Экономика

Жеті айдың көрсеткіші қандай?

Экономика

 

Еліміздің жаңа экономикалық саясатқа көшуі, теңгенің еркін айналымға жіберілуіне қатысты аймақтың жағдайы, өткен жеті айдағы облыс экономикасының даму көрсеткіші турасында облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Марат Балмұханов «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының баспасөз орталығында брифинг өткізді. Сондай-ақ, брифингке Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Анар Даржанова, қаладағы «Айс+» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысының орынбасары Қуантай Әбішов қатысты.

 

Салық түсімі артады, экспорт көлемі ұлғаяды

Марат Балмұханов еліміздің жаңа экономикалық саясатқа көшуіне, теңгенің еркін айналымға жіберілуіне байланысты облыстың экспорттаушы ірі тау-кен өндіруші кәсіпорындарынан бюджетке салық төлемдерінің түсімі артатынын, соның нәтижесінде экономиканың дамуында оң өзгерістер болатынын айтты.

Теңгенің еркін айналымға жіберілуі мұнай-газ компанияларының шығындарын азайтуға, сондай-ақ азық-түлік және тұтыну тауарларын өндірушілердің өндірісін әрі экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді, — деді М.Балмұханов.

Басқарма басшысының айтуынша, ағымдағы жылдың өткен жеті айында облыста өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 100,1 пайызға жеткен немесе 539,0 миллиард теңгеге өнім өндірілген. Әсіресе, металл кендерін өндірудің, «Қазхром» трансұлттық компаниясы» ационерлік қоғамының жаңа ферроқорытпа зауытының іске қосылуының нәтижесінде ферроқорытпа өндірісі, азық-түлік, оның ішінде күнбағыс майы, ұн өндірісінің көлемі артқан. Жеті айдың көрсеткіші бойынша аймақта мұнай өндірісі көлемінің төмендеуі байқалады. Бұл туралы М.Балмұханов: «Өткен жеті айдың қорытындысы бойынша аймақта мұнай өндірісі көлемі төмендеді. Бұған іс-әрекеттегі ұңғымалар үшін жерасты қысымының өзгеруі, кен орындарының сарқылуы және мұнайға деген әлемдік бағаның құлдырауы себеп болып отыр. Сондай-ақ, рубль бағамының түсуі де хром тұздары мен құрылыс материалдары өндірісінің көлемін төмендетуге әсер етті. Бүгінде әлемдік экономикалық өсу қарқынының төмендеуі сыртқы сауда көрсеткіштеріне де өз әсерін тигізді», — деді.

 

Екінші бесжылдық және бес жоба

Есепті кезең ішінде аймақта негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 145,2 млрд теңгеге жеткен. М.Балмұханов мұны Индустрияландыру картасына енгізілген жобалардың жүзеге асыруымен түсіндірді. Оның айтуынша, еліміздің Индустрияландыру картасына Ақтөбе облысынан 92 инвестициялық жоба енген. Барлығы 12,4 мың жұмыс орнын ашуды жоспарлаған жобалардың жалпы құны — 700,1 млрд.теңге. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудың алғашқы бесжылдығында облыста құны 547 млрд. теңгенің 74 жобасы жүзеге асырылды. Нәтижесінде шамамен 6,6 мың тұрақты жұмыс орны ашылыпты. «Жаңа нысандардың іске қосылуы нәтижесінде 2010 жылдан бері аймақта 950,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде ағымдағы жылдың өткен жеті айында аймақта 79,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Қазір біз елімізде жүзеге асырылып жатқан үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында жұмыстанып жатырмыз. Екінші бесжылдықта Индустрияландыру картасына жалпы құны 152,3 миллиард теңгеге бағаланған 18 жоба енгізіліп, іске асырылуда. Бұл — облыста 5,8 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін Индустрияландыру картасына құны 320,3 миллиард теңгеге бағаланған тағы да 5 жобаны қосуды жоспарлап отырмыз», — деді өз сөзінде М.Балмұханов.

 

Түркиялық тәжірибе

Қазір Ақтөбе қаласындағы жалпы аумағы 200 гектарды алып жатқан индустриалды аймаққа инфрақұрылым тарту жұмыстары аяқталуға жақын қалды. М.Балмұхановтың айтуынша, индустриалды аймақта химия, мұнай-газ, құрылыс, көлік салаларының дамуына бағытталған мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға түрткі болатын оншақты ірі және орта зауыт, сондай-ақ, 30-дан астам шағын кәсіпорын орналастыру жоспарланған.

Индустриалды аймаққа сыртқы инженерлік-коммуникациялық жүйелерді жүргізу ісі «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылып жатыр. Экономиканың бәсекеге қабілетті болуы — шикізаттық емес секторды дамыта отырып, инновациялық процестерге бет бұру. Сондықтан аталған аймаққа отандық және шетелдік инвесторлар тартылады. Биыл қыркүйек айынан бастап біз кәсіпорындарды қабылдауды жоспарлап отырмыз. Ең басты міндет — болашақта бұл аймақта қандай кәсіпорындардың жұмыс жасайтынын анықтап алуымыз қажет. Әзірге индустриалды аймақта жұмыс жасауға үш компания тапсырыс берді, — деді М.Балмұханов.

