тұлғалары туралы тұс ХХ ғасырдағы Қазан төңкерісі, ашаршылық пен жаппай қуғын-сүргін, Екінші дүниежүзілік соғыс кезін, тың игеру жылдары туралы көрсететін қойылымдармен жалғасты, бұдан кейін еліміздің тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктер, Мәңгілік Ел идеясының негізгі өзегі — татулық, береке-бірлікке негізделген ұлттың ұлы мұраттары туралы көріністер көрсетілді.
Шараны ұйымдастырушы Мәдениет және спорт министрлігі берген деректерге қарағанда, концертке еліміздің өнер ұжымжарымен қатар Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен келген би ансамбльдері қатысқан.

Ақтөбенің тойға тартуы

Астанада өткен тойға Ақтөбе облысы ерекше тарту-таралғымен барды. Елордадағы «Қазақ елі» монументі алаңында тігілген 50 шақты киіз үйдің үшеуінің шаңырағын біздің облыс көтерді. Ақтөбенің 8 қанатты киіз үйлерінің қазығы Алматы мен Атырау облыстары тіккен үйлердің ортасында қағылды.
Этноауылға келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана халқымен, тойға келген қонақтармен кездесті, киіз үйлерді аралап, барша халықты мерекемен құттықтап, жақсылықтар тіледі.
Өзіміздің облыс тіккен киіз үйлерге арнайы келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиналғандарды ұлы даланың тойымен құттықтап, мерекелік дастарқаннан дәм татты.
Ақтөбенің киіз үйлерінің айналасы ерекше безендірілген. Келген қонақтар «Садақшы» «Тотем», «Шаман» мүсіндік композицияларын, облыстық планетарий алып келген телескопты тамашалап, суретке түсіп жатты.
«Ақтөбеліктер тойға тыңғылықты дайындалды. 100-ден астам өнерпаздар, қолөнершілер, шеберлер қатысты бұл тойға. Біздің «Аққу» би ансамблі, «Алақай» қуыршақ театры сынды бірнеше өнер ұжымдарымыз «Барыс» мұз айдыны сарайында өткен театрландырылған қойылымға өз үлесін қосты. Халық біздің қолөнер шеберлерінің жұмысын қызығушылықпен тамашалады. Марат Габдрахманов, Жеңіс Жұбанқосов сынды жергілікті мүсіншілердің қолынан шыққан дүниелер де келушілерді бейжай қалдырған жоқ», — дейді Ақтөбе облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Нәзира Табылдинова.
Біздің аймақ тіккен киіз үйдің іші де ерекше безендірілген. Тарихи тұлғалардың өміріне қатысты құжаттар, олар тұтынған заттар мен киім-кешектер, өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштердің макеттері орналастырылған. Облыстық өлкетану музейі директорының орынбасары Арман Ержановтың айтуынша, өңірдің тарихын көрсететін экспозицияда сонау сақ-сарматтар дәуірінің куәсі болған сүйек қасықтарға жұрттың қызығушылығы ересен болды. Бұған қоса Абат Байтақ мавзолейінің макеті, Қарақыпшақ Қобыланды батырдың, Әйтеке бидің, Әлия Молдағұлованың, Қуандық Шаңғытбаев пен Тахауи Ахтанов мүсіндерінің, ескерткіштерінің макеттері қойылды. Экспозицияда Әбілқайыр ханның портреті, оның бассүйегі негізінде жасалған реконструкциясын бейнелейтін мүсіні де бар. Арынғазы хан тұтынған ыдыстар, генерал Жансен Кереев киген шинель, Ахмет Жұбановтың фрагы, Нұрпейіс Байғанин шай ішкен шәйнек, Ғазиза Жұбанованың қол сөмкесі, басқа да этнографиялық бұйымдар өңірдің тарихы мен тарихи тұлғалары туралы сыр шертті.
Шара барысында ақтөбелік қолөнер шеберлерінің көрмесі, шеберлік кластары өткізілді. Лена Сахариеваның киізден жасаған, Нұрлан Жақыбаевтың теріден жасалған түрлі ұлттық бұйымдары, Николай Кулаковтың ағашты лазерлік станок арқылы ойып жасаған заттары мен Орынбасар Төлегеновтің қыштан еш қоспасыз дайындалған кәдесыйлары келушілерді таңғалдырды. Жергілікті суретші Әділғали Баяндин ниет етушілердің портреттерін тегін салып берді.
Жергілікті өнерпаздар арнайы концерттік бағдарлама да әзірледі. «Алақай» қуыршақ театрының «Қазыналы елдің керуені» атты театрландырылған көрінісімен ашылған концерт барысында «Арайлы Ақтөбе» және «Достық сазы» фольклорлық ансамбльдерінің, белгілі күйшілер мен әншілер Жайлау Асылхановтың, Қанат-Света Айтбаевтардың, Марат Әйтімов пен Димаш Құдайбергендердің, басқа да жерлестеріміздің өнері жұрт назарына ұсынылды. Бұған қоса концерт өтіп жатқан сахнаның екі жағына орналастырылған үлкен экранда «Қазақстанның ежелгі қалалары» атты тақырыппен біздің өңірдің тарихи-мәдени келбеті туралы шағын бейнефильм де көрсетілді.

