Жастар

Үлгісі мол үнпарақ

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Жастар сарайында Ғашықтар күніне және университетішілік «Жастар айнасы» газетінің екі жылдығына орайластырылған «Махаббат, қызық мол жылдар» атты әдеби-сазды кеш өтті. Оған қаладағы бірнеше оқу орнының студенттері де қатысты.

Мақсат — жастар арасында әдеби тілдің көркемдігін насихаттап, ұлы сезім — махаббаттың қадірін ұғындыру. Әрі сол арқылы ұйымдастырушылар өңірдегі білім мекемелері арасындағы шығармашылық байланысты одан сайын нығайтуды көздепті. Шараның басында жоғарыда аталған университеттің филология факультетінің деканы Сабыржан Мұхтаровқа сөз берілді.

— Факультеттің жанынан ашылған студенттердің қабырға газетінің мән-маңызы түсіне білген адамға айтарлықтай ерекше. Өз басым оның әр саны шыққан сайын газет ілулі тұрған жерге барып, асқан қызығушылықпен, үңіліп оқимын. Өйткені оның кез келген нөмірі ізденіспен, зор ықыласпен, жалпы шығармашылықпен әзірленетіні көрініп тұрады, — деген Сабыржан Сағидоллаұлы жастарға қоғамдық жұмыста сәттілік тіледі.

«Жастар айнасының» жетекшісі, магистрант Эльмира Әділханованың айтуынша, жас филологтар өзара ұйымдаса жарыққа шығаратын үнпарақтың алғашқы саны 2013 жылы жарияланған. «Өнеге», «Факультет тынысы», «Білгенге маржан», «Шын жүректен», «Құттықтау» сынды айдарлары бар арнаулы басылым сегіз беттен құралған. Әр апта сайын жаңартылып тұратын газеттің қазіргі бас редакторы — 2-курс студенті Жансұлу Нағашыбаева. Студенттік басылымның Айкенже Қалдымұратова, Мәдина Таңбаева, Гүлзада Кереева, Гүлжаз Орынғалиева, Мөлдір Әділ, Мөлдір Махмұтова, Кәмшат Кенжеғали тәрізді жас тілшілері де бар. «Бұл ретте газеттің алғашқы құрамы болғанын айта кету керек. Қазір жоғары курста оқып жүрген олар кейінгі толқынға осынау газет жұмысын жуырда табыстады. Алғашында «Жастар айнасына» Жаннат Жауынбаева жетекшілік етті. Сондай-ақ, әу баста бұған Жазира Шәмшина, Ақбөпе Сағынай, Ырысалды Құдайбергенова, Гүлзира Тілекова, Ақкүміс Сәрсенова, Аяжан Зейнелова, Сәнира Жұмабековалар атсалысты», — дейді Эльмира Қайырғалиқызы.

Сонымен қатар, кеш барысында 15 сәуір — Ғашықтар күніне байланысты С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті, Ақтөбе гуманитарлық колледжі мен Ақтөбе көпсалалы «Тарлан» колледжінің қыз-жігіттері өнер көрсетті. Өз кезегінде Түркия елінен арнайы келген Ыстамбұл қаласындағы Еуразия  институты директорының орынбасары, профессор, түрколог Исмет Бинер жас өнерпаздарға ризашылығын білдіріп, олардың кәсіби әртістерден кем түспегенін атап өтсе, ал студенттердің сахнада өз-өзін ұстауы мен сөйлеу әдебін, тапқырлығы мен шығармашылыққа қаншалықты бейім екенін Ғайша Ниязова, Есім Кеңесов, Тілектес Тоқсанбаевалар бастаған оқытушылар құрамы бағалады. Әдемі ән әуелеп, өрелі өлеңдер өрілген кештің соңында қатысушылар дипломдар мен сый-сияпаттарға ие болды.

 

Айбек ТАСҚАЛИЕВ. 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button