Жастар

Сабина: кәдімгі жатақханада тұрамын

Өткен жылы ойда жоқта қытайлық журналистердің назарын аудартып, соның арқасында әп сәтте жарты әлемге танымал болып үлгерген жас волейболшы Сабина Алтынбекованы таныстырып жатудың өзі артық. Ақтөбелік спортшы қыз туралы жарыса жазып, хабар түсіріп жатқандар әлі де көп. Оның сыры — аспан асты елдің жерлесімізді жапондық анимация кейіпкеріне ұқсатып, «сұлулық символы» деп жариялауы. Бір қызығы, дүйім жұртшылық оған көз тігіп, жан-жақтан түрлі ұсыныстар түсіп жатса да, Сабина өзін әдемімін деп есептемейді.

Алматыда жүрген атағы жер жарған ақтөбелік аруға хабарласып, одан аз-кем сыр суыртпақтауға тырысқан едік.

 

— Сабина, саған деген басқалардың асқан қызығушылығы Қытайда өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатынан кейін артты деседі. Оны өзің жарыстың алғашқы күнінде-ақ сезіндің бе?

— Иә. Осының бәрі сол жақтағы жергілікті телеарналардың бірі мені таспаға түсіріп, жапондық анимация кейіпкерінен аумайды деп хабар таратқаннан басталды. Алғашында бәрі бірнеше күн айтып, кейін басылатын шығар деп ойлағанмын. Бірақ мені іздеушілердің қатары күн санап артпаса, кеміген жоқ. Бір жағынан, бұл менің бойымда әлдебір үрей туғызды десем болады. Шетелдегі газет-журналдар кезек-кезек нөмірлерін маған арнап, суреттерім және мен жайлы мәліметтерді басып тұрды. Содан кейін АҚШ-тағы ақпарат құралдары да маған қызығушылық таныта бастады. Кейін бұған етім үйреніп кетті.

Чемпионаттан елге оралған соң, әлгіндей жағдай мұнда да жалғасты.  Шыны керек, бұған алғашында мен де, отбасым да қатты таңғалдық. Әрине, елеп-ескеріп, мені құрметтеп жатқан халыққа ризашылықтан басқа айтарым жоқ.

— Аз уақытта танымал болған қалай екен? Даңққа бөленгеннің өзіндік шарапаты бар шығар.

— Ең алдымен әлеуметтік желілердегі менің парақшама тіркелушілердің саны күрт артты. Санаулы сағаттардың ішінде маған жазылушылардың қарасы бірнеше мыңнан асты. Осыдан-ақ менің өміріме қызығып, тікелей байланысқысы келетіндердің баршылық екенін аңғарғандаймын. Өз қолымен суретімді салып, жылы лебізін білдіріп, тіпті «маған тұрмысқа шықшы» деп жатқандар әлі де толастар емес. Арнайы іздеп келіп, қолтаңба сұраушылар да көп. Осы жағынан болмаса, өмірім айтарлықтай өзгерген емес. Сол баяғы жұрт қатарлы тіршілік кешіп жатырмын. Қазіргі таңда Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «дене шынықтыру және спорт» мамандығының 1-курсында грант негізінде оқып жүрмін. Кәдімгі жатақханада тұрамын (күліп). Сонымен қатар, өзіңізге белгілі, Қазақстанның жастар құрамасы мен «Алматиночка» волейбол клубында ойнаймын. Мені әрдайым қолдап, білмегенімді үйретіп отыратын ондағы жаттықтырушыларым Анатолий Дьяченко мен Людмила Перевертоваларға алғысым шексіз.

— 14 жасыңнан волейболмен кәсіби тұрғыда айналысады екенсің. Бұл өзіңнің қалауың ба?

— Әлбетте. Мен бұл спорт түрімен Ақтөбеде шұғылданып бастадым. Әуелі Олег Муренко жетекшілік ететін «Казхром» клубында тәжірибе жинадым. Кейін 16 жасымда алматылық клубтың сапына ауыстым. Волейболмен айналысқаныма еш өкінбеймін. Бұл — менің жүрек қалауым. Қазіргі таңда спорт шебері атағына үміткермін. Болашақта да өзімді тек қана спорт саласында көремін.

— Алайда түрлі жарнамаларға түсуге шақыртушылардың қарасы қалың екенін естідік. Өзіңді бұл жағынан сынап көргің келмей ме?

— Жоқ. Жер-жерден «біздің өнімімізді жарнамалашы, қомақты қаржы төлейміз» дегендердің көптігіне қарамастан, әуелгі мақсатымнан айнымаймын. Мен елімді тек спорттағы жетістіктеріммен танытқым келеді.

— «Путь домой» деген киноға түскелі жатқаныңды құлағымыз шалды…

— Бұл «Қазақфильм» тарапынан қолға алынып жатқан көркем туынды. Елімізді танытатын, жастардың патриоттық сезімін арттыратын және спорт жайлы картина болғандықтан, оған актриса ретінде түсуге келісімімді бердім. Түсірілім жұмыстары осы жазда басталады деп жоспарланып отыр.

— Спортшының карьерасы тым ұзаққа созылмайтыны белгілі. Орта жастан асқаннан кейін өзіңді қай салада елестетесің?

— Әдетте волейболмен 35-40 жасқа дейін айналысуға болады. Одан кейін жаттықтырушы болмақ ойым бар. Сондай-ақ, университеттегі оқуымды аяқтаған соң, халықаралық қатынастар мамандығын игеріп шығуды мақсат етіп отырмын.

— Әлгінде сені сұлу деп жатқандардың көптігін айттық қой. Сабина Алтынбекованың өзі кімді көрікті деп есептейді екен?

— Несін жасырайын, мені хас сұлу деп жатқандардың пікірін онша қабылдай алмаймын. Өзімді ажарлы дейтіндей «модель» емеспін ғой. Және өмірімде біреудің ажарына қызығып, соған еліктеп көрмеппін. Бір айтарым, әр адам өзінше сұлу, бастысы соны аңғара білсек болды. Әрі біреудің сыртқы кейпіне қарап, пір тұтатындарды өз басым түсінбейді екенмін.

— Сенің Ақтөбеден екеніңді білеміз. Туған өлкеңе қаншалықты жиі келіп тұрасың?

— Соңғы рет өткен жылдың жаз айында жолым түсті. Онда да апамның ұзатылу тойы болғандықтан, жаттықтырушыларым бір күнге ғана жіберді. Бізде күніне екі мезгіл жаттығу ғой, әрі сабағым бар, ешқайда шыға алмаймын. Бірақ туған-туыстарыммен күн сайын хат-хабар алысып тұрамын.

— Мұнда сені кім күтеді?

— Ағайын-туманың бәрі осында ғой. Отбасымызда үш қызбыз, апам Гүлдана психолог болып жұмыс істейді, сіңлім Карина 4 жастан енді асты. Әкем Абай мен анам Нұрипа — қазақы тәрбиеленген қарапайым адамдар. Ата-әжем бар. Олардың бәрі Ақтөбеде тұрып жатыр.

— Әңгімеңе рақмет!

 

Әңгімелескен Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button