Спорт

«Ақтөбе»: маңызды жеңістің шаттығы

Премьер-Лига

 12-турда «Ақтөбе» қатарынан алтыншы рет жеңіске жетті.

Күллі қазақстандық жанкүйерлер соншама қызығушылықпен күткен басты кездесуде сырт алаңда ойнаған ақтөбеліктер тағы да ұтты. Жеңіліп қалған «Қайрат» бұрынғысынша бесінші орыннан ілгері жылжи алмады.

Турнир кестесіндегі екінші орынға тағы бір жеңіс иесі «Атырау» жайғасты.

Тең ойынды қанағат тұтуға мәжбүр болған «Астана» қайтадан алғашқы үштікті тастап шықты.

«Оқжетпес» пен «Тобыл» алғашқы алтылықты өкшелей бастады.

Бұл турда «Ақтөбе» Алматының Орталық стадионында «Қайратпен» кездесті.

Қазақстандық жанкүйерлермен бірге біздің бас бапкердің әкесі, белгілі футболшы һәм жаттықтырушы Валерий Газзаев тамашалаған бұл ойында алаң иелері алғашқы сәттен-ақ тізгінді қолға алуға тырысты. Тіпті алғашқы 15 минут уақыт ішінде гол соғып кетерліктей қауіптер де төндірді. Бірақ жерлестеріміз абыржыған жоқ. Әсіресе, таймның екінші бөлігінде мығым қорғаныспен де, допқа сенімді иелік етуімен де «Қайраттың» діңкесін құртты. Амалы құрыған алматылық футболшылар жерлестеріміздің жүйкелерін түрткілеуге көшті, ескерту қағаздарына ұрындыруды, реті келсе, жасыл алаңнан қуғызуды көздеді. 45-минутта екі команданың төрт ескерту қағазын тең бөлісуінің басты себепкері — алматылықтар. Жалпы, «Қайраттың» бұл кездесуде бес ескерту қағазын алуы ізсіз кетпейтін шығар. Жарнамада «Ақтөбенің» былтырғы ұтылысын еске салатын «7:1» деген цифрдың пайда болуы да біздің жігіттеріміздің сағын сындырудың амалы еді. Бірақ ақтөбеліктер ешқандай сыр бермей, негізгі тартысты екінші таймға қалдыра берді және қателескен жоқ.

Екінші таймды да алматылықтар шабуылмен бастады. Бірақ 60-минут шамасынан бастап ақтөбеліктер қарсы шабуылды үдетті. Жалпылай алғанда ойынның бұл бөлігінде Владимир Вайсстың мақсатын Владимир Газзаевтың тактикасы жеңіп шықты.

Екінші таймда алаңға шыққан Сергей Хижниченко 68-минутта Марат Хайруллин арқылы келген, Маркос Пиззелли тастаған допты баспен соғып, қарсыластар қақпасын бүлк еткізді — 0:1.

Ал ойынға 72-минутта қосылған Алексей Антонов бірер минут өтпей жатып команданың есебін одан әрі ұлғайтты. Ол алыстан шірене соққан допты Владимир Плотников қолынан сусытып алды — 0:2.

Бұл ретте В.Вайс додаға қосқан қос легионер Сито Риера мен Момоду Сиссейден еш қайран болмағанын жолшыбай ескерте кеткеніміз мақұл. Рас, 86-минутта біздің қақпамызға күдіктілеу пенальти тағайындалды. Бірақ Бауыржан Исламхан он бір метрден соққан допты Стас Покатилов қақшып түсті. Осы арада 15 минут бойы стадионда жарық сөніп қалғанын, бұның соңы қосымша минуттарға соқтырғанын, ал бұл жағдай ақтөбеліктердің қарқынын азайтуға әсер етуі тиіс болғанын айта кетуге тиіспіз. Сондай мезетте чемпионаттың сұрмергені Жерер Гоу расында да гол соқты — 1:2. Алайда жерлестеріміз бұдан әрі қателескен жоқ. Бұл ойында Данило Неко, Валерий Коробкин тәрізді белді ойыншыларымыздың жарақат алып қалуларына байланысты жасыл алаңға шыға алмағаны да «Ақтөбенің» шебер өрнегін бұза алған жоқ.

Ал «Қайрат» өз алаңында қатарынан екінші рет ұтылды.

