Басты жаңалықтар

«ЕКІНШІ ҮЙІМ ЕСЕПТІ…»

Ақын Мұхтар Құрманалиннің жасын сұрасаңыз: «Ақтөбе» газетінен үш-ақ жас кішімін», – деп жауап береді. Өзі «…екінші үйім есепті» деп жырлаған газетте ол 13 жыл қызмет етті. «Ақтөбенің» мерейтойына орай Мұхтар ағаны әңгімеге тартқанбыз.

Диплом түгіл, аттестат та жоқ…

Мен о баста журналист болсам немесе ақын болсам деп ойламаған адаммын. Балалығым ашаршылық жылдармен, одан соң соғыспен тұспа-тұс келгендіктен болар, арман қуып, алысты, биікті аңсамадым. Қиын жылдарда әкемнен, жалғыз бауырым – Күләйім апамнан айрылып, отбасында анам екеуміз ғана қалдық. Ер жеткеннен кейінгі менің бар арманым сол «анамды қалған өмірінде әлпештеп бағып, әкемнің шаңырағын құлатпай, бір үй болып отырсам» ғана еді.  Сондықтан 7-сыныпты бітірген соң, педучилищеге түстім. Ал бір жылдан кейін 8 айлық мұғалімдер даярлайтын жеделдетілген курсқа ауыстым. Менде диплом түгіл, аттестат та жоқ. Тек өмір бойы өз бетіммен оқыдым. Жеделдетілген курстан кейін Бөгетсайда мұғалім болып еңбекке араластым. Құдай берген талант болар, әйтеуір, тыным таппай, өлең, мақала жазатынмын. Өзіме тәуір көрінгендерін газеттерге жолдайтынмын. Сөйтіп жүргенде, ол кезде «Социалистік жол» аталатын облыстық газеттен бізге қызметке кел деген шақырту алдым. Бастапқыда Ақтөбеге келуге құлықты болмадым. Себебі – енді ғана ес жиып, ел қатарына қосылған кезіміз, қалаға келсем тағы да анамның күйін кетіріп алмаймын ба деп уайымдадым. Бірақ газеттің мәдениет бөлімін басқаратын Диәнес Мұхтаров ағамыз қайта-қайта хабарласып, сол кісінің үгіттеуімен ақыры тәуекелге бел будым. Бұл 1958 жыл еді. Бірер жылдан кейін мені мәдениет бөліміне меңгеруші етіп тағайындады. Осы мәдениет бөлімінде Тобық Жармағамбетов, Әмин Фатихов, Құрал Тоқмырзин сынды белгілі ақын-жазушылармен бірге істедім. 1971 жылдың көктемінде Қазақстан Жазушылар одағы мені Ақтөбе, Орал облыстары бойынша әдеби кеңесші етіп жұмысқа қабылдады. Бірақ өзім бауыр басқан редакциядағы аға-інілеріммен қарым-қатынас үзілген жоқ. Газетіме арнаған бір өлеңімде былай дедім:

Інілерім жайды төрге төсекті,

Ағаларым ақыл айтты, кісі етті.

Шабыт қонған тап осынау шаңырақ –

«Ақтөбеміз» екінші үйім есепті.

Расында да, міне, облыс орталығына көшіп келгеніме – жарты ғасыр, «Ақтөбе» газетінің редакциясы осы жарты ғасыр бойы маған «екінші үй» болып келеді. Әр жаңалықтарыңа елеңдеймін. «Абыройы арта берсе екен» деп тілеп отырамын.

