Басты жаңалықтар

Батальонның борышы

7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне орай Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөліміне барып, Отан алдындағы борышын өтеп жатқан қатардағы жауынгерлер мен әскери қызметкерлерді мерекелерімен құттықтап, әңгімеге тартқан едік.

 

Манарбек КАДИСОВ, подполковник, №6655 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары:

—  Бүгінде №6655 әскери бөлімінде жедел мақсаттағы және атқыштар батальоны, ал олардың құрамында үш ротадан бар. Биыл бізге Тараз, Шымкент, Қызылорда, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Петропавл  қалаларынан келген сарбаздар әскери борышын өтеп жатыр. Жедел мақсаттағы батальон қаладағы қоғамдық орындар мен көшелердегі тәртіпті бақыласа, атқыштар батальоны ішкі тәртіпті қадағалап, арнайы орындарды, мекемелерді күзетеді. Жауынгерлердің барлығы белсенді, ішкі тәртіпті қатаң сақтайды. Қазір жауынгерлеріміздің бір бөлігі әскери бөлімнің алаңында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен Тәжік-ауған соғысы ардагерлеріне арналып салынып жатқан ескерткіштің құрылысына жұмылдырылуда. Осыдан 20 жыл бұрын Тәжік-ауған шекарасындағы әскери ұрысқа қатысушылардың қатарында қаза тапқан 17 сарбазға арнап жасап жатқан ескерткіштің ашылу рәсімі 7 мамыр — Отан қорғаушылар күні мерекесі қарсаңында өтеді деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, қос мереке қарсаңында біздің бөлімде Ашық есік күні өтеді. Бұл шараға біздің барлық сарбаздарымыз атсалысады. Қазір дайындалып жатырмыз.

 

Мейрамбек АТАБАЕВ, 22 жаста, қатардағы жауынгер:

— Біз үшін бұл мереке — батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Қай дәуірде болмасын Отан қорғау әр азаматтың қасиетті борышы саналады. Сондықтан еліміздің әр азаматы өз борышын орындау керек.

Қазір әскерге қабылдану қиын. Өйткені әскер қатарына алынатын бозбалаларды іріктеп, жан-жақты тексереді. Бүгінгі күні әскерден қашып жүргендер жоқ, керісінше, әскерге бара алмай жүргендер көп. Ол үшін денсаулығың мықты, білімің жоғары болу керек. Бұл жерде жігіттер өзгеше түрде дамиды. Қару ұстауды, жауынгерлік әзірлікті, қоян-қолтық ұрысты үйренеді. Мен әскер қатарына өткен жылы маусым айында Қызылорда облысы, Шиелі ауданынан алындым. Қазір осы әскери бөлімде Отан алдындағы борышымды өтеп жатырмын. Әс­кер — шың­далу мектебі деген рас екен. Осы уа­қыт аралы­ғын­да көп нәрсені үйреніп, мол тә­жірибе жинақ­та­дым. Бұйырса, бір айдан кейін туған жеріме ораламын. Әскерге дейін Алматы қаласындағы теміржол колледжін тәмамдаған едім. Енді ауылыма барған соң өз мамандығым бойынша жұмыс жасаймын.

 

Еламан СЕГІЗБАЙ, 19 жаста, қатардағы жауынгер:

  • Мен мұнда Жамбыл облысы, Тараз қаласынан келдім. Ол күн мен үшін ерекше, естен кетпейді. Себебі мен секілді жүздеген бозбала еліміздің әр түкпіріне Отанын қорғау үшін аттанды. Ата-анамыз бізге үміт артып, қызметімізді үлкен абыроймен атқаруға тілек білдіріп, шығарып салды. Бүгінгі күні мен №6655 әскери бөлімінде азаматтық боры­шымды өтеп жатырмын. Өткен жылы маусымда келгенмін. Биыл сол уақытта еліме қайтамын. Қазір әскери бөлім­де әскери тірліктің нағыз қызған шағы. Себебі алдымызда Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі

келе жатыр. Қандай мерекеде де бізге үлкен жауапкершілік жүк­те­леді. Салтанатты жи­ындар мен кездесулерде кірпік қақ­пай сап түзеп, әскери рәсімдерді орындаймыз. Сондай-ақ, қаладағы мәдени орындар мен көшелердегі тәртіпті бақылап, келеңсіз жағдайлардың болмауын қадағалаймыз.