«Қайрат»-«Ақтөбе» — 1:2

Гол  авторлары: Сергей Хижниченко, 68-минут (0:1); Алексей Антонов, 74-минут (0:2); Жерар Гоу, 90-минут (1:2).

86-минутта пенальти орындаған Бауыржан Исламхан («Қайрат») қақпашыдан айласын асыра алмады.

Ескерту қағазын алғандар: Бауыржан Исламхан, 39-минут, Зәуірбек Плиев, 45-минут, Исламбек Куат, 45-минут, Владимир Плотников, 45-минут, Михаил Бакаев, 83-минут («Қайрат»), Артурас Жулпа, 21-минут, Андерсон Сантана, 45-минут, Дмитрий Мирошниченко, 45-минут, Асхат Тағыберген, 90 + минут («Ақтөбе»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:

Сергей Покатилов, Айоделе Аделейе, Артурас Жулпа, Дмитрий Мирошниченко, Марат Хайруллин (Виктор Дмитренко, 81-минут), Асхат Тағыберген, Юрий Логвиненко, Маркос Пиззелли (Алексей Антонов, 72-минут), Андерсон Сантана, Марат Айымбетов, Данило Сирино (Сергей Хижниченко, 55-минут).

16 мамыр. Алматы. Орталық стадион. 12 500 адам.

«Sports.kz» порталының әр турдан соң жасақтайтын символикалық құрамасына бұл жолы қақпашы Стас Покатилов, орталық қорғаушы Айоделе Аделейе және бас бапкер Владимир Газзаев енгізіліпті.

 

Басқа кездесулер

 

«Астана»-«Ертіс» — 2:2

Гол авторлары: Константин Дудченко, 3-минут (0:1); Фокси Кетевоама, 4-минут (1:1); Таңат Нөсербаев, 60-минут (2:1); Азат Ерсалимов, 90-минут (2:2).

 «Тараз»-«Атырау» — 0:1

Гол авторы: Берік Айтбаев, 6-минут (0:1).

«Қайсар»-«Оқжетпес» — 0:2

Гол авторлары: Ильнур Мангуткин, 12-минут (0:1); Әлібек Бөлешев, 36-минут (0:2).

«Тобыл»-«Жетісу» — 3:1

Гол авторлары: Калу Уче, 37-минут (1:0); Калу Уче, 43-минут (2:0); Душан Савич, 65-минут (2:1); Калу Уче, 71-минут (3:1).

45-минутта Томаш Шимкович («Тобыл») пенальтиде қақпашыдан айласын асыра алмады.

«Ордабасы»-«Шахтер» — 1:0

Гол авторы: Бранислав Трайкович, 78-минут (1:0).

 

ОЙЫН КЕСТЕСІ

 

Командалар           О         Ұ          Т         Ж        Д         Ұп

 

1 Ақтөбе                  12       7          5          0          14-5    26 

2 Атырау                 12       7          3          2          14-10  24  

3 Ордабасы           12       6          6          0          13-5    24

4 Астана                   12       6          4          2          23-13  22

5 Қайрат                   12       5          3          4          21-10  18

6 Тараз                     12       5          2          5          10-8    17

7 Оқжетпес               12       5          1          6          13-16  16

8 Тобыл                    12       4          2          6          12-20  14

9 Қайсар                   12       2          6          4          5-9      12

10 Ертіс                    12       1          6          5          13-18  9

11 Жетісу                  12       1          4          7          7-18    7

12 Шахтер                12       1          2          9          7-20    5

 

*О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

 

Алты турға созылған жеңістер

 

Бұл 11-турда қақпаларға 15 гол соғылды. Екі кездесу 1:0 есебімен аяқталды. Бір футболшы бір ойында үш гол соқты. Он бір метрлік екі айып добын қақпашылар дарытпады. 3:1 есебі чемпионат басталғалы үшінші рет қайталанды. Бұл жолы қонақтар көбірек гол соқты (8:7).

Кездесулерде 29 ескерту қағазы көрсетілді, жасыл алаңнан қуылғандар жоқ.

«Ақтөбе» мен «Атырау» қатарынан алты тур бойы жеңіске жетіп келеді.

Сондай-ақ, әзірге «Ақтөбе» мен «Ордабасы» жеңіліске ұшыраған жоқ.