Әбіш Кекілбаев, жазушы:
— Бұл — қазақ ұлты үшін үлкен той. Біз сан ғасырлар бойы Еуразияны жайлап келе жатқан халықтың ұрпағымыз, сонау замандардан бастап талай-талай өзіміздің дербес мемлекетіміз болды, Алтын Орда ыдырағаннан кейін осы даланың иесі болып келе жатқан Қазақ хандығын құрдық. Бір кезде Еділ мен Алтайдың арасын, солтүстікте Құланды даласы мен оңтүстікте Мырзашөл сахарасына дейінгі ұлан-ғайыр даланы иемденіп жаттық. Жеңілдік те, жеңдік те. Заманның салған неше түрлі сынынан өттік. Сөйтіп, бұл күнге де аман-есен жеттік. «Біреуді көріп пікір ет, біреуді көріп шүкір ет» дейді. Біздің «шүкір ететін» жағдайымыз көп. Бріккен Ұлттар Ұйымына мүше болдық, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақ ұйымына төрағалық еттік, Дүниежүзілік сауда ұйымына кірдік. «Экспо-2017» халықаралық көрмесін өткізу құқығына ие болдық. Мұның өзі жаңадан қаз тұрып келе жатқан мемлекет үшін аз олжа емес.

Мырзатай Жолдасбеков,
филология ғылымдарының докторы, профессор, академик:
— Қазақ өз тарихында неше түрлі қиындықты, жаугершілікті, қорлық-зорлықты басынан көп кешкен халық. Дүниежүзінде осындай қиындықты көрген халық екеу болса, оның біреуі — қазақ, біреу болса, ол да қазақ. Кешегі Ресейге бодан болған уақытта біздің тарихымыз табанға тапталды, ар-ожданымыз да табанға тапталды, ел билеген көсемдер, қазақ хандары, атақты билер, жыраулар, халықтан шыққан даналардың барлығы ақымақ деп көрсетілді, байларды шынжыр балақ, шұбар төс деді. Солай деп айтқасын, біз оларды солай қабылдадық. Бір көзінен қан, бір көзінен жас ағып жатса да, Жұбан Молдағалиев айтқандай, «мың өліп, мың тірілген» қазақ, шүкір, осы заманға жетті. Біздің бабаларымыз Ұлы Даланың әрбір шаршы метрі үшін күресті. Қанымен, жанымен қорғады. Елбасы ілкіде Әулиебұлақтың басында отырып қазақпен сырласты, бұл қазаққа айтылған аталы сөз. «Біздің тарих ешкімнен ұялмайтын тарих, қазақ тарихы бірігу, тұтасу тарихы» екенін айтты. Аллаға тәубе, өткенімізді, тарихты түгендедік, тәуелсіздік арқасында құшағымызға сыймайтын бақытқа жетіп отырмыз.
Амангелді Айталы,
философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Әлеуметтік ғылыми академиясының академигі:
— Социология ілімінде «жетім ұлт» немесе «ұлттық жетімдік» деген ұғым бар. Тарихын, тегін білмейтін тастанды бала сияқты мұндай ұлттар жер бетінде, өкінішке қарай, бар. Ал ұлттың өзін-өзі тануы, ұлттың әр азаматының өз жерінің, елінің тарихын білуі, осы ұлттың тарихтың иесі екенін түсінуі және «осыдан 550 жыл бұрынғы қалыптасқан мемлекеттің жалғастырушысы, ұрпағы менмін» деп сенімді түрде айта алуы — үлкен рухани күш. Сондықтан бұл мереке біздің қазақ ұлты үшін үлкен тәрбиелік һәм рухани мәні зор мереке. Біздің халық тәуелсіздік алғаннан кейін өз тарихын тануға, білуге үлкен ықылас танытып отыр. Талай зерттеулер жасалды. Жалпы, зерттеу жүргізу оңай шаруа емес. Ресей Федерациясының мұрағаттарында жатқан құжаттарды алу қиын. Себебі, отарлаушы ел өз тарихын жайып салса, өзінің отарлау саясатының жыртқыштық мәні көрініп қалады, сондықтан олар өз отарында болған халықтарға тарихты танытуға шектеу қояды. Дегенмен өз тарихымызды танудың басқа да жолдары бар. Тарихты зерттегенде өткен замандардың, тарихи тұлғалардың жағымды-жағымсыз тұстарын жасырмай көрсетуіміз керек, ұрпақ үшін, олардың өткеннен сабақ алуы үшін. Міне, тәуелсіздік жылдарында біз өз тарихымызды, яғни өзімізді өзіміз толық тануға әрекет етіп жатырмыз. Өзімізді өзіміз тану — үлкен процесс. Осы өткен шара да сол жұмыстардың бір бөлшегі. Сондықтан біз бай тарихтың мұрагеріміз, мықты ұлттардың біріміз деп толық айта аламын.