Әкем – айтыскер ақын,

анам – Мәдинаның апасы…

Арнайы дипломым жоқтығын жоғарыда айттым ғой. Сонда да, дипломы бар адамдардың арасында, редакторларым мені мәдениет бөлімінің меңгерушісі етті. Сірә, құдай берген қабілетіме сенгеннен болса керек. Ал «Бұл ақындық қасиет сізге қайдан келді?» деп сұрайтындар көп. Менің әкем де, анам да өнерлі адамдар еді. Әкем Құрманалы Дәуітұлы – Шалқар, Ырғыз жағына, одан әрідегі Сыр бойына аты шыққан айтыс ақыны. 1988 жылы жарық көрген «Айтыс» жинағының ІІ томына енген «Құрманалы мен Мариям қыздың айтысындағы» ақын жігіт – менің әкем. Осы айтысты қағазға түсіріп, Ғылым Академиясының әдеби қорына тапсырған адам Қарақалпақстанның қазағы екен. Сонау ашаршылықта, күйзелісті кезеңдерде солай қарай босқан елдің есінде қалғаны ғой. «Құрманаліныкі» деген термелер де әлі айтылып жүр. Әкем өмірден ерте кетті: көрмеген қиындығы жоқ – соның әсері болар деймін? Әлі күнге дейін есімде: ел ішін аштық жайлап, жұрт жан-жаққа кетіп жатқан күндердің бірінде біз де үйімізді бір мүлкіне тиместен сыртынан жаптық та,  ат жеккен арбаға мініп, Шалқарға беттедік. Шалқарда атымызды сатып, сол ақшамен пойызға отырып, Қазалыға жеттік. Ол жерде нағашыларым тұратын. Әкем күнде таңертең базарға шығып кетеді. Кейде олжалы, кейде құр қол қайтады. Бірде кешкілік шелек толы балықтың басын алып кіріп келсін. Біз үшін мол дүние. Ал әкем шешеме баяндап жатыр: «Әскери гарнизон тұсынан өтіп бара жатыр ем, шелек ұстаған біреу алдымнан шыға келді. Байқаймын шелекті төкпекші. «Тоқта, – дедім, – Не төккелі барасың?». «Балықтың басы ғой», – дейді. Содан: «Мұны маған бер, үйім әнеки, қазір шелегіңді қайтарамын», – деп сұрап алдым». Сөйтіп, жүрек жалғағанбыз. Әкемнен айрылғанда 11 жасар баламын. Шешем Бибігүл – Мәдинаның, марқұм Мәдина Ералиеваның әкесі Есмалаймен бірге туған адам. Әншілік қандарында бар қасиет болса керек, анам да үнемі ән салатын. Іштегі мұң-шерін әнмен шығаратын. Оңашада маған әкемнің жыр-термелерін жаттататын.

Әкеден жұққан қасиет бар, шешенің тәрбиесі бар – бала жастан өлең құрадым. Ес білген соң өлеңімді қағазға түсіріп, жан-жаққа жолдайтын болдым. Мұғалімдік кәсібімнің әсері ме, мен алдымен балалар ақыны болып танылған едім. Өлеңі бар, очерктер жинағы бар – 15-ке тарта кітаптың авторымын. 1980 жылы «Жалын» баспасынан өлеңдерім орыс тілінде «Вечный огонь» деген атпен жинақ болып шықты. Аударған – Владимир Савельев, мәскеулік ақын. Кейін Мәскеу арқылы Қырымға барған бір сапарымда жұмыс орнына іздеп барып таныстым. Бауырмал, ашық мінезді адам екен. Екеуміз бұрыннан таныс адамдарша әңгімелесіп кеткеніміз есімде…

Бір ақын керек шығар Ақтөбеге…

Ал Алматыдағы өзім қатарлас ақын-жазушылармен үлкен достық қатынаста болдық. Әрдайым бір-біріміздің хабарымызды біліп, бір-бірімізге ой тастап отыратынбыз. Мысалы, Кеңес Одағының Батыры Қожабай Жазықов туралы «Жұлдызды жорық» атты деректі повесімнің жазылуына Сағи Жиенбаев түрткі болды. Бірде Алматыда Сағидың үйінде болған едім. Әңгімелесіп отырып, оған: «Неге туған жерің туралы үлкен дүние жазбайсың?» – дедім. Туған жері Байғанин ауданы ғой. Сол топырақтан шыққан даңқты тұлғалар, байғаниндіктердің сол тұстағы еңбектегі табыстары – бәрі бір үлкен дүниеге сұранып тұрғандай еді. Сағи жымиып: «Оны алдағы уақытта көрерміз, – деді. – Ал қазір саған бір өтінішім бар». Өтініші «Қожабай Жазықов туралы повесть жазсаңшы» болды. Содан елге келген соң Байғанин аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып істейтін Қожабай Жазықовқа хабарластым. Барлаушы болған, Батыр атағын алған ағамыз алғашында: «Мені мақтап жазудың керегі жоқ», – деп келісім бергісі келмеді. Мен де алған бетімнен қайтпай: «Сіз туралы шығарма елге керек, ұрпаққа керек», – деп түсіндірдім. Ол кісімен ауыл-ауылды аралап жүріп әңгімелестік…

