Экономика

Теңге және қоғам

ТенгеЭкспорт көбейіп, импорт қысқарады

Теңгенің еркін құбылмалы айырбас бағамына жіберілуінің бірнеше себептері болды: мұнайға дүниежүзілік бағаның шұғыл төмендеуі, Ресей рублінің девальвациясы, кеше ғана орын алып отырған Қытай валютасы — юяннің құнсыздануы, тағы сол сияқты. Егер мұнай-газ саласы ел экономикасының 25,7 пайызын, бір жылдық экспортымыздың 69,8 пайызын құрайтынын, ал жыл басынан бері мұнай бағасының 18,5пайыз арзандағынын, Қазақстан экспортының 44,4 пайыз түсіп кеткенін, мемлекеттік бюджетке салықтық түсімнің 14,2 пайыз, ұлттық қорға аударылатын соманың 46 пайыз кемігенін ескеретін болсақ, осындай шараға баруымыздың қажеттілігі өзінен-өзі түсінікті болатыны айқын.

Енді теңгенің еркін айырбас бағамына көшудің қандай оң және теріс салдары бар деген сұраққа жауап беріп көрелік. Терең теориялық талдауға бой ұрмай-ақ, халыққа ұғымды тілмен түсіндіруге талпыныс жасайық.

Біріншіден, экспортқа шығарылатын өнімдердің бәсекелестік қабілеті жоғарылайды, нәтижесінде ондай өнімдерді шығаратын компаниялардың табыстары өседі. Айталық, мысалы, егер импортерлер 1 долларға бұрын 188,38 теңгенің өнімін сатып алса, енді 255,26 теңгенің өнімін сатып алады. Яғни импортер сол ақшаға бұрынғыдан көп тауар сатып алады, ал экспортер бұрынғыдан көп тауарын өткізеді және теңгеге шаққанда бұрынғыдан көп табыс табады. Мұндай жағдай экспорттық бейімділігі жоғары кәсіпорындардың рентабелділігін арттырады. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевпен өткізілген жиын барысында ірі бизнес өкілдерінің ризашылық білдіруінің астары осында жатыр.

Екіншіден, біз жоғарыда көрсеткеніміздей теңгенің долларға шаққандағы бағамы 20 тамыз күні 36 пайыз арзандады, ал бұл, 1 долларға шаққандағы импорттық тауардың құны 36 пайыз қымбаттағанын көрсетеді. Импорттық тауарлардың қымбаттауы отандық сатып алушылар үшін онша тиімді бола бермейді. Бірақ, олар тарапынан отандық сондай тауар өндірушілердің өнімдеріне сұранысты көбейтеді. Бұл ұлттық тауар өндірушілердің іскерлік белсенділігіне түрткі болады, олардың ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекелестік қабілетін күшейтеді. Сайып келгенде, еркін құбылмалы валюта бағамын енгізу экспорттың көбею, ал импорттың қысқару тенденциясын қалыптастырады, яғни сауда балансының теріс сальдосын азайтуға және оның оң сальдосына қолайлы ахуал жасайды.

Мойындау керек, осындай шаралар барлық мәселені шешпейді. Айталық, ішкі мүмкіндіктерімізді тиімді пайдалана алмауымыз жалпы баға деңгейінің өсуіне, яғни инфляцияның жандануына әкеліп соқтыруы мүмкін. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Үкімет отырысындағы сөйлеген сөзінде қалыптасып отырған жағдайға байланысты жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыру міндетін қойды. Осыған орай ҚР Үкіметі инфляция деңгейіне бақылау орнату (таргетирование) негізінде жаңа экономикалық саясатты іске асыру шараларын белгіледі. Бірден айта кетуіміз керек — бұл шараларды нарыққа толық бақылау орнату деп жаңсақ түсінбеу керек. Экономика барлық уақытта объективті заңдар әрекетіне тәуелді болады. Мақсат — экономикалық саясатты сол заңдарға бейімдеу қажет. Айталық, үкімет әлеуметтік маңызды тауарлар мен қызметтердің бәріне бағаны шектей алмайды (қазір Қазақстанда олардың 33 түріне бақылау орнатылып отыр). Ағылшын экономисі Альфред Маршалл айтқандай «төбе бағасы», яғни бағаның шекті деңгейінің табиғи кедергісі, ол — халықтың төлем қабілеті бар сұранымы. Бағаны одан әрі өсіру тауар өндірушілердің өздерін күйзеліске ұшыратады. Ондай жағдайға тап болмаудың, ішкі экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің шарты экономикада терең және жедел құрылымдық өзгерістер жасай отырып, өндірістің шикізаттық бағдарынан шығу, одан тәуелділікті барынша азайту.

Убайдулла МӘМБЕТОВ,

Қазақ-орыс халықаралық университетінің доценті.

Ақтөбе қаласы.

