Басты жаңалықтар

Даңғыл жолға бет бұрған, сын-қатерге шеп құрған

Тұлға тағылымы

Елеусін САҒЫНДЫҚОВ,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты

ХІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүріп, түркі халықтарына тегіс төрелік айтқан тарихи тұлға Майқы бидің: «Хан әділ болса – халық ынтымақты болады» деген дана сөзінің шынайы айғағына үстіміздегі жылғы 26 сәуірде Қазақстан Республикасының Президентін сайлау барысында тағы бір көз жеткіздік.  Президенттікке кандидаттың сенім білдірген адамы және республикалық орталық штабтың мүшесі ретінде осы аса ірі саяси іс-шараға араласа жүріп, халықтың өз Елбасына деген ерекше ықыласына, ақ адал сеніміне куә болдық.

Сайлау үдерістеріне қатысу үшін әлемнің әр тарабынан келген бақылаушылар алысты көздеген страте­гияның жүйелі жүзеге асырылуы арқасында Қазақстан таяу және алыс шетелде мойындалған беделге ие екендігін, Н.Назарбаевтың халықаралық аренадағы белсенділігі мен рөлі бұрынғыдан да өсе түскенін және қазақстандықтардың таңдауы ұлттың, ел мен әлемдегі адамзаттың игілігіне бағытталғанын атап көрсетті. Дүниежүзінің ең үздік саясаткерлері мен сарапшылары ХХІ ғасырдың күрделі проблемаларын шешу ісіне белсене араласып келе жатқан Қазақстан Президентін біздің заманымыздың қиядағыны тани білетін көреген қайраткері деп баға берді.

Ал тұрақтылық пен әрі қарай жаңғыруды таңдаған біртұтас халқымыз Елбасына, кемел елдің кемеңгеріне қай уақыттағыдай жаппай қолдау көрсетті. Талай сын-қатерлер мен күресте баға жетпес дана­лық танытқан, мемлекет, ел басқарудың теңдессіз үлгісі болып саналатын Көшбасшы қашанда халқының ықыласына бөленіп отыратыны анық. Сәуірдегі сайлау тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының күрделі кезеңінде уақыт сынынан өткен, демократиясы дамыған елдердің өзіне ғасырлық арман болған Президент пен халық бірлігінің тамаша үлгісін паш етті.

Ғасырлар тоғысында болашаққа батыл жоспарлар құрып, байыпты әрі сенімді түрде тұрақтылық жолын мұрат еткен Қазақстан және оның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев бабаларымыздың «Мәңгілік Ел» өсиетін жалпыұлттық идеяға айналдырды. Бұл утопия да, негізсіз қиял да емес. Ол – Тоныкөк бабамыз айтқандай: «Түркі жұртының мұраты – Мәңгілік Ел» деген сөз. Қазақстан Президентін сайлау қорытындылары бойынша Елбасының атына келіп түскен жеделхаттарда Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлаудағы жеңісі Қазақстан халқын ғана емес, бүкіл түркі әлемін қуанышқа бөлеп отырғаны айтылған.

Нұрсұлтан Назарбаев туған еліміздің де, тұтастай әлемнің де тағдырын, болашағын ойлайтын, сол үшін күресіп, жеңіске жете білетін бірегей Тұлға екендігін үнемі дәлелдеп келеді. Ол – жаңа заман көшбасшысының әлем мойындаған үлгісі. Елбасының осындай ерекше сипаттары еліміздің қиын өткелдерден сапалық мазмұнын жоғалтпай, әлеуметтік кедергілерге соқпай өтуіне жағдай жасады. Бүгінгі күні тарих парағына енген өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы посткеңестік кеңістіктегі замана құйынынан кейін оның құрамында болған бірқатар елдердің саяси-экономикалық, әлеуметтік тағдырына сызат түсті. Қазір солардың кейбірі әлі де ес жия алмай немесе сыртқы күштердің, теріс әрекеттердің ылығына түсіп, тіпті мемлекеттігін сақтап қалудың өзі екіұдай күйге түсуде. Ал олардың қарапайым халқы «Ел жетім жақсы басшы арман болса» демекші, өздерінің тағдырына шын жаны ашитын көшбасшы таба алмай тығырыққа тірелуде.

