Экономика

Нарық талабы

Кез келген елдің ұлттық валютасының жасанды емес, нақты құны болуы қажет. Ол құн нарық заңымен, яғни оған деген сұраныс және ұсыныспен анықталуы тиіс. Осы уақытқа дейін теңге бағамының тұрақты болуына Үкімет тарапынан, нақтысында Ұлттық банк тарапынан қолдау көрсетіліп келген болатын және оның бағамы нарық заңдылықтарына қарамастан қатаң бақыланып келді. Ендігі уақытта теңгенің мұндай бақылануы және қадағалануы толықтай болмағанмен алынып тасталды, ол еркін қалқымалы жағдайға көшті. Бір сөзбен айтқанда, оның бағамын енді валюта биржасындағы күнделікті қалыптасып отыратын нарықтық баға айқындайды. Бұл оған деген сұраныс пен ұсынысқа негізделген. Дәлірек айтсақ, бұл тура нарық заңдылығы. Теңгенің мұндай қадамға баруына қандай алғышарттар мен себептер болды деген заңды сұрақ туындайды.
Соңғы жылдары экономикадағы келеңсіз жайттардың қалыптасуы жиіледі. Мұның басты себебі экономиканың шикізат ресурстарына негізделгендігінен және сол бағытта даму алғандығынан болатын.
Ал 2014 жылдың соңында экономикадағы жағдай бірден әрі күрт төмендеп кетті. Бұған теріс әсер еткен екі негізгі факторды айтуға болады: мұнайға деген әлемдік бағаның түбегейлі төмендеуі және көршілес екі елдің, алдымен, Ресейдің, содан кейін Қытай ақшасының құнсыздануы. Әсіресе, Ресей рубьлінің өткен жылдың соңындағы құнсыздануы (екі есеге жуық) отандық экономиканың, соның ішінде отандық кәсіпкерлердің қаржылық-шаруашылық жағдайын қатты шайқалтып кетті. Сол сияқты әлемдік нарықта бұрын тұрақтылық танытып келген валюталар құнының әлсізденуі орын алды, мысалы, қытайлық юаннің тек қана 3%-ға девальвациялануы біз секілді дамушы елдер ғана емес, Америка секілді дамыған елдердің де экономикасын теңселтіп отыр, нәтижесінде сол өткен жылдың бірінші тоқсанында АҚШ долларына қатысты еуро 22,8 пайызға, ал жапондық иена 19,7 пайызға құлдырады. Бұлардың бәрі қосыла келе еліміздегі экономика салаларының құрылымдық дағдарысқа ұшырау қаупін туғызды. Оған дәлел Қазақстандағы жалпы ішкі өнім көрсеткішінің тежелуі, нәтижесінде оның өсім қарқыны тек 1,7 пайыздың маңайында ғана қалыптасты. Бұған дейін оның өсім қарқыны жоспарлы деңгейде болып келген болатын.
Мысал ретінде айтар болсақ, 2015 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп өсімі 100,6 пайызды ғана көрсетті немесе ақшаға шаққанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 26 пайызға төмендесе, экономиканың даму бағытын айқындап отырған салада шикі мұнай мен табиғи газ өндіру салаларының (бұл сала ел экономикасының 69,8 пайызын құрап отыр) көрсеткіші 43 пайызға төмендеп кетті.
Нәтижесінде қазақстандық экспорт 2015 жылдың осы мерзім аралығында 19,8 млрд. АҚШ долларын ғана құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 44,4 пайызға төмен. Ал импорт болса сол жылдың қаңтар-маусым айларында 12,8 млрд. АҚШ долларын көрсетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,1 пайызға төмен.
Елдегі экономикалық жағдайдың нашарлауы мемлекеттік қаржы жағдайына да теріс ықпалын тигізді. 2015 жылдың біз алып отырған мерзім аралығында мемлекеттік бюджетке түскен салық мөлшері 2 017 млрд. теңгені құраса, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,2 пайызға төмен. Бұған тікелей әсер еткен жай —қосымша құн салығынан түсетін түсімнің азаюы, мемлекеттік бюджетке 304,5 млрд.теңге ғана түскен немесе оның көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 43 пайызға дейін құлдыраған.
