Спорт

«Ақтөбе»: бесінші жеңіс. бірінші орын

Премьер-Лига

 10-тур ойындарында көш басында тұрған екі команда да («Қайрат», «Ордабасы») қарсыластарымен тең ойнауға мәжбүр болды. Бесінші рет, соның ішінде қатарынан төртінші рет жеңіске жеткен «Ақтөбе» бірінші орынға шықты. «Астана» алғашқы үштіктегі орнына қайтып оралды. Төрт бірдей команда 18 ұпайдан жинаған жағдай қалыптасты.  Өткен 9-турда «Астананы» жеңген «Қайсардың» бұл турда «Қайратпен» тең ойнауы басқа командаларды ойландырарлық-ақ жетістік.

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда «Ертіс» командасын қабылдады.

Алаң иелері алғашқы минуттардан-ақ басымдылық көрсеткенімен, қонақтар да барынша қорғанып бақты. Оны аз десеңіз, 34-минутта шабуылшы Аристид Бансе оң қанаттан Алан Гатагов тастаған пасты тамаша пайдаланып, Стас Покатиловты қапы қалдырды — 0:1.

Рас, ақтөбеліктер шабуылды бәсеңсіткен жоқ. Тіпті Данило Сирино бір допты қарсыластар қақпасына енгізіп те жіберді, бірақ футболшымыз ойыннан тыс қалғандықтан бұл гол есептелмеді.

Екінші таймда біздің футболшыларымыздың қимылы тіпті ширақтана түсті. Допқа жиі иелік етті, әр тұстан айып доптарын орындауға кірісті. Сондай сәттердің бірінде, 54-минутта бұрыштамадан келген допты Юрий Логвиненко Артурас Жулпаға тастап еді, бірақ оның соққысы нысанаға жете алмады да, дәл осы сәтте күтпеген жерден жарқ ете түскен Айоделе Аделейе павлодарлық үш қорғаушының ортасында жүріп әлгі допты өкшесімен жібек торға сүңгіте салды — 1:1.

Бұдан соң ақтөбеліктер қарқынды тіпті күшейте түсті, ойынға жаңа өрнектер қосты. Ал павлодарлықтардың осы тең есепті ұстап қалғысы келгені және түсінікті. Бірақ олай болмады. 90-минутта Дидар Жалмұқан тепкен допты Давид Лория әзер қайтарып үлгерді. Ал келесі соққыны сасқалақтаған Владимир Чернышев қолымен қайтаруға мәжбүр болды. Әрине, он бір метрлік айып добы белгіленді де, бұны Маркос Пиззелли мүлтіксіз орындады — 2:1.

Осылайша «Ақтөбе» өз алаңында екінші рет жеңіске жетті.

«Ақтөбе»-«Ертіс» — 2:1

Голы  авторлары: Аристид Бансе, 34-минут (0:1); Айоделе Аделейе, 54-минут (1:1); Маркос Пиззелли, пенальти, 90+3 минут (2:1).

Ескерту қағазын алғандар: Данило Сирино, 30-минут; Юрий Логвиненко, 67-минут; Асхат Тағыберген, 77-минут; Андерсон Сантана, 82-минут («Ақтөбе»); Руслан Есімов, 90-минут; Владимир Чернышев, 90+2 минутта өрескел тәртіп бұзғаны үшін жасыл алаңнан қуылды («Ертіс»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:

Сергей Покатилов, Айоделе Аделейе, Валерий Коробкин, Евгений Лёвин (Асхат Тағыберген, 19-минут), Артурас Жулпа, Марат Хайруллин, Данило Неко (Маркос Пиззелли, 43-минут), Юрий Логвиненко (капитан), Андерсон Сантана, Дидар Жалмұқан, Данило Сирино (Алексей Антонов, 75-минут).

3 мамыр. Ақтөбе. №8 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі. 3000 адам.

Осымен бұл екі команда Қазақстан чемпионаттарында 49 рет кездесті. 20 рет «Ақтөбе» жеңсе, 20 жеңіс «Ертістің» еншісіне жазылды. 9 ойын тең есептермен аяқталды.