Қазақстан жаһандық дағдарысқа қарсы өзгеше шаралар белгіледі. Ел Президенті Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ұсынған «Нұрлы жол» бағдарламасында Ұлттық қор ресурстарын қоса отырып, дүниежүзілік қаржылық-экономикалық тығырықтан шығынға қалмай шығудың жасампаз жоспары белгіленді. Бұл стратегиялық жоспардың табысты  жүзеге асырылуына кепіл болатындай өткен ғасырдың аяғына таман және 2007-2009 жылдардағы әлемдік сынақтан өткен тәжірибе бар. Қазақстан — сол кезде экономикалық өсімнің оң динамикасын сақтап қалған бірер мемлекеттің бірі. Сондай тар жол, тайғақ кешу кезеңдердің өзінде жұмыс орнының қысқаруына жол берілмей, барлық әлеуметтік міндеттер белгілеген мерзімде әрі толықтай орындалды.

Қазақстан экономикасы осыдан жеті-сегіз жыл бұрынғыға қарағанда қазіргі геосаяси ауыртпалықтарға анағұрлым дайындықпен келді. Қазақстанның стратегиялық басымдығы — жаһандық экономикадағы ауыр жағдайға қарамастан экономикалық серпіліс жасау үшін мызғымайтын іргетас қалап, дағдарысқа қарсы шаралардың қарқынды сипат алуында. Жаһандық сынақтан кез келген ел емес, ортақ мүддеге жұмылған және алға ұмтылған ұлт қана өте алады.

Қазақстан дүниежүзінің өркениет өріне ұмтылған жаһандық шерудің алдыңғы қатарында сенімді келеді. Осы орайда Елбасының саяси және ғылыми негіздерін бірнеше ондаған елдердің оқымысты-ғалымдары зерттеу үстінде. Мемлекет басшысының қиядағыны тани білетін даналығы, болашақты алдын ала көре білетін көрегендігі, сратегиялық қабілеті КСРО күйрегеннен кейінгі аумалы-төкпелі процестерді тарихи өзгерістердің тура ағысына бұруға жол ашты.

Сол жанқиярлық істердің оң нәтижесін отандастарымыз көріп отыр. Қазақстан тозығы жеткен «кеңестік астаудың қаңқасынан» әлем таныған көшбасшысы бар қуатты мемлекетке айналды. Дамудың қазақстандық жолымен жүріп өту үшін  кейбір мемлекеттерге екі жүз жылдың өзі аздық еткен болар еді. Қазақ Елін Мәңгілік Ел жолына салған Н.Назарбаевты халықаралық сарапшылар әлемдік деңгейдегі саясаткерлердің көш басына қойды. Назарбаев есімі бүгінгі заманның саяси брендіне айналды. Оның стратегиялық шешімдері жаһандық сапаға ие болды. Тіпті әлемдік саяси көшбасшылар арасында Елбасы өзінің инновациялық, интеграциялық, бейбітшіл бастамаларымен ерекшеленіп, өзгешеленіп тұрады. Ол үшін ірі саясаткер ғана емес, назарбаевша терең прагматик, сұңғыла философ бола білу қажет. Жасыратын несі бар, қазіргідей заманда өз елінің болашағы, өз халқының тағдырынан гөрі билікті ғана көксеп жүргендер бар ғой.

Н.Назарбаев Қазақстанның ХХІ ғасырдың бірінші жүз жылдығының алғашқы жартысына арналған тұрақты даму стратегиясын айқындады. Мақсат — саяси үдерістер ықпалында кетпей, оны қазіргі және болашақтың жарқын мүддесіне бағыттау. Қытай ойшылы Конфуцийдің: «Дауыл көтерілгенін сезген кейбіреу желге қарсы қалқан құрса, ақылды адам диірмен тұрғызады» дейтіні сол ғой. Ал өзіміздің ғұлама Шәкәрім: «Құбылған әлем жарысы – ақылды жанның табысы» деп нақтылап айтып кеткен.

