Әлеумет

«Немеремді бір иіскетші!..»  

Қарттар үйі… Бұл қилы-қилы тағдыры бар, көздерінде мұң басым жалғызілікті ата-әжелердің мекені. Күлгенінен күрсінгені көп мұндағылардың өзекті өртер өкініші де, асыл арманы да аз емес…

Біз қартайған шағында ешкімге керексіз болып қалған, қадірі кеткен қариялардың тыныс-тіршілігімен етене танысып, олардан сыр суыртпақтауға тырысқан едік.

 

280 тағдыр һәм үміт

 

Ақтөбе қаласының іргесінде орналасқан қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінің директоры Ермек Бейсқалиевтің айтуынша, 300 тұрғынға шақталған мекемеде қазіргі таңда 280-ге жуық адам тіршілік етіп жатыр. Оның 160-ы ер, қалғаны әйел адамдар. Ал мұндағы мүгедек жандардың саны — 108. Өз кезегінде олардың ішінде орыс ұлтынан шыққандардың қарасы басым — 115 адам. Өкініштісі, қазақтар да бұл жағынан қалыс қалмай отыр, олардың саны жоғарыда аталғандардан 15-ке ғана кем… Қалғанын өзге ұлттардың өкілдері толықтыратын әлеуметтік нысандағылардың орташа жасы 85-90 жасты құрайды.

— Оларға медициналық көмек, түрлі тұрмыстық қызметтер көрсетеміз. Мәселен, жақында біразын театрдағы жаңа қойылымды тамашалауға апардық. Сол сияқты мәдени-көпшілік шараларға мүмкіндігінше қатыстыруға тырысамыз. Мекемеде қарттар мен мүгедектерге ұзын саны 175 адам қызмет етеді. Оның ішінде еден жуушыдан бастап, медицина мамандарына дейін бәрін айтып отырмын.

Өздігінен жүріп-тұра алмайтын, ауыр халде жатқан жүз тұрғынымыз ғимараттың 1-қабатына орналастырылған. Негізінен, олар бұл жағдайға табиғи процесс — қарттықтан жетіп отыр. Жылына шамамен алғанда 20-30 егде тартқан жан мәңгілік сапарға аттанады, — дейді Ермек Сламғалиұлы.

«Өмір бар жерде — өлім бар». Осы орайда ел арасында «қарттар үйіндегілер қайтыс болғанда, арулап жерленгені былай тұрсын, 10-15 адам трактор қазған жерге ортақ һәм бірге көміледі» деген алып-қашпа әңгіменің бары рас. Іздеушісі жоқ адамдардың ақтық сапарының қалай атқарылатынын мекеме басшысынан сұрағанымызда, бұның негізсіз долбар ғана екенін білдік. Бейсқалиевтің баяндауынша, Үкіметтен осында көз жұмғанның әрқайсысына бұл мақсатта 60-70 мың теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Сол қаражатқа тендерде ұтқан мекеме мәйітке арналған жер қазып, марқұмның басын қарайтып, құлыптас қояды. Егер осынау фәниде демі үзілген кісінің алыс-жақын туыстарының біреуі келіп, оны өзіміз жер қойнына тапсырамыз десе, интернат үйіндегілер қарсылық танытпайтынын тілге тиек етті. Ондай жағдайда мұндағылар қосымша көмегін беріп, сүйекті ағайынына аманаттайды екен.

