Әлеумет

ЕСКЕРТКІШТЕРГЕ КІМ ИЕ БОЛАДЫ?

  • Мұра

Бүгінде қазақ жерінің киелілігін ұғындыратын ата-бабаларымыздың ізі қалған тарихи мекендерді зерттеуге үлкен мүмкіншіліктер ашылды. Биыл жыл басында облысымыздың елді мекендеріндегі әртүрлі бағыттағы тарихи ескерткіштерді анықтау, зерттеу жұмыстары белгіленген еді. Соның бірі ретінде жаз мезгілінде Байғанин және Шалқар аудандары аумағындағы археологиялық, архитектуралық барлау экспедициясы кезекті жоспарлы жұмыстарын жүргізді.

Аты аңызға айналған батырларымыз, әулие бабаларымыз аз болмағаны тарихтан белгілі. Елді мекен аумағындағы экспедициялық зерттеу барысында республикалық дәрежеде қорғауға алынған XVIII-XIX ғ.ғ. бірегей сәулет өнерінің ескерткіштері Асан-Қожа, Қарасақал, Дәуімшар қорымдары мен байырғы архитектуралық құрылыс тұрғысында салынған Сүндет және Тоқпан мавзолейлері өз ерекшеліктерімен көзге түсті. Зерттеу жұмыстары барысында қорымдарды қорғау, құрылыс салуды реттеу және қорғалатын табиғи ландшафты аймақтарын белгілеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, бұл қорымдар қазіргі таңда тозып, қоршалмаған соң, оған мал да, ит- құс та кіріп жатыр. Еріккен жастар ол жерлерге аты-жөндерін жазып, «қолтаңба» қалдырып кетіп жүр. Міне, осының бәрін тыйып, айналасын тазартып, бұл ескерткіштерге қамқорлықпен қарайтын уақыт жетті деп ойлаймын. Ескерткіштерді қорғау, сақтаудағы өзекті мәселелердің бірі — жер мәселесі. «Бүгін бұл ескерткіш тұрған жердің иесі кім?», «Ол жер кімге бекітіліп берілген?», «Ертең кімдікі болады?» Міне, осы сұрақтарға жауап табу керек. Қазір ол жерлерде ие жоқ, олай болса ескерткіштерді қорғап, сақтап отырған да, оған жауап беретін де ешкім жоқ. Сондықтан жергілікті әкімшілік, мұндай жерлерді қоршап, өз қамқорлығына алуы тиіс. Халық үлкен қазынаның үстінде отыр. Сол қазынаны көздің қарашығындай қорғап сақтау — сол жердегі ел басқарған азаматтардың, өлкетанушылардың, зиялы қауымның міндеті.

 

Фархад ДОСМҰРАТОВ

Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының бас инспекторы.

 

 

  • Мерейлі отбасы

 

БІЗ — ӘСКЕРИЛЕРМІЗ!

 

Ақтөбе облысындағы әскери салада қызмет ететіндердің көпшілігі Иманғалиевтер отбасын жақсы біледі. Әскерилер династиясының ұрпақтары бұл салада бірнеше жылдан бері үзіліссіз қызмет етіп келеді.

Отағасы Бақыткерей Иманғалиұлы Ақтөбе облыстың Ішкі істер басқармасына қарасты КА-168/1 мекемесінде 27 жыл қызмет еткен. Жолдасы көзі жұмылғанша қызмет сапында жүрген, өзі де Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде еңбек майданында бел шешпей жұмыс жасаған отанасы Төлебике Иманғалиева да әскери саланың қыр-сырын бір кісідей біледі. Себебі кіндігінен өрген үш ұлы да әке жолымен осы саланы таңдапты.

Үйдің үлкені Шайхраслам Бақыткерейұлы бүгінде құрметті демалыста. Алайда қол қусырып қарап отырмай, Астана қаласындағы күзет бөлімшелерінде жұмыс жасап жатыр. Ол Ақтөбе ІІБ бөлімшелерінде ширек ғасыр елге қызмет етіпті.

Ортаншы ұл Шаяхмет Иманғалиев бұл салаға 30 жылын арнаған. Ақтөбе облыстық ІІД түрлі бөлімшелерінде қызмет етіп, департамент Штабы басшысының орынбасарлығына дейін көтерілген. Осы қызметінен демалысқа кеткен полиция полковнигі бүгінде арнайы әскери күзет қызметімен айналысатын «Глобус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Ақтөбедегі филиалының директоры.