«Ақын ауылда туып, астанада өлуі керек» деген ұғым бар ғой, достарым соны алға тартып, Алматыға бірнеше рет шақырды. Бір жолы Қадыр (Мырзалиев): «Қызметің дайын. Баспана жағына да көмектесеміз. Тек сәл күтесің. Жинал да кел. Ортамыз толып жүрейік», – деді. Сонда қатты толқыдым. Үйде бәйбішем де қарсы болмады Алматыға көшуге…

Ақыры:

…Алдымен оқыр жырды, бастар әнді,

Әрине, сүйемін мен астанамды.

Алайда Алатауға, Көктөбеге,

Ағайын, келмедің деп өкпелеме.

Аз емес өздеріңдей қимас айым,

Бәріңмен алыстан тек сыйласайын.

Дұрыс-ақ өтінішің, тілегің де,

Достардың жүрсем болды жүрегінде…

Өлеңді аз бере ме, көп бере ме –

Бір ақын керек шығар Ақтөбеге, – деп басылған едім.

Бүгінде «Ақтөбе облысына еңбегі сіңген қайраткер», «Ақтөбе қаласының құрметті азаматы» деген атақтарым бар. Әрине, мұны бір мақтан үшін айтып отырғаным жоқ. Өмір бойы қуаныш-мұңымды, жеңістерімді туған жеріммен бөлістім. Астана асып кетпедім деп өкінетін жөнім жоқ.

Кездесу

Журналист өмірінің бір күні бір күніне ұқсамайды. Әр күн сайын әр түрлі адамдарды көресің, әр түрлі мәселелер қозғайсың. Қызықты оқиғалар көп болады. Солардың бірін айта кетейін. Бір жолы Темір ауданының «Кеңқияқ» кеңшарына іссапармен барғанмын. Шілде айы. Мал азығын дайындау науқаны қызу жүріп жатқан кез. Шаруашылықты аралап келе жатып, талма түсте пішеншілер бригадасына ат басын бұрып, шеткі бір киіз үйге беттедім. Іштен дабырлаған дауыс, күлкі естіледі. Үйдегілер көңілді отырған секілді. Сәлемдесіп кіріп келдім. Төрге озған соң байқағаным – бір жігіттің қолында өзіміздің облыстық газет. Дауыстап соны оқып отыр екен. Міне, қызық: оқып отырғаны – жуықта газетте жарық көрген менің әзіл әңгімем. Менің кім екенімді білгеннен кейін, оқуын қайта жалғастырып, отырғандар қайта күле жөнелісті… Сондай да бір кездесу болған.

Әңгімелескен Индира ӨТЕМІС.

Мұхтар аға айтқан естеліктен:

…Ақын Ізтай Мәмбетовтің үйінде бірде таңертең шайға сүт болмай қалыпты. Келіншегі Мұқлипа қатты қиналады. Сонда Ізтай табан астында:

Дастарқанды жайдың-дағы,

Қызардың сен күлімдеп:

«Бұзылды-ау шайдың дәмі,

Сүт жоқ болды бүгін», – деп.

Айтпақ едің себебін де,

Айтқызбадым мен бірақ.

Маған оның керегі не,

Қайтем соған тұнжырап.

Сәулем, соны алмашы ойға,

Дұрыс болды біткені-ақ.

Құя берші қара шайға

Көңіліңді сүттен-ақ, – деп өлеңдетіпті.

Басқа жаңалықтар

4 Comments

  1. Дастарканды жайдын-дагы,
    Қызардың сен күлімдеп:
    «Бұзылды-ау шайдың дәмі,
    Сүт жоқ болды бүгін», – деп.
    Айтпақ едің себебін де,
    Айтқызбадым мен бірақ.
    Маған оның керегі не,
    Қайтем соған тұнжырап.
    Сәулем, соны алмашы ойға,
    Дұрыс болды біткені-ақ.
    Құя берші қара шайға
    Көңіліңді сүттен-ак……. керемет, е?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button