 

 

Жаңа серпін

Жаңа экономикалық саясат еліміздің ірі және жергілікті өнім өндірушілеріне үлкен жәрдем болды. Соның нәтижесінде Қазақстан экономикасы, соның ішінде мұнай-газ, тау-кен салалары, басқа да экспортқа өнім шығаруға мүмкіндігі бар өндірушілер жаңа серпін алады. Ал біз үшін теңге бағамының өзгеруінің маңызды болу себебі — салықтың бірден-бір көзі бұл. Оған түсетін мол қаржы негізінен осы мұнай, тау-кен өнімдерін экспорттаумен байланысты еді. Егерде теңге бағамына өзгеріс жасалмаса, салықтың көзі азая береді. Ал бұл түптеп келгенде, бюджеттік мекемелерге, зейнетақы алатын зейнеткерлерге, шәкіртақы алатын студенттерге қиындық әкелетіні сөзсіз еді. Экономиканы одан әрі дамытуды, инвестиция құюды тежейтіні тағы бар. Жаңа экономикалық саясаттың бір бағыты — экспортқа бағыт ұстаған кәсіпорындарды қолдау арқылы мемлекетке кірісті ұлғайтуға жағдай жасалды. Сондықтан бұған еліміздің әр азаматы түсіністікпен қарау керек.

Бұл шараның орта және шағын бизнеске септігі аз деген пікірмен де келісе алмас едік. Өйткені шағын және орта бизнестің ірі жобалары мемлекеттік бағдарламалардың аясында қаржыландырылып келеді. Демек, мемлекеттік бағдарламалардың, шағын және орта бизнестің тірегі — Ұлттық қор. Ал оның қаржысы экспортқа өнім шығаратын ірі кәсіпорындардың есебінен толығатыны тағы белгілі.

Сол себептен Ұлттық қорға түсетін қаржыны тиімді жұмсап қана қоймай, оған түсетін, толықтыратын қаржының да көзін қарастыру керек болды. Ал ұлттық қорға қаржы ірі өндірістер табысты жұмыс істегенде, сыртқа сапалы өнім шығарғанда ғана молырақ түседі.

Сонымен бірге, теңгенің бағамының еркін айналысқа жіберілмеуінен орта және шағын бизнес те зардап шеккенін ашық айтуымыз керек. Мұны рубльдің құны түскен кезде біздің жергілікті өнім өндірушілердің өнімінен де байқадық. Ресейден төмен бағамен сатып алынған өнімдер қаланың базарларын кеулеп кетті. Жергілікті өнімдердің сапалығына қарамастан, тұтынушылар арзан өнімге ұмтылды. Жергілікті өнімдер ұзақ уақыт өтпей тұрды. Біздің кәсіпкерлер барлық жерден, оның ішінде Ресей аймағындағы нарықтан да шегінуіне тура келді. Бұрынғы жеңіп алған орындарынан айрылды, немесе олары азайды. Ал нарықта орын алу — үлкен жұмыс. Ол үшін маркетинктік саясат болу керек, ұзақ уақыт зерттеу жұмыстары жүргізілуі қажет. Бәсекелесін нарықтан ығыстырудың жолдары мен тәсілдерін білу, меңгеру керек. Сондай үлкен еңбекпен алынған табыстар кешегі кезде кеміді. Енді рубльдің көтерілуіне байланысты біздің өндірушілер сыртқы нарыққа қайта кіретін болады, өткізетін өнімінің көлемі ұлғаяды. Ақтөбе қаласында «Рокс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шұжық өнімдерін шығарумен белгілі еді. Олар да өнімін азайтып алды. Сол сияқты «Айс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де сүт өнімдері кеміді. Жалпы қалада ұн тағамдарын шығару едәуір азайды. Осының бәрі рубьдің құнсызданып, ресейлік өнімдердің біздің базарларымызды жайлап алуымен байланысты орын алды.

Енді бүгінгі күні теңгенің еркін айналымға жіберілуімен байланысты біздің өнімдеріміз қайтадан жанданып жатыр. Сондықтан жаңа ақша-несие саясатына біз оң қарап, бұл алда экономиканың дамуына мүмкіндік беретін құбылыс, уақытында қабылданған заңды шара деп түсінуіміз керек.

Бұл жүргізіліп отырған экономикалық саясат отандық тауар өндірушілерге үлкен қолдау көрсетеді. Ал оның нәтижесі біздің кәсіпорындарымыздың өнімдерінің бәсекелестікке қабілеттілігін арттырады. Соның арқасында бүгінгі күні импортқа жол ашылып, жергілікті кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндіктер беріліп отыр.

