Экономика

Өндірісте өсу байқалды

Теңгенің еркін бағамға жіберілуі бүгінгі күні жергілікті өнім өндірушілер шығарған өнімдердің импортпен, оның ішінде Қытай мен Ресейден әкелінетін тауарлармен бәсекелесуіне жағдай туғызды. Республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарынан көргеніміздей, бизнес қауымдастығы өкілдері Үкіметтің жаңа қаржылық-несиелік саясатын бірауыздан қолдап отыр. Жаңа экономикалық саясаттың арқасында өнеркәсіптің химия, машина шығару сынды салалары өз өнімдерін экспортқа шығару мүмкіндігіне ие болды. «Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясының ғимаратында өткен брифингте жаңа қаржы-несие саясатының жүзеге асырылу барысы сөз болды.
— Үстіміздегі жылы 20 тамызда өткен Үкімет отырысында инфляциялық таргеттеу негізіндегі жаңа қаржы-несие саясатына көшу шешімі қабылданды. Бұл — теңгенің айырбас бағамы ішкі және сыртқы факторлардың әсерімен нарықтағы сұраныс пен ұсыныс бойынша белгіленеді деген сөз. Бұдан былай Ұлттық банк нарықта теңге бағамының қалыптасуына араласпайтын болады. Дегенмен де, жалпы елдің қаржылық жағдайына қауіп туындаған жағдайда валюталық интервенция жасау арқылы ішкі валюталық нарыққа араласу құқығын сақтап қалады, — деді брифингте облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Жеңісбек Ақбергенов.
Өз кезегінде облыс әкімдігі тарапынан өңірімізде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажет барлық шаралар жүзеге асырылуда. Арнайы құрылған Экономиканы тұрақтандыру және әлеуметтік шиеленістердің алдын алу жөніндегі жұмыс тобы үнемі жиналыс өткізіп, жағдайды жіті бақылап отыр. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен дәрі-дәрмек сынды негізгі қажеттілікке жататын тауар түрлері бағаларының негізсіз өсірілмеуі қадағалауға алынған.
— Ұн өнімдері, картоп, өсімдік майы, ет, сүт өнімдері, жұмыртқа секілді негізгі азық-түлік өнімдерінің шамамен 85 пайызға жуығының өзімізде өндірілетінін атап өткен жөн, — деді Жеңісбек Ақбергенов.
Жалпы, облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұрақты. Биылғы жылдың өткен 7 айының қорытындылары бойынша, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 539,0 млрд. теңгені құраған. Яғни өндіріс көлемі артып, өсім 0,1 пайызға жеткен, ал соның ішінде өңдеуші өнеркәсіптің өсімі — 10,2 пайыз. Ауыл шаруашылығы өндірісі де 0,1 пайызға артып, 55,3 млрд. теңгені құрады. 199,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Инфляция көрсеткіші де тұрақты. 1,1 пайыз деңгейінде. Облыс бойынша жұмыссыздық деңгейі — 5 пайыз. Бұл — орташа республикалық көрсеткіштен төмен деңгей. Жаңадан 9 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Орташа жалақы мөлшері 3,6 пайызға көтеріліп, 108 мың теңгеге жеткен.
Брифингте сөз алған облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сисенова әлемдік экономикадағы тұрақсыздық пен нарық конъюнктурасының өзгеруіне қарамастан облысымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайында оң өзгерістер сақталып отырғанына тоқталды. Бұған дәлел ретінде Гүлназ Сисенова облыс бюджетінің жағдайын атап өтті. Өткен 8 айдың ішінде облыс бюджетінің кіріс бөлігі 112,4 пайызға орындалыпты. Облыс қазынасына жоспарланған 51 757,0 млн. теңгенің орнына іс жүзінде 58 160,1 млн. теңге кіріс кірген. Бюджеттің шығыстар бөлігі 99,2 пайызға орындалған. Бұдан шығар қорытынды: бюджет жылдың басында қалай жоспарланған болса, солай жүзеге асырылуда. 1 қыркүйек күнгі жағдай бойынша, бюджеттік мекемелерде қызметкерлерге жалақы төлеу жөнінде ешқандай қарыз қалыптаспаған.
— Әр облыстың өз бюджеті бар. Облысымыз бюджетінің негізігі бөлігі ішіміздегі кірістерден құралады. Осыған байланысты облыс аумағында қолға алынған әлеуметтік нысандар толықтай аяқталатын болады. Оның үстіне үкімет те әлеуметтік міндеттемелердің барлығы жүзеге асырылатынын айтқан болатын, — деді облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сисенова.

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button