Басты жаңалықтар

Әлия ерлігінің шапағаты

Бұл апта облысымызда «Шығыстың қос шынарының» бірі, қазақтың батыр қызы — Әлия апамыздың аптасы болды. Әлия Молдағұлованың туғанына 90 жыл толу мерейтойы аясында кең ауқымды шаралар өтіп жатыр. Бұл шаралар туралы өткен аптада газетімізде жарияланған облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың сұхбатында айтылды. Әлбетте, тойға көптеп қонақтар шақырылады. Сол қонақтардың арасында облысымыз топырағында дүниеге келіп, кейіннен ержеткеннен соң бүкіл Қазақстанға танымал болған, бүгінде кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде тұрып жатқан азаматтарымыз да бар. Сол азаматтарымыздың жеке ілтипаттары мен пікірлерін назарларыңызға ұсынамыз.

 

Ким СЕРІКБАЕВ, әскери қайраткер, полковник, әскери ғылымдарының кандидаты, профессор:

— Әлия бар болғаны 19 жасында ел үшін жанын құрбан еткен Шығыстың екі қызының біреуі. Оның ерлігі Қазақстанды былай қойғанда, бүкіл Орталық Азия халықтарының мақтанышы деуге болады. Соғыс уақытынан бері бүгінге дейін Әлияны аузымыздан тастамаймыз. Оны халқы аузынан тастамайды. Қаншама адам өз ұрпағына Әлия деп ат қойды. Әндер шығардық. Мұның барлығы ерекше қуаныш, мақтаныш және ең бастысы — тәрбие.

Туған қыздарымыз Әлияға ұқсаған батыр болсын! Батырлық тек соғыста ғана көрсетілмейді. Бейбіт күнде еңбек ету, дүниеге нәресте алып келу де батырлық.

Мен қазір Алматы қаласындағы Медеу ауданы ардагерлер кеңесін басқарамын. Сол ардагерлердің арасында кезінде социалистік Еңбек Ері атағын алған Жолсейіт Молдасанов деген азамат бар. Шопан болған. «Ердің есімін ел ұмытпайды» деген жақсы сөз бар ғой. Жолсейіт Молдасановтың 1924 жылы туған Бағашар деген ағасы болыпты. Соғысқа аттанып, 1943 жылы ерлікпен қаза тапқан. Ағайындары хабарсыз кеткен Бағашардың сүйегі жатқан жерді биыл тапты. Ресейдің Ярославль облысындағы Рыбинск деген қалада бауырластар зиратына жерленіпті. Биыл мамыр айында Жолсейіт бес адам болып, Рыбинск қаласында жерленген ағасының басына топырақ салып қайтты. Рыбинск қаласындағы бауырластар зиратына мәрмәр тастан қашалып тұрғызылған үлкен бір ескерткіште «Біздің қаладан шыққан батырлар» деген тізім беріліпті. Сол тізімде барлығы 15-20 адамның ішінде Әлия апамыз 4-ші болып жазылыпты. Сөйтсек, батыр апамыз осы қалада мергендер курсында оқыған екен. Біздің Қазақстаннан барған делегацияны Рыбинск қаласының тұрғындары өте үлкен құрметпен қарсы алған. Аяқтарын жерге тигізбеген. Әлия жасаған ерліктің шапағаты барлық қазақстандықтарға әлі де тиіп жатыр. Апамыздың ерлігінің өлмейтіндігінің көрсеткіші бұл.

Менің айтайын дегенім: бұрынғы достықты жоғалтпауымыз керек. Бүкіл Кеңестер Одағының халқы жеңіске тек достықтың арқасында жетті. Сондықтан стратегиялық әріптесіміз — Ресеймен де тату болуымыз керек.

Негізінде, ешбір халық соғысты қаламайды. Соғысты бастайтын сана-сезімі таяз саясаткерлер. Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тек қана мамыр айында емес, жыл бойына айтуымыз керек. Өйткені соғысты айтқан кезде бір жағынан ата-апаларымыздың ерлігін насихаттаймыз, екінші жағынан соғысты айту арқылы оның қорқынышты нәрсе екені көрсетіліп, бейбітшілік насихатталады.

Міне, Әлия апамыздың туғанына 90 жыл толуына арналған тойға келіп жатырмыз. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін 70 жылдығын тойладық. Одан кейін 75, 80, 85 жылдықтары тойланды. Еліміз бізді ұмытпады. Біз қайда жүрсек те, аузымызды толтырып еліміз туралы айтқанда, алдымен Әлияны айтамыз. Той тойға ұлассын! Ақтөбеміз гүлденсін!

 

Бейбіт ОРАЛҰЛЫ, композитор:

— Біз Кеңестер Одағы кезінде мектептегі бала шағымыздан осы Әлия апамыздың ерлігіне тәнті болып өстік. Бізді «Әлия мен Мәншүк — Шығыстың қос жұлдызы» деп тәрбиеледі. Сондықтан оның өмірбаянын, тарихын жатқа біліп өстік. Оның үстіне оны жерлес апамыз деп әрдайым мақтан тұтамыз.

Жалпы, Әлияның  орны тарихта алтын әріптермен қашалып қалдырылған ғой.

2005 жылы Әлия апамыздың 80 жылдығы аталып өтілгенде де Ақтөбеге келдім. Сонда Әлияның ескерткіші ашылды. Сол кезде мен Әлия апамызға арнап «Қос жұлдыз» деген ән жаздым. Бұл ән осы жолы 90 жылдық мерейтой кезінде де айтылмақшы.

Әлияның есімі біздің жадымызда, жүрегімізде. Әлия мәңгілік ұмытылмайды.

