Басты жаңалықтар

Отбасы күні

Мейірім шуағы

«Отан отбасынан басталады» демекші, қазақ халқы қашанда отбасылық құндылықтарды жоғары қойған. Әсіресе, алтын құрсақты аналарды халқымыз ерекше қадірлейді. Осы орайда біз Отбасы күні қарсаңында 12 бала өсіріп, «Батыр ана» атанып, бүгінде қара шаңырақтың алтын діңгегі болып отырған ақтөбелік көпбалалы ана Күлиза Үмітаеваны тыңдап қайтқан едік. Әлқисса…
Сексеннің сеңгіріне аяқ басқан Күлиза әже бізді қуанып қарсы алды. Жастайынан көргені мен көкірегіне түйгені көп, ақжарқын ана әңгімешіл екен. Ағынан жарылып, әңгімесін айтып, естеліктерімен бөлісті.
— Қазақ халқында баланың санын санамайды ғой. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дегендей, әр баланың өз ырзығы болады. Он екі бала өсірдік. Бүгінде бәрі өмірден өз орнын тауып, отбасын құрды. Немере-шөбере сүйіп отырмын. Менен асқан бақытты ана жоқ шығар?! — деп бастады әңгімесін Күлиза әже. — Тек Сәкеңнің (жұбайы Сағидолла — авт.) осы қызықты көрмей кеткені болмаса, бәріне «шүкір» деймін. Тағдырдың жазуы болар, ол кісі өмірден ерте кетті. Мінезі биязы, салмақты, жұмысқа адал, іскер, ал отбасында балажан еді. Сол үшін бізге Алла көпбалалы болуды жазған шығар, — дейді кейуана.
Күлиза Шүленбайқызы Қарағанды облысының тумасы екен. 1936 жылы Қарағанды облысы, Ульянов ауданы, Жаңақала ұжымшарында дүниеге келген. Әкесі өмірден ерте кетіп, анасы Бибіш үш баланы жалғыз өсіреді. Соғыс жылдары екі ағасы майданға аттанып, анасы ұжымшарда сауыншы болады. Соғыстан кейін Күлиза Үмітаева Қарағанды қаласындағы әпкесі Сараның қолында тұрып, жеті сыныптық орыс мектебінде оқиды. Кейін әпкесі мен жездесі Субектің ықпалымен бір жарым жылдық педагогикалық училищеге түседі. Оқуын аяқтаған соң сол кездегі Қарағандының «Восточный рудник» деген ауылындағы орыс-қазақ мектебінде кітапханашы болып жұмыс істейді. Сол қызметінде жүрген кезінде мектепке жоғары оқу орнын аяқтап, жұмысқа келген жас маман Сағидолла Үмітаевпен танысады. Сөздері жарасып, түсініскен екі жас отбасын құруға бекінеді.
— 1955 жылы Сағидолла Қызылорданың педагогикалық институтын бітіріп, біздің мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Ол кезде жас мамандарды үш жылға келісімшартпен өзге облыстарға жіберетін. Сағидолламен бірге оқыған сол кездегі жас жігіттер — Сағи Жиенбаев, Нұрхан Жанаевтар Қарағандының басқа ауылдарына мұғалім болып жіберілді. Сөйтіп, біз бір мектепте қызмет еттік. Көп ұзамай сол жылдың күзінде отбасын құрдық. Үкімет бізге шахтерлерге арналған тұрғын үйден үш бөлмелі пәтер берді. Араға жыл салып, тұңғышымыз Сәуле дүниеге келді, — дейді Күлиза әже.
