Спорт

Грек-рим күресінен жарыс өтеді

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің спорт кешенінде сәуірдің 20-22  күндері 1999-2001 жылы туған жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен республикалық ашық турнир өтеді. «Ербақыт» ауған соғысы ардагерлері әскери-спорттық патриоттық клубының жүлдесіне арналған шараға биыл 300-ге жуық палуан қатыспақ. Аталған шара Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Жеңістің 70 жылдығына арналып отыр.

Биыл оныншы рет өткізіліп отырған жарыстың мақсаты  — жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеу, спортқа баулу. Бұл жолғы шараға Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері мен республиканың барлық өңірінен жас палуандар қатысады.

Клуб төрағасы Марат ҚойлЫбаевтың айтуынша, жарысты өткізуге  облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық білім басқармасы және «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы қолдау білдіріп отыр. Дүбірлі додаға ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаев және елімізге белгілі спортшылар мен бапкерлер қатысады.

Жыл сайын өткізіліп келе жатқан турнирдің биылғы жылғы ерекшелігі —Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Жеңістің 70 жылдығына арналуы болып отыр. Себебі болашақ жастар ұлан-байтақ жерімізді ата-бабаның ақ найзаның ұшы, білектің күшімен қорғағанын біліп жүруі тиіс. Сондықтан ертеңгі ел қорғайтын жастардың шымыр, батыл болып өсуі үшін осындай спорттық сайыстарды жиі өткізуді мақсат тұтып отырмыз. Жалпы шараның тек қана грек-рим күресінен өткізілуінің өзіндік себебі бар. Мен өзім еркін күрестен спорт шебері әрі ауған соғысының ардагерімін. 2006 жылы елімізге еңбек сіңірген спорт шебері, грек-рим күресінің бапкері Мұқан Зарлықов маған айтпай, менің 37 жасқа толуыма орай турнир ұйымдастырыпты.  Алайда бапкердің менің атымдағы жүлде үшін өткізілген бұл бастамасына қарсылық таныттым. Себебі мен секілді елімізде ауған соғысының ардагерлері көп. Сондықтан турнирдің ережесіне өзгеріс енгізіп, жыл сайын ауған соғысы ардагерлерінің жүлдесі үшін грек-рим күресінен жарыс өткізуді қолға алдым, — деді Марат Қойлыбаев.

Қазір осы он жыл ішінде турнирден түлеп ұшқан белгілі спортшылардың қатары көп. Мәселен,  Қазақстан мен Азияның және Әлемнің бірнеше дүркін чемпиондары Асхат Құдайбергенов, Әлім Қойлыбаев, Әсет Әділов, Айдос Баймұратов секілді ақтөбелік спортшыларды атап айтуға болады.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button