Басты жаңалықтар

Сайлау учаскелері дайын

Кеше облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнар Күнбаева саяси партиялардың облыстық бөлімшелерінің, штаб басшылары мен үміткерлердің сенімді өкілдері, қоғамдық бірлестіктердің мүшелері, журналистер алдында нақ сайлауы күні сайлау комиссияларының негізгі атқаратын жұмыстары  мен оны жүргізудің тәртібін тағы бір мәрте пысықтады.   

Қазір облыста шетелден келген екі бақылаушы екі аптадан астам уақыт жұмыс жасап жатыр. Олар бұл уақыт ішінде облыстағы саяси партиялардың мүшелерімен кездесіп, штабтарда, өзге де мекемелерде болыпты. Бақылаушылар облыстың бірқатар аудандарына да барған.

Шетелдік бақылаушылар облыспен танысып жүр. Олар — ұзақ мерзімге келген бақылаушылар. Сондай-ақ,  қысқа мерзімге, яғни сайлау болатын күнге жақын келетін шетелдік бақылаушылар да болады. Әзірге облысымызға нақты кімдердің келетінін біз білмей отырмыз, — дейді Г.Күнбаева.

Қазір облыстағы 521 сайлау учаскесі сайлауға дайын. Г.Күнбаеваның айтуынша, сайлау учаскелерінің барлығы тиісті құралдармен жабдықталып, дауыс беруге арналған жәшіктер берілген.  Орталық сайлау комиссиясы дайындаған әрбір үміткердің ақпараттық плакаттары сайлау учаскелеріне таратылып, ілінген.

26 сәуір — Президент сайлауы күні сайлау учаскелері таңғы сағат 6.00-де ашылады. Сайлау комиссиясының төрағасы комиссия мүшелеріне сол күні нақты қандай жұмыстар атқаратынын тағы бір мәрте түсіндіріп, әрқайсысы өз жұмыстарына кіріседі. Сайлау бюллетендері комиссия мүшелеріне бөліп беріледі.  Дауыс беретін жәшіктің іші бос екенін растау үшін комиссия мүшелері сайлау жұмысын бақылап отырған адамдарға  көрсетеді. Содан соң бюллетень салатын жәшік пломбаланады, болмаса қағаз жапсырылып, мөр басылады. Әрбір сайлау учаскесіндегі кабиналардың ішінде жарық болып, ондағы қаламдардың сиясы тексеріледі. Бұл — сайлаушыға жағдай жасау үшін жасалатын шара.    Осы жұмыстардың барлығы тексеріліп, жүргізілгеннен кейін учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы «сайлау учаскесі дауыс беруге дайын» деп айтуы керек. Сөйтіп, таңғы сағат 7.00-де сайлау учаскесінің есігі ашылады, — деді Г.Күнбаева.

Оның айтуынша, сайлауға дауыс беруге дейінгі процедураларға үміткерлердің сенімді өкілдері мен бақылаушылар, журналистер қатыса алады. Сондай-ақ, сайлауды бақылайтын республикалық қоғамдық комиссияның облыстық филиалынан келетін адамдардың да қатысуына заңды құқы бар.

Қазір сайлауға қатысты көптеген сұрақтар туындап жатыр. Жақында маған бір адам «сенімді өкілдің қолында қандай құжаттар болуы керек» деген секілді сауал қойды. Әрбір үміткердің сенімді өкілінің қолында аумақтық сайлау комиссиясы берген куәлік болады. Көк түсті куәлік облыстық, қалалық немесе аудандық сайлау комиссиясы берген құжат болуы мүмкін. Сол сияқты, әрбір сенімді өкілден жеке басын куәландыратын құжат талап етіледі.  Сол сияқты, саяси партиялар атынан сайлауға бақылаушы ретінде қатысқан адамдардың қолында партияның аймақтық филиалы берген жолдама құжат болуы керек.  Әрине, бұл құжатта сайлау учаскесінің нөмірін көрсету міндет емес. Сондай-ақ, президенттің кезектен тыс сайлауына облысқа Орынбор  қаласынан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы миссиясы атынан 19 адам бақылаушы ретінде келеді деп күтілуде.  Бұл адамдар да Орталық сайлау комиссиясында аккредиттеледі, — деді Г.Күнбаева.

Сонымен қатар, сайлау күні бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қолында редакциялық тапсырманы растайтын құжат болуы шарт. Гүлнар Күнбаеваның айтуынша, бұған қоса үйден дауыс беру де қарастырылған. Егер адам денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын болса, мекенжайы бойынша өз аумағындағы сайлау учаскесіне үйден дауыс беру үшін өтініш жаза алады. Сол өтініш бойынша ғана үйге жылжымалы жәшік әкелінеді.

Дауыс беру уақыты кешкі сағат 20.00-де аяқталады. Жылжымалы жәшіктер де осы уақытқа дейін сайлау учаскесіне жеткізіліп болуы тиіс, — деді Г.Күнбаева.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

САЙЛАУҒА ҚАЖЕТ 4 ҚҰЖАТ

 

— Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын асыға күтіп жүргендердің бірімін. Дегенмен жеке басымды куәландыратын құжаттың мерзімі өтуіне байланысты халыққа қызмет көрсету орталығына барып жаңа құжат алуға өтініш берген едім. Мұндай жағдайда сайлауға қатыса аламын ба?

Аймекен АМАНДОСОВА,

Қобда ауданы.

