Мереке

Ұлттарды ұйыстырушы ұлы мейрам

Наурыз мейрамы — бүкіл түркітілдес елдердің төл мерекесі ғана емес, өзге халықтардың да асыға күтетін айтулы күндерінің бірі. Өйткені Ұлыстың ұлы күні әлдеқашан-ақ жалпыхалықтық мейрамға айналған. Осы орайда біз Әз Наурызды мұсылман емес ұлт өкілдерінің қалай қарсы алатынын білгіміз келіп, оларды сөзге тартқан едік.

 

Мария Румянцева: « Жыл басы — Наурыз»

 

Ақтөбе қаласындағы Қазақ-орыс халықаралық университетінің 2-курс студенті Мария Румянцева күнтізбеде белгіленген кез келген мейрамды ерекше ілтипатпен, аса қызығушылықпен қарсы алатынын айтады. Әке-шешесінің ұлты орыс болғанына қарамастан, қазақшаға судай бойжеткен оның сырын былай деп түсіндіреді: «Араласатын құрбы-құрдастарымның дені қаракөздер, мемлекеттік тілді жетік білуім сондықтан». Туып-өскен ортасының арқасында жастайынан ұлттық мейрамдарды да бойына сіңірген болашақ бизнес саласы маманының әз-Наурыз жайлы айтары аз емес.

— Бұл күнді асыға күтетіндердің бірімін. Себебі Наурыз мейрамында жыл бойы жіберілген барлық қате-кемшіліктер кешіріледі. Бір сөзбен, оны татулық мерекесі дер едім. Қанша ренжісең де, сол күні қол алысып, ақ тілегін ақтара келген адамға қайтадан құшағыңды ашасың. Адамның басқа тіршілік иелерінен айырмашылығы — осы, кешірімді болуында емес пе? Ұлыстың ұлы күні де бұған өзіндік сеп болатындай.

Білесіз бе, маған көктемнің мерекесінде табиғаттың өзі оянатындай әсер қалдырады. Неге десеңіз, бәйшешектер бүр жарып, айрықша бір әдемі түстерге енеді. Олардың хош иісі — бөлек әңгіме. Сол себепті, қазақтар «жаңару мерекесі» деп атайтын Наурызға ықыласым алабөтен. Тіпті ол адамның көңіліне де игі әсерін тигізетініне көзіміз жеткен. Содан болар, шығыс күнтізбесі бойынша тойланатын Наурызды жыл басы деп қабылдап, оған қолдан келгенше дайындаламын. Бар халықтың Жаңа жылы құтты болсын! — дейді орыс ұлтының өкілі.

 

Сергей Супрун: «Ақ мол болсын»

 

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Сергей Супрунның ұлты — беларусь, ал оның келіншегі украин халқының қызы. Аралас некеде өмір сүріп жатқан ерлі-зайыптылардың мемлекеттік тілді меңгерудегі қарым-қабілеті бірінен-бірі өтеді. Аталған отбасының иесімен сөйлескенімізде, ол қазіргі күні таза қазақ болып кеткенін, беларустарға қатысты ырым-тыйым һәм әдеп-ғұрыптарды өзін ұмытқанын айтып, сондықтан жауап беруден қашқақтады бар. Сөзге келместен, «Наурызда енді не істейсіздер?» деп сұрақты төтесінен қойғанымызда, кейіпкеріміз «алыстан сермеп», Наурыздың халықаралық дәрежедегі рөлін айтып, ондағы салт-дәстүрлерді біртіндеп тізе келіп, Ұлыстың ұлы күніне қатысты жөн-жоралғыларды жарыса және жеткізді. Біз оның жауаптарын қайырмалай отырып, «Наурыз дегенде көз алдыңызға әуелі не елестейді?» деген сауал қойып, тек осыған нақты үн қатуын сұрағанбыз.

— Барлық қазақтар сияқты қарсы аламыз. Анау айтқандай ерекшелік жоқ. Әдетте наурыздың 22-сі күні көшеге шығып, әдемі тігілген ағаш үйлерді тамашалауға баратынымыз бар. Сосын сондағы дастарқаннан дәм тату да біз үшін үйреншікті құбылысқа айналған.  Әсіресе, қазаннан енді түскен жып-жылы әрі жұмсақ бауырсақтың дәмі қандай! Ең бастысы, бұл күні барша ағайын-туыс, көрші-қолаңның үйіне бас сұғып, шын жүректен тілектерімізді жаудырамыз. Оның ішінде «Ақ мол болсын» деген тілек жиі айтылады-ау (күліп). Маңыздысы, халықтың пейілі деп ойлаймын. Наурызда «анау қазақ, мынау орыс» дегендей сөздер мүлде айтылмайды, бұл — ортақ мейрам. Әрі ол ұлт пен ұлысты бөлуге емес, біріктіруші күшке ие атаулы күн. Бәріміздің ұялас күшіктей осылай тату-тәтті ғұмыр кешуіміздің өзі мереке емес пе?