Нұрсұлтан Әбішұлы әлемдік жүйедегі күрделі қарама-қайшылықтарды және кез келген тәуекел қадамдарын еліміздің пайдасына шебер пайдаланады. Мемлекетіміздің алдына қоғам ағымы тартқан түйіндерді шешіп қана қоймай, қазіргі заманғы саяси тұжырымды дер уақытында өзі қалыптастырып келеді. Мәселен, алдағы бес жылдық емес, бірнеше ондаған жылдарға межелі шеп құрған «Қазақстан – 2030» Стратегиясы мерзімінен бұрын 2012 жылы орындалды. Еліміздің осы бас жоспарының эволюциялық жалғасы — «Қазақстан — 2050» Стратегиясы. Өткен жылғы 11 қарашада Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ұсынған «Нұрлы жол» бағдарламасы әлем саясаткерлерінің, сарапшылардың назарын аударып, беделді баспасөз құралдарының талдау тақырыбына айналды. «Назарбаевтың жаңа бағыты» жаһандық экономика мен саясатта тектоникалық өзгерістерге мазмұны терең, зерделі жауап болды. Қазақстанның кең ойластырылған, тәжірибеде дәйектелген біртұтас іс-қимыл бағдарламасы дүние жүзіне жария етілді. Индустриалдық-инновациялық қызмет мемлекеттің қолдауында.

Назарбаевтың буырқанған бастамалары қай уақытта да әлем назарында. Дүние жүзінде тұңғыш рет бой көтерген антиядролық қозғалыс планетамыздағы бейбітшіл жұртшылықтың жаппай қолдауына ие болды. Ондаған жылдар бойы ажал ошағы болған полигондарда сынақ үзілді-кесілді тоқтатылды. Есілдің бойына ел орнап, жаһұт қала — Астананың келбеті ертегідегідей күн сайын құлпырып, отандастарымыздың рухын өзгелерден биіктете түсті. Елорда әлемдік өркениет идеяларының алаңына, татулық пен тұрақтылықтың тал бесігіне, ғаламдық ауқымдағы шешімдер қабылданатын орталыққа айналды. Кезінде Мәскеу төріндегі Ломоносов атындағы университетте Н.Назарбаев жариялаған қуатты интеграциялық бірлестік құру идеясы жиырма жыл өтсе де, саяси-экономикалық мәнін, құндылығын жоймай Астанада жүзеге асты. Қазір Еуразиялық экономикалық одақ құрамына ұмтылған мемлекеттер қатары молая бастады.

Бүгінгі күні Қазақстан қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағытымен жүріп келеді. Дүниені дүрліктіріп, үрейқорды үркіткен жаһандық дағдарыс кезеңінде еліміз жаңа биіктер мен асуларды бағындыруға ұмтылуда. Президент мұндай сәттерде қай уақыттағыдай тұрақты дамудың жаңа бағыттарын ұсынудан жаңылған емес. Сонымен қатар болашақ саясаткерлердің алдағы екі-үш буынына да жол сілтеп отырғанын көріп отырмыз. Елбасының әрбір қадамынан қол жеткізген табыстарды қалай еселеуге, келешектің кемелін қалай кемітпеуге, жаһандық көштің соңында да, ортасында да емес қалай алдыңғы қатарында боламыз деген сұрақтардың жауабын табамыз.

Нұрсұлтан Назарбаев — ата-баба, тарих, болашақ алдындағы жауапкершілікті ерекше сезінген, демократиялық тұрғыдағы Көшбасшы. Сондықтан да Отанымызға ұзақ мерзімге қызмет ететін демократиялық және нарықтық институттар құру жөнінде алға қойған міндеттер жүзеге асырылып, Қазақстан тарихи даму орбитасының шыңына шықты.

