Әлеумет

Жігері жасымаған жандар

Бүгінгі күні Қазақ зағиптар қоғамы облыстық филиалының 800-ден аса мүшесі бар. Оның 500-і облыс орталығында тұрады.

Қос жанарынан айырылса да, өмірге деген құштарлығы ортаймаған жандардың бір бөлігі бүгінде білім алып, шығармашылық табыстарға жетсе, енді бірі қызмет етіп жүр.

 

Инватакси және 57 кепілдеме

 

Қазір «Ақтөбе облыстық зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің бар жұмысын 4 адам үйлестіріп отыр. Олар зағип жандарға бар жағдайдың жасалуын қадағалап, сондай-ақ, демеушілердің көмегімен денсаулықтарын, жеке басындағы мәселелерін шешуге көмектеседі. Олардың құқықтарын қорғайды.

  • Қазір бірлестікте заң саласы бойынша қызмет атқаратын маман жоқ. Алайда қажет болған жағдайда заңгерлердің көмегіне жүгінеміз. Сондай-ақ, зағип жандардың жұмыспен қамтылуы, жәрдемақыларын уақтылы алуын да бақылаймыз. Олардың мерекелік, мәдени шараларға қатысуына жағдай жасаймыз, — дейді бірлестіктің жетекшісі Гүлшара Жалғасова.

Өткен жылы зағип жандарды тасымалдауда біраз қиындық болды. Аталған мәселеге жауапты шенеуніктер «Инватакси келер жылы болады» деп уәделерін берген. Сондай-ақ, бірлестік жұмыс жасап жатқан ғимаратты да жөндеп беретінін айтқан-ды. Нәтижесінде биыл зағип жандарды тасымалдаушы инватакси шықты. Бірлестік жетекшісінің айтуынша, әзірге бір ғана инватакси қызмет көрсетеді. Ол мүгедектерді мемлекеттік ұйымдарға, заң жөнінде кеңес беретін кеңселерге, мерекелік шараларға апарып-әкеледі.

Гүлшара Мәлікқызының айтуынша, зағип жандар көбіне өздерінің Мәдениет үйлеріне барып, мәдени шаралар ұйымдастырады, үйірмелерге қатысады. Арнаулы кітапханада нүктелі-бедерлі кітаптар мен дыбыстық үнтаспалар арқылы көркем әдебиеттермен танысады. Мереке күндері бас қосып, өзара әңгіме-дүкен құрып, пікірлеседі.

Жалпы, көзі көруден қалған жандардың басым бөлігі әлеуметтік көмекке зәру, еңбекке жарамдыларының жұмысқа орналасуы қиын. Бірлестік жетекшісінің айтуынша, бүгінгі күні олардың 10 пайызы ғана жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, олардың арасында білім алып, жастар тәжірибесінен өтіп жатқандары да бар.

Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нәйла Бөртебаеваның айтуынша, биылғы жылы медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің шешімімен 57 адамға жұмыс жасауға кепілдеме берілген. Олардың ішінде 9 адам жұмыс жасауға өтініш білдіріпті.

— Жыл басынан бері жұмыспен қамту ұйымдары арқылы 7 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аталған жәрмеңкеге басқа тұлғалар сияқты мүмкіндігі шектеулі азаматтар да шақырылды. Нәтижесінде үш адам жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, өтініш білдірген екі адам тұрақты жұмысқа орналасты. Қазір оның біреуі облыстық қорғаныс істері жөніндегі басқармаға, енді бірі жастар тәжірибесіне «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігіне жіберілді, — дейді Н. Бөртебаева.

Осындай қиындықтарға қарамастан жанарынан айырылған жандар қоғамнан тыс қалмай өмір сүріп келеді. Олар көзі көрмесе де, еңбекке құштар. Сондықтан оларға әр кез демеу қажет-ақ.

 

Өмірге құштар жан

 

Қоғамдық бірлестікті басқарып отырған Гүлшара Жалғасова — I топ мүгедегі. Бұл қызметке келгеніне аз уақыт болса да өз жұмысына төселген ол бірлестік мүшелерінің жағдайын жақсартып, олардың қоғамнан шет қалмауына бар күшін салып жүр.