Үйдің кенжесі Нұрахмет Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің бөлімшелерінде 16 жасынан бастап қызмет еткен. Өкініштісі, полиция майоры Н.Иманғалиев департаменттің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі басшысы қызметінде жүрген кезінде дүниеден өтті.

— Әкеміз аға контроллер болып қызмет етті. Кішкентай кезімізде бізді өз әскерлеріндей көретін. Темірдей тәртіпке, әрқашан әділ болуға һәм қайырымды болуға үйретті. «Ертең-ақ өсіп, ержетесіңдер. Сол кезде әрқайсысыларың өз таңдауларыңды жасап, белгілі бір маман иесі боласыңдар. Қандай салада жүрсеңдер де, өз қызметтеріңе адалдықты сақтаңыздар», — дейтін. Үлкен ағам ішкі істер саласында кезекші көліктің жүргізушісі болды. Қылмыстарды жедел ашу кезінде кезекші көлікті жүргізушіге үлкен жауапкершілік жүктелетіні белгілі. Ол үнемі сергек әрі сақ болуы тиіс. Бірнеше жылғы мінсіз еңбегі үшін ағам түрлі медальдармен, құрмет белгілерімен марапатталды. Соңымнан ерген інім тіпті жанып тұрған жігіт еді. Қиын балалармен жұмыс жасайтын бөлімде қызмет етті. Оқу бітіріп, әскери борышын өтеп келгеннен кейін ойланбастан екі ағасы қызмет етіп жатқан салаға қойып кетті. Ол жұмысына шын берілген қызметкер болатын. Қиын балаларды анықтау, оларды дұрыс жолға салу, кәмелетке толмағандар арасында қылмыстарды ашу сынды жұмыстарда уақытпен санаспайтын. Балалардың ата-аналары да келіп, алғыстарын жаудырып кететін еді. ІІІ дәрежелі «Мінсіз еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Өкініштісі, 1997 жылы мезгілсіз дүниеден өтті, — дейді Шаяхмет Иманғалиев.

Ағайынды үш жігіттің балалары да ата жолын, әке жолын таңдаған. Шайхрасламның ұлы Бақытжан Ақтөбе облысының ІІД түрлі бөлімшелерінде қызмет еткен. Шаяхметтің балалары да осы салада жемісті еңбек етіп жатыр.

— Қызым Мәдина полиция майоры, өрт сөндіру және апатты-құтқару жұмыстары мекемесінің аймақтық оқу орталығында оқытушы болып қызмет етеді. Екінші қызым Динара ішкі істер басқармасы Елек бөлімінің кәмелетке толмаған балалар ісі жөніндегі ювеналды полициясының учаскелік инспекторы. Үшінші қызым банк саласының маманы. Ал інім Нұрахметтің ұлы Әзиз Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің заң шығарушы департаментінің сарапшысы, — дейді Шаяхмет Иманғалиев.

Әскерилер отбасы Қазақстанның ішкі істер саласында қызмет ете отырып, осы саланың дамуына титтей де болса үлес қосқандарын мақтаныш тұтады.

 

М.САТАЕВА.

 

  • Балалар

 

ШУАҒЫН ТӨККЕН «КҮНШУАҚ»!

 

Жаз – балалардың асыға күтетін мезгілі. Каникул мезгілінде балалардың бірі ауылға ата-әжелеріне барса, енді бірі лагерлерьде демалғанды ұнатады.

Кішкентайлардың демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында Хромтау ауданы Бөгетсай ауылындағы Бөгетсай мектеп-гимназиясы жанындағы «Күншуақ» жазғы демалыс лагері жұмыс жасайды. Мұнда жас ұрпақтың бос уақытын тиімді пайдалануды, оны мағыналы, мәнді өткізуге септігін тигізетін түрлі шаралар өткізіліп тұрады. Мәселен , «Велоспорт» сайысы балалар үшін ең қызықты жарыс болса , «Асығың алшысынан түссін» , «Көңілді старт», «Сәнді киімдер шеруі» сайысы (табиғи материалдармен жұмыс) , «Құм терапиясы» , «Кел, балақай, жүзейік» , «Менің балалық шағым» фотокөрме байқауы, «Кел, балақай, балық аулайық?!» сынды шаралар ұйымдастырылады.

Мектеп-гимназия жанында ұйымдастырылған бұл лагерь ІІ кезеңнен тұрады. Әр кезеңде 50 бала 15 күн демалады. Ең алдымен мұнда аз қамтылған оқушылар қамтылады. Лагерьде аға тәлімгерлер, тәрбиешілер спорт нұсқаушылары мен медбикелер белсенді жұмыс жасап жатыр.

