Таным

Ораза кезіндегі әңгіме

Ел білетін «күнәһар»

Осман елінің патшасы IV Мұрат (1623-1640 жж.) қарапайым киініп, көмекшісімен бірге ел ішін аралауға шығады. Ондағы мақсаты — елдің жағдайын, тұрмысын өз көзімен көру. Бір кезде анадай жердегі үйде қараң-құраң адам жиналып тұр екен. Жақындай беріп қараса, даулы мәселені талқылап жатқан секілді. Сөйтсе, бір адам қайтыс болып, оның жаназасының шығарылуына талас болып жатыр екен. Себебі әлгі қайтыс болған адам, көршілерінің айтуынша, тапқан ақшасына арақ не болмаса арзан қыздарды үйіне алып келеді екен. Содан көршілері бұл кісіні күнәһар, оның жаназасы шығарылуы тиісті емес деп шешсе керек. Патша қайтыс болған кісінің әйелін тауып алып, мәселенің мәнісін сұрайды. Сонда әйелі:

— Менің күйеуім жұрт айтқандай күнәһар емес. Ол өзі адал жұмыс істеп, намазын қаза қылмайтын. Иә, күйеуім арақ сататын жердегі арақтарды шамасы келгенше сатып алып үйге әкелетіні рас еді. Әкеліп төгіп тастайтын. Ондағы мақсаты — бір адам болсын бұл арақты ішпесе екен деген тілек. Ал енді көбірек ақша тапса, көше жағалаған түнгі көбелектерді ақшасын беріп үйге әкелетіні де рас еді. Бірақ та, үйге кіргізіп: «Мына қызды жөнге сал, ақыл айт», — деп маған тапсыратын. Мен ол қызға бұл жұмыстың харам екенін айтатынмын. Бір үзім нан болса да адал жолмен келсе, тәтті болатынын құлағына құйдым. Сен өзің күнәһар болып қана қоймай, өзгелерді де күнәһар қыласың деп түсіндіретінмін. Кейбірі еріксіз жылап жіберетін. Бұл айтқандарыммен қыздар да келіскендей болып, енді қайталамайтындай басын изеп кететін. Ар жағы не болып жатқаны бір Аллаға мәлім.

Бұл сөздерден кейін Мұрат патша қайтыс болған кісінің жаназасын оқып, арулап жерлеп, шын ықыласпен беріліп, ол кісі үшін дұға жасайды. Кейін әйелі әлгі кісілерден жөн сұрайды. Мұрат патша өзінің Осман елінің басшысы екенін жеткізеді. Әйелі аң-таң қалады. Неге таңғалғанын сұрағанда, патша екенін білгендігіне емес, басқа нәрсеге таңғалғанын айтады. Оны былай жеткізеді:

— Күйеуіме: «Сенің бұл істеп жүргенің дұрыс емес, ел не ойлайды? Ертең өлгенде жаназыңды шығаратын адам табылмаса не істейсің?» — деп, соны уайымдаушы едім. Ол болса: «Қорықпа, менің не істегенімді Алла көріп тұр. Мен өлсем жаназамды патшаның өзі келіп оқитын болады. Әлі-ақ көресің» — деп, жеңістік бермеуші еді. Қайран күйеуім, қалай біліп айтқан?

Сонда Мұрат патша:

— Расында сіздің күйеуіңіз әулие болған. Біздің елден осындай керемет адамның шыққанына мен қуаныштымын, — деген екен.

 

«Маған да сауап керек»

Ардақты Мұхаммед пайғамбарымызбен (с.ғ.с) қасиетті сапарға шыққан бір жолы мұсылмандарға көлік жетіспеді. Бар көлік – жетпіс түйе, екі ат еді. Түйелерге өзара кезектесіп мінуге тура келді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен хазіреті Әли (р.а.), Мәрсәд (р.а.) үшеуіне бір түйе тиді.

Жаяу жүру кезегі Алла елшісіне келгенде, жанындағы екі сахаба ілтипатпен:

«Уа, РасулАлла! Көлікте отыра беріңіз, біз-ақ жаяу жүре берейік», — дейді. Сонда Пайғамбарымыз бұған келіспей:

«Сендерден менің еш айырмашылығым жоқ, біріншіден, көбірек жаяу жүретіндей екеуің менен әлді емессіңдер. Екіншіден, маған да сауап керек қой», — деп жымиыпты.