 

Асқар ЕЛЕУСІЗОВ, 23 жаста, қатардағы жауынгер:

  • Қазақ халқы «Ел үмітін ер ақтар» демей ме?! Отанды қорғау, әскерге бару — әрбір азаматтың Отан алдындағы парызы. Әскер, біріншіден, үлкен тәрбие мектебі. Себебі, ол ең алдымен, төзімділікке, шыдамдылыққа үйретеді. Жырақта жүріп, үйдің қадірін түсінесің. Жалпы, сарбаз болғанда әрбір нәрсені, әрбір затты бағалауды үйренесің. Сол себептен өзімнен кейінгі інілеріме әскери борыштарыңды өтеңдер демекпін. Біз үшін Отан қорғаушылар күні мерекесінің маңызы өте зор. Қазіргі уақытта ашық аспан аясында бейбіт заманда өмір сүріп жатқанымыз кезінде ата-бабаларымыздың, ардагерлеріміздің жасаған ерліктерінің арқасында деп ойлаймын. Бұл мереке мемлекетіміз үшін де өте маңызды. Өйткені бұл атаулы мерекені бүкіл халық болып, мемлекеттік деңгейде мерекелеу Отанын қорғай білуге, өз еліне деген, ел тыныштығын сақтау мақсатында аянбай тер төгіп жүрген әскери қызметкерлер мен сарбаздарға деген құрмет деп білемін.

 

Р.S. Қазір №6655 әскери бөлімінің сарбаздары алдағы мерекелерге қызу дайындалып жатыр. Күн сайын алаңда жаттығу жұмыстарын қайталап, пысықтайды. Отан алдында өз борышын адал атқарып жүрген жауынгерлердің тілегі — ел тыныштығы, сарбаздардың татулығы.

 

Капитан

 

Әдетте Отан қорғаушылар дегенде есімізге ер-азаматтардың түсетіні белгілі. Дегенмен ел басына күн туған шақта қолына қару алып, ерлермен бірге елін қорғаған арулар қазақтың тарихында қашанда көп болды. Бүгінгі бейбіт күнде де әскери форма киіп, еліміздің қорғаныс саласында қызмет етіп жатқан қыздарымыз жетерлік.

Жанар Дүйсенбекова да әскери қызметші, шені — капитан. Қаламыздағы №6655 әскери бөлімінде бөлімше басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, психолог.

Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында дүниеге келген Жанар бала кезінен мұғалім мамандығын игеріп, шәкірттерге ұстаздық етуді армандап өсті. Сол арманының жетегімен Орал қаласындағы М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түсті. 2005 жылы университетті аяқтап, педагог-психолог мамандығы бойынша диплом алды. Бірақ тағдыр Жанардың маңдайына мектепте емес, әскери бөлімде қызмет етуді жазыпты.

Әскери қызметші болғаныма еш өкінбеймін. Әр мамандықтың өзіне ғана тән қиындықтары мен қатар қызықтары да болады. Әскери бөлімшеде де солай. Ылғи ер адамдармен жұмыс жасауыма тура келеді. Дегенмен де «Отан қорғау» деп аталатын қасиетті салада қызмет етудің өзі мақтаныш мен үшін, — дейді Жанар.

Отбасын құрып, ұрпақ тәрбиелеп отырған Жанардың атқарып жүрген қызметі өте үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Бөлімдегі сарбаздардың моралдық-психологиялық жағдайын қадағалап, тұрақтылығына жауап береді. Олардың әскери өмірге бейімделуіне көмектеседі. Үйренісе алмай жүргендерімен жеке сөйлесіп, туындаған мәселелерді бірге шешуге шақырады.