Берекет Кәрібаев,
тарихшы:
— Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл болды десек, ұлан-байтақ Қазақ жеріндегі мемлекеттілік тарихының басталғанына 3 мың жылдай уақыт өтті. Скифтердің, одан кейінгі сақтардың, ғұндардың, үйсіндердің, қаңлылардың тарихы Қазақстанның ежелгі дәуірдегі тарихының маңызды бір бөлігі болса, олардың мемлекеттік тарихы да қазақ жеріндегі мемлекеттік тарихтың бастаулары болып саналады. Түрік дәуірінде мемлекеттілік нығая түсіп, ол қағанат, яғни империя деңгейіне дейін көтерілді. Ал Алтын Орда дәуіріндегі мемлекеттіліктің тарихы баршаға мәлім. Бірнеше ғасыр бойы Еуразия аумағындағы жалғыз империя болған Алтын Орда өзінің тарихи міндетін атқарып, өз жолын оның орнында құрылған ұлттық сипаттағы мемлекеттерге береді. Қырым хандығы, Қазан, Сібір, Астрахан хандықтары, Ноғай Ордасы, Ақ Орда, Әбілқайыр хандығы және Қазақ хандығы, міне, бұл аталған мемлекеттердің бәрі — Жошы Ұлысы немесе Алтын Орданың шекпенінен шыққан мемлекеттер, Алтын Ордадағы мемлекеттілік дәстүрді одан әрі жалғастырушылар. Өкінішке қарай, аталған мемлекеттердің бәрі дерлік ХVІ-ХVІІ ғасырларда тарихтың көшінде қалып қойды. Алтын Орданың мұрагерлері ішінде ең ұзақ өмір сүрген Қазақ хандығы болды. Оның ғұмыры ХІХ ғасырдың 20-шы жылдарының орта тұсында тоқтатылды. Қазақ тарихында бұл мемлекеттің өмір сүрген кезеңі хандық дәуір деп аталып, ол үш жарым ғасыр уақытты қамтыды. Бұл — біздің ұлы тарихымыз. Осы тойдан менің түйгенім — осындай бай тарихы бар ұлт ретінде біз дүбірлі мереке өткізілген 11 қыркүйекті немесе осы шара туралы Елбасы Жарлығы шыққан күнді жыл сайын «Қазақ хандығының күні» деп атап өту керек, соны ғылыми ортада, халық жадында ұстау керек.
Сауытбек Әбдірахманов,
«Егемен Қазақстан» газеті акционерлік қоғамының президенті:
— Елбасының бұл жиында айтқан сөзі тарихи сөз болды. Мемлекет басшысы бүкіл тарихымызды шолып, ұлы оқиғаларға баға берді, нақты дәлелдерді, нақты аргументтерді көрсете отырып, біздің шын мәнінде ұлы халық екендігімізді айтты. Біздің елдің бүгінгі биігі туралы сөз етті, осы жеткен биігіміздің кешегі ата-бабалар аманатына адалдығымыз екенін танытты. Біздің еліміздің Ұлы Дала елі деп аталуы әбден орынды екенін айшықтап, оның әрқайсысымызға қандай жауапкершілік жүктейтінін айтты. Еліміздің бейнелі жаңа атауын бүгін әлем халқына жария етті. Біз енді осы ұғымды халық санасында орнықтыру үшін жылдар бойы жүйелі түрде жұмыс жасауымыз керек, ұлы дала перзенттері деген атаққа лайықты болу үшін тер төгуіміз керек.

