Құқық

Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш…  

Қазақстан Республикасының Ата Заңы — Конституциясымыздың қабылданғанына биыл 20 жыл толады. Қазақстан Республикасындағы барлық заңдар Конституциядан бастау алады — заңдар мен заңнамалар, үкімет пен басқа да ұйымдардың нормативтік қаулылары Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес болуы тиіс, олай болмаған жағдайда олардың заңдық күші жоқ деп саналады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабында әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы. Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар.

Ел ішінде әртүрлі заңбұзушылықтар, бұзақылық, ұрлық-қарлық болып тұрады. Мәселен, Ойыл ауданының бір ауылдық округі аймағындағы бір елді мекенде біреу  көршісінің мүйізді ірі қарасын «өзімнің малым» деп сырттан келген ет дайындаушылардың көлігіне тиеп, сатып жіберген. Ал екінші біреу қайын жұртының ешкі төлін ұрлап, сойып алған, мал иелері заңға сәйкес ішкі істер органына арыздар беріп, қылмыстық қудалау органы тексеру-тергеу іс-әрекеттерін жүргізу нәтижесінде ұрылар анықталды.Олар бөтен жақтан келген емес, жәбірленушілердің көршісі, не күйеу баласы болып шықты, ал енді жәбірленушілер «елден ұят, жақын араласып отырған адамдар» деп әлгілерге кешірім жасайды.

Осындайда ауыр немесе аса ауыр қылмыстар болмаса, кінәлілер қылмыстық жауаптылықтан босатылады, ол жөнінде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес шығарылған заңдар — Қылмыстық қодекс пен Қылмыстық-процестік кодексінде көрсетілген.

Келтірілген залалдардың орны толтырылуына, жәбірленушілердің кінәлілерге кешірім беруіне орай қылмыстық істер сот өндірісінен қысқартылды, кінәлілер қылмыстық жауаптылықтан босатылды.

Соңғы кездері ел ішінде болмашы нәрсеге бола соттасу, дауласу көбейіп кетті. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «кең болсаң, кем болмайсың» деген сынды принциптерімізді ұмытып бара жатқандаймыз. Бұрын мәмілеге «иә» деп қол алысқаны жеткілікті болса, бүгінгі күні сот жағалап, дау даулап жүретіндер көбейіп барады. Ұсақ-түйек ұрыс-керістерді барынша сотқа жеткізбей шешкен дұрыс.

 

Ш.ЖӘМИЕВ,

Ойыл аудандық сотының судьясы. 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button