1963 жылы Сағидолла Үмітайұлы отбасымен туған жері — Ырғыз ауданы, «Калинин» кеңшарына көшіп келеді. Мұнда келген соң Темірастау орта мектебінде екі жыл мұғалім болады. Одан кейін ұзақ жылдар бойы мектеп директоры қызметін атқарады. Ал Күлиза Шүленбайқызы балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді. Қызметте жүріп ол балаларын да өсіріп, сондай-ақ, қоғамдық жұмыстарға да атсалысады. Бастауыш партия ұйымының хатшысы қызметін атқарып, кеңшардың басқарушы аппаратының құрамында болады. 1971 жылы он баламен бес жұлдызды «Батыр ана» орденін алады.
— Осыншама баланы өсіріп, жеткізу оңай болмады. Көбіне кішкентайлардың қасында енем Салиха қалатын. Кейін ол кісі үлкейіп, салмақ өзіме түсті. Зейнеткерлікке шықсам да жұмыс жасадым. Сөйтіп жүргенде 1979 жылы мамырда жұбайым қатты ауырып, жүрек талмасынан қайтыс болды. 22 жыл бірге отасып, 12 баланы өмірге әкелдік. Бір-бірімізбен сыйласып, тату-тәтті өмір сүрдік. Сағидолланың мен үшін орны тым бөлек еді. Ол өмірден озған соң балаларды жалғыз өсірдім. Еңбектеніп жұмыс жасадым, шаршау дегенді білмедім. Одан қалды тума-туыстардың көмегімен балалар жоқшылық көрген жоқ. Ол кезде заман жақсы болды ма, әлде сол кезеңнің адамдары қамқор болды ма, біздің үйдің балалары өзгелермен бірдей оқып, бір-біріне қарап, ер жетті. Үлкендері отбасын құрып, немере сүйгізді, — дейді кейуана.
Бүгінде Күлиза әженің ұлдары Асқар, Мейрам, Алтай, Дархан, Дәурен, қыздары Сәуле, Айгүл, Бақытгүл, Шарагүл, Айнагүл, Нұргүл, Айнұр өмірден өз орындарын тауып, өркен жайған шаңырақ иелері. Атап айтсақ, үлкені Сәуле ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп, қазір зейнеткерлікке шыққан. Одан кейінгі Асқар, Мейрам, Айгүл, Алтайлар әртүрлі салада абыройлы еңбек етіп келеді. Дарханы мен Нұргүлі Мәскеуде тұрады, өз отбасылары бар. Дархан құрылыс саласында, ал Нұргүлі Мәскеу қаласындағы Бурденко атындағы әскери госпиталда жұмыс істейді. Кенжесі Айнұр Қызылорда қаласында тұрады. Ал Күлиза әженің кенже ұлы Дәурен мен келіні Клара киелі қарашаңырақты ұстап, ана шуағының мейірімін көріп, батасын алып отыр.
— «Әйел-ана барлық қиындықты жеңетін сарқылмас күш, көзді бұлақ емес пе?» деп жазушы Ғабит Мүсірепов айтқандай, ана баласы үшін кез келген қиындыққа қарсы тұрады. Бала анаға күш-қуат береді, бақыт сыйлайды. Сондықтан бүгінгі күні мен балаларымның қуанышына масаттанып, жетістігіне мақтанамын. Немере-шөберелеріме «Еңбектің қандай қиыны болса да мойымай, ерінбей еңбек етіп, аталарыңның жолын қуыңдар» деп үнемі айтып отырамын, — дейді Күлиза әже.
Бүгінгі күні 35 немере, 7 шөбере сүйіп, бейнетінің зейнетін көріп отырған бақытты ана ұрпақтарының амандығын, ел-жұртының бақытты болуын тілейді.

