«Ақтөбе»: бұрынғы мен бүгінгі
Премьер-Лига
Көш басында тұрған «Астана» 9-тур ойындарынан соң төртінші орынға сырғып түсті. Алғашқы үштік бірдей ұпайға ие болып тұр. «Жетісу» алғашқы жеңісіне жетіп, турнир кестесінде бір қадам ілгері басты. Қызылордалық «Қайсар» маңызды ұтысқа қол жеткізді.
Бұл турда «Ақтөбе» сырт алаңда «Оқжетпес» командасымен кездесті.
Бұл, бір есептен, «Ақтөбенің» бұрынғы бас бапкері Владимир Муханов пен бүгінгі бас бапкер Владимир Газзаевтың да іштей жекпе-жегі еді.
Ақтөбеліктер бірден-ақ тізгінді қолға алуға тырысты. Ал көкшетаулықтар тосын қарсы шабуылдар ұйымдастырудың қамын қарастырып баққанымен, ештеңе өндіре алмады, әйтеуір қорғанумен болды. Осындай шақтарда әуелі Данило Неко, одан соң Данило Сирино гол авторлары бола жаздады, тек бірде қорғаушы, бірде қақпашы тосқауыл қойып үлгерді. Дегенмен соншама басымдық ізсіз кеткен жоқ. Таймның орта тұсында, 23-минутта, тынымсыз Данило Неко екі қарсыласты қапы қалдырып берген тамаша пасты Марат Хайруллин голға айналдырды — 0:1.
Гол соғылмағаны болмаса ойынның бірінші бөлігінде «Ақтөбе» ойыншылары көкшетаулықтарды бұдан кейін де әбден тықсырып бақты. Тіпті жерлестеріміздің «Оқжетпеске» тиесілі бөлікке толығымен көшіп келгендей сәттері де болды. Көкшетаулықтар допқа бақылау жасау мүмкіндігінен айырылып қалды. Дегенмен бірінші тайм сол бір голмен аяқталды.
Екінші тайм басқаша басталды. Бірінші турдан бері қақпасын аман сақтап келе жатқан Стас Покатиловтың кенеттен өрескел қате жіберуі салдарынан 46-минутта Лука Роткович қақпамыздың торын бүлк еткізді — 1:1.
Әрине, ақтөбеліктер дереу есе қайыруға тырысты, солай істейтін мүмкіндіктер де аз болған жоқ. Мысалы, Данило Сириноның бір өзі үш рет гол соғарлық сәттерді пайдалана алмай қалды. Ал жауапты кездесулерде мұндай салдыр-салақтық кешірілмейтіні де белгілі. Бұрыштамадан берілген допты Дмитрий Сычев қақпамызға баспен енгізіп жібергенде сол ереже дәлелденді де — 2:1.
76-минутта соғылған мұндай голдан соң жеңіліп жатқан команданың ұнжырғасы түсіп кететін сияқты еді. Олай болмады. Ақтөбеліктер дереу қайратқа мінді. Арада алты минут өтер-өтпесте Маркос Пиззелли үш-төрт ойыншының арасында жүріп допты қарсыластар қақпасының оң жақ төменгі бұрышына сүңгітіп жіберді— 2:2.
Кездесу аяқталуға жақындаған шақта, 87-минутта, жерлестеріміз және шаттыққа бөленді. Абат Айымбетов пен Марат Хайруллин сол қанаттан зуылдай ілгері жылжыды да, Марат допты айып алаңына тақау тұстағы Маркос Пиззеллиге тастады. Ал Маркос бұл допты өкшесімен Данило Некоға ысыра салды да, ол қақпаны нысанаға алып шірене тепті — 2:3.
Осылайша «Ақтөбе» қатарынан үшінші рет жеңіске жетті.
Жерлестеріміздің ойын уақытының 58 пайызында допқа иелік еткенін, көкшетаулықтардың қақпаға бағыттаған 9 соққысына 20 соққымен, 3 бұрыштама допқа 10 бұрыштама доппен жауап қайтарғанын және бір доптың діңгекке тиіп кері серпілгенін ескерсек, «Ақтөбенің» бұл жеңісінің әділдігіне «Оқжетпес» командасының ойыншылары да, олардың бас бапкері Владимир Муханов та дау айта алмайтын шығар.
Ал кездесу біткеннен кейінгі сұхбатында «Ақтөбенің» бас бапкері Владимир Газзаев ең әуелі команданы қолдауға келген, ойын үстінде үнемі қуат беріп отырған ақтөбелік жанкүйерлерге алғысын айтып, содан соң қайратты мінез көрсеткен футболшыларға ризашылығын білдірді. Әрине, кей олқылықтарды да еске салып өтті.
«Оқжетпес»-«Ақтөбе» — 2:3
Гол авторлары: Марат Хайруллин, 23-минут (0:1); Лука Роткович, 46-минут (1:1); Дмитрий Сычев, 76-минут (2:1); Маркос Пиззелли, 83-минут (2:2); Данило Неко, 87-минут (2:3).
Ескерту қағазын алғандар: Ә.Бөлешев, 84-минут («Оқжетпес»), В.Коробкин, 59-минут; А.Жулпа, 66-минут; А.Сантана, 89-минут («Ақтөбе»).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:
Сергей Покатилов, Айоделе Аделейе, Валерий Коробкин (Маркос Пиззелли, 70-минут), Евгений Левин, Артурас Жулпа, Марат Хайруллин, Данило Неко, Юрий Логвиненко (капитан), Андерсон Сантана, Дидар Жалмұқан (Абат Айымбетов, 62-минут), Данило Сирино (Сергей Хижниченко, 57-минут).
