Әлеумет

Қорғансыз…

… Достарымен күліп-ойнап, жастық шақтың қызығын көретін 19-дағы бойжеткеннің түн батқанда көз ілмей, бауырлары мен шешесіне білдіртпей қыстығып жылайтыны, қолынан ештеңе келмейтінін, дәрменсіздігін білсе де, күн ұясынан шыққанда тағдырына қасқайып қарсы тұрарлық күш табатын қажырлылығы ешкімді бейжай қалдырмасы анық.

Айнұр Мамырова 19-да. Соңынан ерген үш бауыры бар. Әкесі науқастанып қайтыс болған. Қазір ол дәрігерлер бар үмітін үзіп, ауруханадан үйіне шығарып жіберген науқас анасы Алтынгүл Білтаеваны бағып отыр. Аты жаман ауруға шалдыққан  41-дегі жас келіншектің жағдайы тым ауыр…

2013 жылы Алтынгүлдің жолдасы қайтыс болды.

— Бірінші жолдасым жүрек талмасынан қайтты. Ол уақытта Әйтеке би ауданының Ақтасты деген жерінде тұрдық. Балалармен жалғыз қалған соң нағашы апам Ақтөбеге көшіріп алып келді. Кейін екі балама әке болсын деген ниетпен ауылдағы басы бос ер-азаматпен бас қостым. Алайда екінші жолдасым эпилепсиямен ауырады екен. Оны кейін білдім. Жұмыс жасай алмайтын. Сондықтан үйде балалардың жанында отырды. Отбасын бағып-қағу менің міндетім еді. Таңның атысы, күннің батысы ауыр-жеңіліне қарамай жұмыс жасай беретін едім. Мекемелерде еден жудым, басқа да жұмыстар жасадым. Қақаған қыста суық сумен он қабатты ғимараттарды жуған кездерім де болды, — дейді Алтынгүл Білтаева.

… 4 баласы бар отбасы Рысқұлов көшесіндегі жатақханалардың бірінде тұрды. 15 шаршы метр кішкентай ғана бөлме. Сонда 6 адам тұрып жатты. 2013 жылдың бір күнінде Алтынгүл әдеттегідей жұмысқа кеткен. Үйдің үлкені Айнұр әкесіне, бауырларына түскі ас әзірледі. Нағашы атасы ауырып, қатты әл үстінде жатқан соң ең кішкентай бауырын ертіп, сонда бара жатып әкесіне: «Тамақ пісті, балаларды тамақтандырарсыз», — деп кетіп қалды.

— Жолда келе жатсам, үйдің бірінші қабатындағы дүкенде бірге жұмыс жасайтын қыз телефон соқты. «Әкең терезеден құлап кетті», — деді. Дереу үйге қарай жүгірдім. Келсем, жерде жатқан әкемнің бетіне ақ мата жауып тастапты. Есімнен танып қалыппын… Кейін бақсам, науқас әкем терезенің қасында темекі тартып тұрып,  балаларды тамаққа шақырамын дегенде, өзі-өзіне ие бола алмай құлап кетіпті, — дейді Айнұр.

Осыдан кейін анасының да ауруы меңдеген. Енді үйдің бар тірлігін 16-17-дегі қаршадай қыз өз мойнына алды. Анасы ауырып қала беретін болды.

—  Осыдан екі жыл бұрын ауырып, дәрігерге қаралдым. Бірден жатыр мойны ісігі деген диагноз қойып, ауруханаға жатқызды. Ауруханада үш жылдай жаттым. Химиятерапия да алдым. Бірақ бетім бері қарамады. Содан дәрігерлер үйге шығарды. Ота жасатуға денсаулығым жарамайды деді. Үміт жоқ деді… — дейді Алтынгүл Білтаева.

Ауруханадан шыққан соң Алтынгүл жатақханаға келе алмады, балалардың айқай-шуын көтере алмады. Алтынгүлді амалсыз апасы үйіне алып кетіп, бақты. Ал шиеттей бала-шаға тағы да қаршадай қыздың жауапкершілігінде қалды. Әкеден айырылған балалар шешеден тағы да алыстады. Бірақ арада 3-4 ай өткенде анасы балаларын сағынып, үйіне оралды. Қазір оның да, үш кішкентайдың да жалғыз қорғаны — 19 жастағы Айнұр. Тамақ жасау, балалардың киімін бүтіндеу, анасының дәрілерін алып келу, оның күтімі, тіпті науқас шешесіне екпе салу да соның міндеті.