Лайым, осы берекеміз ұзағынан сүйіндірсін! Дастарқанымыз әрдайым мол болсын! — деп ағынан жарылды Сергей.

 

Роза Ким: «Наурыз көже жасаймын»

 

Жеке кәсіпкер Роза Кимнің діні мұсылман болмаса да, ол өзін қазаққа жат санамайды. Наурыз да оның сүйікті мерекелерінің бірі. Күн мен түн теңесетін шақты орта жастағы әйел қалың жұртшылықтың ортасында атап өтеді. Себебі дәл 22 наурызда — Ұлыстың ұлы күнінде Кимдердің шаңырағына жылдағыдай қонақтар көптеп келеді. Оның айтуынша, бұған отбасы мүшелері де әбден үйренген.

— Қазақтың барлық тағамдарын жасаймын ғой. Соның ішінде Наурыз көжеге деген көзқарасым бөлек. Оның түр-түрін әзірлеуге тырысамын. Барынша дәмді етіп ұсынуға барымды саламын (күліп).

Жалпы, біздің үй жылына үш рет Жаңа жылды қарсы алады. Ол күнтізбе бойынша, осы Наурыз мейрамы және кәрістердің жыл бастауы, — дейді ол.

Сөз соңында Роза апай Наурыз мейрамының құрметіне берілетін демалысты мейлінше тиімді пайдаланып, оның да үйінен Наурыз көже ішіп кетуге шақырды. Қазақшаға судай өзге ұлт өкілі бұл сусынның дәмі тіл үйіретінін айтып бақты…

 

 Галина Третьяк: «Бұл күн әнсіз өтпейді»

 

Украин ұлтынан шыққан Галина Третьяк та Наурызды айтарлықтай сән-салтанатпен атап өтетінін тілге тиек етті. Байланысшы болып қызмет ететін бикеш басқалар секілді ұлттық тағамдарды да дайындайды, қонақты да шақырады, жан-жағындағыларын да құттықтайды. Бірақ…

— Сосын сол күнгі жиын-отырысымыз Роза Рымбаева орындайтын «Наурыз айы туғанда» деп басталатын әнсіз өтпейді. Наурыз дегенде алдымен осы жайт есіме түседі. Сондай-ақ, Ұлыстың ұлы күнінде қазақы ою-өрнекпен көмкерілген әсем киімдерімізді киеміз. Оған сәйкестендіріп алған сырға-сақиналарымыз, білезіктеріміз және бар. Оның барлығы қалай көз тартатынын білсеңіз ғой. Осыдан-ақ мерекенің өзіндік «иісі» сезіледі, — деп сөзін түйіндеді замандасымыз.

 

Мәдина Исламғалиева: «Әдетім — тоғызқұмалақ ойнау»

 

Алғада орналасқан облыстық балалар үйінің психологі Мәдина Исламғалиева да Әз Наурызды ескерусіз қалдырмайды. Дағыстан ұлтының тумасы барлық қазақтар сияқты Наурыз мейрамына алдын ала дайындалады: сол күні киетін әдемі киімдерін дайындайды, шашын сәндейді, сосын…жыл бойы сандықтың түбінде жататын тоғызқұмалақты шығарады. Мерекемен тұспа-тұс келген демалыс күндерінде қазақтың ұлттық ойындарын ойнайтын Мәдина Наурыз сонысымен қызық дейді.

— Әрі жақын-жуығыңмен жүздесіп, әрі олардың бір жылда қаншалықты жетілгенін, соның ішінде ой-өрісінің дамығынан таразыға салу бір ғанибет емес пе? Өз басым жыл  сайын 21-22 наурыз күндері тоғызқұмалақ ойнауды әдетке айналдырдым. Сонымен қатар, өзім ерекше сыйлайтын адамдарға мерекеге орай сый-тартулар табыстаймын, — деп сөзін аяқтады ол.

 

P.S. Осылайша, Қазақстандағы 130-дан астам ұлт өкілдерінің бірқатары тонның ішкі бауындай, бірлесе  Наурызды мерекелейтінін бірауыздан айтады. Жер-ананы мекен еткен кез келген адам үшін орны бөлек Наурыз құт-берекесімен келгей!

 

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button