Ал енді мұнайға келер болсақ, оның әлемдік нарықтағы бағасының түсуі Ұлттық қорға түсетін түсімдерге де кері әсерін тигізді. Мысалы, сол 2015 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында оған келіп түскен ақша 957 млрд. теңге, ал 2014 жылдың осы мерзіміндегі түскен ақша көлемі 1 820 млрд.теңге, демек, Ұлттық қордың көлемі бір жыл ішінде 46 пайызға төмендеп кеткен. Оның үстіне соңғы жылда теңгені қалыпты ұстап отыру үші Ұлттық қордан 28 млрд. доллар бөлінген болатын. Мұның бәрі елдің қаржы қалтасына едәуір салмақ салған еді.
Міне, осы айтылғандарды ескере келе ҚР Үкіметі Жаңа Экономикалық Саясатты жүзеге асыруға көшті. Бұл жаңа саясат ресми түрде инфляцияны таргеттеуге негізделген. Енді валюта дәлізі болмайды, ол алынып тасталды. Ал валюта бағамын анықтайтын жағдайды жоғарыда келтірдік.
Бүгінгі күні әлемдік экономикада қалыптасқан іргелі жағымсыз өзгерістер шартында өмір сүріп отырған бұл жаңа саясат, экономикалық өсу мен шикізат ресурстарының баға тұрақтылығы арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін ақша-кредит саясатының да жаңа бағытын талап етті. Сол себепті ҚР Үкіметі Ұлттық банкпен қосыла отырып теңгені еркіндікке жіберді. Ол қысқа мерзім арасында өз тиімділігін де көрсетті: шикізат ресурстарын экспорттаушы отын-энергетика инфрақұрылымы саласының мекемелері мұнай бағасының төмендеуінен болған шығындарын орнына келтірді, елдің төлем балансы оң өзгерістерге ие болды, бюджет кірісі толды, жақын шетелдерге іргелес орналасқан отандық кәсіпкерлер бәсеке нарығын теңестірді, басқа да жақтары бар.
Келесі кезекте бұл ақша-кредит саясатының ендігі бағыты, жоғарыда айтқанымыздай, инфляцияны таргеттеумен айналысады.
Ұлттық банктің алдағы мақсаты инфляцияға жол бермеу, оны жоспарлы түрде шектеп отыру болмақ. Бұл да оңай шаруа емес. Әрине, инфляция — жағымсыз әлеуметтік құбылыс. Оның мәнісін кейбіреулер тек бағаның өсуі деп қана түсінеді. Ол дұрыс емес. Инфляция кезінде де нарықтың сұраныс және ұсыныс заңдарына сәйкес кейбір тауарларға баға өссе, кейбіреулері керісінше төмендеуі де мүмкін. Ал қайсыбір тауарларға баға өзгеріссіз қалуы да мүмкін. Ол шектен шыққан жағдайда ғана, яғни ұшқырлық деңгейге жеткенде (елімізде мұндай жағдай теңгені айналысқа шығарар алдында 3000 пайызға жуық деңгейде болған) баға жаппай өсіп, ауыздықтауға келмейді. Сондықтан ең алдымен орынсыз дүрбелеңдікке жол берілмеуі тиіс. Жалпы алғанда Ұлттық банк инфляцияны таргеттеу принциптеріне көшуді 2002 жылдан бастап қолға алған болатын. Бұл — тез арада өзінің нәтижесін бермейтін ұзақ мерзімді процесс. Оны жүзеге асырудың қолайлы әрі негізгі шарты ұлттық өндірісті жандандыру, нақты айтар болсақ, отандық тауар өндірісіне көшу. Сонымен қатар, қай салада болсын, өнеркәсіп өндірісімен (алыпсатарлық саудамен емес) айналысатын шағын және орта бизнесті дамыту, оған қолдау көрсету қажет. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі шикізаттық экономиканы әртараптандыру, нақты өнім өндірісіне, оны өңдеумен айналысуға сөзден гөрі іс жүзінде көшу уақыт талабына айналып отыр. Бұл үшін де алғышарттар жасалып жатыр, елімізде индустриалдық инновациялық бағдарламалардың жүзеге асырылып жатқандығы осының айғағы. Тек осының барлығы іс жүзінде жүргізілсе болғаны.