Әлемді қаржылық-экономикалық дағдарыс қыспаққа алған кейбір кезеңдерде Нұрсұлтан Назарбаевтың іс-қимылдары мен батыл қадамдары, халқының мүддесі үшін жасаған жанқиярлық әрекеттері дүниежүзін топан су басып, адамзатқа қауіп төнгенде өз қауымын, Отанын апаттан аман алып қалу үшін кеме соққан Нұх пайғамбар туралы оқиғаны көз алдымызға елестетеді. Н.Назарбаевтың қандай да бір сыртқы күштерге төтеп берерліктей стратегиясы әзір тұрады. Мысалы, 2007-2009 жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлемдегі дағдарысқа қарсы ең тиімді деп танылған «Бес үлкен іс» бағдарламасы әзірленіп, іске асырылды. Соның нәтижесінде қаржы, құрылыс, аграрлық секторлар, шағын және орта бизнес пен ірі индустриалдық жобалар мемлекеттік қолдауға ие болды.

Сол сияқты, Жалпыға бірдей Еңбек Қоғамы тұжырымдамасы да дүниежүзі мемлекеттерінің даму тарихында бұрын-соңды кездеспеген концепт. Осы тұжырымдаманы іске асыру жоспарына сәйкес кешенді іс-шаралар жаңаша өміршең сипат алды. Кәсіпқой саясаткерлер мен халықаралық сарапшылар ғасырлар тоғысында әлемдік саясат теориясында бұдан маңызды әрі болашаққа сенімді неғұрлым бекіте түсетіндей ой-пікір туа қоймағанын айтады. Осы бір көп қырлы тұжырымдаманың мәнін ашар болсақ, бүгінгі заманда өршіп бара жатқан әлеуметтік теңсіздіктің себеп-салдарына толық жауап та, құпия кілтін де таба аламыз.

Дүние жаратылғалы тарих белестерінде өшпес ізі қалған көшбасшылар өз ойының ұшқырлығына қарай әрекет еткенін білеміз. Нұрсұлтан Назарбаев ғасырға жүк болатын бастамаларды алға тартып, континенттер тағдырын шешетін ой-пікірлерін ортаға салып келеді. Оның алымы кең, қадамы қарышты. Президенттің ертең деп атағаны алдағы 20 жыл, арғы күн дегені — 30 жылдық кезең.

Қазіргі заманғы әлем — жаңа технологиялар мен ақпараттық желілердің жаһандық бейнесі. Адамзатта бұрын-соңды болмаған экономикалық және саяси тригонометрияның жаңа көрінісі Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Стратегиясында бейнеленген. Ал «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» Жолдауында еліміздің инфрақұрылым тарихындағы жаңа шешуші бастамаларды көтерді. Жаңа Экономикалық Саясат — әлемдік дамудағы күрделі жағдайларға Елбасының тегеурінді жауабы. «Нұрлы жол» — геосаясаттағы тектоникалық қозғалыстарға жүйелі жауап және қоғамдағы әлеуметтік сапаны қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін шаралар жоспары.

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 2015-2016 жылдары шағын және орта бизнесті, іскер адамдарды қолдауға 200 млрд. теңге бағытталса, шағын және орта бизнес пен ірі кәсіпкерлікті жеңілдіктермен қаржыландыру пулі  555 млрд. теңге құрайды. Мемлекеттің кәсіпкерлікке деген шынайы қамқорлығы осындай.

Әйтеке би бабамыз: «Жол қуған олжаға кенеледі» дегендей, жаңадан салынып жатқан авто және темір жол экономиканың да, әлеуметтік байланыстың да жаңа мүмкіндіктерін ашты. Алысты жақындатып, жақынды табыстырған сан-салалы жолдар қазақстандықтардың емін-еркін жүріп-тұруына шексіз жағдай жасауда. Жол қатынасы одан әрі жетілдірілуде. Қазақстан экономикасының жаңа инфрақұрылымдық интерфейсі біздің инвестициялық және туристік тартымдылығымызды көтере түсті.  Болашақтың қозғаушы тетіктерін керек уақытында пайдалана білетін Елбасы «Қазақстанда дағдарыс жоқ!» деген сөзді сеніммен айтуы сондықтан.