*   *   *

 

Басқа кездесулердің нәтижелері:

«Астана»-«Тобыл» — 4:0

Гол авторлары: Дмитрий Шомко, 28-минут (1:0); Таңат Нөсербаев, 31-минут (2:0); Фокси Кетевоама, 58-минут (3:0); Бауыржан Жолшиев, 66-минут (4:0).

«Атырау»-«Шахтер» — 1:0

Гол авторы: Эссаме, пенальти, 68-минут (1:0).

«Тараз»-«Оқжетпес» — 1:1

Гол авторлары: Абзал Таубай, 13-минут (1:0); Әлібек Бөлешев, 31-минут (1:1).

«Қайсар»-«Қайрат» — 0:0

«Ордабасы»-«Жетісу» — 0:0

 

ОЙЫН КЕСТЕСІ

 

Командалар           О         Ұ          Т         Ж        Д                     Ұп

 

1 Ақтөбе                  10       5          5          0          11-4                20 

2 Қайрат                  10       5          3          2          20-7                18  

3 Астана                  10       5          3          2          18-10             18

4 Ордабасы             10       4          6          0          11-5                18

5 Атырау                  10       5          3          2          12-10             18

6 Тараз                     10       4          2          4          9-7                  14

7 Оқжетпес               10       4          1          5          11-15             13

8 Қайсар                   10       2          6          2          5-6                  12

9 Тобыл                    10       2          2          6          8-19                8

10 Ертіс                    10       1          5          4          11-15             8

11 Жетісу                  10       1          4          5          5-12                7

12 Шахтер                10       1          2          7          7-18                5

 

*О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

 

Ұқсас жеңістер

 

Чемпионат басталғалы осымен төртінші турда (І,ІІІ,ІV,Х) бірдей гол соғылды: 10 гол. Алты кездесуде де алаң иелері жеңіске жете алмады. 2:1 және 1:0 есептері чемпионат басталғалы оныншы реттен қайталанды. Өткен турдағы тәрізді бұл турда да бір кездесу 4:0 есебімен аяқталды, яғни алматылықтардың есебін («Қайрат»-«Шахтер» — 4:0) бұл жолы «Астана» қайталады. Он бір метрлік 2 айып добы белгіленіп, екеуі де орындалды.

Кездесулерде 30 ескерту қағазы көрсетіліп, бір футболшы жасыл алаңнан қуылды.

Мергендер көшін 10 гол салған Жерар Гоу («Қайрат») бастап тұр.

Чемпионат басталғалы 60 кездесу өтті. 27 рет алаң иелері жеңсе, 12 рет қонақтар жеңді, 21 кездесу тең есептермен аяқталды.

Барлық кездесулерде қақпаларға 128 доп енді, әр ойында орта есеппен 2,13 гол соғылды.

«Ақтөбе» мен «Атырау» қатарынан төрт тур бойы жеңіске жетіп келеді, ал «Тобыл» қатарынан төрт тур бойы ұтылды.

Қазірге дейін ұтылмаған команда екеу-ақ: «Ақтөбе» мен «Ордабасы».

«Ақтөбе» өз алаңымызда 2 рет ұтып, 4 рет тең ойнаса, сырт алаңда 3 рет ұтып, 1 рет тең түсті. Әзірге қақпасына ең аз гол енгізген команда — «Ақтөбе».

 

«Ақтөбенің» мергендері:

 

Сергей Хижниченко (шабуылшы) — 3 гол;

Дидар Жалмұқан (жартылай қорғаушы) — 2;

Макрос Пиззелли (жартылай қорғаушы) — 2 (біреуі пенальтиден соғылды);

Данило Сирино (шабуылшы) — 1;

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 1;

Данило Неко (шабуылшы) — 1;

Айоделе Аделейе (қорғаушы) — 1.

*   *   *

 

Келесі 11-тур ойындары 7 мамыр, бейсенбі күні өтеді. Осымен бірінші кезеңнің бірінші айналымы аяқталады.

Бұл күні «Ақтөбе» сырт алаңда «Шахтер» командасымен кездеседі.

Басқа кездесулер:

«Қайрат» — «Атырау»

«Жетісу» — «Астана»

«Оқжетпес» — «Ордабасы»

«Тобыл» — «Қайсар»

«Ертіс» — «Тараз»

 

Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button