— Әрине, әскерге жаңадан шақырылған жас сарбаздар түрлі облыстардан жиналады. Сонымен қатар, олардың әртүрлі әлеуметтік топтардың өкілдері болып табылатыны белгілі. Кейбір бозбалалар әскерден бұрын өз отбасынан ешқайда шықпаған жандар болса, тағы біреулері «көше» тәртібімен ержеткен болуы мүмкін. Олардың психологиялық жағдайлары бір-біріне қайшы болып келеді. Менің міндетім — осы мінез-құлқы әртүрлі балаларды тіл табыстыру, — дейді бөлім басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, психолог. — Бір жылдық міндетті әскери қызметін атқару барысында жастарымыз көптеген жақсы қасиеттерді бойына сіңіреді. Оның ішінде, мысалы, ұжыммен бірге өмір сүру, өз бетінше дербес болу қасиеттерін атап өтер едім.

Еңбекқорлығының арқасында Жанар университетті бітіре сала кіріскен әскери қызметінде қарапайым қызметшіден капитан шеніне дейін көтерілді. Бұл қызметте жүргеніне биыл 10 жыл толады. 2009 жылы Петропавл қаласында біліктілігін жетілдіру курсын тәмамдап, «әскери психолог маманы» деген сертификат алды.

№6655 бөлімде сарбаздар үшін аптаның бір күнінде арнайы «Психолог сағаты» белгіленген. Психологпен бас қосу кезінде сарбаздармен сұхбат жүргізіліп, туындауы мүмкін жанжалдардың алдын алу, ұжымды ауызбіршілікке жұмылдыру мақсатындағы шаралар ойластырылады. Әсіресе, соңғы кезде жиі айтылатын суицидті болдырмау бағытында апталықтар ұйымдастырылып, жоғары оқу орындарынан арнайы психолог мамандар шақырылып жүр.

«Қазір кейбір жастарымыз әскери борышын атқарудан қашып жатады. Олар туралы пікіріңіз қандай?» деген сауалымызға жауап берген капитан Жанар Дүйсенбекова өзінің ер мінезді екенін көрсетті.

Бүгінгі күні әскери бөлімдердің жағдайы бұрынғыдай емес, әлдеқайда жақсарды. Сарбаздар киіммен, тамақпен тұрақты түрде қамтамасыз етіледі. Оның үстіне әскери борышын өтеу әрбір ер адамның өмірде бастан өткеруі тиіс міндетті бір кезеңі ғой. Сондықтан өзін еркекпін деп есептейтін жанның әскерден қашқаны ұят нәрсе, — дейді №6655 әскери бөлімі бөлімше басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

 

Қуат МҰҚТАР.      

Сергейдің оркестрі

 

№6655 әскери бөлімі оркестрінің әскери дирижері болып қызмет атқаратын Сергей Гафаров — бүгінгі күні саптық және жауынгерлік даярлықты мүлтіксіз меңгерген офицер.

Жасынан өнерге құмартып өскен Сергей Темір ауданынан орта мектепті бітіріп, Ақтөбенің мәдени-ағарту училищесінің үрлемелі аспаптар бөліміне оқуға түседі. Оқуын аяқтаған соң, әскерге алынып, Алматы қаласындағы 61/993 әскери бөлімінде борышын өтейді. Сол жерде жүріп, оркестр құрамына қабылданады.

Ол кезде Отан алдындағы борышымды өтеп, әскер қатарында жүрген кезім. Оқуды аяқтағаным болмаса, көп тәжірибем де жоқ. Бір күні рота командирі маған сол әскери бөлімнің оркестрінің құрамына қабылдануымды өтінді. Содан мен алғаш рет сол оркестрде өнер көрсеттім. Кейін әскерден оралған соң «№6655 әскери бөлімінде оркестр құрылып жатыр» дегенді естіп осы жерге келдім. Ол кезде оркестрдің құрамында 5-6 адам ғана бар еді. Дирижер Александр Марченко болатын, — дейді Сергей.

Оның айтуынша, бүгінгі күні әскери оркестр құрамында 15 адам бар. Оның ішінде үшеуі — қыз, қалғандары — жігіттер. Олар керней, баритон, дабыл, бас, альт, саксофон секілді әскери үрлемелі аспаптарда ойнап, әскери саптық жаттығулар мен шерулерге қатысады.