Басқарма басшысы бұл орайда шағын және орта бизнесті дамыту ісінде түркиялық тәжірибені сөз етті. «Жақында облыс әкімі бастап барған ақтөбелік делегация Түркияда болды. Құрамында аймақтық кәсіпкерлік палатасының, атқарушы биліктің өкілдері болған ақтөбелік делегацияға Түркия Республикасының Конья қаласында ұйымдастырылған өнеркәсіп аймағы таныстырылды. Түркия — бұл бағытта бай тәжірибеге ие. Біз ондағы іс жүргізудің, жұмысты жолға қоюдың барысымен таныстық, түрік кәсіпкерлерімен кездестік. Кездесу кезінде жергілікті атқарушы билік ретінде түркиялық кәсіпкерлерді өз жобалары бойынша Ақтөбенің индустриалды аймағындағы істерге қатысуға шақырдық», — деді М.Балмұханов.

Оның айтуынша, Түркияда кәсіпкерлерге, оның ішінде шағын және орта бизнестің тізгінін ұстағандарға мол мүмкіндік берілген. «Түркияда шағын және орта бизнеспен айналысушыларға мейлінше жеңілдіктер жасалған. Шағын кәсіпкерлік цехқа кіргенде өртке қарсы дабыл қондырғысын көрмедік. Мұндай жағдай бізде кездессе, онда құзырлы мекемелер бірінші күні-ақ кәсіпкердің жұмысын тоқтатар еді. Өйткені, өртке қарсы қызмет, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет бизнестің әрі қарай жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейді. Ал Түркияда барлығы еркін жағдайда жүреді. Ол жақта барлық жауапкершілік кәсіпкердің өзіне жүктелген. Егер кәсіпорын өртке оранып, болмаса басқа бір қауіпті жағдайлар туындаса, бұл іске кәсіпкердің өзі ғана жауап береді. Әрине, бұл біз үшін таңқаларлық жағдай», — деді ол.

 

Маркетинг жүргізу — басты мәселе

Брифингте Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Анар Даржанова бүгінде шағын және орта бизнестегілер үшін мемлекеттік бағдарламаларға қатысудың қолжетімділігін, іс жүргізудің барысы турасында айтты. Ақтөбе қаласында есепті кезең ішінде өндіріс көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға артқан. А.Даржанова мұны кіші және орта бизнестегілердің қызмет көрсету, сауда саласы, өндірістегі көрсеткіштерінің артуымен түсіндірді.

Қазір елімізде түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде осындай бағдарламаларға қатысып, мемлекет тұрғысынан берілетін қаражаттың кәсіпкерге жету схемасы жүйелі жүзеге асырылған. Қазір барлық мемлекеттік органдар регламентке сәйкес қызмет көрсетуде. Бағдарлама талабы бойынша жұмыстанса, кәсіпкердің мемлекеттік қолдауға ие болу құқы бар. Дегенмен кейбір кәсіпкерлер «тауар жүрмей жатыр» деген мәселені алға тартады. Бүгінгі нарыққа сәйкес тауарды шығару, технологияны әкелу әрі оны қондыру — бұл бастапқы жайт. Тауарды нарықта жүргізудің өзіндік жолдары да бар. Сондықтан интернет сайттарда тауардың бағасы, мөлшері, маркетингтік жолдары толық көрсетілуі тиіс. Сонда ғана тауар нарықта бәсекеге қабілетті жағдайда кең танымал болады. Қазір көпшілік кәсіпкер маркетингтік әрекетте тауарға зерттеу жүргізу мәселесіне көп көңіл бөлмейді. Заман талабына сай маркетингтік жолдарды білу керек, — деді А.Даржанова.

Ақтөбедегі мемлекеттік қолдауға ие болған іргелі кәсіпорындардың бірі — «Айс+» ЖШС. Былтыр бұл кәсіпорын Болгариядан сүтті бөтелкелерге құятын қондырғы әкелген.

Зауытты тұтастай автоматтандыру технологиясына көшіру үшін биыл неміс фирмасымен келісімшарт жасастық. Бұл бағытта мемлекеттік бағдарлама арқылы 780 миллион теңгеге қол жеткіздік. Жыл соңына дейін зауыт заман талабына сай жабдықталған технологиямен жұмыс жасайды. Зауытты қайта жабдықтаудың басты себебі — өнім құнын түсіру. Өйткені, ескі технологиялық әдіс бойынша қолға көп күш түседі. Осының нәтижесінде өзге өңірлерден шығарылатын сүт өнімдерінің бағасымен жергілікті тауар бағасын теңестіретін боламыз, — деді «Айс+» ЖШС директорының орынбасары Қуантай Әбішев.

Брифингте құзырлы мекеме өкілдері журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button