Жалпы, қамкөңіл қариялар өмір сүретін орынға орналасудың өзі үлкен қажыр-қайратты талап етеді. Бұрынғыдай емес, соңғы жылдары мұнда тек қамқоршысы жоқ, өз-өзіне күтім жасай алмайтындар мен I, II топтағы мүмкіндігі шектеулі ақтөбеліктер ғана қабылданады. Онда да аталғандар керек құжаттарын жинап, анықтама қағаздарын құзырлы мекемеге толықтай ұсынса ғана, әрине. Балалары бар, бірақ осында жанына сая тапқысы келіп, өздері сұранғандардың тіркелуі үлкен мұңға айналған. Яғни қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінің өзіне тән қатаң келу-шығу тәртібі бар. Соңғылары жайлы сәл кейінірек… Одан бұрын бір-бірімен тағдырлас ата-әжелердің басында сирек кездесетін жағдайға тоқталсақ. Ол — мезгілінен кеш болса да қателігін түсініп, әке-шешесін алып кететін «іштен шыққан шұбар жыландардың» ақылға келуі. Мұндай қуанышты оқиға өткен жылы бір рет орын алса, биылдыққа әжесін іздеп келіп, мекемеден шығарып алуды көздеген немерелер бар көрінеді. Олар қазіргі таңда қажетті құжаттарды толтырып, кейуананы жолға дайындап жатыр екен… Бірер аптада көңілсіз орта, алакөлеңке жерден мәңгіге ұзайтын оның көңіл күйі шат-шадыман. Мұны сөзбен айтып жеткізу қиын, тек қана көру керек! Бәрінен бұрын, көңілі пәс, жаны жүдеу қарттардың немересін бір иіскеп, өз үйінде болуды аңсайтыны, безбүйрек балаларының қайта оралуын күтетіні айдан анық. Оны түсіну үшін артық-ауыс сөздің, әлдебір қарекеттің қажеті жоқ, бәрі жүзі солғын жасамыстардың жанарларынан-ақ аңғарылады. Бір қынжылтатыны, арнаулы үйдің басшысы сөз арасында мұндай жайттардың ілуде біреу екенін, жылына көп дегенде бір-екі рет кездесетінін келтірді. Және соңғы екі оқиғаның кейіпкерлері де өзге ұлттан, қаракөздеріміз әлі күнге есік-терезеге елеңдеумен отыр… «Бірақ, қандай жағдай болсын, соңғы демі қалғанша оларда үміт оты өшпейді. Үлкен кісілер ата-анасын жұмыстан күткен бала сияқты қайта-қайта сағатқа қарап, әне-міне біреу кіріп келетіндей күйде отырады…» дейді әңгімелесушіміз.

 

7 жыл, 11 күн…

 

…Біз барғанда, мектеп оқушылары Жеңіс мерекесіне арналған концертін қойып жатыр екен. Мұнда самайын ақ шалған кемпір-шалдар да, арбада отырғаны болмаса, жастығы жүзінен-ақ «менмұндалайтын» бірен-саран қыз-жігіттер де ұшырасты. Барлығының жанарларында нұр жоқ демесеңіз, біз сияқты адамдар… Олар да ұялады, көзінің қиығымен қарайды, сосын…тура бала сияқты жатырқайды. Кең залға кіре салып, суретке түсіріп жатқанымызды байқаған бірқатары лезде шығып кетуге ыңғайланып, қоларбасымен әуреге түсті. Оның арасында екі аяғы да жоқ, жермен-жексен болған арбаны екі қолымен икемке келтіріп, фотоаппараттың объективіне түсуден тартынғандар да болды. Көзбен көруге қорқынышты, тұла бойыңды шымырлатар көріністер… Сөйтсек, мұндағылардың дені өздерінің жалпақ жұртшылыққа көрсетілгеніне, аты-жөндерінің баспасөз беттерінде аталғанына түбегейлі қарсы болып шықты. Оның сыры — намыста. Әйтпесе қариялар мен денсаулығында кінәраты барлар солар үшін жақын-жуықтарының ұялғанын қаламайды… Оларды осында тастап кетсе де, көбісінің тума-туыстарының қамын ойлап, бәйек боп жүргені. Дегенмен басшылық арқылы газетке өз аты-жөнін жасырмай, суретке түсіп, ауыр тағдырын сөз етуге келісімін бергендермен жүздесудің реті келді.

Солардың бірі — Тәжітай Молдабеков. Биыл 73-ші көктемін қарсы алып отырған атай өмір бойы тракторшы болып жұмыс істепті. Отбасын құрып, жар сүю бақытына бөленгенімен, екеуінің маңдайына ұрпақ өрбіту жазылмапты.

— Өзім Ырғыз ауданынан боламын. Сонда өсіп-өніп, қартайғанша еңбек еттім. Жұрт қатарлы шаңырақ та көтердім. Бірақ әйелім ауырып қайтыс болған соң, екінші рет үйленбедім. Сөйтіп, жалғыз қалдым.

Туыстарым бар, әйткенмен оларға салмақ салғым келмей, өз еркіммен осында келдім. Осыдан 7 жеті жыл, 11 күн бұрын, түскі сағат 4-те…

Шүкір, жағдайым жаман емес, балалар сыйлайды, бізді қамқорлайды. Тәртібі де жақсы. Тамағымыз да тәуір. Аппақ, таза төсектің үстінде жатырмыз. Керек болса, Айжан есімді жақсы дәрігеріміз ем-домын жасайды. Бізге бұдан артық не керек? Ақиқатын айтсам, мұндайды мен өзімнің үйімде болғанда да көрмес едім… Сондықтан осы күніме де тәубе деймін, — дейді қарт.

