Әлеумет

ХАЛЫҚ САНАҒЫНА 13 КҮН ҚАЛДЫ

ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

1999 жылы Қарғалы ауданы бойынша тұрақты тұрғындар саны 19 188 адам болып тіркелді.

Қазір ауданда екі санақ бөлімі жұмыс істейді. №1 санақ бөлімі Бадамша селолық округі әкімдігінде, ал екіншісі Желтау селолық округінің Петропавловка селосындағы әкімдікте орналасқан.

Дүйсенбі күні санақ жұмысына қатысты кезекті комиссия отырысы өтті. Отырыста комиссия төрағасы, селолық округтердің әкімдері, комиссия мүшелері дайындық барысын пысықтады. Көше мен подъездердің жарықтандырылуы және қаңғыбас иттерді ату, сондай-ақ есепшілерді оқыту, тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, ақпараттандыру туралы айтылды. Оның ішінде әр үйді аралап жүрген есепшілерді тұрғындар бөгде адамдармен шатастырып алмаулары ескертілді.  Есепшілердің арнайы куәлігі, санақ эмблемасы салынған шарфы, сөмкесі, қаламы, тіпті, қараңғы уақытта қажет қол шамы (фонарик) болады.

Ақпан айынан бастап аудан бойынша 15 нұсқаулық учаске мен 60-тан астам есепші өз жұмысын бастады.

Санаққа қатысты тұрғындардың сұрақтары бойынша жауап беретін тікелей телефон өз жұмысын бастап кетті. Телефон: 22-7-38, 23-6-19.

К.ЖҰМАҒАЛИЕВА,

Қарғалы ауданы.

САНАҚ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ

Әуелі ауданда санақ жүргізудің ұйымдастыру  жоспары негізінде жұмысқа тартылатын санақ кадрлары анықталды.

Қазір аудан  бойынша үш санақ бөлімі құрылып, меңгерушілері бекітілді. Хромтау қаласында екі санақ бөлімі бойынша 19 нұсқаушы-бақылаушы, 76 есепші, ал 14 селолық округ үшін бір санақ бөлімі бойынша 12 нұсқаушы-бақылаушы, 57 есепші жұмысқа тартылды.

Ұлттық халық санағына санаулы күндер қалды. Әрбір тұрғын мемлекеттік маңызы бар шараға белсенді қатысып, санақ кадрларына жәрдемдесетініне және бұл шараны абыроймен атқаратынына сенемін.

Ауданда маңызды шараға дайындық барысында санақ жүргізуге қатысты барлық нақты жағдайлар еске алынды. Елді мекендердің тізімін нақтылау, көшелердің аттарын, үйлер мен пәтерлердің нөмірлерін ретке келтіру жұмыстары жүргізілді.

Науқан қорытындысында әрқайсымыз туралы толық ақпарат мәліметтер базасына жинақталатын болады.

Халық санағы Қазақстан Республикасының азаматтығы бар, жоқтығына қарамастан, сол сәтте ауданымызда тұрып жатқан барлық азаматтарға міндетті. Осыны әрбір қазақстандық ескерсе деймін.

6-16 наурыз аралығына бақылау-тексеру үшін қайта аралап шығу әдістері жоспарланып отыр.

А.САҒАТОВА,

Хромтау аудандық статистика бөлімінің бастығы.

ҚАРСАҢДА

Қобда ауданы бойынша статистика бөлімінің бастығы Раушан Қалдыбаеваның айтуынша, елімізде ақпан айында өтетін халық санағына аудан толық дайын.

Қазір санақ жоғары деңгейде өтуі үшін ауыл-ауылда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оған қосымша адамдар алынды. Аудан бойынша 2 санақ бөлімі құрылды, әр бөлімнің жұмысына жауапты меңгерушілер тағайындалды. Қазір бір уәкіл, 70 есепші, 17 нұсқаушы жұмысқа қабылданды. Бұл жұмыстарға жауапкершілікпен қарайтын, тұрғындармен тіл табыса алатын адамдар тартылды. Ауылдық округ әкімдіктерінде, санақ бөлімдерінде ауыл ақсақалдарының кеңесі, ауыл мұғалімдерінің жиналыстары өтіп, санақты ұйымдастыру жайы пысықталды.

– Ақпан айының екінші күнінен бастап нұсқаушылар жұмыстарына кірісті, оларға арнайы оқыту курстары ұйымдастырылды. Есепшілер санақ жүргізетін аумақтарындағы тұрғындармен танысты. Әрбір есепшіге санақ белгісі бар мойын орағыштар, бланкілер салынған папкілер, арнайы сөмке және есепшінің жеке куәлігі таратып берілді. Аудандық ішкі істер бөлімінің көмегімен санақ бөлімдерінің ғимараттары, санақ бланкілерін таситын автокөліктер толық тексерістен өтті. Әрбір ауылдық округте есепшілер мен нұсқаушылардың қауіпсіздігі учаскелік инспекторларға міндеттелді, – дейді Р.Қалдыбаева.

Қазір жергілікті әкімдіктер ауыл-ауылда 25 ақпанға дейін қаңғыбас иттерді ату үшін қаражат бөлді. Және де ауыл көшелерінде түнде электр шамдардың жанып тұруы қадағаланатын болады.

Халық санағының 10 жылда бір рет өткізілетініне сүйенсек, қазір аудандағы демографиялық жағдай, тұрғындардың әлеуметтік ерекшеліктері көп өзгерістің болғанын анықтап беретіні ғажап емес. Өйткені аудан бойынша тұрғындардың көші-қоны соңғы 4-5 жылда ғана толастап, негізгі халық тұрақтана бастады. Ана бір жылдары облыс орталығы мен көршілес Ресей аудандарына қарай кеткен қобдалықтардың арасында соңғы жылдары тұрмыстың түзелгенін көріп, туған ауылдарына қайта оралып жатқандары да жоқ емес.

Енді сандарды сөйлететін болсақ, өткен жылы аудан бойынша халық саны 20 859 болса, оның 16 325-і – қазақтар. Ауданда 2049 зейнеткер, 3625 жұмысқа қабілетті адам, 260 мемлекеттік қызметкер, 808 мұғалім, 114 медицина қызметкер, 974 студент, 314 кәсіпкер, 562 адам шаруа қожалықтарында, 80 бозбала әскер қатарында, 3825 оқушы мектеп жасында, 1968 мектеп жасына дейінгі бала, 473 мүгедек жан бар.

Халық санағын жүргізу алдында аудандық статистика органына автокөлік берілді. Бұл ауданның халық санағына дайындығын толықтыра түсті.

Айгүл  БАЙМЕНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button