Басты жаңалықтар

Ғарышқа үшінші қазақ ұшты!

Гарышка2015 жылдың 2 қыркүйегі — қазақ халқы үшін тарихи күндердің қатарына енді. Кеше отандасымыз Айдын Айымбетов ғарышқа ұшты!

Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған «Союз-ТМА-18М» ғарыштық кемесі Ақтөбе уақыты бойынша 9 сағат 37 минутта көкке көтерілді. Халықаралық ғарыш стансасына (ХҒС) ұшырылған кезекті экспедицияның экипаж құрамында кеме командирі ресейлік ғарышкер Сергей Волков, бортинженерлер – Данияның алғашқы астронавты Андреас Могенсен мен Қазақстан Республикасының ғарышкер-сынақшысы Айдын Айымбетов бар. Дерек бойынша,  ұшырылғаннан кейін 10-шы минутта ғарыш кемесі зымыран тасығыштан бөлініп, «Союз ТМА-18М» жер төңірегіндегі орбитаға шығады. Ал ХҒС-мен «Союз ТМА-18М» кемесі ұшырылғаннан кейін екі тәуліктен кейін түйіседі деп жоспарланған.

Қазақпарат хабарлағандай, қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов пен Дания астронавты Андреас Могенсеннің, сондай-ақ қазіргі кезде орбитада жұмыс істеп отырған ресейлік ғарышкер Геннадий Падалкидің жерге оралуы 2015 жылдың 12 қыркүйегіне жоспарланған. Айдын бауырымыз ХҒС бортына Қазақстан Республикасының Туын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің туларын алып кетті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін Айдын Айымбетовпен телефонмен сөйлесу кезінде сәттілік тілеп, бұл сапардың отандық космонавтиканың одан әрі дамуына серпін беріп, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға септігін тигізетін атаулы оқиға екенін атап өткен болатын.

Тарихи күнді ақтөбеліктер де барынша салтанатпен атап өтті. Ақтөбе — ғарышкерлер бесігі. Кеңес Одағының батыры, ұшқыш-ғарышкер Виктор Пацаевтың, ғарышкер Юрий Лончаковтың туған жері. Оған қоса Ақтөбеде Талғат Бигелдинов атындағы Әуе Қорғаныс күштері институты, балаларға арналған ұшқыштар мектебі бар. Еліміздегі тұңғыш стационарлық планетарий де біздің өңірде орналасқан.

Бұл күні облыста бірнеше шара өткізілді. Ақтөбе облыстық планетарийінің ұжымы ұымдастырған шара «Ғарышқа ынтық жол» деп аталды. Кеңес Одағының батыры, ұшқыш-ғарышкер В.И.Пацаевтың ескерткіші алаңында өткізілген шараға

ардагерлер, мәдениет саласының қызметкерлері, Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтының қызметкерлері мен курсанттары және қала мектептерінің оқушылары қатысты.

Шара барысында планетарий қызметкерлері Қазақ ғарышкерлері, оның ішінде ғарышқа ұшқан үшінші қазақ Айдын Айымбетов туралы көптеген деректер айтты.

— Ғарышкер-сынақшы Айдын Айымбетов 1972 жылы 27 шілдеде қазіргі Алматы облысында дүниеге келді. 1993 жылы Армавирдегі жоғары әскери авиациялық училищені тәмамдады. 2003 жылы Қазақстан Республикасындағы ғарышкерлер жасағы құрамына енді. 2012 жылғы 12 қазанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1304 қаулысымен Айдын Айымбетовке Қазақстан Республикасының ғарышкері мәртебесі берілді. 2015 жылдың мамырынан бастап «Гагарин атындағы Ғарышкерлерді дайындау жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығында» дайындықтан өтті, — дейді облыстық планетарийдің бөлім меңгерушісі Бибігүл Мұстафина.

Шараға қатысқан Талғат Бигелдинов атындағы Әуе Қорғаныс күштері институтының курсанттары, болашақ ұшқыштар қазақтың үшінші ғарышкері Айдын Айымбетовтің ғарыштағы тұңғыш сапарына сәттілік тіледі. «Бүгін қазақ үшін тарихи күн. Айдын ағамыздың сапарының сәтті болуына тілектестігімізді білдіріп келіп тұрмыз. Біз қазақ ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіровті, Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетовтерді үлгі тұтамыз», — дейді Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтының курсанты Әзиз Дантаев.

Айдын Айымбетов отырған ғарыш кемесі ұшырылған сәтте, яғни, таңертеңгі 9.37-де Ақтөбе қалалық техникалық шығармашылық орталығының қызметкерлері де әуеге зымырандар ұшырды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button