Әлеумет

Баспана алу — басты мұрат

Айнұр қаладағы ауруханалардың бірінің медбикесі. Медициналық колледжді тәмамдағаннан кейін облыс орталығында қалуға шешім қабылдаған еді. Әрине, ата-анасы ауылда тұратын ол қызу тіршілігіне қызығып қалса да қалада пәтердің, яғни бас сұғар баспананың тауқыметін көп көрді. Бірде жалдаған пәтердің иесі ұнамаса, енді бірде тапқан пәтері көңілінен шықпай қалады. Сондықтан ол «Қолжетімді баспана — 2020» бағдарламасы іске қосылған кезде ол еш ойланбастан «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» есепшот ашты. Бір бөлмелі пәтер үшін өтініш берді. Банктің талабына сәйкес, өтініш білдірген 1 бөлмелі пәтер құнының 50 пайызын жинауға қажетті жарнаны еш үзбестен ай сайын есепшотқа салып отырды. Ауылдағы ата-анасының көмегіне жүгінген кездері де болды. Үш жыл өтіп, тиісті соманы жинағаннан кейін банктің жаңадан салынған «Нұр Ақтөбе» шағын ауданынан берілетін үй мен пәтердің нөмірі көрсетілген хабарламасы қолына тигенде Айнұрдың қуанышында шек болмады. «Үйі жоқтың — күйі жоқ» дегендей осыған дейін көріп келген қиыншылықтарының барлығы артта қалып, бір бөлмелі болса да, өзі еркін кіріп-шығатын «…кең сарайдай боз үйіне» қолы жеткен еді.

Бастапқы қадам — есепшот ашу.

Айнұр «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» есепшот ашып, арнайы мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеке баспаналы болған көп адамның бірі ғана.
— Бізде, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» Ақтөбе облыстық филиалында бүгінгі күні 40 мыңдай салымшы бар. Сол 40 мың салымшының әр жыл сайын шамамен 30 пайыздайы несие ресімдеп, жеке баспана сатып алады, — дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары Дархан Ыбырайым.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшысы болу үшін алдымен, банкпен келісімшарт жасап, жеке жинақ есепшотын аштыру керек. Облысымызда тұратын Қазақстан Республикасының 18 бен 65 жас аралығындағы кез келген азаматы бұл банктің салымшысы болу үшін өтініш бере алады. Есепшот ашып салымшы атанғаннан соң банкінің түрлі бағдарламаларының ішінен өзіңізге тиімдісін таңдап, жеке баспаналы болу қамын ойлай беруіңізге болады.
— Біздің банктің басты талабы — есепшот ашқаннан кейін ай сайын оған ақша салып тұру. Есепшоттағы жинақ үшін үкімет жыл сайын сыйақы береді. Сатып алынуы жоспарланған баспана құнының 50 пайызы жиналған соң қалған 50 пайызы мөлшеріндегі қаржы ең көп 5 пайыздық өсіммен 20 жылға дейінгі мерзімге несиеге беріледі, — дейді Дархан Ыбырайым.
Мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынған бағасы төмен пәтерлерді былай қойып, жалпы нарықтағы үйлерді сатып алған жағдайдың өзінде мұндай өсімі төмен несиені басқа ешбір банктің бермейтіні белгілі. Бұл банктің комиссиялық жарналары да төмен. Оған қоса, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» өз несиелерін тек қана ұлттық валюта — теңгемен ресімдейді. Ешқандай доллар курсына деген тәуелділік жоқ. Дәл бүгінгі күні бұл мәселенің аса өзекті болып отырғанына мұқым ел куә. Жалпы, әу бастан-ақ «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» мемлекет тарапынан халықты баспанамен қамтамасыз ету үшін қолжетімді несие беретін қаржы институтын дүниеге әкелу мақсатымен құрылған еді. Сонымен қатар, тұрғын үйге қатысты мемлекеттік бағдарламалардың барлығы дерлік осы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жүзеге асырылады.
— Мемлекеттік баспана алу бағдарламалары бойынша тиісті талаптарға сәйкес келетін өтініш білдірушілердің арасында да алдымен банкімізде есепшоты бар азаматтарға басымдық беріледі. Сондықтан бұрыннан есепшот ашқан азаматтардың артықшылықтары көп болады. Біріншіден, олардың өтініш білдіріп отырған мемлекеттік бағдарламаға қатысу мүмкіншілігі артады. Екіншіден, бұл есепшотта белгілі бір жинағы болғандықтан ол азаматтың төлейтін жарнасы азая түседі. Үшіншіден, банктің іріктеуінен тезірек өтеді. Сондай-ақ, бағдарламаға қатыспастан бұрын есепшотында белгілі мөлшерде қаржы жинап үлгерген клиенттердің төлем қабілетін растау қажеттілігі болмайды. Ал төлем қабілетін растау — несие алар алдындағы негізгі шарттардың бірі. Мәселен, кейбір азаматтар тиісті мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін қойылған негізгі талаптарға сәйкес келіп, іріктеуден өткенімен, төлем қабілетін растай алмағандықтан жеңілдетілген бағамен сатылатын мемлекеттік бағдарлама аясындағы пәтерден құр қалып жатады, — дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары.