 

Азель ЖАНҚҰЛОВА,

«Күншуақ» жазғы демалыс алаңының аға тәлімгері.

 

 

  • Жеңіс-70

 

МЕНІҢ АТАМ

 

Менің атам Шортан Рамазанұлы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, жау оғынан жараланыпты. Мен оны мұрағаттарда сақталған атамның өз қолымен жазылған өмірбаянынан оқыдым.

Атам 1906 жылы Торғай уезі Қобда болысы №1 ауылда кедей шаруаның отбасында өмірге келген. Ауылда кәсіби диқаншы болған. Кейін белгілі бір себептермен Ақтөбеге қоныс аударып, қаладағы баспаханада жұмыс істеген. Содан соң Қостанайдағы 3 айлық кооператив курсінде оқып, ауылға келіп, сатушы болып істеген. Кейін өзі сұранып далалық бригадир міндетін қолына алған.

«1939 жылдары Темір қаласындағы басқармалар даярлайтын 3 айлық курста оқып, 1939 жылы июнь айында Аққұдық колхозына партияның ұсынысы бойынша басқарма болып қызмет істедім», — деп жазады атам.

Ал 1942 жылы 3 сәуір күні Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған атам 1944 жылы мамыр айында жаралы болып ауылға оралған. Кейінгі ұрпақ соғыс туралы жайсыз нәрселерді көп білмесін деген болуы керек, соғыс жылдары туралы жазбасында ешқандай дерек қалдырмапты.

Елге келген соң да жаралымын деп қол қусырып отырмаған, аяқ-қолсыз келген жауынгерлермен бірге менің атам да колхоз жұмысына араласқан. Колхоз председателі, Қобда аудандық атқару комитетінің жанындағы коммуналдық шаруашылықтың меңгерушісі, партияның ұсынысы бойынша Қарабұтақ ауылдық советінің председателі, «Әлия Молдағұлова» колхозының шаруашылық бөлімінің басшысы әрі прораб болып жұмыс жасаған. Менің атам екінші топ мүгедегі болса да, өле-өлгенше еліне, халқына қызмет етіп кеткен. Соғыстан ауыр жараланып келген менің атам сынды талай жауынгердің көрген бейнетінің қаншалықты ауыр екенін біз біле бермейміз. Олар бізге бейбіт өмір сыйлап кетті. Сондықтан біз, кейінгі ұрпақ, сол аталардың бізге аманаттап кеткен бейбітшілігін көздің қарашығындай сақтауымыз керек.

 

Бекет АСАНҰЛЫ,  

оқушы.

Әлия ауылы, Қобда ауданы.

  • Жастар

 

СӘКЕННІҢ СПЕКТАКЛІ

 

Бадамшаға жақында келген жас актер Сәкен Бекетаев қарғалылық жастардың өміріне тың серпін әкелді. Жас актердің режиссерлік қабілеті де бар екен. Оның қойылымдары облыстық деңгейдегі мамандардың жоғары бағасына ие болып жүр.

Жас актердің бадамшалық жастар мен жасөспірімдерден құрған театры жуырда Әлия Молдағұлованың туғанына 90 жыл толу тойына арналған облыстық байқауда жүлдегер атанды.

Сәкен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің көпсалалы колледжінде оқыған. Облыстағы театр саласының майталмандарынан тәлім алған ол бүгінде жастарды соңына ертіп жүр. Ол аудандағы Мәдениет үйінің жанынан ашылған драма үйірмесіне жиналған шәкірттерінің бойындағы түйірдей талантты шыңдап, өз ісінің шебері болуға титтей де болса үлесімді қоссам деп армандайды.

— Мүмкін бұл үйірмеге келетін жастар болашақта актер болмас, дегенмен сахнаның киесін түсінеді, өзін-өзі еркін ұстап, ойын жеткізе білуге үйренеді. Ұстазым Орал Байсеңгір: «Мәдениет пен өнер әлсіресе, қылмыскерлер көбейеді» деген еді. Өнер адамгершілікке, өзгелерді түсінуге үйретеді. Нағыз өнерлі бала қылмыс жасамайды, сондықтан жастарды жаныма жинасам деймін, — дейді ол.