Үстіне бешпет-шалбарын киген шүйкедей ғана Тәжітай ақсақалдың бөлмесіне бас сұққанымызда, мұнтаздай тазалықты, тап-тұйнақтай жиналған төсекті көрдік. Қасында орыс кісі бар, екеуі бір бөлмеде тұрады. Хал-жағдайларын сұрағанымызда, бірауыздан «жақсы» деген жауап алдық. Әке, ата бақытын сезінбесе де, бізді немересіндей көрді ме, кейіпкеріміз бірнеше мәрте қолымызды қысып, артынша жылы жүзбен батасын беріп, төменге дейін шығарып салды. Атай сонысымен-ақ жүректі елжіретті. Біз болсақ, жалғыздықтан жаны құлазығандай көрінген ардагерге амандық тілеп, кете бардық…

 

«…Жалғыз көйлекпен келдім…»    

 

Бір қарағанда, жанары жәутеңдеген, әр нәрсеге өкпелеп қалатын болып көрінгенімен, өмірдің көлеңкелі тұстарын елемеуге тырысатынын кейін байқататын Орын әжейдің ғұмыр жолы, тіпті адам сенгісіз. 14 баланың анасының (!) мұнда қоныстанғанына 4 жылдың жүзі болыпты. «Әже, сізді суретке түсіріп, аз-кем сұрақ қояйық» дегеніміз сол еді, кейуана әдемі кестеленген кәжекейінің барын, соны киіп келіп бір-ақ суретке түсетінін айтып жөнелді. «Қайтесіз, мына киіміңіз де жақсы ғой» дегенімізге болмай, бөлмесіне асығыс аяңдаған интернат тұрғынының сөзі түзу, жүрісі қалыпты. Тек соңғы кезде көзінің көруі нашарлапты. Жанарына жас толып жымия үн қатқан ол келе сала: «Денсаулығым да жақсы, киімім де бар, тек жетімдігім болмаса…» деп әңгімесін жалғады.

— Атым — Орын, тегім — Нысырина. 1928 жылы Ойыл ауданында тудым. Шалым да болды, балаларым да бар. 14 бала таптым. Оның көбісі өліп қалды, қалғанынан қайыр жоқ. Тірі жүрсе де, мен үшін олар өлгенмен бірдей. Әйтпесе, мені осылай қаңғытып жібере ме? Осында келгенде жалғыз көйлекпен келдім…

— Бұл жерге қалай тап болдыңыз? Ұл-қыздарының қарттар үйіне неге тапсырды? — деп сауал тастағанымызда, әжей басын шайқап: «Ұл-қыздары құрысын!» — дегеннен басқа тіс жармады. Қазбалап, ескі жараның аузын тырнауға біз де ұялдық. Тек «Ауырмаңыз!» дегеннен басқа аузымызға сөз түспеді. Әжей сөз соңында: «Алланың одан да ала бергені жақсы ғой. Қайтеміз енді… Сексеннен асқасын кімге керекпіз?..» деп, бөлмесіне қарай бет алды.

 

…Жасқа қарамайды!

 

Арнаулы мекемеде күш-қайраты кемігенде жетім баланың күйін кешіп, ауыр жылдарға қарамастан, үлкен бейнетпен бала өсіріп, енді қызығын көремін бе дегенде, осында орналастырылған ақ сақалдылар мен ақ жаулықтылар, жалпы ақ жүрегімен аһ ұрғандар аз емес. Алайда мұнда өмір бойы теріс жолға салынып, ішімдік ішкен, «өзі үшін» өмір сүріп, баланы да бақпай, «жалғанды жалпағынан басқандардың» саны біршама. Тиісінше солардың дәуреніндегі «қызығы» есіне түсіп, дау-дамайлардың ара-тұра туып тұратыны жасырын емес. Қысқасы, «Кәрілік — кемелдік» деген сөз баршасына қатысты болмаса керек. Әдетте қазыналы қарттардан гөрі, сол шал-шауқандардың тәртіп бұзып, ата сақалы аузына жеткенде соттың алдында жауап беретіні бар. Ермек Бейсқалиевтің мәліметінше, жыл басталғалы интернаттың ішкі ережесін бұзып, жауапкершілікке тартылған қариялар жоқ емес.  Айталық, биылдыққа 2-3 адам мекемеден қуылыпты. Себеп — олардың спирттік ішімдік тұтынып, жан-жағындағыларға залалын келтіруі.