Елбасы үстіміздегі жылғы 5 мамырда өзі төрағалық еткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бес институционалдық реформаны іске асырудың 100 қадамын белгіледі. Елдік ілгерілеудің өзегіне айналған бес бағыт — экономикалық бағдарламалардың тиімді жүзеге асуын және мемлекеттік қызмет­терді сапалы ұсынуды қамтамасыз ететін заманауи, кәсіби және автономды мемлекеттік аппаратты қалыптастыру; заңның үстемдігін қамтамасыз ету; экономиканы әртараптандыруға негіз­делген индустрияландыру және экономикалық өсім;  бірыңғай бола­шақ ұлтын қалыптастыру; транспарентті және есепті мемлекет. Қазір Үкімет Елбасы тапсырмалары бойынша негізгі іс-шараларды жүзеге асыруда. Мемлекет басшысы ұсынған бес жалпыхалықтық реформаны жүзеге асыру мақсатында құрылған Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрамындағы жұмыс топтары қарқынды жұмыстар жүргізуде. «Нұрлы жол» үстіндегі 100 қадам халық пен билікті бұрын-соңды болмаған даңғыл жолға бастады.

Н.Назарбаевтың бес институционалдық реформасын іске асыру үшін 100 қадамнан құралған Ұлт жоспары үстіміздегі жылғы мамыр айының соңғы онкүндігінде болып өткен VIII Астана экономикалық форумына қатысушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі талдау тақырыбына айналды. Қазақстандық даму жолының тағы бір ерекше сатылары халықаралық дәрежедегі экономист-ғалымдардың, сарапшылардың назарын аударды. Форум жұмысында Қазақстан Президенті жаңарған Жібек жолының бүгінгі жетістіктерімен шектеліп қалмай,  жоғары жылдамдыққа арналған «Еуразиялық трансконтинентальды дәліз» бағытын құруды ұсынды. Ол Азиядан Еуропаға және одан кері қарай кедергісіз жүк тасымалын жүргізуге мүмкіндік береді. Өндірістің дамуына ерекше қарқын беретін осы көлік күретамыры мұхиттар арқылы жүретін су жолынан әлдеқайда қысқа.

«Қазақстанның Ұлт жоспарын кез келген мемлекет өз тәжірибесінде пайдалануға болады. Индустриалдық-инновациялық дамуға басымдық беру шын мәніндегі прагматикалық және өте дұрыс тәсіл. Ол теориялық жағынан да және іс жүзінде де неғұрлым жан-жақты негізделген бағыт». Форумға қатысқан белгілі тұлғалар еліміздің жаңа қадамдарын осылай бағалады.

Елбасы өңірлерді дамыту бағытын елімізді индустриалдық-инновациялық даму жобасымен қатар жүргізіп келеді. Мұны өзім туған, өсіп-өнген өлке, Мемлекет басшысы «Қазақстан экономикасының локомотиві» атаған Ақтөбе облысынан көруге болады.

Президент өңірлердегі өндіріс орындарының қуатын да, оның келешегін де тең саралап, Отанымыздың индустриалдық әлеуетін, қалалардың динамикалық өсу жолдарын тура бағыттарға салып келеді.

Қазақстан Республикасының Үкіметі елімізде қалалық агломерацияны дамыту жолында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының қатарына Ақтөбе қосылды. Ақтөбе қаласының географиялық және демографиялық жағдайы, логистикалық және экономикалық әлеуеті тиісті өлшемшарттарға толық жауап береді деп сеніммен айта аламын. Соңғы он шақты жыл ішінде облыс орталығының халқы 50 пайыздан астам өсті. Ақтөбе қаласы өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан, өсу динамикасы бойынша алдыңғы қатарлардың біріне орналасты.

Осындай өңір жетістіктерінен Елбасының жергілікті жерлерге, халыққа, оның күнделікті тұрмыс-тіршілігі ғана емес, келешегіне деген қамқорлығы көрініп тұрады. Өзім куә болғандай, Ақтөбе облысына сапарлап келгенде Нұрсұлтан Әбішұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық бағытындағы ресми ақпараттардан тыс, жалпы ақтөбеліктердің көңіл күйі, рухани игіліктері мен болашағын тілге тиек етіп отырады.

Ақтөбеліктер өзге де өңірлердегі отандастарымыз секілді Елбасының өздеріне деген риясыз ықыласын, қамқорлығын үнемі сезініп отырады. Сонымен бірге оған еңбектерімен, ізгі істерімен лайықты жауап беріп келеді.