Облыс басшылығы да 90 жылдықты атап өту арқылы үлкен маңызы бар сауапты іс жасап жатыр. Өйткені Әлияның ерлігі қазіргі заманнның жастарының көкірегінде елім, жерім деген қасиеттерін ояту тұрғысынан тәрбиелік маңызы бар.

 

Мәди АЙЫМБЕТОВ, жазушы:

— Жалпы, бір адамның ерлігі туралы айтылғанда оның жасаған ерлігін мадақтаумен шектеліп қалмай, ол адамның жеке тұлғасын зерттеу де маңызды.

Бұл тұрғыда Әлия апамызды, оның өмірін бүге-шігесіне дейін зерттеген Сейілхан Асқаров деген журналист ағамызды айтпасақ болмайды. Сейілхан Асқаров Ғани Мұратбаев пен Тұрар Рысқұловтардың тұлғаларын да терең зерттеген адам. Ғани Мұратбаевтың өмірін зерттегені үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.

Сейілхан көптеген мұрағаттарды аралады, соғыс кезінде шыққан майдандық газеттерді қарады, ақтарды. Әлия апамыз туралы үлкен бір зерттеу досьесін жасады. Өмірінің соңғы кездерінде мен сол кісінің алдына бардым. Әлия туралы материал дайындауым керек болды. Сол жолы ол «мына құжаттарды саған табыстаймын, керек жерін пайдалан, елге барған кезіңде Әлияның музейіне табыстарсың» деп жинаған досьесін маған тапсырды. Мен ол кісінің аманатын орындадым. 1995 жылы Әлия апамыздың 70 жылдығына арналған мерейтойға келгенімде барлық құжаттарды Қобда ауданындағы Әлияның ауылында музей ашқалы жүрген Ғалымжан Байдербеске табыстадым. Сол деректер қазір Әлия ауылындағы музейде тұр.

Әлия жастайынан жетім қалды, Ленинградта оқыды. Оның жүрегінде еліне деген сүйіспеншілігі болды. Оны ерлікке итермелеген де осы сүйіспеншілік. Қыз баланың қолына қару алып, майданға баруы мақтанарлық дүние емес негізі. Елді қорғайтын ер-замат болуы тиіс. Әлия өзін ер-азаматтың орнында сезініп, соғысқа аттанды.

Апамыздың мерейтойларының атап өтілуі — елдігіміздің көрінісі.

Әлия апамыздың ерлігін ұлықтау жолында аз болса да қол ұшын бергеніме бақыттымын. Әрине, Әлия апамыздың өмірін, ерлігін зерттеп, насихаттау жолындағы ең үлкен еңбек ешқандай талассыз Сейілхан Асқаров ағамызға тиесілі.

 

 

 

Табыл ҚҰЛИЯС, жазушы:

— Екінші дүниежүзілік соғыста талай қазақтың көрсеткен ерліктері аталды. Бірақ аталынбай қалғандары қаншама?!

Әлбетте, Сталиннің еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ бұл кісінің «біздер, немістер мен орыстар соғысып жатырмыз. Ерлік туралы айтқан кезде, ұсақ ұлттарға қарағанда орыстардың ерлігін көптеп мадақтауымыз керек» дегенге саятын сөзі болыпты. Сондықтан аса үлкен ерлік көрсетсе де, көптеген аталарымыз елеусіз қалды.

Алланың көзі түзу болып, Әлия апамыздың ерлігі бағаланды. Біз Әлиямен мақтануға тиіспіз. Одессада батыр ұшқыш ағамыз Талғат Бигелдиновтың досы Алексеенко дегенмен бірге болдым. Сол кісінің аузынан естідім. «Әлия оққа ұшты деген хабар жеткенде, бүкіл қазақ ұшқыштары қайғырды» — деді. Яғни Әлияның батырлығы, ерлігі майдангерлер арасында оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілгенге дейін тарап кеткен ғой.

Бұл дүниеде он тоғыз-ақ жыл өмір сүріп, қыз баланың бүкіл әлемді таңғалдырарлықтай әскери ерлік жасауы — өте сирек кездесетін оқиға.

Соғыста опан-топан болған жерде өлген адамдардың сүйегін жинап алатын арнаулы бригадалар болған. Бұл арнаулы бриагада сол өлген адамдардың қалталарындағы құжаттарын, қойын дәптерлерін жинап алады екен. Аты-жөндерін жазып алады. Мен бір Берлинге барған сапарымда орталық мұрағатынан Әлияның соңғы хатын көрдім. Ол былай жазыпты: «Біздің қазақ түске сенетін халық. Мен түнде түс көрдім. Ертең шабуылға шығам. Бірақ бұл шабуылдан аман оралмаймын. Мен қазақпын, Қазақстандағы тума-туыстарыма жазып отырған соңғы хатым. Соғыста талай қырғынды көріп жүрмін. Бар болғаны 19 жастамын. Аяйтын нәрсем — әлі жас екендігім».

Орынбордың мұрағатында немістерден қолға түскен деректерді көрдік. Неміс офицерінің еліне жазған хаты. «Сталинград түбінде керемет бір армияға тап болдық. Дымымызды қалдырмады. Танкімізден танк, адамдарымыздан адам қоймады. Күшті бір армия. Атты әскерлер. Сұрастыра келсек, Қазақстанда құрылған атты әскерлер армиясы екен» деп жазады бұл хатта.

Ең бастысы — аға-апаларымыздың соғыстағы ерлігін бүгінгі ұрпақтың санасында қалдыру. Әлияның ерлігі арқылы жастарымыздың арасында ұлттық, патриоттық сезімдерін ояту.

 

 

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.             

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button