«Өңірлерді дамыту-2020» — жаңа бағыт

Ілкіде мемлекет халықты баспанамен қамтамасыз ету үшін «Қолжетімді тұрғын үй — 2020» бағдарламасын қабылдады. Ал өткен жылдан бастап «Өңірлерді дамыту — 2020» бағдарламасы іске қосылды. Елімізді аумақтар бойынша рационалды түрде ұйымдастырып, халық пен қаржының экономикалық жағынан өсім көрсеткен орталықтарға жиналуын ынталандыру арқылы аймақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің дамуына жағдай жасау мақсатымен қабылданған бұл бағдарлама аясында аймақтардың инфрақұрылымдарын дамытумен қатар ол жерді мекендеген халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету де көзделген. Ақтөбе қаласы әкімдігі осы бағдарлама аясында жалпы санаттағылар үшін жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтарға берілетін тұрғын үй, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы берілетін баспана, «Жас отбасыларға» арналған баспана және биылдан бастап іске қосылған «Қазақстан ипотекалық компаниясы» мен «Самұрық Қазына» АҚ тарапынан салынған үйлерді кейіннен сатып алу үшін жалға беру бағыттары бойынша жұмыс жасап отыр.
— Осы аталған бес бағыт бойынша тұрғын үй мәселесін шешу жоспарланған. Халықтың осы бағыттарға қатысу, өтініш беру белсенділігі жоғары, — дейді қалалық тұрғын үй қорын есепке алу секторы меңгерушісі Жанаргүл Дүйсекенова.
Әрбір бағыттың өз талаптары бар. Мәселен, «Жас отбасылар» бағыты бойынша баспана алғысы келетін өтініш беруші ерлі-зайыптының екеуінің де жасы 29-дан аспауы, ресми түрде отбасын құрғандарына кемінде 2 жыл өткен болуы қажет. Бұл бағыт бойынша тілек білдіргендерді іріктеу балл беру арқылы жүргізіледі. Олардың балаларының санына байланысты және ерлі-зайыптылардың біреуі жетім немесе мүгедек болған жағдайда оларға да қосымша балл беріледі. Жас отбасының бір нәрестесі болған жағдайда 20 балл берілсе, одан кейінгі балаларының арқайсысына 30 балдан қосылып отырады. Яғни, бала саны көбірек отбасының мүмкіншілігі де көбірек. Және өтініш берушілердің меншігінде ҚР аумағында орналасқан баспаналары болмауы тиіс. «Жас отбасылар» бағыты бойынша баспана «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жинақтау жүйесімен беріледі. Банкіде есепшот ашқаннан кейін отбасы 8 жыл бойына үйдің құнының 50 пайызын жинайды, сонымен қатар, олар берілген пәтерде тегін тұрады. Үйдің құнының елу пайызы есепшотқа жиналған немесе мерзімінен бұрын салынған кезде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» қалалық тұрғын үй қорын есепке алу секторын хабардар етіп, хат жолдайды. Содан кейін қалалық әкімшілік ол отбасымен үйді сатып алу туралы келісімшарт жасап, отбасы пәтер құнының қалған 50 пайызын белгіленген мерзім ішінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» жылына 5 пайыздық өсіммен кері қайтарады.
«Жас отбасы» бағытының талаптарына сәйкес келмейтін азаматтар, мәселен, жастары 29-дан асқандар немесе балаларының саны келмейтіндер «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасының «Барлық санаттағылар үшін арналған тұрғын үй» бағытына қатыса алады. Бұл бағыт бойынша баспаналы болу үшін тілек білдіруші «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» есепшот ашып, баспана құнының 50 пайызын жинауы тиіс.
Биылдан бастап іске қосыла бастаған жаңа бағдарлама бойынша, азаматтардың кейін сатып алу үшін жалға алу бағыты бойынша баспаналы болу мүмкіншіліктері бар. Қаламызда бұл бағыт бойынша «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» мен «Самұрық Қазына» АҚ салған үйлер сатуға шығарылуда.
— Жалға алу бағыты бойынша, қазір тек қана бізде кезекте тұрған азаматтар үшін жолдама беріп жатырмыз. Кезекте тұрғандар алдымен өтініш тапсырады, сосын іріктеуден өткендердің тізімін біз «Қазақстанның ипотекалық компаниясына» жолдаймыз. Компания олардың төлем қабілеттерін тексергеннен соң төлем қабілеті расталғандарға кейіннен сатып алу үшін жалға беру пәтерлері ұсынылады. Жалға алу ақылары пәтердің жалпы құнынан шегеріліп отырады. «Самұрық Қазына» АҚ компаниясы да кейіннен сатып алу шартымен жалға беру пәтерлерін береді. Оның 1 бөлмелі пәтерін жалдау ақысы 45 мың теңге, 2 бөлмелі пәтердің жалға алу ақысы — 60 мың теңге шамасында. Бұл екі компания ұсынған үйлердің тиімділігі — пәтерді алған адам ешқандай алғашқы жарна төлемейді, — дейді Жанаргүл Дүйсекенова.
Қалалық тұрғын үй қорын есепке алу секторы биыл «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы барлығы 540 пәтер тапсыруды жоспарлап отыр. Оның 270 пәтері банктің өз клиенттері арасында, қалған 270 пәтері қалалық әкімдік берген тізім бойынша таратылмақшы. Ал, «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» тарапынан кейіннен сатып алу үшін жалға берілетін баспана саны — 77 пәтер.