 

Жұмақтағы көрші

Мұса пайғамбар Аллаға жалбарынып, өзінің жұмақтағы көршісі кім екенін білгісі келіпті. Сонда Жәбірейіл періште: «Пәлен деген қаланың түген деген ауылындағы бір қасапшы сенің жұмақтағы көршің болады» — деп хабар жеткізеді. Мұса пайғамбар таңғалып: «Қасапшы дейсің бе?» — деп қайта сұрайды. «Иә, қасапшы!». Содан Мұса Пайғамбар сол қасапшыны көру үшін жолға шығады. Айтылған ауылды іздеп табады. Қасапшыны да өз көзімен көреді. Алыстан арып-ашып келгенін көрген қасапшы Мұса пайғамбарды үйіне әкеліп қонақ етеді. Бірақ үйге келісімен: «Қонағым, жайғасып отыра тұр. Менің өте тығыз шаруам бар» — деп, көрші бөлмеге шығып кетеді. Мұсаның санасы санға бөлінеді. «Бұл қасапшы не істейді екен? Жұмақта пайғамбармен бірге болатындай қандай іс жасайды екен?» деген ой мазалай береді. Сол-ақ екен, қасапшы мейіздей боп қартайған, жасы жүзден асқан бір кейуана қартты қолымен көтеріп әкеліп, дастарқанға отырғызады. Дереу-дереу әкелген тамағын жегізе бастайды.

«Бұл кім?» — дейді пайғамбар. «Менің анам» — дейді қасапшы.
Міне, мәселе сонда ғана белгілі болады. Ана! Ананың қызметі жай адамды пайғамбармен бірге жұмаққа кіргізеді.

 

 

Жұмақтан шыққан дауыс

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Миғражда Алла Тағаланың құзырына көтерілгенде, Жәбірейіл періште жаннат пен тозақты көрсетті. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

— Жаннаттан әсем әуенмен оқылған Құран дауысын естідім,— дейді.

Оқып отырған дауыс та өте таныс. Дауысы жаннатқа жетіп тұрған бұл қай бақытты құл екен деп, Алла елшісі қайран қалды. Жәбірейіл періштеден сұрап еді: «Бұл Харисатубни Нұғман деген анасының қызметін жасап жүрген жігіт қой» — деді. Сонда Пайғамбарымыз: «Анаға жақсылық деген осы, анаға жақсылық деген осы, анаға жақсылық деген осы» — деп қайталай беріпті.

 

Ораза ұстадың ба, ұстамадың ба?
Тақуа кісілердің бірі Сануси өзін сәт сайын Алла Тағаланың бақылап тұрғанын сезінгенде жанын қоярға жер таппай кететін. Өйткені Жаратушы иеден қатты қорқатын. Күнара ораза ұстайтын. Қолындағысын қанағат тұтатын, өзі бермесе, ешкімнен көз сүзіп ештеңе сұрамайтын. Ораза ұстаған кей күндері: « Аузың берік пе?» — деп сұрағандарға: «Шынымды айтсам, ораза ұстадым дей алмаймын, ұстамадым да дей алмаймын» — деп күмілжи жауап беретін. Ораза ұстағандықтан «ұстамадым» дей алмайтын. Алайда менікі қабыл болатын кәміл оразаға жата ма, жатпай ма деген іштегі күдікпен «ұстадым» деуге де аузы бармайтын.
Оның рухани тереңдігін білмейтіндер:

— Өзіңнің ауыз бекітіп, бекітпегеніңді білмейсің бе? — дегенде, ләм-мим деп жауап берместен, жай ғана күлімсіреп қоятын…

 

«Алдына келгенде шындық айтылмайтын

халифада қайыр жоқ»

Хазреті Омар (р.а) халифа болып тұрған кезінде бір күні Үбай ибн Кағб деген сахабаны қасына шақырып алды. Сөйтті де өзі қасиетті Құранды оқып отырып, оған тыңдатты. Қателесіп мүлт кеткен жерлері болса түзетіп отыруды өтінді.  Содан бір аятқа келгенде, хазреті Омар қателесіп қалды.  Кеткен қатені түзетіп болып, әлгі сахаба оған былай деді: «Әй, Омар! Мен бұл аятты алғаш рет сүйікті Пайғамбарымыздың қасиетті аузынан  естіген болатынмын.  Мен бұл аятты оның аузынан естіп отырғанымда,  сен «Бақи» базарында сауда-саттықпен айналысып жүргенсің», — деді. Сахабаның дәл осылай шындықты айтқанына қуанған Омар: «Жақсы айттың, бауырым. Мен негізі, сені сынау үшін осылай оқыған болатынмын. Менің қатемді айтар ма екен, айтпас па екен» дегенмін. Өйткені алдына келгенде шындық айтылмайтын халифада да, шындықты айтпайтындарда да қайыр жоқ» — деген екен.

 

Өлімді ұмытпа, Омар!
Омар ибн Хаттаб (р.а.) халифа болған кезінде біреуге әділетсіздік жасап қояр ма екенмін деп қатты қорқады екен. Сол себепті өз ақшасына бір адам жалдап, күн сайын маған өлім туралы ескертіп тұр деп тапсырма береді. Сол күннен бастап ол кісі Құдайдың құтты күні Омарға келіп: «Өлімді ұмытпа, әй, Омар!» деп ескертіп кетеді екен. Арада бірталай уақыт өтті. Бір күні осы ескерту тағы да жасалғанда, хазреті Омар әлгі адамға былай деді: «Сен енді бұл жұмыстан боссың, бауырым. Енді маған сенің ескертуің қажет емес».
— Не болып қалды, Омар? — деді.
— Мына менің сақал-шашымның бозғыл тартып ағарғанын көрдің бе? Бұлар енді маған күн сайын өлім жайлы ескертіп тұратын болады, — деді қайран халифа.

