«Ақтөбе»: екі гол, үшінші орын

Премьер-Лига
8-тур ойындарында алаң иелері еш жеңіліске ұшыраған жоқ, оны аз десеңіз, төрт кездесуде ұтты. Көш басына былтырғы үш мықты орналасты. Ал ойын кестесі шым-шытырық күйге түсті: 1-ші орын мен 7-ші орын аралығындағы командаларды үш-ақ ұпай бөліп тұр. Олардан соңғы үш команданың да көрсеткіштері бірдей, әрқайсысы 8 ұпайдан жинады.
Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда талдықорғандық «Жетісу» командасын қабылдады.
Жерлестеріміз бірден шабуылды қолға алды. Теңбіл доп қарсыластардың айып алаңынан шықпай қойды деуге болады. Тіпті осы бірінші таймда екі мәрте Айоделе Аделейе немесе бір рет Марат Хайруллин сәтті мүмкіндікті құр жібермегенде жанкүйерлер де ертерек қуанған болар еді. Бірақ ойынның алғашқы бөлігі гол сыйлай алмады. Мұны «Жетісудың» қорғанысының мықтылығынан гөрі, ақтөбеліктердің тиімді жағдайды пайдалана алмағандығынан іздеген жөн секілді.
Екінші тайм ақтөбеліктер үшін ұйымшыл, шапшаң ойынға айналды. Бұл ретте бас бапкер Владимир Газзаевтың футболшыларды қатесіз ауыстырғанын айтпай кетуге болмайды. 65-минутта жасыл алаңға шыққанына үш минут өтпей-ақ Сергей Хижниченко Марат Хайруллин тастаған пасты оңтайлы пайдаланып, талдықорғандық қақпашы Андрей Пасеченкоға бармақ тістетті — 1:0.
Арада он минут шамасында уақыт өткен соң Данило Неко шеберлік көрсетті. «Жетісудың» айып алаңына оң қанаттан заулай кірген ол қорғаушы Саят Сариевті алдап өтіп, қақпашыны қапы қалдырып, Дидар Жалмұқанға тамаша пас тастады. Дидар бос қалған қақпаға теңбіл допты шегелей соқты — 2:0.
Әрине, «Жетісу» есе қайыруға тырысты. Бірақ оған шамалары жетпейтіні алдын ала белгілі болып та қалған еді.
Сөйтіп, «Ақтөбе» өз алаңында жанкүйерлерге бірінші рет жеңіс сыйлады.
«Ақтөбе»-«Жетісу» — 2:0
Гол авторлары: Сергей Хижниченко, 65-минут (1:0); Дидар Жалммұан, 75-минут (2:0).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:
Стас Покатилов, Айоделе Аделейе, Валерий Коробкин, Евгений Левин, Артурас Жулпа, Марат Хайруллин, Асхат Тағыберген (Маркос Пиззелли, 62-минут), Юрий Логвиненко (капитан), Павел Шабалин (Данило Неко, 35-минут), Дидар Жалмұқан, Данило Сирино (Сергей Хижниченко, 62-минут).
№8 балалар мен жасөпірімдер спорт мектебінің стадионында өткен бұл кездесуді 3000 жанкүйер тамашалады.
* * *
Басқа кездесулердің нәтижелері:
«Астана»-«Қайрат» — 4:3
Гол авторлары: Георгий Жуков, 11-минут (1:0); Жерар Гоу, 20-минут (1:1); Бауыржан Исламхан, 37-минут (1:2); Неманья Максимович, 41-минут (2:2); Жерар Гоу, 67-минут (2:3); Бауыржан Жолшиев, 69-минут (3:3); Таңат Нөсербаев, 82-минут (4:3).
«Атырау»-«Оқжетпес» — 2:1
Гол авторлары: Берік Айтбаев, 41-минут (1:0); Джозеф Дикьяра, 64-минут (1:1); Абдулай Диакате, 68-минут (2:1).
«Тараз»-«Тобыл» — 1:0
Гол авторы: Альмир Мухутдинов, 57-минут (1:0).