Нұрсұлтан Әбішұлы өңірдегі әрбір жақсы жаңалықты үлкен-кіші демей ерекше елеп, бағасын беріп жүр. Ақтөбе қаласының нақ ортасында ірі саябақтың ашылу салтанатында Астана мен өңірдің арасындағы рухани-мәдени сабақтасты көріп, ерекше қуанғаны бар. Саябақтағы «Ең асыл қазына — ел бірлігі» деп аталатын сәулетті күмбездің астында тұрып, сол сәтте: «Міне, халықтар арасындағы достық пен келісімнің, теңдіктің, ынтымақтың шынайы көрінісі – осы!» деп ел рухын көтере сөйледі.

Осы саябақтың ажарына өзгеше архитектуралық сән беріп тұрған мешіт пен шіркеуге де жоғары баға берді. Сәулет өнерінің соңғы үлгілерімен салынған екі бірдей діни ғимаратты Елбасы мен Ресейдің сол кездегі Президенті Д.Медведев ашып, жәмиғат алдында сөз сөйледі. Жүрегіне иман қонған жұртшылық ежелден етене жақын екі Мемлекет басшыларының жәмиғат үйлерінің табалдырықтарын бас иіп аттаған қадамдарын жақсы ырымға балады, ынтымақ пен келісімнің жарқын көрінісі деп қабылдады.

Кейбір ұшқары ойлаушылар «мешіт пен шіркеудің бір-біріне бой көрсетіп тең тұрғаны қалай?» десе де, кейін тәубесіне келді. Шындығында жұмыр Жер бәрімізге ортақ, Жаратушы біреу емес пе? Осы сәулетті қос ғимараттың қатар бой көтеруінің өзі жақсы ырым. Өйткені Құдай – біреу, тек оған барып табынатын жол әртүрлі. Өз заманында қасиетті Қағбаны Ибрагим пайғамбар салдырғанын ұмытпау қажет.

Өзіміз де, өзге де Н.Назарбаевты Астананың Бас сәулетшісі деп тегін айтпайды ғой. Ұлт көшбасшысы өңірлердегі бұрынғы ғимараттардың қазір қалай өзгеріп жатқанын да ұмытпайды. Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарының кезекті форумы Ақтөбеде өтіп жатқанда жаңаша жаңғыртылып, өзгертілген ғимарат алдында: «Мұнда, саяси-ағарту үйіне бұрын да келгенмін. Осы жолы танымай қалдым. Мәжіліс залы, саммит, халықаралық жиын өтетін орын қалай тез дайындалып үлгерген» деп, таңғалғанын жасырмады.

Елбасының Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарының әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынасын кеңейту жөніндегі 2000 жылдардың басында көтерген бастамасы қазір өміршең сипат алды. Оның ауқымы жыл сайын ұлғайа түсуде.

Қазіргідей алмағайып заманда ыдырау емес ымыраласу, шабысу емес табысу, ауысу емес қауышудың шынайы көрінісі осындай болу керек. Президент көкейінен осындай сұңғылалықты көреміз.

Ақтөбе жастарының «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» деп аталатын бастамасын Елбасы барлық қазақстандықтарға үлгі етіп, жалпыхалықтық акция деп атады.

Республикамыздың түкпір-түкпірінде жалғасын тапқан ақтөбелік жастардың бастамасымен ауыл келбеті жаңа түр, өзгеше сипатқа ие болды. Бұрын-соңды жазғы каникул күндерінде ойын қуып немесе бейжай жүретін 7-10 сынып оқушылары елді мекендерді абаттандыруға қатысып, пайдалы іске араласты. Жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық айта қаларлықтай азайды. Оқушылар маусымдық жұмыстардан 40-50 мың теңге пайда тапты. Олардың көпшілігі жаңа оқу жылына мектеп формаларын, кітап-құралдарын дайындап алған соң, келесі маусымдық жұмыстарға қатысуға тілек білдірді. Ең бастысы, жасөспірімдер алғашқы еңбек мектебінен өтіп, шыңдалды.