Егер осы айтылған шаралар орындалса, онда инфляцияны таргеттеу шарасы да орындалады. Бұған күмән жоқ. Сондықтан да ендігі жерде валюта бағамына үнемі қарайлау, назарда ұстаудың қажеті шамалы. Әркім өз кәсібімен айналысқаны дұрыс. Нарық заңдылығы осыны талап етеді.
Бауыржан ЖҮНІСОВ,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
мемлекеттік университетінің профессоры.

Сақтық қорындағы баға тұрақты

Теңгенің еркін айналымы жағдайында да Ақтөбе аймағында азық-түлік бағаларын өсірмеуге берік негіз бар. Себебі, негізгі азық-түлік түрлері жергілікті жердің өзінде өндіріледі. Ол өнімдердің долларға еш қатысы жоқ. Бұған қоса, негізгі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша арнайы бағдарлама жұмыс жасайды. Қала маңында азық-түлік белдеуі құрылып, азық-түлік қауіпсіздігі ойластырылған. Біздің мекемеміз осы жолда — тұрақтандыру қоры бағдарламасы аясында жұмыс істеп келеді.
Тұрақтандыру қорының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерін сақтайтын арнайы қоймасы бар. «Табыс» коммуналдық базары, қала ішінде осы мақсатты жүзеге асыратын өзге де шағын базарлар тұтынушыларға қызмет көрсетеді. Сол коммуналдық сауда орындары арқылы тұтынушыларға тұрақтандыру қорынан арзан өнімдер сатылады. Жәрмеңкелер өткізіледі. Біз жәрмеңкелердің ұйымдастыру жағдайларына, бағалардың төмен болып, тұтынушылардың көбірек қамтылуына әр кез назар аударып отырамыз. Бұл аталған негізгі базарлар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қарайды. Алайда олар шарт бойынша үш жылға біздің мекеменің сенімді басқаруына берілген.
Жоғарыда аталған арнайы бағдарлама болмаған кезде, біз картопты, көкөністі жан-жақтан тасып келдік. Көкөніс, жеміс-жидекті еліміздің оңтүстік, картоп өнімдерін солтүстік өңірлерінен жеткіздік. Қазір мұндай жоқ. Жергілікті өнім өндірушілер түгелге жуық өнімдерін бізге тапсырады. Бұл жергілікті тауар өндірушілерге де, тұтынушыларға да, осыны жүзеге асыратын біздің мекемеге де тиімді.
Қазіргі біздің картоп, көкөніс, азық-түліктің өзге де түрлері бойынша негізгі жеткізушіміз Ермек Жұмағазин басқаратын «Пригородный» шаруашылығы болып отыр. Бұл шаруашылықпен біз бірнеше жылдан бері бірлесе жұмыс істеп келеміз. Сенімді әріптес болумен бірге, олар тапсыратын өнім сапалы, таза әрі арзан. Мұнда өсірілген өнімдер жәрмеңкелерге де шығарылады.
Біз тұрақтандыру қоры аясында қыстық жағдайға азық-түлік сақтаймыз. Қазір осы мақсатта көкөніс қоймасына жергілікті өнім өндірушілерден азық-түлік қабылдап алып жатырмыз. Жергілікті өнімдер қажеттіліктің 80 пайызын құрады. Осы күзде 1505 тонна картоп, сәбіз, қырыққабат, қызылша, пиязды қысқа сақтандыру қорына саламыз. Қазір бұл өнімдерді жергілікті тауар өндірушілер жеткізуде. Сақтық қорға салынған бұл өнімдер желтоқсан айынан бастап, тұрақты бағамен тұтынушыларға сатыла бастайды.