— Екпені әуелгіде медбикелер өздері келіп салып жүрді. Кейін жедел жәрдем шақыратын болдық. Соңғы уақыттары екпені өзім салып жүрмін. Себебі анамның жағдайын дәрігерлердің бәрі жақсы біледі, түсінеді… Жедел жәрдем шақырғанымен, ауруханаға алып кетпейді. Сондықтан егуді үйреніп алдым. Күніге бірнеше рет егемін, — дейді Айнұр.

Әкесі қайтқанда Айнұр байланыс колледжінің бірінші курсын тәмамдаған болатын. Қаршадай қыз анасына қолғабыс етпек болып, еден де жуды, кафелерде даяшы болып жасады, қоғамдық көлікте кондуктор да болды. Түнгі сағат 3-терде жұмыстан келіп, таңғы сағат 7-де тұрып, сабағына барады, одан кешке келіп тағы да жұмысына кетеді. Бірақ сонда да анасына қарап «уф» деп, ауырсынған емес. Анасы төсек тартып жатып қалғанда колледжді жаңа бітірген Айнұр жатақхананың бірінші қабатындағы дүкенге сатушы болып орналасты. Кішкентай бауырларын сүйреп жүріп жұмысқа барады, келеді. Анасына екпе салу үшін үйіне жүгіріп кетеді. Бірақ, анасы әлсін-әлсін ауырып қала беретін болған соң нәпақасын айырып отырған ол жұмыстан да кетуге мәжбүр болды. Себебі науқас анасына сағат сайын екпе салуы керек…

Қазір отбасы 15 шаршы метр жатақханада бес адам болып тұрып жатыр. Жатақхана Алтынгүлдің апасының меншігі. Бауыры осындай қиын жағдайға тап болғанда ақысыз тұра тұруға осы жатақхананы беріпті. Ол да болса қорғансыз отбасына үлкен көмек. Алтынгүлдің өзі 2007 жылы тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға берілетін мемлекеттік тұрғын үй кезегіне тұрыпты. 16 мыңнан астам адам тұрған кезекте Алтынгүлдің отбасы шамамен 1600-інші болып тұр. Одан да әзірге үміт жоқ. Ал қаршадай қыздың осы қиындықтарды нәзік иығымен көтеруден басқа амалы қалмаған.

— Әрине, қатты қиналамын. Бірақ қиналғанмен, Алланың басқа салғанын көтеруге тура келеді. Кейде анама, бауырларыма көрсетпей жылап аламын. Көп нәрседен қорқамын… Әсіресе, бауырларымнан айырылып қалам ба деп қатты қорқамын… —  Айнұр бота көздері мөлдіреп жылап жіберді, —  Жасым әзірге 21-ге толған жоқ, үстімде үйім жоқ, жаман айтпай, жақсы жоқ, бір жағдай бола қалса, бауырларымды менен тартып ала ма деген ой жанымды жегідей жеп қойды…

Арманым бар… Үй алып, бауырларымды азамат қылып өсіргім келеді… — дейді.

Олардың баспана сатып алуға шамасы жоқ. Балаларға берілетін жәрдемақы мен науқас әйелге  берілетін зейнетақымен ғана күнелтіп отыр. Үміт күтетін ешкімі жоқ.

 

P.S.

Үлкен қаладағы кішкентай ғана қорғансыз отбасына көмек керек.

Үш бала мен науқас келіншектің жалғыз сүйеніші де, тірегі де, қорғаны да 19-дағы қаршадай қыз Айнұр. Ал Айнұрға кім қорған болады?.. Белгісіз…

Бәлкім, сіз көмектесерсіз, оқырман?..  12 айдың сұлтаны Рамазан айында мұсылманның мұсылман бауырына көмек қолын созғаны —  үлкен сауап деседі.  Айнұр мен оның отбасы есіңізде жүрсінші…

 

Көмек қажет ететін отбасына қолдау көрсетемін деген азаматтар үшін деректемелер:

БИЛТАЕВА АЛТЫНКУЛ МЕРАЛИЕВНА

АО «Народный банк Казахстана»

ИИК KZ966010002003543589

ИИН 740324401634

 

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

2 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button