Тапсырылатын пәтерлер

— 2011 жылдан бастап біздің банк жергілікті атқарушы органмен бірлесе отырып құрылысы аяқталған үйлердің пәтерлерін сату ісін қолға алды. Яғни, жергілікті атқарушы билік органы үй салады, ал банкіміз — мемлекеттік бағдарламалардың операторы ретінде сол үйдің пәтерлерін сатады. Жыл сайын шамамен 500-600 пәтерді сатып келеміз. Ескерте кетейін, бұл пәтерлер тек қана біздің банктің салымшыларына сатылады, — дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары Дархан Ыбырайым.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» 3 тамыз бен 30 қыркүйекке дейінгі аралықта 270 пәтерді сату үшін өз салымшыларынан арыз қабылдауда. Бұл пәтерлердің бағасы нарықтағы пәтер бағаларынан (нарықтағы бағалар — 160-180 мың теңге) төмен: жаңа пәтерлердің әр шаршы метрінің құны 100 мың теңге. 3-комфорттық деңгейге сәйкес салынған жаңа пәтерлер көшіп орналасуға дайын жағдайда тапсырылады. Бұл пәтерлердің барлығы «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы үйлерден беріледі.
Ал «Самұрық Қазына» АҚ жалға берілетін баспана үшін өтініш берушілерді өзі қабылдайды. Сосын олардың тізімдерін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» жолдайды. Банк тарапынан төлем қабілеттері расталған азаматтарға «Самұрық Қазына» АҚ жалға берілетін пәтерлердің кілттерін тапсырады.
— «Жас отбасылар» бағыты бойынша іріктеу, құжаттарды қабылдау қалалық әкімшілік тарапынан жүргізіледі. Биыл бұл бағыт бойынша 216 адамның тізімі келеді бізге. Құжаттарды қабылдау тамыздың 10-ы мен 15-і аралығында жүргізілді, — дейді Дархан Ыбырайым.
«Қазақстанның ипотекалық компаниясы» арқылы жалға берілетін пәтерлерге ие болғысы келетін азаматтар алдымен жергілікті атқарушы органдардың іріктеуінен өтеді. Одан кейін «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» тарапынан төлем қабілеті тексеруінен өтетін бұл бағыттың азаматтарға берер артықшылықтары туралы айтар болсақ, жалға алу мерзімі біткеннен соң тұрғын үй жалға алушының меншігіне өтеді, жалға алу мерзімі барынша ұзақ — 20 жылға дейін, сонымен қатар, айлық табысыңыз жетпей жатса, жақын туыстарыңызды кепілдік үшін тартуыңызға рұқсат беріледі.

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button