Нұртаза Абдоллаев,
тарих ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры:
— Бұл той — бірнеше ғасырға созылған тарихы бар ұлы даланың, қазақ этносының тарихындағы ерекше оқиға. Бұрынғы зерттеу еңбектерінде Қазақ хандығының құрылу тарихы 1456-1465 жылдар аралығында болған деген сыңайлы көп нүктелі түсінік қалыптасқан болатын. Ал енді Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» еңбегінде айтылған дерекке нақты тоқталып, Қазақ хандығы 1465 жылы құрылған деп, осы мәселеге нақты түрде нүкте қойылды. Бұл — ұлттың тарихы үшін өте маңызды жайт. Ендігі жерде білім саласында бізге, тарихшыларға, «Қазақ хандығы 1465 жылы құрылған» деп нақты, сенімді түрде айтуға ғылыми негіз, нақты дәлел бар. Бұл той «қазақта мемлекет болмаған» деп бөсетін кейбір жат пікірлерге де тосқауыл қойды. Ол сонысымен де қымбат.

Катрин Пужоль,
Францияның шығыс тілдері және өркениеті ұлттық институтының профессоры:
— Тарихшы ретінде қазақ халқының басынан өткен талай нәубеттерге мойымай, осыншалықты салқар даланы сақтап қалғанына таңғаламын. Сол кездегі ата-бабаның ерлігі, намысы сіздердің ұлттық саналарыңызда жаңғырып тұр. Қазақ елінің тәуелсіздігі шын мәнінде Қазақ хандығы құрылған сәттен басталады. Сонау кезеңдердегі Ресей, Қытай, Иран сынды отырықшы елдердің ықпалымен көшпелі қазақ жұртының тіршілік ету формасын өзгертуі оңай болған жоқ. Осындай жағдайда да алып аумақты сақтап қалды. Меніңше, көшіп жүру қазақ ұлты үшін осындай территорияны сақтап қалудың жалғыз формасы болды.

Рақым Бекназаров, тарих ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің тарих және аймақтану кафедрасының профессоры:
— Той аясында көптеген жұмыстар жасалды. Біріншіден, біз жергілікті халықтың санасына баяғыдан мемлекеттік дәстүрі бар халық екенімізді сіңіруіміз керек. Осыған қатысты нақты тарихи, архитектуралық, басқа да деректерді, құжаттарды ғылыми айналымға енгізуге тиіспіз. Алып даланы, ұлтты этнос есебінде сақтауға үлес қосқан тарихи тұлғаларымыз туралы халыққа шынайы деректерді жеткізуіміз керек. Сондай жұмыстардың бірі — Ақтөбе облысында Әбілқайыр ханның сүйегін анықтау, оның жерленген жеріне мемориалды кешен салу жұмыстары. Зерттеу жұмыстары барысында табылған тың деректер бар. Мысалы, Орынбор мұрағатынан, сондай-ақ, Орынбордағы кезінде өртеніп кеткен орыстардың графикалық қоғамының қорынан осыған дейін белгісіз болып келген фотосуреттердің шет жағасын тауып жатырмыз. Сол замандарда Орынборда алғаш рет қазақ қорымдарын зерттеуге Фришман деген фотограф қатысқан екен. Сол қазба жұмыстары кезінде түсірген суреттері үшін ол жоғары марапатқа да ие болған. Орыс графикалық қоғамы ғимараты өртенгенде біраз суреттер жойылып кеткен. Десек те, соның қалғандарын табамыз деген үміттеміз, алдағы 2-3 жылдықта олжалы болатын шығармыз деп ойлаймын.

P.S. Осы той барысында Елбасы тапсырмасына сәйкес, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерейтойлық медальдар әзірленген. Ұлттық Банк 5 мың дана мерейтойлық монеталар шығарды. Қазақ хандығының құрылуы туралы кітаптар шығарылды. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-рашиди» еңбегі 7 мың данамен, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы 18 мың данамен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде басылып шықты. Республика көлемінде 50-ден астам халықаралық, республикалық, облыстық ғылыми-практикалық конференциялар, 300-ден астам мәдени-спорттық шаралар өткізілді. Тарихи-драмалық телесериалдар, деректі фильмдер мен анимациялық фильмдер шығарылды, театрларда тарихи спектакльдер қойылды.
Той мұнымен шектелмейді. Шымкент қаласында «Қазына» этно-тарихи кешені аумағында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монумент, Қарағанды облысының Ұлытау ауданында Бұланты шайқасына арналған стелла орнатылды. Қазан айында Ақтөбе облысында Әбілқайыр ханның мемориалдық кешені ашылады. 9 қазанда Тараз қаласында «Қазақ хандығына 550 жыл» монументі, «Көне Тараз» музейі ашылады. Мұның барлығы Ұлы Дала Елінің тарихына жазылып жатқан игі шаралар…

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ,
Ақтөбе-Астана-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button