Данагүл ҚАЗИХАН.
Берекелі шаңырақ

Кезінде Байғанин ауданының атағы дүрілдеген Еңбек Қызыл ту орденді «Оймауыт» кеңшарында орта мектептің директоры болған Темірхан Сұлтанғалиевтың отбасы қазіргі тұратын жері Хлебодар ауылында көпке үлгі-өнеге болып отыр. Сүттей ұйыған шаңырақты 16 немересі шаттыққа кенелтуде.
Темірхан — соғыс уақытында Табын ауданының Доңызтау ауылында бірлескен 5 ұжымшардың есепшісі болған Әлидің отбасындағы төрт ұлдың үлкені. Еңбекке ерте араласты, қиын кезде Самнан мал айдаған, бірнеше ұжымшарда ферма меңгерушісі болып, қай жұмыстан да қайтпаған әкесіне ұқсауға тырысатын. Мектептен соң Атыраудағы (бұрынғы Гурьев) пединституттың физика-математика факультетін бітіріп, жолдамамен Павлодар облысында, одан Түркіменияда қызмет жасайды. Сол кезде Чарджоуда офицерлік курсті оқып, лейтенант атағын алып шығады. Еңбек жолында комсомол жұмысына араласады, мектепте алғашқы әскери даярлықтан 20 жыл сабақ береді. Ауылда тұрғандықтан мал шаруашылығының да мән-жайына қанық өскен.
Зейнеткерлікке шыққаннан соң Мәртөк ауданы Хлебодар ауылына қоныс аударды. Бүгінде бала-шағасының несібі ортаймасын деп қорасында ірі қара, ұсақ мал ұстап, бағып отыр. Ұлдары мен немерелері жұмыстан қолдары бос кезде шаруаға қарайласады. Үйінің ауласындағы бақшаның жауапкершілігі де мойнында, онысымен қоймай, түрлі жеміс ағаштарын будандастырып өсіретіні де бар. Жалға жер алып, тары да өсіреді. Ұрпағына ырзық-несібені еңбекпен тауып жеу керектігін сөзімен емес, ісімен көрсетіп отырған ақсақал. Ағайын-туысының, жекжат-жұрағатының садақа-тойларынан қалмай, қайғыда да, қуанышта да ортасында жүретін, ештеңеге бейжай қарамайтын Темірхан ағаны бәрі сыйлайды, төбесі көрінбесе, іздеп жатады. Бұл — оның ауыл-аймағының алдындағы беделі, абыройы.
— Отбасының берекесі — өзара сыйластықта, ауызбіршілікте, тынымсыз еңбекте. Қазір шүкіршілік қой, тырбынған кісі аш қалмайды. Біздің балалығымыз соғыс уақытына тап келді. Сол кезде бір үйде екі, тіпті бірнеше отбасы тұрған кездер болды. Кенжебай атамыз соғыстан келгенше екі отбасы бір үйде отырдық. 16 жанбыз, бір дастарқаннан ас ішкен сол балалар әлі күнге бір туғандай татумыз. Сол кездегі халықтың пейілі бөлек еді ғой, бір-біріне ауызындағысынан жырып беретін.
Әкем Әли де, анам Берен Өтеуліқызы да бізге жастайымыздан еңбекқорлықтың үлгісін көрсетті. Ақтөбедегі ферроқорытпа зауытында жұмыс істеген. «Қазақстанның құрметті металлургы» атағы бар нағашым Өтеулі де бізге жақсы үлгі болды. Анам сұмдық шапшаң, он саусағынан өнері тамған жан болды, менің қолымда болды, тоқсанға келіп дүниеден озды. Балаларым әжелерін «мама» деп кетті. Оларға әжелерінің ықпалы күшті болды, қыздарым да шетінен елгезек, барған жерлеріне қадірлі, ата-анаға ол да мәртебе. Үлкен келінім Гүләйім ауылдағы медициналық амбулаторияда медбике, қолымдағы кенже ұлым Серіктің келіншегі Райхан да, ортаншы келінім Гүлзия да көргенді жердің балалары, алдымызды кескен емес, тәуба. Балалар отау құрғаннан кейін де жарасты отбасына айналып кетуі үшін ата-ана да үлес қосуы керек. Өйткені жастар сәл қиындыққа шыдай алмай немесе бір-бірімен мінездері үйлеспей жатса, үлкендер сол кемшіліктің орнын толтырып, жымдастырып жіберсе, шаңырақ шалқаймайды,— дейді Темірхан аға.
Зайыбы Маржан Өтегенқызы екеуі тәрбиелеп өсірген алты ұл-қыздың тіршілігінен әрдайым хабардар болып, оларға әрдайым қамқор болып отырады. Көкірегі ояу, көзі ашық Темірхан аға балаларының әрқайсысының өз тіршілігін жолға қоюына көмектеседі. Мектепте оқитын немерелерінің сабақ үлгерімі, олардың қай салаға икемі бар екені кәнігі педагогтің назарынан тыс қалып көрген емес. Үлкені Исатайды Алматыдағы малдәрігерлік институтта оқытса, Тұрары автокөлік инженері болып шықты. Бүгінде бір-бір үйдің шаруасын дөңгелентіп, ата-енесін бағып отырған қыздарының бірі — Гауһар биология пәнінің маманы, ал Эльмирасы — химия пәнінің мұғалімі. Шынары мен күйеубаласы Қайрат та өз отбастарына мығым.
Темірхан ақсақалдың немересінің үлкені, Исатай мен Гүләйімнің тұңғышы Ерлан Әлиев атасының бағыт беруімен әскери мамандықты таңдады, бүгінде Атырауда әскери қызметте, аға лейтенант. Одан кейінгі немересі Нұрбақытберген Темірханов Ақтөбеде жол-көлік қозғалысы полициясында істейді. Жиен немересі Дана Құрманғалиева Назарбаев зияткерлік мектебін тәмамдап, биыл грантпен Әл-Фараби атындағы университеттің химия факультетіне түсті.
Отының басы көңірсіп, айналасына шуағын шашып отырған Сұлтанғалиевтер әулетінің басшысы Темірхан Әлиұлы сияқты ақсақалдар қатары азаймаса екен.

