Экономика

Қазақстанда тұңғыш рет

Қазақстанда жасалған

Ақтөбедегі «NAZAR TRAILER» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүк көліктеріне арналған тіркеме зауыты өндіріс аясын кеңейтуді жоспарлап отыр. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған бұл жобаның тұтас Қазақстанда, тіпті Орта Азияда баламасы жоқ. Өндірісте айына әзірге тіркеменің 7-8 данасы шығарылады. Алдағы жылдан бастап мұнай, цемент таситын тіркемелер шығарыла бастамақ.
«NAZAR TRAILER» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған жүк көліктеріне арналған тіркеме шығару және жөндеу өндірісі жұмысын биыл қаңтар айында бастады. Бұл — еліміздегі инновациялық жобалардың бірі. Бұрын мұндай техникалар Еуропа елдерінен, Ресейден әкелінген.
— Бұрын тіпті бұзылып қалған техникаларды да тұтынушылар Ресейге апарып жөндетуге мәжбүр болды. Ал оған кететін шығынды есептеңіз. Ендігі жерде еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұтынушылар бізге келеді. Ресейде осы тектес он шақты зауыт бар, Еуропада да жеткілікті. Бірақ Қазақстанда бірінші рет ашылып отыр. Жартылай тіркеме жасауға қажетті осьтік бөлшектерді ғана Еуропадан сатып аламыз, қалғанының барлығын өзімізде жасаймыз. Қорапты, ұзын өлшемді тіркемелер, контейнер тасушы тіркемелер жасаймыз, алдағы жылдың қаңтар айынан бастап цемент және бензин тасымалдаушы тіркемелер жасауды жоспарлап отырмыз. Қазір ол үшін арнайы цех салынып жатыр. Бір айта кетерлігі, біздің өнімдердің сапасы жоғары, еуропалық стандарт бойынша жасалады. Ал Ресей зауыттарының өнімдерінің түрлері еуропалық түрге келмейді, сондықтан біздің өнім баға жағынан да, сапа жағынан да тиімдірек. Жартылай тіркеме құралдардың барлығы еліміздің ауа райына, жолдарына ыңғайланып жасалған, сапасы жоғары, — дейді серіктестік директоры Ерлан Авдхапар.
Әзірге зауытта 40-қа жуық адам жұмыс жасайды. Оларды оқыту үшін шетелдік мамандар шақыртылды. Алдағы уақытта жұмысшылар санын да, жұмыс көлемін де арттыру жоспарда бар. Қазір мұнда айына 6-8 дана тіркеме шығарылатын болса, болашақта 10-15 тіркеме жасалмақ. Ал зауыт толық қуатында жұмыс жасаған кезде айына 20-25 тіркеме шығарылады.
— Мен Түркияда дәл осындай зауытта үш жылдай жұмыс жасадым. Бұл кәсіптің қыр-сырын жақсы білемін. Сондықтан кәсіпкерлер палатасының осындай зауыт ашу туралы идеясын бірден құптадым. Бұл Қазақстанға өте қажет бизнес. Алдағы уақытта Астана мен Алматы қалаларында филиал ашпақпыз, қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр. Болашақта зауыт өнімдерін Ресейге, Түркмения мен Орта Азия елдеріне экспортқа шығару жоспарланып отыр, — дейді Ерлан Авдхапар.