Менің бұл қызметке келуімнің басты себебі — өзім секілді жанарынан айырылған мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету, көмектесу. Қажет кезінде оларға кеңес беріп, түрлі іс-шараларға қатысуына жағдай жасау.

Қазір біздің бірлестікте мектеп жасындағы балалардан бастап 90 жасқа дейінгі 800-ден астам адам бар. Олардың дені — жол апатынан, әр түрлі аурулардан зардап шегіп, жанарынан айырылған азаматтар. Сондай-ақ, туғаннан көзі көрмейтіндері де бар. Алайда олардың көзі көрмегенімен дендері сау, көкірегі ояу. Жұмыс істеуге мүмкіндіктері келеді. Әрі бірлестік мүшелерінің арасында домбыра, гитара, баян сынды музыкалық аспаптарда шебер ойнайтындары да бар. Өзім спортқа құштармын, — дейді ол.

Гүлшара туғаннан жарық дүниені көрмесе де, ата-анасы мен бауырларының қолдауымен, қамқорлығымен басына түскен қиындыққа мойымағанын айтады. Ертеңгі күніне үмітпен қарап, өз армандарының орындалуы үшін еңбек етіп, алға ұмтылады. Сырт көздің сынағанына қарамастан, өз ортасында белсенді болып, түрлі спорттық, тәрбиелік шараларға атсалысады. Тағдыр тәлкегіне еңбекқорлығының арқасында төтеп беріп жүрген ол өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайды.

— Әркімнің пешенесіне жазылғаны болады ғой. Бұл мүмкін, маған берілген сынақ болар. Алайда мен ол үшін өмірден үмітімді үзбеймін. Алға ұмтыламын. Өзімнің ойымдағы армандарымды жүзеге асыру үшін бар күшімді саламын, — дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде Гүлшараның бұл өмірдегі бар сүйеніші мен қызығы — қызы Ақнұр. Ол биыл 1-сыныпқа барады. Анасының ақылшысы мен қолғанаты болып жүрген кішкентай қыз мектепті үздік бітірсем деп армандайды.

 

Қуаныштың мақсаты

 

Қос жанарынан айырылса да, болашағына сеніммен қарайтын Қуаныш Ақпақов та Гүлшара секілді еңбекқор жандардың бірі. Ол бес жыл бұрын көзіне ота жасатып, ақырында екі көзі көруден қалады.

Бала кезімде басымнан қатты жарақат алып едім. Соның салдарынан есейе келе көзім ауырып, дәрігерлердің көмегіне жүгіндім. Алайда ауруымды асқындырып алыппын. Қолдан келер басқа шара болмады, — дейді ол.

Қуаныш қазір Ақтөбе медициналық колледжінде массаж жасаушы мамандығы бойынша білім алуда. Тобында өзімен бірге оқитын I, II топтағы мүгедек жас қыз-жігіттер бар. Олар да Қуаныш сияқты әр түрлі себеппен жарық дүниені көруден қалған. Оқуларын аяқтаған соң олар қаладағы емханаларда массаж жасаушы болып жұмыс жасамақ. Қазір массаж жасаудың өзіндік қыр-сырын үйреніп жүр.

Мен Ақтөбе политехникалық колледжінің мұнайшы мамандығын тәмамдаған едім. Алайда денсаулығымның салдарынан жұмыс жасамадым. Бірақ бұлай болар деп кім ойлаған? Мені емдеген дәрігерден қалай болды деп сұрағанымда «ертерек емделгенде мүмкін тәуір болып кетер ме едің, амал не, сырқатың ауыр» деген еді. Менің тағдырым солай жазылған болар, шыдамдылық танытуға тура келеді. Ендігі мақсатым — жұмыс жасап, қоғамға, адамдарға бір пайдамды тигізу. Мұның өзі мен үшін үлкен бақыт , — дейді Қуаныш.

 

Данагүл ҚАЗИХАН.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button