 

— Әрине, қатыса аласыз. Ол үшін алаңдауға болмайды. Сіз айтқандай жағдай, заң аясында қарастырылған. Ол үшін халыққа қызмет көрсету орталықтары берген уақытша жеке басын куәландыратын құжат жарамды. Сол себепті осы уақытша құжатпен тұрғылықты жеріңіз бойынша сайлау учаскесіне барып өз таңдауыңызды жасай аласыз.

Айта кету керек, кейбір сайлау  учаскелері дауыс беруге арналған бюллетеньді  сайлаушыға   жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткенде ғана береді. Бұл — қате. Азаматтың сайлаушы екенін анықтайтын төрт құжат бар.  Олар: Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты, жеке басын куәландыратын құжат, әскери билет және халыққа қызмет көрсету орталықтары берген уақытша жеке басын куәландыратын құжат.

 

1026 БАҚЫЛАУШЫ БАҚЫЛАЙДЫ

 

— 26 сәуір күні өтетін Қазақстандағы президент сайлауына шетелдіктер де қызығушылық танытып жатқанын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы біліп жатырмын. Мені қызықтыратыны, мерзімінен бұрын өткізілетін сайлау науқанына шетелден қанша бақылаушы қатысады? Осы туралы ақпарат берсеңіздер екен.

Қуаныш ЖОЛДАСБЕКОВ,

Ырғыз ауданы.

 

— ҚР Орталық сайлау комиссиясының  мәліметіне сүйенсек, 26 сәуір күні өтетін кезектен тыс президенттік сайлауды 1026 шетелдік байқаушы бақылайды.

Жалпы алғанда, Орталық сайлау комиссиясы 858 байқаушыны аккредиттеді. Олардың 293-і —  ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының, 410-ы —  ТМД миссиясының және 10-ы —  ШЫҰ миссиясының, 15-і —  түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің, 11-і — түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының, 3-еуі — Ислам ынтымақтастығы ұйымының өкілдері. Сонымен қатар,  37 шет мемлекеттен 116 байқаушы бар. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде 37 мемлекеттен бұқаралық ақпарат құралдарының 168 өкілі аккредиттелді.

Осылайша, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдар мен шетелдік БАҚ өкілдерінің 1026 байқаушысы бақылайды.

 

448 МЫҢ САЙЛАУШЫ БАР

 

— Ел өмірі үшін аса маңызды саяси шараның өтетініне санаулы ғана күн қалды. Мені біздің облыста қанша сайлаушы бар екені қызықтырады? Осы туралы мәлімет берсеңіздер екен.

Асқар АЙДЫНҰЛЫ,

Әйтеке би ауданы,

Жабасақ ауылы.

 

— Сайлау күні дауыс беруге қатысу әр азаматтың парызы болса, науқанды ойдағыдай өткізуде сайлау комиссиялары мүшелеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.

Қазіргі кезде сайлауға дайындық бекітілген күнтізбеге сай атқарылып жатыр. Облыста 14 аумақтық сайлау комиссиясы бар. Сондай-ақ, 521 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 125-і Ақтөбе қаласында орналасқан.

Бүгінге дейінгі мәлімет бойынша, облыста 448 мыңнан астам сайлаушы бар.

Бұл дерек сайлау науқанына дейін аздап өзгереді.

 

ТІЗІМДЕ БАРМЫН БА?

 

Күнделікті күйбең тірліктен қолымыз бір сәт босамайды. Сайлаушылардың тізімінде бармын ба? Мұны қалай білуге болады. Осының жауабын біле алмай алаңдап жүрмін.

Жазира ЖАНАЙДАРҚЫЗЫ.

Ақтөбе қаласы.

 

— Сайлау тағайындалған сәттен бастап азаматтар тұрғылықты жері бойынша әкімдікке барып, сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.

Сәуірдің онынан бастап сайлаушылар өзі тұратын аумақтағы сайлау учаскесіне барып, жаңартылған тізімде өздері туралы деректерді тексеруге мүмкіндігі бар. Ол үшін қажет құжаттар: жеке басын куәландыратын құжат, мекенжай анықтамасы немесе азаматтарды тіркеу кітабы. Мекенжай анықтамасын сайлаушы халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚО), «электрондық үкімет» порталында (электрондық-сандық қолтаңбасы — ЭСҚ-сы болған жағдайда) немесе ХҚО-да орналасқан ҚҚП-терминалдан ЖСН арқылы ала алады.

Учаскелік сайлау комиссиясы осы құжаттар арқылы өтініш берушінің тізімде бар-жоқтығын анықтайды. Тегі тізімде болмаған немесе өзі туралы деректерде қателіктер кеткен жағдайда сайлаушы көрсетілген құжаттар негізінде өзін тізімге кіргізуді немесе қажетті түзетулер енгізуді талап етуге хұқылы. Егер сайлаушы дәл сайлау күні өз сайлау учаскесіне барып, ондағы сайлаушылар тізіміне өзінің ілікпегенін білсе, бұл үшін әбігерге түсудің қажеті жоқ. Сайлау комиссияларының мүшелері дереу халыққа қызмет көрсету орталығына сұраныс жібереді. Ондағы мамандар азаматтың тұрғылықты жерінің өздерінің учаскелеріне тиесілі екенін растаса, сайлау учаскесіне сайлаушының мекенжай анықтамасын факспен жібереді. Мұндай жағдайда сайлаушы сол учаскеде сайлауға қатысып, өз таңдауын жасайды.

 

 

Басқа жаңалықтар

11 Comments

  1. Орталық сайлау комиссиясы ерекше жұмыс жасап жатыр. Кандидаттар да барлық өңірге барып, сайлаушылармен кездесті. Бізде сайлау өте жоғарғы деңгейде өтеді деп сенемін.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button