АРДАҚ ҚОНАҚБАЕВА.

60 жылдың жемісі

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде Қарғалы ауданы, Петропавловка ауылында тұратын Кофлерлер және Ойыл ауданының Саралжын елді мекенінде тұратын Жакиевтер отбасы бірінші орынға ие болғаны белгілі.
Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылынан шыққан Жакиевтер отбасы байқауға қатысар алдында үйдегі барлық құжаттар мен естелік суреттерін жинапты. Отбасында 11 бала тәрбиелеп өсірген ақсақал Сағидолла Жакиев бүгінгі күні 23 немере, 5 шөбере сүйіп отыр.
11 баланың үлкені Бақтыгүл бүгінде 57 жасқа келген ақ жаулықты ана болса, отбасының кенжесі Шынар биыл 35-ке толыпты.
Сағидолла Жакиев 1929 жылы Саралжын ауылында дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы білім беру саласында жемісті еңбек еткен ол — КСРО және Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздігі. Бүгінде жасы 86-дан асса да әлі тың. Саралжын ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы ретінде қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысады. Биыл Сағидолла атаның зайыбы Жәния Еспағамбетовамен бірге отбасын құрғанына 60 жыл толыпты. Осы уақыт аралығында бірге қол ұстасып, қандай қиындық болса да бірге жеңіп келе жатқан қос қарияның ғұмыры мен отбасы – көпке үлгі, ұрпақтарына өнеге.
11 баланы дүниеге әкелген Жәния әже — «Батыр ана», «Алтын алқа» иегері.
Бүгінгі күні әке жолын қуып, анасының ақ батасын алып отырған Жакиевтер отбасының ұрпақтары сан түрлі салада абыройлы қызмет атқарып келеді. Атап айтсақ, ақсақалдың төрт баласы ұстаздық жолды таңдаған. Сондай-ақ, үлкен ұлы Базылбек медицина ғылымдарының докторы, профессор, өңірде тұңғыш рет бүйрек алмастыруға күрделі операциялар жасаған білікті дәрігер, Ақтөбе облысы бойынша «Жыл адамы — 2014» атағының иегері. Базылбектің зайыбы Гүлжахан – медицина ғылымының кандидаты, доцент, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің кафедра меңгерушісі. Ал олардың ұлы Талғат «Болашақ» бағдарламасы арқылы білімін тәмамдап, қазір Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми-медициналық орталығында кардиохирург болып жұмыс істейді.
Бұл шаңырақтың мүшелері — дәрігерлер мен мұғалімдер және мұнай, ауыл шаруашылығы саласының білікті мамандары. Олардың әрқайсысы ата-ана тәлімін ерекше үлгі тұтады.
Көргені мен түйгені көп Сағидолла ата болашақ ұрпағының білімді, білікті, жан-жақты, жаңашыл болып өскенін қалады. Қарияның осы тілегі орындалып, немерелері биік белестерді бағындырды. Атап айтсақ, Алмат есімді немересі Ұлыбритания елінен құрылысшы мамандығын оқып келді. Қазір ол Атырау қаласындағы мұнай компанияларының бірінде қызмет етіп жүр. Ал бір немересі – Бағдат Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университетін аяқтап, техника ғылымының магистрі атанды.
Ақсақалдың қолындағы кіші баласы Болатбек қазір ауылдың мал шаруашылығын дамытып отыр. Мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге жайған бақытты отбасы туған жерден алысқа кеткісі келмейді.
Өмірлік ұстанымы ізгілік пен адамгершілік, бауырмалдық болған Сағидолла атаның болашақ ұрпақтарына арнап жазған «Орындалған арман», «Ұрпаққа үлгі-тілек» атты еңбектері бүгінгі күні туған жер топырағындағы киелі шаңырақтың төрінде сақтаулы тұр.