Елбасы қазақстандықтар арасында саламатты өмірді насихаттап қана қоймай, өзі де үнемі спорттық тұлғасын бірқалыпты сақтап жүретін адам. Өзіміздің спортшыларымызға деген қамқорлығын, тіпті қай спортшыға ерекше үмітпен қарайтынын және олардың болашағынан жаңылмайтынын баршамыз білеміз. Өңірлерде де спорттың шын мәнінде бұқаралық сипат алуын талап етіп келеді. Ақтөбелік спортшылар қауымымен кездескенінде олардың жетістіктерінен терең хабардар екенін байқатты.

Нұрсұлтан Әбішұлының зияткерлік қабілеті туралы танымал қаламгерлер, зерделі журналистер талай айтып та, жазып та жүр. Ал елінің, жерінің қадірін жете түсінетін Елбасы Ақтөбенің Мұғалжар тауларымен егіз біткен Айырық туралы сөз қозғағанда таңғалдым. Заманының сал-серісі Батақтың Сарысы:

«Тұсынан шыға келдім Айырықтың,

Даусымнан құйқылжыған айрылыппын.

«Дидар мен несіп ғайып» деген сөз бар,

Көрінген көк аттыға қайырылыппын» — деп айтатыны тура сол тау. Айырық тауы шөгіп жатқан түйенің қос өркешін көзге елестетеді. Жергілікті тұрғындар арасында «Айырықтан жел тұрса, жаз да болса қыс болар» деген де сөз бар. Онысы осы аймақтың ерекше табиғатын бейнелесе керек. Мұғалжар ауданында осы тау аттас ауыл да бар. Ол Мұғалжар тауының жиегінде, Әулие өзенінің жағасында, Айырық тауына жақын орналасқан.

Елбасы еліміздің жердің асты мен үстіндегі байлықтарды, олардың мерзімдік қорын, келешегі қалай боларын үнемі таразыға салып, байыптап жүреді. Республикалық және халықаралық маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорық қорының геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектілерінің тізбесінде Көкжиде жерасты сулары да бар.  Осы Көкжиде ластанып бара жатыр деген сөздерге алаңдаған болу керек, ол туралы егжей-тегжейлі сұрады. Отанымыздың табиғатына жанашырлық танытып, экожүйеде салғырттыққа бой бермеу керектігін ескертті. Олай болмаса, шынымен де келешек ұрпақ өткенге өкпелемей ме, топырақ шашпай ма? Артымызға ұрпаққа мұра болатын игілік қалдыруымыз керек. Президент осыны ұқтырды.

Нұрсұлтан Әбішұлы өңірлердегі адамдар, мұғалімдер мен денсаулық сақтау қызметкерлері, басқа да халыққа қызмет етушілер туралы жиі еске алады. Облысқа келген сапарларында тарих еншісіндегі тұлғалар ғана емес, күні бүгін ел алдында жүрген сыйлы, ардақты азаматтарды сұрастырып жатады.

«Шалқарда Оразбай деген ақсақал, Ақтөбеде Зәкірадин Байдосов деген тарихшы, Чемоданов, аты-жөні Федор Евгеньевич болар, Бекіш Ғалымов деген соғыс және еңбек ардагерлері бар еді, жағдайлары қалай» — деп, кішілікпен кісілік танытуы — Ұлт көшбасшысының тұлғалық тағылымы, сезімталдығы мен аңғарымпаздығы!

***

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қан майдан шебінде Халық Батыры Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түскін, күймейсің!» деген нақыл сөзінің мәні мен мағынасы бүгінгі күні тереңдей түсті. Біздің Елбасы да өзінің тағдырын ұлтының, ұлысының, жасампаз істердің жолына байлады. Осы қасиетті жолда Нұрсұлтан Әбішұлының өзі айтқандай: «Алдымызда асу-асу белдер бар, ұлт жолында ұйтқи соғар желдер бар. Бел де талар, жел де беттен қағар. Бәріне көну керек, бәріне төзу керек!». Біз даңғыл жолға бет бұрған, сын-қатерге шеп құрған Көшбасшысы бар Мәңгілік Елміз.

 

«Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған

(29 мамыр 2015 жыл) мақаланың толық нұсқасы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button