Қарағанды мен Павлодарда болды

Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабы мүшелері аймақтарда тұрғындармен кездесіп, насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қоғамдық штаб мүшелері алдымен Ұлт көшбасшысының еңбек жолын бастаған Қарағанды облысына ат басын бұрды.
Делегация құрамында Республикалық қоғамдық штаб жетекшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қазақстан Патриоттары партиясының төрағасы Ғани Қасымов, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, «Бірлік» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, ҚХА төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков, қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрім, Сенат депутаты Мұхтар Алтынбаев, Мәжіліс депутаттары Майра Айсина, Асқар Базарбаев, Мұхтар Тінікеев және Серікжан Қанаев, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов, олимпиада чемпионы Серік Сәпиев және басқа да танымал қазақстандықтар бар.
Еліміздің өндіріс орталығында аймақ активтерімен, студент жастармен, кәсіпкерлермен, «Арселор Миттал Темиртау» АҚ шахтерлерімен және этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен бірқатар кездесулер өтті.
Қарағандылықтар үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы үшін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа алғыс білдірді. Осы бағдарлама аясында соңғы 5 жылда облыста 59 кәсіпорын іске қосылып, 5000 жаңа жұмыс орны ашылды.
Аймақтың қоғам қайраткері Татьяна Савицкая қазақстандық әйелдер қауымы атынан елімізде орнаған бейбітшілік, тұрақтылық пен тыныштық үшін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа шексіз ризашылығын жеткізді.
Республикалық қоғамдық штаб жетекшісі атап өткендей, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатының арқасында Қазақстан елімізді дамудың жаңа деңгейіне көтеретін ұлы өзгерістерге қарай қадам басқалы тұр.
Кездесулерге мыңдаған қарағандылық қатысты. Өз сөздерінде олар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатының арқасында Қазақстан зор жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті.
Халық мемлекетімізді мықты көшбасшы басқарғанын қалайды. Сол себепті Орталық Қазақстанның тұрғындары бірауыздан 2015 жылы 26 сәуірде республикамыздың гүлденуі үшін, яғни Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үшін дауыс беретіндерін мәлім етті.
***
Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабы Павлодар облысына да барды.
Аймақтағы өнеркәсіптік нысандарында болып, өңір активімен кездесті. Сондай-ақ,
Н.Назарбаевтың жақтастары — Қазақстан электролиз зауытының металлургтерімен, «Қазақстан Алюминийі» АҚ, Ақсу ферроқорытпа зауытының және Еуроазиялық энергетикалық корпорацияның кеншілерімен, энергетиктерімен, сондай-ақ, Екібастұздағы «Богатырь Көмір» ЖШС кәсіпорнының жұмысшыларымен, басқа да бірқатар мекеме қызметкерлерімен кездесті.
Алғашқы кездесу Қазақстан электролиз зауытында өтті. Осы зауыттың ашылуы кезінде 7 жылдан астам уақыт бұрын Н.Ә.Назарбаев: «Мен металлург ретінде осындай зауыт туралы армандаған едім. Енді Қазақстан шикізатты өндіріп, сатып қана қоймай, бәсекеге қабілетті өнімді өндіріп, әлемдік нарыққа шығарады», — деген болатын. Осылайша, 2009 жылы қазақстандық алюминий Лондон металл биржасында ресми тіркелді, ал 2010 жылы дүниежүзілік деңгейдегі «Еуропалық сапа» наградасына ие болды.
Республикалық қоғамдық штаб басшысы М.Құл-Мұхаммед Елбасының үнемі қолдауының арқасында Павлодар облысы Қазақстанның индустриялық-инновациялық экономикасының беткеұстар өңіріне айналғанына тоқталды. «Қуатты алюминий өндірісі, жаңа мыс қорыту алпауыты, Ақсу ферроқорытпа зауыты және осы электролиз зауыты әрбір павлодарлық отбасының әл-ауқатын қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан сіздер осындай қамқорлық көрсеткені үшін жауап ретінде біздің Көшбасшымызға дауыс бересіздер деп сенемін», — деді РҚШ басшысы. Кездесулер барысында Н.Ә.Назарбаевтың кандидатурасын қолдап, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, «Ақ жол» саяси партиясының басшысы Азат Перуашев, «Бірлік» партиясының басшысы Серік Сұлтанғали және Патриоттар партиясының басшысы Ғани Қасымовтар сөз сөйледі.
Павлодарлықтар Н.Ә.Назарбаевқа үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы үшін алғысын білдірді, аталған бағдарлама аясында соңғы 5 жылдың ішінде облыста 94 жоба жүзеге асырылып, 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылған.
Кездесулерге қатысқан мыңға тарта павлодарлықтар Мемлекет басшысының саясаты арқасында жаһандық экономикадағы дағдарысқа қарамастан, елімізде жаңа кәсіпорындар ашылып, инновациялық технологиялар енгізіліп жатқанын, қазақстандықтардың жұмыспен қамтамасыз етіліп, ертеңгі күнге сеніммен қарайтынын атап көрсетті.
Павлодарлықтар бір ауыздан Нұрсұлтан Назарбаевты еліміздің шынайы жалпыұлттық Көшбасшысы деп санайтынын және 26 сәуірде республиканың игілігі мен инновациялық дамуы үшін дауыс беретіндерін айтты.