  • Біздің оркестр көбінесе шерулерге, мәдени-әскери шараларға қатысады. Сондай-ақ, бөлімде жауынгерлер тәуліктік жасаққа түсерде әуендер ойнап, патриоттық әндер орындайды. Кейде мерекелік күндері бөлімде ұйымдастырылатын концерттерге де атсалысамыз. Арамызда жас вокалистеріміз де бар. Олар оркестрдің сүйемелдеуімен патриоттық әндер айтып, сарбаздарымызды бір серпілтіп тастайды. Өткен жылы өнерлі сарбаздардан құралған ансамбліміз өз жұмысын бастады. Қазір алда келе жатқан Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына дайындалып жатырмыз, — дейді әскери дирижер.

Сергей дирижерлік ететін оркестр бүгінге дейін бірнеше байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Былтыр Орал қаласында өткен «Әскери керней» атты әскери оркестрлердің арасында өткен байқауда оркестр ұжымы 1-орынға ие болыпты. Ал биыл бұл байқау Ақтөбеде өтеді.

Биыл «Әскери керней» байқауы біздің қаламызда өтеді деп жоспарланып отыр. Негізі байқау екі кезең бойынша ұйымдастырылады. Алдымен Батыс Қазақстан облысының әскери оркестрлері өзара сайысқа түседі. Оның ішінде Орал, Ақтау, Атырау, Ақтөбе қалалары бар. Екінші кезеңде жүлделі орындарға ие болған оркестрлер Астана қаласында өтетін гала-концертке қатысады. Байқау екі күнге созылады. Жарыстың алғашқы күні 29 мамырда Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда өтеді. Ал екінші күні оркестрлер қаламыздағы мәдени орындар мен саябақтарда тұрғындарға арнап концерттік бағдарламалар ұйымдастырады, — дейді ол.

Өнерін әскери өмірмен ұштастырған Сергейдің бүгінге дейін жеткен жетістіктері бір басына жетерлік. Он сегіз жылдағы мінсіз еңбегі үшін ол «Қазақстан Қарулы Күштерінің 10 жылдығы», «10 жылдық мінсіз қызметі үшін»,  І, ІІ дәрежелі «Қайсар» және «Ұлттық ұлан үздігі» төсбелгілерімен марапатталған.

Ұлты өзге болса да қазақшаға судай Сергей Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының шығармаларын оқитынын айтады.

  • Қаһарман қолбасшы Бауыржан Момышұлын өзіме әрдайым үлгі етемін. Ол өзінің бүкіл өмірін туған халқы мен оның егемен ел болуына арнады. Оның соғыс жылдары жазған, сондай-ақ, майдандағы шайқастары мен жауынгерлер туралы жазған шығармаларын үнемі оқып жүремін. Біздің қасиетті атамекеніміз — тәуелсіз Қазақстанда бұл күндері лек-легімен өсіп-өркендеп, болашаққа бет алып келе жатқан мыңдаған жауынгерлер — сол Бауыржан Момышұлы армандаған қайтпас қаһармандықтың айқын мұрагерлері деп есептеймін. Сондықтан барлық сарбаз даңқты қолбасшыдан үлгі алуы керек, — дейді лейтенант.

 

Данагүл ҚАЗИХАН.

 

 

Отан тапсырмасын орындаған

 

Бүгінде ҚР Қарулы Күштері ардагерлері қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе филиалының төрағасы қызметін атқаратын Қажымұқан Сәтенов 65 жас мерейтойы қарсаңында қуанышқа кенелді. Ресейдің «Ангола ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігі интернационалист жауынгер, Ангола мен Намибиядағы жауынгерлік іс-қимылдарының ардагері, полковник Қажымұқан Сәтеновке «Анголаға жасалған интернационалдық көмек үшін» медалін табыс етті.

Бұл медаль мен үшін өте қымбат. Өйткені маған жас кезімдегі күндерді есіме түсіреді, — дейді Қажымұқан Сәтенов. — Жалпы, Африка континентінде қызмет атқарған күндеріме байланысты нәрселердің барлығы маған ыстық. 2012 жылы мен Намибия президентінің  атынан жолданған Алғыс хатын алдым. Менің атқарған қызметтерімнің қысқаша тарихы аталған мемлекеттің тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 2015 жылдың 1 сәуірінде Мәскеу қаласында басылып шығарылған мерейтой буклетіне енгізілген.