Жаңа жағдайға байланысты біз экономиканың әр саласына бақылауды күшейтіп отырмыз. Қаладағы екінші деңгейдегі банктер мен сауда орындарында мониторингтер жүргізілуде. Олардың қорытындысы нарықтағы жағдайдың тұрақты, қалыпты екенін көрсетіп отыр. Қазіргі кезде шет ел тауарларының бағасы ғана белгілі мөлшерде өсіп тұр. Отандық, жергілікті тауарлардың көптеген түрлері, оның ішінде бакелеялық өнімдер, ұн, жарма, сұйық май, ет-сүт, шұжық өнімдерінің бағасы қалыпты. Бұл тауарлардың сауда орындарындағы және қоймалардағы көлемі де бізге белгілі. Бүгінгі күні бұл тауарлардың, жалпы азық-түлік өнімдерінің бағаларының өсуіне ешқандай негіз жоқ деп есептейміз.

Анар ДАРЖАНОВА,

Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы.

 

 

Дұрыс шешім болды

Жалпы дағдарысқа байланысты істеліп жатқан шаралар ғой бәрі де. Әлемдік нарықтың күрделенуі, шиеленісуі осыған мәжбүрлеп отыр. Әрине, мұның салдары шамалы уақытқа дейін қарапайым халыққа ауыр тиеді. Азды-көпті қолдарына ұстап отырған қаржылары, айлықтары бір сәтте құнсызданды.

Бір жақсысы, екінші деңгейдегі банктерде сақтап, депозиттерге салынған салымшылардың жинақтарын әлеуметтік қорғау туралы шаралар алынды. Осындай шаралар тұрғын үй жинақ банкі салымшыларына да көрсетілді. Бұл өте дұрыс шешім болды. Себебі, негізінен халықтың аз қамтылған бөлігінің тірнектап жинаған қаржысының күймегені, зиян шекпегені жақсы.

Алыс ауылдарда тұратын қарапайым отабасыларының жағдайы маған белгілі. Шағын шаруа құрып, жұмыс істегім келеді деп, біздің қорға 20-30 мың теңге несие сұрап келеді. Сондай аз көлемдегі қаржыға құс алып өсіріп, напақасын айырып отырғандар қаншама? Соңғы төрт-бес жылдықта осындай аз мөлшердегі қаржымен іс бастап, көп адамдар жағдайын жақсартты. Мен азаматтардың аз қамтылған бөлігі мемлекет тарапынан алда да теңгенің бағамының түсуінен қорғалуы керек деп есептеймін.

Ойрат ҚАЛМЕНОВ,

Аз қамтылған азаматтарды қолдау жөніндегі

қоғамдық қордың облыстық филалының директоры.

 

 

Өзіміз өнім өндірмей, табыс жоқ

Қазіргі жаңа экономикалық саясаттың негізгі бағыты отандық өндірісті дамытуды көздейді. Экспортқа бәсекелестікке төтеп беретін өнім шығаруымыз керек. Ал ел ішінде импортты бірте-бірте ауыстырып, өзімізден шығатын тауарларды, азық-түліктерді пайдалануымыз қажет.

Елбасымыз айтып отырған осы мақсаттарға жетпейінше, біз іргемізді берік нығайта алмаймыз. Кешегі кезде теңге бағамының тең болмауына байланысты ресейліктердің аты озды. Арзан көріп, бәрін сол жақтан тасыдық. Алайда кәсіпкерлердің бәрі бірдей одан пайда көрді деп айта алмаймын. Қайта зиян шектік. Соның бірі — мен. Теңге еркін айналысқа жіберілген кезде қиыншылық жағдайға түсіп қалдық. Мен де Ресейден тауар алып, жергілікті базарларға шығарып жүрдім. Негізінен алма, алмұрт, банан, жеміс-жидек саттық. Кейде оларды Польшадан, Белоруссиядан, Молдавиядан тасымалдадық. Бірсыпыра уақыттан бері жұмыс жасасқасын, олар бізді біледі. Сенімді болғасын, бізге тауарларын қолма-қол ақшасыз, ұзақ уақытқа несиеге де бере беретін. Сөйтіп ол қарыз едәуір қордаланды. Енді мынадай жағдайға тап болып отырмыз. Бұрын тауарды бір долларға 185 теңге төлеп алсақ, ақыр соңында 250 теңгеден төлеп есептесуге тура келіп отыр. Біз бұған ешкімді кінәлай алмаймыз. Бәрі — тауарды шет елден тасығанымыздың кесірі. Сондықтан сырттан тауар алуды қойып, отандық, жергілікті өнімдерді молайтуға көшуіміз керек. Соңғы жылдары өзім сапалы өнім өндіретін шаруашылық құруға бейімделіп жатырмын. Қаланың айналасынан жалға жер алып, биыл бірінші рет қарбыз-қауын, көкөніс өсірумен шұғылдандым. Қазір мен қалай болғанда да, жергілікті жерде өнімді өзіміз өндірмесек, табысқа жете алмасымызды түсіндім.

Батырбек ШАУЛЕНОВ,

«Бексұлтан» шаруа қожалығының басшысы.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button