Мереке

Наурызды асыға күтетін әже

Ұлы Отан соғысы басталғанда тылдағы еңбекке белсене араласқан жанның бірі — Роза Хамитова. Қазір тоқсанға жақындаған кейуана сол сұрапыл жылдардың қиындығын әлі күнге дейін ұмытпайды.

Роза әже Батыс Қазақстан облысы Бөкей орда ауданына қарасты Әжібай ауылында туған. Сол кезде небәрі 13 жастағы бала ауыл тұрғындарымен бірге қара жұмыс істеді.

— Жұмысқа жарамды азаматтардың барлығы соғысқа аттанды. Үйдегі екі қыздың бірі апам — Рая да медбике болып ерлермен бірге майданға кетсе, ағайын-туыстың ішіндегі ер-азаматтардың бәрі әскер қатарына алынды.  Үйде атам Әжіғали мен әжем Маржан және анам Үміт қана қалды. Әкем соғыстан бұрын қайтыс болған еді.

Майданда жауынгерлер қалай шайқасса, тылда да ауыл адамдары солай еңбек етті.  Жас, кәрі демей бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жеңісті жақындатуға атсалыстық. Белі қатаймаған балалардың барлығы қара жұмысқа жегілді. Алакеуімнен шөп шабуға кетеміз. Қарын аш, жұмыс ауыр. Кеш бата үйге келгенде кейде жейтін ас болмайтын, — дейді Роза әже.

Бөкей ордасы Ресейдің Волгоград облысымен шекаралас жатқандықтан жау ұшақтары ауыл үстімен өтсе, бомба мен жарылғыш заттардың дауысы да анық естілетін.

— Волгоград маңындағы сұрапыл шайқастың шет-жағасын біздің ауыл халқы көрді. Құм арасына тығылып, көпке дейін далаға шығуға қорқып жүрдік. Ұшақ пен бомбаның дауысынан шошыған үлкендердің өзі үйден шығуға жүрексінетін  еді. Әлі есімде,  қолға түскен немістерді біздің жауынгерлер қолын артына байлап, арбамен алып бара жатады. Баламыз ғой,  немістер қандай болады екен деген оймен алыстан қарап тұрушы едік. Ауылдағы азаматтар соғысқа кеткеннен кейін кейбіреулерінен көп ұзамай «қара қағаз» келіп жатты. Ер-азаматын, баласын жоқтап, аза тұтқан аналар жылап-сықтап, мұң-шерін шүберекке түйіп, ертеңіне көзі іспектей болып жұмысқа баратын. Олар маңдайдан тер, көзден жас ақса да өз жұмыстарына бекем болды. Күн демей, түн демей, жарғақ құлағы жастыққа тимей, еңбек етті, — дейді Роза әже.

Ауыл әйелдері күндіз далада еңбек етсе, түнде қой жүнін иіріп, одан қолғап, шұлық тоқып майданға жіберді. Анасы Үмітпен бірге Роза да осы жұмыстарды жасады. Соғыс аяқталып, халықтың көңілі орныққаннан кейін, яғни 1947 жылы  Роза  Шымкент қаласындағы педагогикалық институтқа оқуға түсті. Соғыстан кейінгі жылдар да өте ауыр болды. Роза әженің Алматыға баратын кезде бүтін  аяқкиім таппай қиналғаны әлі күнге дейін есінде. Аталған оқу орнын  қызыл дипломмен аяқтап, ауылға оралды. Көрші Бисен ауылындағы Төле есімді жігітке тұрмысқа шығып, он баланы өмірге әкелді. Қазір олардан алты қыз, бір ұл  бар. Балаларының барлығы өз алдына отау құрып, үй болды. Роза әже күйеуі қайтыс болғаннан кейін Ақтөбеде тұратын қызы Мәншүктің қолына келді. Биыл Наурыз мерекесі қарсаңында әженің жан-жақтағы балалары мен немерелері келмек. Бұл — жыл сайын жалғасатын дәстүр.

Батыс Қазақстанда мереке 14 наурыздан басталады. Бұл күні қыстан аман-есен шыққанымызға қуанып, бір-бірімізбен қол алысып, үйді-үйді аралап, көрісіп шығамыз. Әр отбасында дастарқан жайылып, бауырсақ пісіріледі. Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, көріседі. Бұл шара 22 наурызға дейін жалғасады. Соғыс жылдарында да бұл дәстүр ұмытылған жоқ. Қазіргідей дастарқан жайылмаса да халық бір-біріне амандық тіледі, — дейді Роза әже.

Кейуана Наруыз мерекесін асыға күтетінін, ілгеріде Наурыз көже пісіріп, көрші-көлемді шақыратынын айтып, өткен күнін есіне алды.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button