Біздің бағдаршамдар
Ақтөбе қаласының көшелеріне жергілікті жерде жасалған сапасы жоғары бағдаршамдар қойылады. Соның ішінде жаяу жүргіншілерге арналған табло бірінші рет қондырылмақ.
«Светоком» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жарық диодты бағдаршамдардың 20-дан астам түрі шығарылады. Қазақстандағы бағдаршам шығаратын жалғыз кәсіпорынның өнімдері — сапалылығымен және сыртқы әсерлерге төзімділігімен ерекшеленеді.
— Лампалық бағдаршамдардың жарығы күннің сәулесіне шағылысып дұрыс көрінбей жатады, себебі онда линзалар боялып қойылады. Ал диодты бағдаршамдар қанша қашықтықта тұрса да өте айқын, анық көрінеді. Бұған қоса қолдану мерзімі ұзақ. Түрлі апат салдарынан құлап қалып жатқан жағдайда да сынып, қирауы сирек. Мәселен, Қандыағаш қаласында жол бойында көлік апаты болып, бағдаршам бағанасын құлатып кеткен болатын. Бірақ бағдаршам сынған да, бүлінген де жоқ, оны қайтадан тұрғызып қойдық. Негізі біздің бағдаршамдардың қолданылу мерзіміне берілетін кепілді уақыт — 3 жыл, алайда бүгінде 12 жыл бойы еш жөндеусіз жұмыс жасап тұрған бағдаршамдарымыз бар. Ақтөбе қаласындағы ең бірінші жарық диодты бағдаршамды Әлия Молдағұлова мен ағайынды Жұбановтар көшелерінің қиылысына осыдан 12 жыл бұрын орналастырған едік. Бұл біздің өнімнің сапалылығын көрсетеді, — дейді серіктестіктің сыртқы байланыстар жөніндегі жетекші маманы Надежда Чернышева.
Оның айтуынша, мұндай кәсіпорын Орталық Азияда тек Қытайда ғана бар. Алайда қытайлық өніммен салыстырғанда біздің өнімдердің бағасы қымбаттау болғанымен, сапасы әлдеқайда жоғары.
Жалпы, жарық диодты бағдаршамдарды қолдану тарихы әлемде 1990-ыншы жылдардан басталады. Ал Қазақстанда мұндай кәсіпорын тұңғыш рет 2001 жылы Ақтөбе қаласында ашылды. 2002 жылы кәсіпорын конструкторлық және техникалық құжаттарын ретке келтіріп, бір жылдан кейін алғашқы өнімдерін шығара бастады. Бүгінде «Светокомның» бағдаршамдары еліміздің 40-тан астам қаласының көшелеріне қойылған.
Кәсіпорын алдағы уақытта жаяу жүргіншілерге арналған табло құрылғысын қаламыздың бірқатар жолына қоюды жоспарлап отыр.
— Орталық «Нұр Ғасыр» мешіті жағынан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы саябаққа қарай өтетін жаяу жүргіншілер жолағына, 11 және 12-шағын аудан аялдамаларының тұсындағы және Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институты маңындағы жаяу жүргіншілер жолағының тұсына осындай табло орналастыру қажет. Себебі ол жерлерде жаяу жүргіншілер соншалықты көп емес, сирек өтеді, сондықтан көліктер бағдаршамның қызыл көзіне босқа қаңтарылып тұрмас үшін жүргіншілер бар кезде ғана қолданылатын табло орнатылуы дұрыс. Мұндай құрылғы елімізде тек Астана, Алматы сынды үлкен қалаларда қойылған. Ақтөбе де кеңіп, үлкен қалаға айналып келеді. Көлік көп. Сондықтан жолдағы қауіпсіздікті де ойлау керек. Осы мақсатта жаяу жүргіншілерге арналған таблоларды жолдарға қою үшін жергілікті әкімдікке ұсыныспен шықтық. Қолдау болады деп сенеміз, — дейді Надежда Чернышева.
«Светоком» — еліміздегі бағдаршам өнімдерін шығаратын бірегей кәсіпорын. СТ-KZ сертификаты бар кәсіпорындағы қазақстандық үлес көлемі 80 пайыз. Серіктестік алдағы жылдары отандық өнімді экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. Бұл бағытта «KAZNEX INVEST» акционерлік қоғамымен арада келісім бар. «Аталған қоғамның қолдауымен серіктестік басшылары биыл мамыр-маусым айларында Арменияда, Тәжікстан мен Қырғызстанда арнайы кездесулер өткізіп, ауызша келіссөөздер жасалды. Қазір Қырғызстанға бағдаршам жабдықтарын жеткізуге байланысты келісімшарттар жасалып жатыр. Бұрын Қырғызстан мұндай өнімдерді Қытайдан алған, енді біздің өнімге қызығушылық білдіріп отыр. Біріншіден, біздің өнім сапалырақ әрі Кеден Одағы аясында жеткізу рәсімдеріне шығын аз кетеді», — дейді Надежда Чернышева.
Ал болашақта «Светоком» ЖШС өнімдері Өзбекстанға, Белоруссия мен Әзірбайжан елдеріне де экспортқа шығарылмақ.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button