— Үш рет ескерту береміз, одан кейін онымен заң «тілінде» сөйлесеміз. Негізінен, бар мәселе кейбір қарттардың арақ ішуінен басталады. Ол ішкенімен қоймай, басқаларға тиісіп, мекеме мүлкін бүлдіреді. Содан тиісті шаралар қолдануға мәжбүр боламыз. Мәселен, осы жылы соттың шешімімен 4 тұрғынға қомақты айыппұл салынды. Ал бірнеше адамды интернаттан шығарып жіберуге тура келді. Осындай жаза қолданбасақ, басқа амалымыз қалмады. Оларды далаға қаңғытып жіберу де обал, басқа барар жері жоқ қой. Десек те біздің жағдайымызды да біреу ойлау керек деп есептеймін, — дейді интернат үйінің басшысы.

Ақ пен қараның қатар жүретіні және аян. Мекемені мекен етушілердің арасында, мұндағылардың сөзімен айтсақ, «Еңбек терапиясымен» айналысып, бос уақытында гүл өсіретін, киім тоқитын, жалпы қолөнермен айналысатындар жетіп артылады. Ол ол ма, өмірінің біраз бөлігін артқа тастап, «базардан қайтқандардың» бір-бірімен көңіл қосып жатқандары кездеседі. Деректерге сүйенсек, 280-ге жуық адамның 30-ның өз сыңары бар. Яки, қарттығына қарамастан, осында 15 отбасы тату-тәтті тіршілік етіп жатыр. Олардың біразы интернатқа түспей тұрып, әлеуметтік бейімдеу орталығында табысса, тағы бірсыпырасы о баста-ақ ерлі-зайыпты болып келгендер. Осы орайда былтыр «алтын тойын» тойлаған Александр мен Нина Фурларды атап өтуге болады. Егер аталғандардың банктен алған несиесін өтей алмай, үйлерінен айырылғанын есептемегенде, араларына сызат түскен емес. Сонымен қатар, бұл жерде аралас некелер де көп. Мысалы, өткен жылы ғана қосылған Оразбай Сұлтанбеков пен Мария Испусинаның махаббатына діні мен ділінің бөлектігі кедергі бола алмапты. Сол сияқты бір-біріне қарасын болып, бағып-күтіп отырған шаңырақтар мұнда жетеді. Бұл ретте 15 жұптың көпшілігінің мешітке барып, мұсылмандық дәстүрмен некесін қиғандарын келтіре кетейік. Демек, бұл саналы махаббаттың «жемісі»! Әрі сол арқылы ғашықтық ғаламатына бөлену де, аяғын шалыс басу да жас талғамайтынына кезекті рет көз жеткізетініміздей…

 

P.S. Біз барған мекемедегілер, ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, «бірі мініп келместің кемесіне, бірі күтіп, әнеки, жағада тұр…» Сөйте тұра, олардың әрқайсысы үмітін үзбей, «балам енді келіп қалар…» деп жан-жағына жалтақтаумен күнін өткізеді. Ақтық демі үзілгенше, ұл-қызын жамандыққа қимайтын, зейнетақысын соларға жинайтын ата-әжелердің арманы алдамағай! Әйтпесе, «атаңа не қылсаң, алдыңа сол келетіні» — әлдеқашан дәлелдеуді қажетсінбейтін мәтел.

P.S.S. Ғаламтордағы соңғы санайғақтарға сенсек, еліміз бойынша бүгінде 80-нен астам қарттар үйі бар, оны туған балалары безінген 30 мыңдай қария паналап отыр. Әйтеуір қарттар үйі егде жастағылардың «қарашаңырағына» айналып кетпесе игі!..

 

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Суреттерді түсірген автор.

 

 

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 

Мекеме басшысынан сұрап білгеніміздей, интернат үйіне биыл бюджеттен 220 млн. теңге аударылған. Ал өткен жылы оның көлемі 272 миллион теңгені құрапты. Бұл қаражат жұмысшылардың еңбекақысына, коммуналдық қызметтерге, тұрғындардың ас-ауқаты мен киім-кешегіне, сондай-ақ, дәрісіне жұмсалады екен.

 

++++++++++++++++

 

Былтыр Үкіметте қарттар үйіндегі тұрғындардың зейнетақысының 70 пайызы мемлекеттің иелігінде қалуы тиіс деген ұсыныс ортаға тасталған болатын. Алайда ол заңды күшіне енген жоқ. Өз кезегінде Ақтөбедегі қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінің директоры Ермек Бейсқалиев мұндағы тұрғындардан бір тиынның да алынбайтынын, барлығының мемлекеттің мойнында екенін айтып отыр.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button