Қазір Сәкен жетекшілік ететін драма үйірмесінде 20-дан астам жас бар. Олар бірнеше қойылым әзірлеп үлгерді. Жақында жас өнерпаздар батыр Әлия Молдағұлованың туғанына 90 жыл толу тойына арналған қойылымын аудан жастарының назарына ұсынды. Мамыражай тіршілікті дүр сілкіндірген «Говорит Москва!» деп бастаған Юрий Левитанның Екінші дүниежүзілік соғысы туралы жариялауымен түрілген шымылдық, ұлын соғысқа аттандырған ананың зары, қазақтан шыққан қос батыр қыз Әлия мен Мәншүктің майдандағы өмірінен үзінділер, қан майдан айырған ғашықтар… Осының бәрін бір сахнаға сыйдырған концерт-спектакль өте әсерлі өтті. Майдан даласындағы оқтың ысқырығы тынши сала, Сапураға хат жазған Әлияның нәзік үні көрерменнің көзіне жас үйірді. Арманда кеткен қыршындардың тыныштық туралы, біз бен сіздің қазіргі өмірімізді аңсауы бүгінде уысымызда тұрған бейбіт өмірдің қадірін білдіргендей болды. Майдан туралы түрлі қырынан көрсетілген көріністер әнмен әрленіп жатты.

Ауыл адамдары Сәкеннің бұл қойылымын жоғары бағалады. Үлкендер жағы баталарын беріп тарасты.

Сәкеннің алдына қойған мақсаттары көп. Сатира жанрына дендеп барғысы келеді. Әсіресе, бүгінгі қоғамдағы жемқорлықты қатал сынға алатын қойылым қойғысы келетінін айтады. Және қарғалылық жастарды бастап гастрольдерге барғысы келетінін де тілге тиек етті.

 

Индира СПАНОВА,

Қарғалы ауданы.

 

 

  • Тағзым

 

ЕСІМІ ҚҰРМЕТТЕЛДІ

 

Жеңістің 70 жылдық мерекесі құрметіне Мұғалжар селосында осы өлкеден Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлердің рухына арнап мемориалдық тақта орнатылды. Ескерткіш тақтаға 46 ардагердің есімі жазылған.

Бұл істің нәтижелі аяқталуына Мұғалжар қиыршық тас зауытының директоры болған Төлепбай Сәрсембаев демеушілік көрсетті. Жеңістің құрметіне арналған шаралар мұнымен шектелмейді. Ұлы Отан соғысының ардагері, селолық советтің тұңғыш төрағасы қызметін атқарған Ғұбайдулла Қалмағамбетовтің рухына арнап село әкімдігі ғимаратына естелік тақтайша орнатылды.

Ғ.Қалмағамбетов 1924 жылы туған. Өмірінің жеті жылын соғыста өткерген ол елге аман-есен оралды. Соғыстан кейінгі жылдары ауылдың өркендеуіне сүбелі үлес қосып, халық үшін қызмет етті. Оңтүстік-Батыс, үшінші Украина, бірінші Беларусь майдандарына қатысқан ардагер соғыста көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен және бірнеше медальмен марапатталған. Мен Ғ.Қалмағамбетовпен 1972 жылдың 1 наурызынан бастап қызметтес болдым. Село хатшысы болып еңбек еткен жылдарымда өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көрген ардақты ағадан көп нәрсені үйрендім. Ол ақылды, байсалды, келбетті кісі болатын. Ғ.Қалмағамбетовпен қатар қызмет еткен үш жылымда мен біраз тәжірибе жинақтап, кейін сол ағайдың ізін жалғадым.

Есімі ел есінде сақталған ағалардың атын ұрпақ жадында жаңғыртып, тәрбиелік тағылымы мол істің басы-қасында жүрген село әкімі Ғамал Дәрімбетов, ақсақалдар алқасының төрағасы Қуандық Әжіғұловтардың есімдерін атап кеткен жөн. Осындай ізгі де игілікті іске Ақтөбе қаласында тұратын Мұғалжар стансасының бұрынғы тұрғындары да мұрындық болып отыр.

 

Бәтима КЕНЖЕБАЕВА,

зейнеткер.

Ақтөбе қаласы.

 

 

  • Ассамблея-20

 

МЕН ҚАЗАҚТЫҢ КЕЛІНІМІН

 

Орыстың қызы Елена — қазақтың келіні. Қобда ауданының Терісаққан ауылында тұратын Нұрлан Мұрзабековтің отбасы шағын ассамблея сынды. Екі ұлттың өкілін махаббат, сенім тоғыстырған.

Нұрлан отбасындағы сегіз баланың екіншісі. Сүйген жары Еленамен шаңырақ құрғанына биыл 21 жыл болды.

