Басты жаңалықтар

Әскери шеру — ел айбыны


7 мамыр күні Астанада  елімізде бұрын-соңды болмаған әскери шеру өтеді. Шеруде  бес мыңнан астам сарбаз сап түзеп,  қарым-қабілеті күшті 200 әскери техника көрсетіледі. Ал 80-ге жуық ұшақ пен тіқұшақтар авиашоуға қатысады.

ҚР Қарулы Күштері Бас штабының  хабарлауынша, мазмұн­дық идеясына қарай парад тарихи және заманауи  бағыттағы екі бөлімнен тұрады.  Тарқатып айтсақ, тарихи бөлімде 1941-1945 жыл­дар­дағы соғыс техникасының 36 түрі қаты­сады. Оның ішінде 27 әскери техника мен қару-жарақ, Т-34 танкі, ЗиЛ-157, ЗИС-2 зеңбірегі және  М-30 гауби­цасы, танымал БМ-13 РС-30 «Катюша» және «Максим» пулеметі бар.  Сондай-ақ, АН-2 және ТL-2000 сынды 9 ұшу аппа­раты Астананың аспанында қалық­тайды. Ал заманауи бөлімде бүгінгі қазақ­стандық армия қару-жарағын құрайтын қарулар мен әскери техниканың үлгілері көрсетіледі. Әскери қызметшілер ең соңғы үлгідегі әскери киімдерді киеді.

Шеруге қатысу үшін жалпы саны 186 қыз-келіншек іріктеліп алынды. Олардың ішінде 32 әскери қызметші санитарлық нұсқаушы үлгісінде киініп, шерудің ҰОС кезеңіндегі тарихи бөліміндегі рота құрамында болса, ал қалған 154 әскери қызметші шерудің қазіргі заманғы бөлімінде алаңда қазақстандық әскери жоғары оқу орындарының курсант­тарынан кейін жеке жаяу саппен адым­дайды. Шерудің сәнін келтіретін ән-жыр жағы да ұмыт қалмақ емес. Жеңістің 70 жылдығы құрметіне арналған әскерлер парадын музыкалық сүйемелдеуді Қорға­ныс министрлігі құрама оркестрінің 250-ден астам әскери музыканты қамтамасыз етпекші.

Жалпы шеруге Әуе қорғанысы күштерінен 1000-ға жуық адам, С-300, С-200 зениттік-зымыран кешендері келеді.  Елордадағы Қазақ елі  алаңының үстінен Су-27, Су-25, МиГ-31, МиГ-29 жауын­герлік ұшақтары, Ми-17, Ми-171, Ми-26, Еurocopter тікұшақтары, Ту-134, Ту-154, АН-26, АН-72, С-295 әскери ұшақтары ұшып өтеді деп жос­пар­ланып отыр.  Сонымен бірге,  әуеге  тұңғыш рет Су-30СМ жаңа жауынгерлік ұшақтары көтеріледі.

Бұл мерекелік шеруге Ақтөбе облысынан 14 ардагер қатысады. Ардагерлерді Астанаға төрт адам бастап барады.Оның екеуі Ақтөбе облыстық қорғаныс істері департаментінің қызметкері, ал екеуі жедел медициналық жәрдем ауруханасының дәрігері. Делегация 6 мамыр күні ұшаққа отырады. Ардагерлер мамырдың 7-і күнгі шеруге қатысып, 8-і күні мәдени бағдарламаны тамашалайды. 9 мамырда ескерткішке гүл қойып, мамырдың 10-ы күні Ақтөбеге оралмақ.

 

Интернет материалдары бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button