Жанат СИСЕКЕНОВА.

Отбасы — асыл құндылық

Біз бүгін шым-шытырығы көп кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Нәтижесінде сананың және қоғамдық болмыстағы тектоникалық қозғалыстардың куәгері болып отырмыз.
Адам өмірінің мазмұны, әрбір тұлғаның ең асылы, өмір сүрудің басты қағидаты —отбасы институты өз құндылықтарын жоғалтуда. Жалғызбасты әйел мен жетім бала, салт басты қаңғы еркек бүгінгі күннің бет-бейнесіне айналды. Сондықтан бүгінгідей жаһандану дәуірінде ұлттық келбетімізді сақтап қалу үшін ең алдымен отбасы құндылықтарына көңіл бөлуіміз керек. Отбасылық құндылықтардың ішінде тәрбие де, мәдениет те, әдеп те, салт пен дәстүр де бар.
Отбасының іргетасы ер-азамат пен әйел адамның заңды некелерін қиып, отау тігуінен құралады.
Ер азамат — отбасының тірегі, қорғаушысы, дамытушысы, жетілдірушісі, яғни шаңырақтың аман сақталуының кепілі, жауапты тұлғасы, діңгегі. Отбасында әкенің орны бөлек. «Әкеге бағыну — Аллаға бағыну» депті Мұхаммед пайғамбарымыз. Демек, әкені ренжітпей, оның айтқанының үдесінен шығып отыру әрбір перзенттің басты парызы.
Әйел-ана — шаңырақтың құты, бағы мен берекесі, ұйытқысы, тірегі, тұрмыстың сәні мен салтанаты. Аналық пен адалдықты аялап, азаматының қадір-қасиетін бағалап, абырой-атағын асқақтататын да әйел адам. Яғни әйел — отағасымен бірге шаңырақтың түтінінің түзу шығуына жауапты тұлға. Содан да болар ата- бабаларымыз әйелді ерекше құрмет тұтқан.
Елбасы Жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні» болып жарияланды. Бұл — қуанарлық жағдай.
Ел басшылығы бас болып отбасы құндылықтарына ден қойылып отыр. Әрі қарай іліп әкету – қоғамның еншісінде.

Тазагүл ӘБДИЕВА,
№47 орта мектептің директоры.
Ақтөбе қаласы.
Еңбекқор балалардың әкесі