— Әскери борышымды атқарып келген соң, алысқа кетпей, ауылдың қызы Еленамен отбасын құруға бел будым. Екеуміз бір мектепте оқыдық, тіпті көрші тұрдық. Әрине, біздің отбасы құруымызға бірнеше кедергі болды, бірақ бәріне төздік. Ақыры, ата-аналарымыздың ақ батасын алдық. Жолдасым Ақтөбе медициналық колледжін аяқтап, ауылға келіп, медбике қызметіне орналасты. Өзім қазіргі таңда шекарашы болып әскери қызметте жүрмін. Қызымыз Эльвира болашақта заңгер болмақ, қазір студент, — дейді Нұрлан.

Елена түскен елінің салт-дәстүрлерін жақсы біледі, шамасы келгенше орындауға тырысады. Қашан көрсең де, дастарқанында қазақтың ұлттық тағамдары самсап тұрады. Жұма сайын жеті нан жасап, көршілерге үлестіреді. Ұлыстың ұлы күнінде қазаны көжеге толы. Марқұм болған атасына құран бағыштауды ұмытпайды. Қарт анасының алдында иіліп тұрады.

— Қазақтың мен жақсы көретін бір қасиеті — бауырмалдығы, көпшілдігі. Қазақтың ағайын-туысы өте көп, олар бір-бірімен жай ғана рулас болса да, туған бауырлардай араласа береді. Ал туған бауыры үшін тіпті жанын қиюға әзір тұрады. Қазақтың осы қасиеті қатты ұнайды, — дейді Елена.

Елімізде ынтымағы жарасқан отбасылар баршылық. Мұрзабековтер отбасы — еліміздегі сондай мерейлі шаңырақтардың бірі.

 

Гүлшат СИНГАРАЕВА.

Қобда ауданы.

 

  • Құрмет

 

ЕЛГЕ ОРАЛҒАН МЕРГЕН

 

1941 жылы Ақтөбе қаласында101-ші дербес ұлттық атқыштар бригадасы жасақталып, оның құрамына Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай, бұрынғы Орал, Гурьев облыстарынан 18-20 жас аралығындағы жастар шақырыла бастады.

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Калинин совхозының (қазіргі Құрылыс) тұрғыны 20 жастағы жалындаған жас жігіт Бәйімбет Құлымбаев те 101-ші дербес ұлттық атқыштар бригадасына шақырылып, ұрыс қимылдарын жүргізу тәсілдері бойынша мергендер тобында оқу-жаттығуға қатысып, майданның алғашқы күнінен бастап иығына снайперін іліп, ұрысқа кіріскен.

Ржев плацдармын бұзуға оң жақ қанаттан Батыс, сол жақ қанаттан Калинин майдандарының негізгі күштері жұмылдырылған. Сол майданда жауынгер Бәйімбет те жанын аямай ерлік көрсеткен.

«Әкеміз Бәйімбет взвод командирі Далбаков, 101-ші дербес атқыштар бригадасының командирі Мұса Сәдібеков және парторг Ерекеновтермен майдан даласының қиыншылықтарын, катерлі кезеңдерді бірге өткізгенін, талай қазақ жігіттері кеудесін от пен оққа төсегенін өз көзімен көргенін күрсініп айтып отырушы еді», — дейді балалары.

Бәйімбет ата 1943 жылы майданда қатты жараланып, госпитальға түсіп, 1944 жылы елге оралған. Екінші дүниежүзілік соғыс Жеңіспен аяқталғаннан кейін туған жері Ырғыз ауданының жолдамасы бойынша Темірдегі техникумына түсіп, 1946-1947 жылдардағы зоотехник мамандығының алғашқы түлектерімен қатар оқу бітірген. Одан соң казіргі Әйтеке би ауданы «Басқұдық» кеңшарында зоотехник болып қызмет атқарды. Мінсіз қызметі үшін партия қатарына қабылданған.

Сол жылдары отбасын құрып, әйелі Рахманмен бірге тың игеруге қатысқан.

Псков совхозында ерлі-зайыпты екеуі бірдей еңбек ете жүріп, тоғыз бала тәрбиелеп өсірген.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді. Алпыстан асқан шағында дүниеден өткен Бейімбет атаның артында ұл-қыздары, ұрпағы қалды. Олар ата есімін мақтан тұтады.

Соғыс ардагері Бәйімбет Құлымбаев суреті бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Ұлы Отан соғысы залының» экспозициясында сақтаулы. Жеңістің 70 жылдығына арналған шара барысында қызы Эльмира Басжанова осы кезге дейін әкесінің көзіндей көріп, үйінде сақтап келген құжаттарын музей қорына тапсырды.

Біздің бейбіт болашағымыз үшін от кешкен аталардың, әжелердің ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес.

 

Жаңылған ДАНАБАЕВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері.

 

 

Оқырман хаттарын топтастырған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button