Спорт

«Ақтөбе-96» – чемпион!

Қазақстан премьер-лига клубтарының 1996 жылы туған ізбасарлары арасындағы ел біріншілігінде ақтөбелік футболшылар чемпион атанды.

Ағайынды Игорь және Андрей Прохницкийлер жаттықтыратын жасөспірімдер үшін жеңіс оңайлықпен келмеді. Шымкент қаласында өткен бірінші тур ойындарын сәтті аяқтаған жерлестеріміз екінші турда да суырылып алға шықты. Жақында Тараз қаласында өткен үшінші ақтық турда біздің балғын футболшылар Сәтбаев қаласының «Қазақмыс» және Павлодардың «Ертіс» командаларын 3:2 есебімен жеңді. Жергілікті «Таразбен» 1:1 есебімен тең ойнаған ақтөбеліктер жалпы жинаған ұпайы бойынша өзге командалардан оқ бойы озық болып, Қазақстан Республикасының чемпионы атанып, кубокты жеңіп алды. Біздің командадан Аманғос Аманжолов «Ең үздік жартылай қорғаушы», Игорь Бут «Ең үздік қорғаушы» болып табылды.

Чемпиондар Қазақстан Футбол федерациясының вице-президенті Сейілда Байшақов қол қойған дипломдармен марапатталды.

28 тамызда Тараздан оралған команданы «Ақтөбе» футбол клубының, облыстық спорт, дене тәрбиесі және туризм басқармасының басшылары, ата-аналар күтіп алды. «Ақтөбе – чемпион!» деген плакаттар көтерген қаланың жас спортшылары мен жанкүйерлер вокзал маңын мерекеге айналдырып жіберді.

Әрине, жеңіс оңайлықпен келмеді, – деді бапкер Игорь Прохницкий. – «Жаттығуда қиын болса, ұрыста оңай болады» деген, команда ойыншылары мұндай жетістікке ауыр жаттығулардың, тер төгудің арқасында жетті. Біздің ойыншылар кейбір төрешілердің тарапынан болған кедергілерге қарамастан, тек чемпиондық үшін күресті. Намысты қолдан бермеді. Өзімізді дәлелдей білдік. Команда ойыншыларына және қолдау көрсеткен ата-аналарға зор алғысымды білдіремін.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button