Қажымұқан Асауұлы 1950 жылы 9 шілдеде Қобда ауданы, Қосөткел ауылында дүниеге келді. 1967 жылы Қобданың қазақ орта мектебін бітіргеннен кейін Ташкенттегі В.И.Ленин атындағы жоғарғы әскери училищеге түсті. Әскери оқу орнын ойдағыдай аяқтаған соң Өскемен қаласындағы 07002-әскери бөліміне барлау взводының командирі ретінде қызметке кірісті.

1975-1980 жылдар аралығында Германияда 283-мотоатқыштар полкының барлаушы ротасының командирі болды. Содан кейін Шиманск қаласындағы Қиыршығыс әскери округіне мотоатқыштар батальоны штабы бастығы қызметіне ауыстырылды. Үздік қызметінің арқасында Мәскеу қаласында М.В.Фрунзе атындағы Әскери Академияда оқу мүмкіндігіне ие болды. Академияны тәмамдаған соң алдымен Жаркенттегі, одан бір ай өткеннен кейін Душанбе қаласындағы мотоатқыштар полкіне штаб бастығы қызметіне жіберіледі. 1986 жылы Кеңес әскерлерін Ауғанстан жерінен алып шығу операцияларына қатысады. Ал 1987 жылы Ангола Республикасына Оңтүстік-Батыс Африка халықтық ұйымының (СВАПО) Тұрақты №1 және №20 мотожаяу бригадаларының командирлеріне кеңесші ретінде жіберіледі.

Қажымұқан Сәтенов Кеңес Одағы тарағаннан соң тәуелсіз еліміздің қорғаныс саласын дамытуға көп үлес қосты. Жамбыл, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында әскери комиссар қызметтерін атқарды.

Қажымұқан үнемі орын ауыстырып отыратын әскери қызметін атқару кезінде әрдайым қасында жүріп, қолдау көрсеткен ұл-қыздарының анасы, жан жары Рабиғаға деген ризашылығын жасырмайды.

— Жұбайым Рабиға Бақытқызы әрдайым жанымнан табылды. Тіпті сонау Анголадағы қиын жағдайларда да қасымда болды. Сол жақта жүріп автомат, тапанша атуды, әскери граната лақтыруды да өте шебер меңгеріп алды. Бұл, әрине, сол уақыттың талабы болатын, — дейді ол жары туралы.

Қажымұқан 1973 жылы Алтай тауының бөктерінде Леногорск ауданының аумағында болған өрт кезінде өз взводын айнала қоршап жанған өрттен аман алып шығады. Осы ерлігі үшін ол «Еңбектегі батылдығы үшін» медалімен марапатталады.

Осыдан шамамен 30 жылдай бұрынғы Африка құрлығындағы әскери қызметіне қайта оралар болсақ, Кеңес Армиясының полковнигі Қажымұқан 1987-1988 жылдар аралығында Анголаның оңтүстік-батысындағы тропикалық ормандарда үкіметтік армияның әскерлерін даярлау жөніндегі нұсқаушы болды. Ол өз қызметін №1 және №20 бригадалар арасында әрлі-берлі ұшақпен ұшып жүріп атқарды.

Мен Оңтүстік-Батыс Африка халықтық ұйымының аталған бригадаларының командирлеріне кеңесші ретінде қызмет еттім, — деп есіне алады сол кездерді Қажымұқан. — Бірінші мотожаяу бригадасы Лубанго қаласына жақын жерге орналасты және УНИТА ұйымының көтерілісшілеріне қарсы соғысты, ал Андуло қаласына жақын жерде орын тепкен 20-шы бригада құрамындағы Намибияның отансүйгіштері үкіметтің әскерлеріне қарсы соғысты. Сонда менің Ангола мен Намибияның қазіргі заманғы тарихына қатысым болғаны ғой.

Полковник Қажымұқан Сәтеновтің жауынгерлік өмірі — Отан қорғаудың бір үлгісі десек, артық айтпаспыз. Ол қай кезде де Отан тапсырмасын тап-тұянақтай етіп орындады, өзгелерге үлгі болды. Бүгінде де тәуелсіз мемлкетіміздің жас буынына жан-жақты тәрбие беруге лайықты үлес қосып келеді.

 

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ,

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button