Сырт алаңда әлі де бірде-бір рет жеңіске ие бола алмағандар: «Қайрат», «Ертіс», «Жетісу», «Шахтер».

Чемпионат басталғалы 72 кездесу өтті. 30 рет алаң иелері жеңсе, 20 рет қонақтар жеңді, 22 кездесу тең есептермен аяқталды.

Барлық кездесулерде қақпаларға 152 доп енді, әр ойында орта есеппен 2,11 гол соғылды.

Алаң иелері 88 гол (әр ойында 1,22 гол) соқса, қонақтар 64 доппен (әр ойында 0,89 гол) жауап қайтарды.

Мергендер көшін 11 гол салған Жерар Гоу («Қайрат») бастап тұр.

 

Біздің жанкүйерлеріміз

 

12-турдан соң «Sports.kz» порталы жанкүйері ең көп команда ретінде «Қайратты» атап өтті. Орта есеппен бұл клубтың қатысуымен өткен әр ойынға 4008 жанкүйер келген екен. Бірақ бұл уақытша көрсеткіш екені белгілі.

Уақытша дейтін себебіміз, әзірге «Ақтөбе» өз кездесулерін облыс орталығындағы Орталық стадионда өткізуді бастаған жоқ. Мысалы, «Қайраттың» Алматыдағы әр ойынын орта есеппен 7550 жанкүйер тамашалапты, ал «Ақтөбе» жанкүйерлерінің саны әзірге тұрақты стандарттан аса алған жоқ — 3000.

«Қайрат»-«Ақтөбе» кездесуінен соң бас бапкер Владимир Газзаев: «Соншама ықыласпен қолдаған құрметті жанкүйерлерімізді жеңіспен, жай жеңіспен емес, еңбекпен келген заңды жеңіспен құттықтаймын», — десе, «Ақтөбе» клубының президенті Сағат Еңсегенұлы «Sports.kz» тілшісіне берген сұхбатында былай деді:

«Мүмкіндікті пайдалана отырып біздің қадірменді жанкүйерлерімізге алғысымды білдіремін. Олар нағыз үздік, нағыз тәртіпті, нағыз мәдениетті жанкүйерлер екенін тағы да танытты. Олар өте жоғары дәрежеде қолдау көрсетті. Стадионда жарық өшіп қалғанын, дүлей жел соққанын бәріңіз де көрдіңіздер, соның өзінде біздің бірде-бір жанкүйеріміз стадионды тастап кеткен жоқ. Олар өз клубымыздың, өз қаламыз бен өз облысымыздың патриоттары екенін тағы да дәлелдеді. Барлығы соңына дейін шыдады және команданы қолдау ретінде ұялы телефондарының шамын жақты. Әдемі көрінген бұл көрініс қандай құрметке де лайық. «Ақтөбенің», еш дау жақ, Қазақстанның барлық өңірінде де мол және үздік жанкүйерлер армиясы бар».

 

«Ақтөбенің» мергендері:

 

Сергей Хижниченко (шабуылшы) — 4 гол;

Дидар Жалмұқан (жартылай қорғаушы) — 2;

Маркос Пиззелли (жартылай қорғаушы) — 2 (1);

Данило Сирино (шабуылшы) — 2;

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 1;

Данило Неко (шабуылшы) — 1;

Айоделе Аделейе (қорғаушы) — 1;

Алексей Антонов (шабуылшы) — 1.

«Ақтөбе» өз алаңымызда 2 рет ұтып, 4 рет тең ойнады, 5-2 доп айырмашылығымен 10 ұпай жинады. Сырт алаңда 5 рет ұтып, 1 рет тең түсті, 9-3 доп айырмашылығымен 16 ұпай жинады.

 

13-тур ойындары

 

13-тур ойындары 24 мамыр, жексенбі күні өтеді.

Бұл күні «Ақтөбе» өз алаңында «Тараз» командасын қабылдайды.

Бірінші айналымда сырт алаңда 1:0 есебімен (Сергей Хижниченко) жеңіске жеткенбіз.

Басқа кездесулер:

«Атырау» — «Ордабасы»

«Шахтер» — «Астана»

«Жетісу» — «Қайрат»

«Оқжетпес» — «Тобыл»

«Ертіс» — «Қайсар»

 

Әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button