Осылайша қысқы, жазғытұрғы кезеңдердегі жұмысы арқылы тұрақтандыру қоры негізгі азық-түлік бағасының маусымдық өспеуін қатаң бақылауға алып, жұмыс істейді.
Азамат ЖЕКСЕНБИЕВ,
«АзияАгроХолдинг» жауапкершілігі
шектеулі серіктестігінің директоры.
Өніміміз арзан әрі сапалы

Өңірдегі бірден-бір құс етін өндіретін біздің фабрика 2004 жылы ашылды. Осы орында бір кездері Бестамақ құс фабрикасы жұмыс істегені белгілі. Ол кеңес кезінде Мәскеу, Ленинград қалаларын толық құс етімен қамтамасыз етіп тұрған. Алайда Одақ ыдырағаннан кейін, ешкімге керексіз болып, қаңырап бос қалды. Біз сол тақыр жерден қабылдап алдық. Бұл жерге ол кезде электр қуаты да, газ да келіп тұрған жоқ еді. Сондай жағдайда бәрі қалыпқа келтіріліп, құс етін беру екі жылда жолға қойылды.
Қазір мұнда 125 адам жұмыс істейді. Өндіріс ұлғайтылып, құс сою цехын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Неміс жабдығы сатып алынды. Ол адам күшін жеңілдетіп, сағатына 3 мың құс союға мүмкіндік береді. Жұмыс автоматты түрде атқарылады.
Ал тап қазіргі сәтте бізде сағатына 1,5 мың құс сойылады. Жаңа цехтың қосылуымен өндіріс күші артып, өнімнің өзіндік құны кемиді. Шығарылатын өнімнің өзіндік құны кемуімен байланысты тұтынушыға сатылатын өнімнің бағасы да төмендейді. Біз тұтынушыны алдамай, өз өніміміздің сапасы арқылы қызықтыратын сенімге жетуді қалаймыз. Қазір батыс елдері өткізетін құс еті саудасына байланысты жағымсыз жағдайлар ашылып жатыр. Шеттен келетін құс еттеріне су қосылатыны белгілі болып отыр. Мұны көпшілік тұтынушылар біле бермейді, базарлардағы арзан құс еттерін қалайды. Ал бізге сондай арзан, сапасыз құс еттері Ресей, Украина, Батыс Еуропа елдерінен келеді.
Ал біз өндіретін еттер байырғы өндіріс бойынша шығарылады. Жасанды жем, химиялық құрамалар берілмейді, қоспа қосылмайды. Табиғи жеммен 42 күн бордақыланады, сойған кезде әр құс орта есеппен 1 келі 800 грамм, 2 келі ет болады.
«Көктас–Ақтөбе» акционерлік қоғамы үлкен өндірістік құрылым, құс фабрикасы, силикат, шебін-қиыршық тас, бетон зауыттары, картон фабрикасы, баспаханасы бар. Сондықтан құс фабрикасына қажетті қызметті өзі көрсетіп, керегін қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар. Ал бұл өз кезегінде өнімнің бағасының төмен болуына жағдай жасайды. Алайда Ресей Федерациясындағы ақша саясатындағы тұрақсыздық біздің жұмысымызға да әсер етіп келді. Біз біраз уақыт нарықта тең бәсекелестік жағдайында бола алмадық. Теңгенің еркін айналысқа жіберілуімен жағдай тұрақталып, қазір көп нәрсе өз орнына келді.
Біз аймақтағы өндірістік жағдайда құс етін өндіретін бірден-бір кәсіпорынбыз. «Рамазан» құс фабрикасы жұмыртқа өнімін береді. Фабриканың арзан әрі сапалы өнімін аймақтағы ірі сауда орындарынан табуға болады.

Нұрым ҚҰМАРОВ,
«Аққұс» құс фабрикасының атқарушы директоры.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button