Жастар

Жарастың жоспары

Қазір жоғары оқу орнын бітірген  түлектер еліміздің  жетекші ұйымдарында, яғни ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдарда  іс-тәжірибеден өтіп, жұмысқа орналаса алады. Олардың білімін жетілдіруге де бар мүмкіндік қарастырылған. Еуразиялық Топтың құрамына кіретін «Қазхром» трансұтттық компаниясы» акционерлік қоғамы жастарға осындай қамқорлық көрсетіп келеді.

Аталған акционерлік қоғамның Хромтау ауданындағы  филиалы Дөң тау-кен байыту комбинаты жас мамандарға үлкен қолдау көрсетіп отыр. Мәселен, комбинаттың  «Қазақстан тәуелсіздігіне он жыл» шахтасы ұжыммен жұмыс жасау бюросының басшысы Жарас Жандәулетов осы мекемеде жемісті еңбек етіп келеді.

2012 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің есеп және аудит мамандығын тәмамдаған Жарас алғашқы еңбек жолын Дөң тау-кен байыту комбинатынан бастағанды жөн  көрді. Комбинаттың тау-кен нормалаушысы қызметіне жұмысқа тұруды ойлады. Бірақ еңбек өтілінсіз бұндай қызметке тұру оңай емес болғандықтан комбинаттың  «Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл» шахтасына қарапайым жұмысшы болып орналасты.  Еңбекке белсене араласқан жас маман, кәсібінің қыр-сырын меңгеруге тырысты. Араға көп уақыт салмай-ақ  кәсіпорынның басқарма  басшысы Шамиль Багаутдинов Жарасты тау-кен нормалаушысы қызметіне шақырды.

— Еңбек жолымды қарапайым жұмысшы болып бастағаныма қуанбасам, өкінбеймін. Себебі қазір өз жұмысымды жақсы білемін, — дейді Жарас Жандәулетов.

2013 жылы Жарас «Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл» шахтасы цехында спорт секторы жетекшісі жұмысын атқарды. Бұл жұмысқа да жас маман білек сыбана кірісті. Сол  жылы өткен барлық футбол жарыстарында шахта ұжымы тек бірінші орындардан көрінді. Команданың дайындық жұмыстарына аса жауапкершілікпен қарады. 2013 жылдың шілде айында Жарас комбинат есебінен екінші жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік алды. Бүгінгі таңда жас маман Қарағанды мемлекеттік техника университетінің тау-кен ісі мамандығында сырттай негізде білім алып жатыр. Оқуды аяқтаса, өндірістік бөлімде жұмысын жалғастырғысы келеді.

Қазір жоғары білім алу құны қымбат. Қарапайым маман үшін бұл тіпті қиын. Менің тегін оқуыма мүмкіндік берген компания басшылығына алғысым шексіз. Болашақта компанияның қолдауымен алға қойған мақсатыма қол жеткіземін деп ойлаймын, —  дейді ол.

Қазір Жарас өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button