25 сәуір. Астана. «Астана-Арена» стадионы. 1500 адам.
Әр турдан соң ерекше көзге түскен 11 футболшы мен 1 бапкерден тұратын символикалық құраманы жасақтайтын республикалық «Sports.kz» интернет-порталы осы 9-турдан соң «Ақтөбеге» ерекше назар аударыпты. Бұл портал жасақтаған осы жолғы құрамаға енгендер: сол қанаттағы қорғаушы Андерсон Сантана, орталық жартылай қорғаушы Марат Хайруллин, шабуылдаушы жартылай қорғаушылар Данило Неко мен Маркос Пиззелли және бас бапкер Владимир Газзаев.
* * *
Басқа кездесулердің нәтижелері:
«Қайсар»-«Астана» — 2:1
Гол авторлары: Алексей Мулдаров, 9-минут (1:0); Неманья Максимович, 70-минут (1:1); Жасұлан Молдақараев, 78-минут (2:1).
Ян Ворговский («Қайсар») 86-минутта екінші рет ескерту қағазын алуына байланысты жасыл алаңнан қуылды.
«Ертіс»-«Атырау» — 1:2
Гол авторлары: Эссаме, 57-минут (0:1); Самат Смақов, 67-минут (1:1); Мұрат Тілешев, пенальти, 69-минут (1:2).
«Тобыл»-«Ордабасы» — 1:3
Гол авторлары: Александр Гейнрих, 1-минут (0:1); Александр Симчевич, 19-минут (0:2); Игорь Бугаев, 31-минут (1:2); Иван Божич, 38-миинут (1:3).
«Қайрат»-«Шахтер» — 4:0
Гол авторлары: Жарко Маркович, 10-минут (1:0); Исаэль, 57-минут (2:0); Бауыржан Исламхан, 80-минут (3:0); Жерар Гоу, 85-минут (4:0).
«Жетісу»-«Тараз» — 1:0
Гол авторы: Джордже Деспотович, 90-минут (1:0).
Ойын кестесі
Командалар О Ұ Т Ж Д Ұп
1 Қайрат 9 5 2 2 20-7 17
2 Ордабасы 9 4 5 0 11-5 17
3 Ақтөбе 9 4 5 0 9-3 17
4 Астана 9 4 3 2 14-10 15
5 Атырау 9 4 3 2 11-10 15
6 Тараз 9 1 4 8-6 13
7 Оқжетпес 9 4 0 5 10-14 12
8 Қайсар 9 2 5 2 5-6 11
9 Тобыл 9 2 2 5 8-15 8
10 Ертіс 9 1 5 3 10-13 8
11 Жетісу 9 1 3 5 5-12 6
12 Шахтер 9 1 2 6 7-17 5
*О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.
Ең көп гол соғылған тур
Чемпионат басталғалы осы турда ең көп гол соғылды: 20 гол. Тең ойындар болған жоқ. Жеңіс пен жеңілісті алаң иелері мен қонақтар тең бөлісті.
2:3 есебі биылғы чемпионатта алғаш рет тіркелсе, 4:0 және 3:1 есептері үшінші реттен қайталанды.
Кездесулерде 18 ескерту қағазы көрсетіліп, бір футболшы жасыл алаңнан қуылды.
«Қайрат»-«Шахтер» кездесуін 8000 жанкүйер тамашаласа, Астана («Оқжетпес»-«Ақтөбе») мен Талдықорғанда («Жетісу»-«Тараз») өткен ойындарға 1500 адамнан ғана келді.
Мергендер көшін 10 гол салған Жерар Гоу («Қайрат») бастап тұр.
Чемпионат басталғалы 54 кездесу өтті. 24 рет алаң иелері жеңсе, 12 рет қонақтар жеңді, 18 кездесу тең есептермен аяқталды.
Барлық кездесулерде қақпаларға 118 доп енді, әр ойында орта есеппен 2,19 гол соғылды.
Қазірге дейін ұтылмаған команда екеу-ақ: «Ақтөбе» мен «Ордабасы».
«Ақтөбе» өз алаңымызда 1 рет ұтып, 4 рет тең ойнаса, сырт алаңда 3 рет ұтып, 1 рет тең түсті. Әзірге қақпасына ең аз гол енгізген команда — «Ақтөбе».
«Ақтөбенің» мергендері:
Сергей Хижниченко (шабуылшы) — 3 гол;
Дидар Жалмұқан (жартылай қорғаушы) — 2;
Данило Сирино (шабуылшы) — 1;
Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 1;
Маркос Пиззелли (жартылай қорғаушы) — 1;
Данило Неко (шабуылшы) — 1.
* * *
Келесі 10-тур ойындары 3 мамыр, жексенбі күні өтеді.
Бұл күні «Ақтөбе» өз алаңында «Ертіс» (Павлодар) командасын қабылдайды.
Басқа кездесулер:
«Қайсар» — «Қайрат»
«Ордабасы» — «Жетісу»
«Астана» — «Тобыл»
«Атырау» — «Шахтер»
«Тараз» — «Оқжетпес»
Ертай АШЫҚБАЕВ.



