Мереке

Көрікті кәдесый — көпке үлгі

Киізден ұлттық бұйымдар жасап жүрген қолөнер шебері ақтөбелік Ләйлә Байғанова «ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесіне ұлттық кәдесыйлардың ерекше үлгілерін әзірлеп жатыр.

Ұлттық қолөнерді келер күнге жеткізуді мақсат тұтқан Ләйлә Бегімжанқызы бүгінгі күні киізден түйе, жылқы, арқардың мүсіндері мен тұмарлар, әртүрлі ұлттық нақыштағы  қуыршақтар жасайды.

—  Осыдан 3 жыл бұрын Астана қаласында тұратын апа-сіңлілеріме қыдырып барып, сол жерде «Шеберлер ауылы» көрмесін көрген едім. Бірнеше күн сол көрмеге қойылған ұлттық нақыштағы бұйымдар мен киім үлгілерін көріп, олардың қалай жасалатынын зерделедім. Кейін қолөнерге деген қызығушылығым пайда болып,  ұлттық бұйымдар жасасам деген ой келді. Бір жағынан, қазіргі қаланың балалары төрт түлікті жете танымайды, білмейді. Сондықтан осы олқылықтың орнын толтырсам, екінші жағынан, қазақтың қолөнерін дамытып, өз үлесімді қоссам деп ойладым. Содан қажетті құралдар мен материалдар алып, ақырындап өз қиялымдағы бұйымдарды жасай бастадым, — дейді шебер.

Зейнет жасындағы Ләйлә Байғанова бұған дейін Ақтөбе гуманитарлық колледжінде 40 жылға жуық мәдениеттану, тарих, өнер мен мәдениеттің тарихы сияқты пәндерден сабақ берген. Ұстаздық қызметін абыроймен атқарып, зейнетке шыққан соң бос отырмай, қолөнермен айналысуға бет бұрыпты. Қазір ол өз ісін қызығушылықпен, айрықша ынта-ниетпен жасап жүр.

  • Өз атам Естай да, нағашы атам Мұртаза да өте шебер, ағаштан, темірден түйін түйген кісілер болатын. Сол аталарымның бойындағы қасиеттері маған да қонған болса керек, қолөнерге деген қабілетім мен ықыласым жоғары. Сондықтан бүгінгі күні өз білгенім мен көргенімді көңіліме түйіп, сол арқылы түрлі мүсіндер мен бұйымдар, кәдесыйлар жасап жүрмін. Кәсібім өзіме ұнайды. Кейде істеген сайын құнығып, тереңіне еніп кететінімді сезбей де қаламын. Уақытымды көбіне осы кәсібіме арнаймын, — дейді Ләйлә Байғанова.

Қолөнерді өз бетінше үйренген ол өз ісін әбден меңгерген. Киізден жасаған дүниелері талай көрменің көркін келтіріп жүр.

Талантты шебер ел тарихындағы маңызы зор шарадан бейтарап қалғысы келмейді. Жыл сайын ұйымдастырылатын облыстық, қалалық жәрмеңкелер мен көрмелерге қатысады. Өткен жылы ол «ITFA-2014. Туризм. Саяхат. Спорт» атты XI өңірлік туристік көрме және «Шеберлер ауылы» қолданбалы өнер шеберлерінің республикалық фестивалінде сертификатқа ие болып, жасаған бұйымдары тізімдемеге енгізіліпті. Сондай-ақ, Астана күніне орай өткен «Астанаға тарту» қолөнер шеберлерінің сайысында «Хан Шатырдың» сұлбасын жасап, 2-орынға ие болған.

  • Менің ендігі мақсатым — «ЭКСПО — 2017» көрмесіне қатысып, жасаған бұйымдарымды көрсетіп, алыс-жақыннан келетін меймандарға тамыры тереңде жатқан төл тарихымызды таныту, ұлттық өнерімізді насихаттау, — дейді Ләйлә Бегімжанқызы.

Ұлттық өнерді дәріптеген ол қазір көз майын тауысып, халықаралық көрмеге бірнеше тың дүниелерін әзірлеп жатыр.

Өзінің қолынан шыққан әр бұйым туралы терең мағлұмат беретін шебер әр заттың мағынасы, мәні бар екенін айтады.

Жасаған әр бұйымыма ұлттық ою-өрнектерді салып, нақыштап безендіремін. Қазақтың ою-өрнектері көп. Сол арқылы кәдесыйлардың да көркі артып, ұлттық болмысымыз да көрініп отырады. Атап айтсам, жасап жатқан қуыршақтарыма көбіне өсімдік сипатты ою-өрнектер саламын. Оның ішінде жапырақ, гүл, сабақша, тамыр түрлерін көп пайдаланамын. Ал түйе, арқар, жылқы мүсіндерін жасаған кезде қошқармүйіз, түйетабан, өркеш, қазмойын секілді зооморфтық өрнектерді қолданамын. Сондай-ақ, киіз үй сұлбасын жасағанда космогониялық, геометриялық ою-өрнектерді де салып, өрнектейміз, — дейді қолөнер шебері.

Оның айтуынша, әр ою-өрнектің өзіндік мәні бар. Мысалы, қошқармүйіз оюы  халқымыздың бүкіл тыныс-тіршілігін танытса, «бітпес», «шұғыла», «жұлдыз» тәрізді космогониялық ою-өрнектер қазақ халқында ағаш ою, киіз басу сынды өнердің жақсы дамығандығын аңғартады.

Ұлттық өнерімізді насихаттап жүрген шебердің бұйымдары кез келген адамға ой салады. Оның қолынан шыққан кәдесыйлар мен қуыршақтарға деген сұраныс та жоқ емес. Қала тұрғындары оның бұйымдарын сыйлық ретінде лезде сатып алып кетеді. Әсіресе, той-томалақ, мерекелік кештерге таптырмайтын сыйлық — осы, кәдесыйлар.

Қазір қыздарға арналған ағаш үй макетіндегі қобдишалар жасап жатырмын. Көбіне ағаш үйдің макетін жасауға маған ұлым Ерлан көмектеседі. Бос уақыты болса, отыра қалып, киізден ойып тұмарлар да жасайды, — дейді кейіпкеріміз.

Қолөнер шебері алдағы уақытта «Даму» қоры арқылы шағын несие алып, кәдесый сататын дүкен ашуды қалайды. Сол кезде сұраныстың да артатынына сенімді. Әрі ұлттық бұйымдардың қолжетімді бағамен сатылғанын дұрыс деп санайды.

— Алдағы «ЭКСПО — 2017» көрмесіне таңғаларлықтай әдемі, бағасы қолжетімді, ұлттық нақыштағы кәдесыйлар мен қуыршақ үлгілерін тігіп, жасасам деймін. Халқымыздың ұлттық қолөнер түрлерін әлі де болса күнделікті тұрмысымызда қолданатынымызды көрсеткім келеді. 

Біз шетелдерге немен таныламыз? Өз өнерімізбен, өз дәстүрімізбен таныламыз. Сондықтан  болашақта  қолөнер шеберлеріне деген қамқор көзқарас қалыптасса дұрыс болар еді. Олардың жұмыс жасауларына жағдай жасалып, қолдау көрсетілсе деген тілек бар, — дейді шебер.

 

 

Данагүл ҚАЗИХАН.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button