Атамекеніне оралғанына он шақты жыл болған Тайыр Әбідханұлы ағамызды Қандыағаш тұрғындары жақсы таниды. Еңбекті ерекше сүйетін ол кісінің ел-жұрттың алдында жүзі жоғары, берекелі шаңырағында өсіп-өнген 8 перзентіне жақсы тәрбие беріп отыр.
Тайыр Әбдіханұлы қаладағы ірі өндіріс орындарының бірі — кірпіш зауытында газбетон қазандығының операторы болып жұмыс істейді. Негізгі мамандығы — дәнді өңдеу және сақтау жөніндегі инженер-технолог. Бұған дейін ол өз мамандығы бойынша Қарақалпақстанда ұн өндіретін цехта бақандай 30 жыл табан аудармастан еңбек еткен. Отбасында «Алтын алқа» иегері Зибагүл апай екеуінен үлгі-өнеге көрген балалары да жастайынан еңбекке піскен, жұмыстан қашпайды.
2004 жылы Мұғалжар ауданының Орқаш ауылына көшіп келген бұл отбасы төрт жылдан соң аудан орталығындағы «Самал» шағын ауданынан жер алып, үй салып, осында қоныс аударды.
— Қалаға келгеннен кейін үйдің айналасына көкөністер отырғыза бастадым. Жұмыстан қолым қалт етсе, осы бақша шаруашылығын ермек қыламын. Әрі кенжетайым мен немерелерімді еңбекке баулып, шаруашылықтың қыр-сырларын үйретемін. Олар осы көкөністердің дәні жерге түскеннен бастап бақшаның басында. Әрине, арасында бала болған соң ойнап кетеді. Бірақ баланың істегені біліне ме, жаз бойы маған қолғабыстарын тигізді ғой, — дейді Тайыр Наранбаев.
Табиғи өнімді өз шарбағында өндіріп жатқан кейіпкеріміз балаларына бақша егудің қыр-сырын, оның адам денсаулығына пайдасын, бастысы — еңбекпен тапқан наннан қымбат ешнәрсе жоқтығын үнемі түсіндіріп отырады. Содан болар 9 жастағы кенжесі Сайран мен немерелері Тайыр ағаның шебер қолынан шыққан шағын ғана құрал-саймандарын сүйретіп, бақшаның айналасында жүреді. Олар үшін бұл ойыннан да қызық сияқты. Бүгінде бұлардың бірлесіп еккен бақшасында қызанақ, қияр, сәбіз, асқабақ, қауын, қызылша көкөністері өз жемісін беріп жатыр. Ал алма, шие, қызыл өрік ағаштары едәуір бой көтеріп қалған. Алдағы уақытта бұл жеміс ағаштарынан да қомақты өнім алатындығына Тайыр Әбдіханұлы сенімді:
— Табиғи өнімге ешнәрсе жетпейді. Көкөніс күтімі кез келген адамның қолынан келеді. Ерінбей еңбек етіп, күтімін жақсы жасасаң, оның өнімі бір қысқа азық. Көктем келіп, жер қызған шағында топыраққа малдың қиын араластырып дән саламын. Кейін уақтылы суарып, күтімін жасайсың. Тамшылатып суару әдісін қолданып отырмын. Мұның әдіс-тәсілі өте қарапайым. Әр көкөніс пен жеміс ағаштарының түбінен пластик құбырларын жүргізіп, тесіп қойдым. Құбырдың бас жағына түтікше істеп, содан су құйып отырамын. Бұл әрі суға үнем, әрі еккен жемістерім асықпай суарылады, — дейді ол.
Бір қызығы, Тайыр Наранбаев бақшасында түйінін жерге салып шырша ағашын да өсіруде. Қазір ақырындап бой көтерген шынашақтай шыршалары 5 сантиметрге жеткен. Жыл бойы түсін өзгертпейтін бұл ағаштың тұқымын Маңғыстаудан алдыртыпты. Әдісін меңгерген кейіпкеріміз бір қыс жердің астында жатқан шыршаның бірқатарын бөлек ыдысқа салып, ерекше күтім жасауда. Әбден әлденгеннен кейін үйінің айналысына егіп қоймақшы. Тіпті алдағы уақытта бұл ағаш түрінің басқа сорттарын да егуді жоспарлап отыр.
Тайыр аға: «Бүгінде еліміз жасыл желектендіру саясатын ұстанып отыр. Сондықтан еліміздің бір азаматы ретінде мен де осыған үлесімді қосқым келеді. Шырша ағаштары әбден бой көтергеннен соң, үйімнің айналасына отырғызамын. Мұның барлығы келешек ұрпағыма мұра болып қалары хақ», — дейді Тайыр аға.
Оның осындай өнімі мол бақшасы жасанды ағаш дуалмен емес, жасыл желек ағаштармен қоршаулы тұр. Тайыр Әбдіханұлы бұл ағаштарды арнайы отырғызған. Жеміс бермесе де, жапырақтары жайқалған ағаштар көкөністерді күзетіп тұрғандай…

Әнуар ЕСҚАРА,
Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button