90+2 минутта ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін Ненад Шливичке («Тобыл») «қызыл қағаз» көсетілді.
«Шахтер»-«Ертіс» — 2:2
Гол авторлары: Азука Изу, 12-минут (0:1); Михрет Топчагич, 18-минут (1:1); Обри Дэвид, автогол, 23-минут (1:2); Роман Муртазаев, 32-минут (2:2).
70-минутта ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін Александр Кислицын («Ертіс») жасыл алаңнан қуылды.
«Ордабасы»-«Қайсар» — 0:0
ОЙЫН КЕСТЕСІ
Командалар О Ұ Т Ж Д Ұп
1 Астана 8 4 3 1 13-8 15
2 Қайрат 8 4 2 2 16-7 14
3 Ақтөбе 8 3 5 0 6-1 14
4 Ордабасы 8 3 5 0 8-4 14
5 Тараз 8 4 1 3 8-5 13
6 Оқжетпес 8 4 0 4 8-11 12
7 Атырау 8 3 3 2 9-9 12
8 Тобыл 8 2 2 4 7-12 8
9 Ертіс 8 1 5 2 9-11 8
10 Қайсар 8 1 5 2 3-5 8
11 Шахтер 8 1 2 5 7-13 5
12 Жетісу 8 0 3 5 4-12 3
*О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.
ҚАЙТАЛАНБАҒАН ЕСЕПТЕР
Чемпионат басталғалы осы турда ең көп гол соғылды: 17 гол.
Сондай-ақ, бір ойында («Астана»-«Қайрат») алғаш рет ең көп (7) гол соғылды, сөйтіп, 4:3 есебі биылғы чемпионатта алғаш рет тіркелді.
Алты кездесуде де ойын есептері бірде-бір рет қайталанған жоқ.
Осы турда оныншы ойын 0:0 есебімен аяқталды.
Кездесулерде 22 ескерту қағазы көрсетіліп, екі футболшы жасыл алаңнан қуылды.
«Тараз» футболшысы он бір метрлік айып добын соға алмай қалды.
«Тараз»-«Тобыл» кездесуін 5500 жанкүйер тамашаласа, Теміртауда өткен «Шахтер»-«Ертіс» ойынына 2000 адам келді.
Мергендер көшін 9 гол салған Жерар Гоу («Қайрат») бастап тұр.
Чемпионат басталғалы 48 кездесу өтті. 21 рет алаң иелері жеңсе, 9 рет қонақтар жеңді, 18 кездесу тең есептермен аяқталды.
Барлық кездесулерде қақпаларға 98 доп енді, әр ойында орта есеппен 2,04 гол соғылды.
Қазірге дейін ұтылмаған команда екеу-ақ: «Ақтөбе» мен «Ордабасы».
«Ақтөбе» өз алаңымызда 1 рет ұтып, 4 рет тең ойнаса, сырт алаңда 2 рет ұтып, 1 рет тең түсті.
22 жастағы ақтөбелік қақпашы Стас Покатилов 7 наурыздағы (1-тур) алғашқы өкінішінен кейін 678 минут бойы қақпасына доп енгізген жоқ. Бұл биылғы ең озық көрсеткіш болып тұр.
«Ақтөбенің» мергендері:
Сергей Хижниченко (шабуылшы) — 3 гол;
Дидар Жалмұқан (жартылай қорғаушы) — 2;
Данило Сирино (шабуылшы) — 1.
* * *
Келесі 9-тур ойындары 25 сәуір, сенбі күні өтеді.
Бұл күні «Ақтөбе» Көкшетауда бұрын бізде бас бапкер болған Владимир Муханов жаттықтыратын «Оқжетпес» командасымен кездеседі.
Басқа кездесулер:
«Қайсар» — «Астана»
«Қайрат» — «Шахтер»
«Тобыл» — «Ордабасы»
«Ертіс» — «Атырау»
«Жетісу» — «Тараз»
Ертай АШЫҚБАЕВ.