 

Ніл қалай тасыды?

Мысыр елі Омардың (р.а.) ел басқарған халифалығы тұсында мұсылмандардың қолына өтті. Мысырды мұсылмандардың қол астына қаратқан даңқты қолбасшы Амр ибн Ас еді.

Мысыр халқы оған өздеріндегі әдет-ғұрыптарды таныстыра келіп:

— Ей, қолбасшы! Біздің салт-дәстүріміз бойынша маусым айының он екінші түні тұрмысқа шықпаған жас қызды барынша сәндеп, әдемі киіндіреміз. Сөйтіп, Ніл өзеніне тастаймыз. Біз бұны Ніл өзені арнасынан тасып, маңайындағы егіндіктерді суғару үшін жасаймыз, — деп түсіндірді.

Амр ибн Ас мысырлықтарға:

— Бұл исламға мүлдем жат нәрсе. Ислам діні бұрынғы барлық жаман әдеттерді жойды, — деді.

Алайда сол жылғы жазда Ніл өзенінің суы тасымай, Ніл жағалай күн көретін халық құрғақшылыққа ұшырап қатты қиналды. Жұрт жапа-тармағай көше бастады.

Амр ибн Ас болса жағдайды баяндап, халифаға хат жіберді. Хатты алған Омар (р.а.) былай деп жауап жазды:

«Сен өте орынды істепсің. Исламның бұрынғы жаман әдеттерді жойғаны да рас. Саған хатпен бірге тілдей қағазға өзінше бөлек жазу жіберіп отырмын. Сол бір жапырақ қағазды Ніл өзеніне тастарсың».

Амр ибн Ас әлгі айтылған тілдей қағазға көз тастағанда онда былай деп жазулы тұр еді:

«Алланың құлы әрі мүминдердің басшысы Омардан Мысырдың Ніл өзеніне!
Ей, Ніл! Егер сен осы уақытқа дейін өз күшіңмен ағып келсең, онда бұдан былай ақпай-ақ қой. Алайда құдіреті күшті бір Алланың бұйрығымен ағып келсең, онда Алла Тағаладан бұдан кейін де сені толассыз ағызып, арнаңнан тасытуын тілейміз».

Хазрет Амр халифаның дегенін істеп, қағазды Ніл өзеніне тастайды. Таңертең Ніл суы арнасына сыймай, тасып кетті. Содан бері Ніл заңы әлі күнге дейін өзгерген емес…

muftiat. kz, muslim. kz, mazhab.kz сайттарынан алынып, әзірленді.

 

 

ХХХХХХХ

МҰХАММЕД ПАЙҒАМБАРДЫҢ ХАДИСТЕРІ:

 

Кімде-кім адамдармен қатынаста қайырымсыз болса, ол Алла алдында да сондай қайырымсыз.

ххх

Білімі жетпейтін нәрсеге пәтуа айтқан адам оны істегендердің күнәсін арқалайды. Кімде-кім ақиқатты біле тұрып, теріс кеңес берсе, қиянат жасаған болып есептеледі.

ххх

Кімде-кім қылмысына өкініп, кешірім сұраған адамға кешірім жасаса, оның қателіктерін де Алла қияметте кешіреді.

ххх

Әлдекім ұрлық екенін біле тұрып, бір нәрсені сатып алса, сол ұрлықтың күнәсіне ортақ болады.

ххх

Кімде-кім өтеу ниетімен қарыз алса, оған Алланың өзі жәрдем береді, ал егер, кімде-кім жеп кету ниетімен қарыз алса, Алла Тағала оның дүниесінің берекесін кетіреді.

ххх

Пара берушіні, оны алушыны және екеуінің арасында жүрушіні де Құдай қарғасын!

ххх

Адамның көңілі қайнап тұрған қазаннан да өзгергіш келеді.

ххх

Әр нәрсенің бұзушы апаты бар. Діннің апаты — қара ниетті билеушілер.

ххх

Әр нәрсенің кілті бар. Иманның кілті — мұқтаж, кембағал жандарды сүю.

ххх

Егер сендердің тілсіз хайуандарға жасаған зұлымдықтарың кешірілер болса, көп күнәларың кешірілген болар еді.

ххх

Егер біреуді дәлел-себепсіз таспен ұру мүмкін болса, мен жезөкше әйелдерді соғар едім.

ххх

Даналық сөз — мұсылмандардың жоғалтқан нәрсесі. Оны қай жерден тапса, сол жерден сіңіріп алуға хақылы.

ХХХХХХХ

Врз: Барша оқырмандарымызға қасиетті Рамазан айының шапағатын тілей отырып, оразаға, Рамазан айындағы басқа да құлшылықтарға қатысты сауалдарыңызбен 77-43-48 телефоны арқылы облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітіне хабарласа алатындарыңызды еске саламыз. Немесе сауалдарыңызды редакцияға жолдай аласыз: 56-21-62.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button