Әлеумет

Мектепке дайындығыңыз қалай?

Көп ұзамай кезекті оқу жылы да басталады. Қазір кез келген сауда орталықтарында мектепке даярлық маусымы қызып, ата-аналар мен балалар мектеп формасы мен оқу құралдарын саудалап жүр. Біз қаладағы бірнеше базарды аралап көрген едік.

Біз базарға барғанда…

Қай кезде болсын, әрбір адам мейлінше бағасы көңілге қонымды тауарды алғанды қолай көреді. Баласын жаңа оқу жылына дайындайтын ата-ана да солай. Құны жағынан қалтаны анау айтқандай қақпайтын қаланың ескі бөлігінде орналасқан Орталық базарға бірден барғанымыз сондықтан. Мұнда киімнің түр-түрі бар, оны сатып алушылардың да қарасы қалың. Білгеніміздей, мектеп жәрмеңкесі бұл базарда әлдеқашан басталып кеткен екен. Ал қажетті киімдердің орташа бағасы мынадай: ұл балалардың бешпет-шалбары — 3-15 мың теңге, жейдесі — 1800-4 мың теңге, қыздардың мектеп формасы 3 мың теңгеден жоғары. Шәкірттердің сабаққа ұстайтын сөмкесінің ең арзаны — 2 мың теңге. Киімнің сапасы талапқа сай болғанын қаласаңыз, әмияныңыздан бұдан әлдеқайда көп соманы шығарасыз.
— Жыл сайын мектепке қажетті киімдерді сатуға дағдыланғанмын. Биыл да сол үрдістен жаңылмай, Қырғызстаннан ұл-қыздарға арналған киім-кешектерді алып келдім. Осы жылы таңдау мол болды. Сірә, жылма-жыл киім өндірушілердің қатары артып жатса керек. Соған сай тауардың сапасы да айтарлықтай жоғарылады. Айталық, мектеп формасынан бөлек, фартуктың өзінің 7-8 түрі бар. Яғни өзгелерден ерекшеленемін деген балаға ешқандай кедергі жоқ.
Бұл салада бәсекелестік үдегенімен, киімдердің бағасында өзгеріс аз. Мендегі мектеп формасының орташа бағасы — 4 мың теңге. Бұдан қымбаты да бар.
Бір айтарым, қазіргі таңда сатып алушылардың талғамы өскен. Олар киімнің тігісіне дейін қарап, матаның сапасына мән береді. Сондай-ақ, киімнің қай жерден әкелінгеніне де баса назар аударады. Сөйте тұра, мектеп формасының онша қымбат болмағанын қалайды, — дейді саудагер Ақмарал Өлмесекова.
Оқушылардың әке-шешесімен бірге оны қазан айына дейін іздейтінін айтқан Ақмарал, іле-шала мектеп формасының сырмалы және ілгектісі һәм ұзын-қысқасы, т.б. түрлерін көрсетіп, өзінің үйреншікті жұмысына кірісіп кетті. Оның айтуынша, әсіресе, бастауыш сынып оқушылары жыл сайын киімдерін жаңартатын көрінеді. Ал оң-солын танып қалғандар мектептің тәртібіне сәйкес киінгеннен гөрі, спорттық, көше киімдерін саудалауға жақын екен.
Оқушылар киетін сыртқы киім мен аяқ киімді, жалпы маусымдық киімдердің бағасын қоса бағамдасақ, әр балаға кемінде 20-25 мың теңгенің жұмсалатыны хақ. Және бұл басы ғана…

Оқу құралдары: түрлері көп, таңдаулылары ше?

Сабаққа қажетті құрал-жабдықтардың аужайын білу үшін «Шығыс» базарын аралап көрдік. Бұл жерде де мектеп оқушысына қажетті дүниелер самсап тұр. Бірақ оның сапасы, эстетикалық сипаты қандай дегенде, еріксіз бас шайқауға тура келеді. Басқасын былай қойғанда, мектепке баратын әр ұл-қызда болуы тиіс күнделіктің мұқабасының өзі талапқа сай емес. Оның шетелдік әнші-актерлер бейнеленгені де, еліміздің бас қаламыз бен ұлы тұлғалардың суреттері барын да көптеп көзіміз шалды. Бір қынжылтқаны, жартылай жалаңаш жұлдыздардың бейнесі бар кеңсе бұйымдары әлі де «менмұндалайды». Және олардың үлес салмағы, басқалармен салыстырғанда, әлдеқайда басым.
Оқу құралдарына географиялық карта, есептегіш, сызба құралдары һәм қағаздарынан басқа, қаламсаптан бастап, күнделікке дейін жатады. Ал олар қанша тұрады? Сабаққа қажетті құрал-жабдықтардың бағасын орташа есеппен алатын болсақ (теңгемен): қалам — 10-250, карандаш — 20-60, түрлі-түсті карандаш — 100-650, дәптер — 9-70, күнделік — 200-500, сурет салуға арналған альбом — 40-250, сызғыш — 15-150, ұштағыш — 25-50. Біз ең қажетті деген бұйымдарды тізбеледік, әйтпесе, олардың түрі көп…
Балаларын мектепке даярлап, сабаққа қажетті құралдарын алу үшін Қобда ауданынан арнайы келген Гүлсім Қобжанқызының сөзіне қарағанда, кеңсе бұйымдарының өзіне он мың теңге кеткен. Екі баланың анасы география, сызу пәндеріне қажетті жабдықтарды әлі алмағанын, ең қажет деген заттарды ғана саудалағанын айтады. Оның бәрін қосып есептегенде, жұмсалған қаражаттың аз дегенде әлі де жартысы қажет. Ол бағалардың шарықтап тұрғанына наразы.
— Жыл өткен сайын бәрі қымбаттап жатыр, бағалар «ұшып» тұр. Мектеп құралдарына деп үйден алып шыққан ақшам таусылуға шақ қалды. Ал сатып алынбаған заттар әлі көп. Ұл-қызыма кейбір оқулықтардыда алуым керек.

…Қанша керек?

Баршасы да баласын мектепке шыттай қып киіндіруді қаласа да, көбісінің оған қолы жете бермейді. Сондықтан ата-аналар жаңа оқу жылына ұл-қызының ең болмағанда «бір киерін» жаңартуға тырысып бағады. Жоғарыда айтқанымыздай, әр баланың киімінің өзіне жоқ дегенде 20-25 мың теңге керек болса, сабаққа қажетті құралдарға кемінде 5-6 мың теңге жұмсалады. Ал оқулықтар — бөлек әңгіме. Олардың орташа бағасы — 12-15 мың теңге (бір сыныпқа қажетті комплект). Бәрін есептей келе, бір баланы мектепке дайындау үшін біраз ақша қажет.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

БІЗДІҢ ДЕРЕК

Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбекованың мәліметінше, өткен оқу жылғы дерек бойынша, облыста 119383 оқушы бар, ал мектептердің саны — 429. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, 1-сыныпқа бару үшін облыста 15 769 бала құжатын тапсырған. Олардың саны 30 тамызға дейін көбеюі бек мүмкін.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button